Аударма процесі – ұлт пен ұлттың тілдік, әлеуметтік, саяси- экономикалық қатынастарына әсер ететін күрделі де жан-жақты сала. Оның қызметін саралай келе, төмендегіше анықтама беруге болады:
– «Аударма» сөзінің астарында белгілі бір тілдегі сөйлеу тілін – ауызша немесе жазбаша мәтінді, сөзді басқа тілде қайталап жеткізу саналады. Аударма процесі (оның нәтижесі) қостілділік жағдайында, яғни бұл қатынас үрдісінде екі тілдің қатысуы негізінде, демек тіларалық жағдайда өтеді. Сондықтан аударманы ауызша немесе жазбаша мәтінді тіларалық қайта құрастыру немесе трансформациялау деп анықтауға болады. Сонымен бірге аударма бір тілде айтылған ойларды (сезімдер мен эмоция) басқа тілдік құралдармен жеткізу барысында айқындалады немесе бір тілдегі (негізгі тілдегі) материалды басқа тілдегі (аударма тілі) баламалық мәтіндік материалмен ауыстыру болып табылады. Осылайша аударма процесі қостілділік жағдайының шартындағы психолингвистикалық қызметтің күрделі түрі саналады.
– Аударма – тіл қызметінің бір түрі ретінде бір тілде айтылған ойларды басқа тілдің құралдарымен соған сәйкестікте немесе толық құндылықта беру процесі. Сәйкестіктегі және толық құндылықтағы аударма түпнұсқаның ерекшелігі мен мазмұнын дәл және толық түрде жеткізумен бірге, оның тілдік түрлерін барлық құрылымдық ерекшеліктерімен, стилімен, лексика және грамматикасымен қоса есептегенде, аударма жасалатын тілдің мінсіз үйлесімділігімен тиянақталады.
– Қандай да бір мәтінді немесе ауызша сөйленген сөздерді басқа тілдік құралдармен жеткізу.
– Бір тілден екінші тілге аударылған мәтін (немесе ауызша сөйленген сөз).
– Аудармашы қызметінің нәтижесі – мәтін.
– Бір тілде айтылған ойларды (сезімдер, эмоциялар) басқа тілдік құралдармен жеткізу процесі.
- Бір тілде күні бұрын баяндалған сөз мағыналарын басқа тілдік құралдармен беру.
- Аталған сөз сөйлеу шығармасында мазмұндалған ақпаратты басқа тілдік құралдармен жеткізу.
- Соған сәйкес келетін құралдармен толық құнды ақпарат беру.
- Аталған тілде ұсынылған ауызша немесе жазбаша мәтінді басқа тілде (ауызша немесе жазбаша) тіларалық қатынаста қайта тудыру және трансформациялау.
- Бір тілдегі мәтіндік материалды (негізгі түпнұсқа тіл) басқа тілдегі баламалы мәтіндік материалмен (аударма тілінде) ауыстыру.
- Сөйлеу тілі коммуникациясының қостілділік жағдайында өту процесі.
- Коммуникация қызметін ұлғайтатын сөйлеу қызметінің түрі. Бұл негізгі сөзбен қабылдап пайдаланатын кодтар бір-біріне сайма-сай келмеген жағдайда мәліметтерді жеткізу мақсатында жасалады.
- Бір тілде жасалынған мәтінді басқа бір тілде қайта жасап шығару – ақпаратты қайта өңдеу процесі.
- Белгілі бір өнер шығармасында мазмұндалған әртүрлі ақпаратты жеткізу барысында соған сай бейнелеу құралдарын іздестіру, сонымен бірге бастапқысына түр бойынша (ішкі және сыртқы) мейлінше толық сәйкестіктегі жаңа мәтінді табу ерекшелігі. Бұл әсіресе, көркем мәтінге қажетті жағдай.
- Бастапқы мәтін мазмұны мен түрін толық сақтау кезіндегі басқа тілдің құралдарымен бір тілге келіп түскен ақпараттарды жеткізетін қос тілділік жағдайындағы сөйлеу тіліндегі қатынас процесі.
- Тіларалық коммуникация үшін қажетті мәліметтерді жеткізу мен қабылдауға бағытталған сөйлеу тілінің қызметі.
- Түпнұсқада бейнеленген шындықты қайта жасап шығу.
- Сәйкестік мағыналық инварианты арқылы белгіленеді. Инвариант – тілдік бірлік құрылымы.
- Аударма тек түпнұсқада бейнеленгеннің бәрін жеткізіп қана қоймауы тиіс, сондай-ақ ол онда қалай бейнеленгенін көркемдігімен жеткізуі тиіс.
- Салыстырмалы семантикалық зерттеулер және т.б. үшін, жайшылықта қос тілді лексикография үшін, екі немесе бірнеше тілдің және олардың бірліктерінің арасындағы семантикалық сәйкестікті іздестіру мақсатындағы салыстыру жасау.
- Бір тілдегі мәтінді екінші тілдегі мәтінмен ауыстыратын тілдік операция. Аударманы бір тілдегі (негізгі тілдегі) баламалық мәтіндік материалмен ауыстыру ретінде де айқындауға болады.
- Аударма – негізгі тілдегі мәтінді аударма тілінде балама жасауға негізделетін мәтінді өңдеу және вербализациялау процесі, яғни мүмкіндікке орай түпнұсқаны мазмұндау мен стилистикалық мағынасын жеткізу.
- Аударма тіларалық және халықаралық коммуникацияның бір жақты бағытталған екі желілі процесі ретінде анықталуы мүмкін. Мұнда осыған сай мақсатты түрдегі талдау негізінде бастапқы мәтіннен соң бірінші не басқа тілдік және мәдени ортада ауыстыратын қайталама мәтін (метатекст) жасалады.
- Ешқандай өзгертуге мүмкіндік бермейтін түпнұсқаны толық құндылықта ауыстыру.
- Қостілділік жағдайында ақпаратты қайта өңдеу процесі.
- Бір тілде айтылған ойды басқа бір тіл құралдарымен қайталап жеткізу.
- Сөз сөйлеу коммуникациясының әралуан түрінің бірі болып танылады, осының барысында мәтін талқыланады және жасалып шығады.
- Аударма – сөз сөйлеу қызметінің бір түрі. Оның мақсаты сөз сөйлеу құрылымын қайта құру болып табылады, нәтижесінде мазмұнның өзгеріссіз жоспары сақталумен бірге, ойды жеткізу жоспары да өзгереді, бір тіл екіншісімен ауыстырылады.
- Тілдік дәнекер түрі, қоғамдық негізде белгіленген, бұл барынша мүмкіндік мөлшерінде жанама түрдегі қос тілді коммуникацияны тұтастылығымен, тиімділігімен және қатынастағы табиғилығымен кәдімгі бір тілді коммуникацияға жақындату болып табылады.
- Аударма – халықтың рухани қызметінің, мәдени өмірінің бір саласы, халықтар арасындағы үзілмейтін процестердің бірі.
- Белгілердің бір жүйесінен екінші жүйесіне ауысу.
- Аудармашының аударылатын тіл мәтінін қабылдауынан бастап аударма тілін жасауға дейінгі қызметі.
- Ақпаратты жеткізу жолымен жүзеге асырылатын коммуникация актісі (ауызша және жазбаша). Яғни бір тілдегі ақпаратты жеткізуші арқылы екінші тілдегі адамға жолдауы, басқаша айтқанда, қос тілді коммуникация актісі.
- Сөз немесе оның грамматикалық құрылымы және түпнұсқа тілінің басқа құралдары аударылмайды, түпнұсқаның мазмұны, ойы аударылады. Ойды айқын жеткізуге бірнеше дұрыс аударма нұсқалары жасалады.
- Қандай да бір мәтінді немесе ауызша сөйленген сөзді мазмұны мен түр бірлігін сақтау негізінде басқа тілдің құралдарымен қайта жасап шығу.
Аударма теориясының көрнекті маманы Л.С.Бархударов «аударма дегеніміз – бір тілдің сөйлеу (тілдік емес!) шығар- машылығын, мазмұн межесін (план выражения), яғни мағынасын өзгеріссіз (!) екінші тілдің сөйлеу шығармашылығына айналдыру процесі» деп атайды [1, 11-б.]. Яғни ғалымның мұнда аудармаға қойып отырған ең басты талабы – мағынаны өзгеріссіз беру болса керек және жалпы алғанда бұған ешкімнің де күмәні бола қоймас деп санаймыз. Алайда бұл пікірге Дж. Кэтфорд: «...Аударатын тіл (шығыс тіл) мен аударылатын тілдегі (кіріс тіл) мәтін «бір ғана мағынаны білдіреді» немесе аударма процесінде «мағына ауысуы» болады деген пікірдің негізі жоқ. Мағына, біздің ойымызша, белгілі бір тілдің өзіндік «қасиеті», – деген түзету енгізеді [2, 35-б]. Біз бұл ғалымның әр тілдің өзіндік ерекшелігін баса айтып отырғанын қолданғанымызбен, осы аударатын және аударылатын тілді тұтынушы халықтардың адамзаттық ортақ танымын, яғни қандай тілдік бірлік арқылы білдірсе де, негізгі мағына сақталатынын жоққа шығаруға болмайтынын баса айтып өткіміз келеді.
Аударма жасаудағы мазмұн мен тұрпат межесін сақтау аударма процесінде ұлттық колоритті сақтау мәселесіне алып келеді. Ғалымдардың көпшілігі аударылатын мәтінде кіріс (аударылатын) тілдің лингвистикалық заңдылықтарын сақтаумен қатар, шығыс (аударатын) тілді қолданушы халықтың ұлттық колориті сақталуы тиіс деген пікірде: «...аударылатын мәтін «аударушының мәдениетіне көшірілуі» тиіс болғанына қарамастан, аударылған мәтінде шығыс тілді қолданушының мәдени колоритін сақтауы керек» [3, 11-б.]. Демек аударма – тіларалық қатынасты қамтамасыз етіп, маңызды әлеуметтік, белгілі бір қоғамның өзінен тілі, мәдениеті, өмір сүру дағдысы өзгеше басқа бір қоғаммен қатынас орнату қызметін атқаратын құбылыс.
В.Н.Комиссаров аударма жайлы Д.Селесковичтің мына пікірін келтіреді: «...кез келген аударма – бұл түсініктеме (интерпретация). Аудармаға төрт элемент қатысады: Х тілдегі сөйлеу сөйленімі (речевое высказывание), аудармашының осы мағынаны түсінуі және У тіліндегі мағынасын беруі. Жалпы алғанда, бұл тілдік бірліктерге жүргізілетін операция емес, идеяларға жүргізілетін операция, сондықтан аудармашы тілдік мазмұнды ғана емес, сөйленім мазмұнын түсіндіріп, түпкі мағынаға жетеді» [4, 39-б.].
Аударма процесі үш кезеңнен тұрады: 1) талдау кезеңі – түпнұсқа құрылымы шығыс тілдің ядролық құрылымына айналады (шығыс тіл аясындағы трансформация); 2) аудару кезеңі – шығыс тілдің ядролық құрылымы кіріс тілдегі балама ядролық құрылымдармен ауыстырылады (тіларалық трансформация); 3) жинақтау (синтез) кезеңі – кіріс тілдің ядролық құрылымы аударма мәтінінің («терминальды») құрылымына айналады [5]. Демек аудармашы аударатын мәтінді оқып шығады да, оның негізгі мазмұн межесін саралайды. Содан кейін осы мазмұн межесін аударылатын тілдің қандай тұрпат межесі арқылы беруге шешім қабылдайды. Алайда осы мәтінді аудару кезінде аудармашы тек тілдік бірліктердің жиынтығын екінші тілдің құрылымдық тілдік бірліктері арқылы беріп қана қоймайды.
Аударма процесінде мәтінді аударуда төмендегідей факторлар әсер етеді:
1) аударылатын мәтіннің ерекшелігі мен сипаты: а) мәтіннің функционалдық сипаты; ә) түпнұсқа мен аударма арасындағы уақыт және кеңістік қатынастары; б) түпнұсқаның жанрлық сипаты; в) түпнұсқаның шығыс (аударылатын) тілдің жалпыхалықтық нормасына қатынасы;
2) аударма процесінің жүргізілу жағдайлары немесе шарттары:
3) аударма процесіне қатысушылар [4, 172-184-бб.]. Осы факторлардың барлығына дұрыс бағдар жасап, мәтіндегі тілдік және экстралингвистикалық жағдаяттарды меңгере алған аудар- машы ғана толыққанды мазмұнда аударма жасай алады деуге болады.
Жоғарыда аударма тек тілдік бірліктерді ғана тәржімалап қою емес дегенбіз. Алайда аударма процесінде негізінен басты рөл атқаратын – мәтін, яғни тілдің әртүрлі деңгейіндегі бірліктердің сөйлеудегі жұмсалымы. Ал аударма тілдің қай деңгейінде жүзеге асады деген сұраққа Л.С.Бархударовтың төмендегі пікірімен жауап беруге болады:
1) фонема (графема) деңгейіндегі аударма;
2) морфема деңгейіндегі аударма;
3) сөз деңгейіндегі аударма;
4) сөз тіркесі деңгейіндегі аударма;
5) сөйлем деңгейіндегі аударма;
6) мәтін деңгейіндегі аударма [1, 176-184-бб.]. Бұл пікірге былайша кеңірек түсінік береміз: фонема деңгейіндегі аудармаға аударатын тілдегі бірліктерді аударылатын тілдің фонетикалық заңдылықтарына сай икемдеу болса, аударатын тілдегі бірліктерге аударылатын тілдің морфологиялық қосымшаларын жалғау; ал қалған деңгейлердегі аударма түрлері аударма процесімен айналыспайтындарға да түсінікті деп ойлаймыз.