10 ТҰЛҒА – саясаттың субъектісі мен объектісі



бет1/5
Дата18.10.2023
өлшемі31,44 Kb.
#118975
  1   2   3   4   5

10 ТҰЛҒА – САЯСАТТЫҢ СУБЪЕКТІСІ МЕН ОБЪЕКТІСІ

Саясаттың субъектісіне әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер, саяси партиялар, қозғалыстар жатады. Олар жөнінде кейінгі тақырыптарда сөз болады. Қазір саясаттың алғашқы, бірінші субъектісі мен объектісі – адамға тоқталайық.


Мәселе түсінікті болу үшін әңгімені «тұлға», «субъект», «объект» деген терминдер нені білдіреді, содан бастайық.
Тұлға деп қоғамдық өмірдің нақтылы тарихи жағдайлары қалыптастырған, саналы іс-әрекет ете алатын, өз жүріс-тұрысына жауап беретін, еңбек етіп, қарым-қатынас жасаушы, айналадағыны танып-білуші жеке адамды айтады.
Субъект (латынның негізнде жату деген сөзінен) деп белсенді іс-әрекет жасаушы, сана мен жігері бар жеке адам немесе әлеуметтік топты айтады.
Объект (латынның қарсы қою деген сөзінен) деп субъектінің танымдық және басқа іс-әрекеті неге бағытталса, соны айтады. Басқа сөзбен айтқанда, объект – зерттелетін зат. Сонда саясаттанудың объектісіне саясат, саясат әлемі жатады.
Саясаттың субъектісі дегенде өз мүдделеріне байланысты саяси өмірге белсене араласып, басқалардың санасына, іс-әрекетіне, жағдайына ықпал ететін, саяси қатынастарға белгілі өзгерістер енгізетін, саясатты жасайтын адам, ұйым не әлеуметтік топты айтады. Саясат субъектісінің құрамы, іс-әрекеттерінің түрлері мен тәсілдері, көздеген мақсат-мүдделері және т.б. қоғамның нақты, тарихи жағдайымен айқындалады.
Кәдімгі, қарапайым, демократиялық жолмен дамыған елде саясат адам үшін және адам арқылы жасалады. Себебі, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар қаншалықты маңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардан, олардың іс-әрекетінен тұрады. Олай болса, саясаттың бас субъектісі адам дейтініміз содан.
Адамдарды саяси жұмысқа итермелейтін негізгі себеп – мұқтаждық пен мүдде. Мұқтаждыққа өмірде керек, бірақ қолда жоқ зәрулік жатады. Ол табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Табиғи зәрулікке тамақ ішу, киім кию, баспана және т.с.с. мұқтаждықтар жатады. Әлеуметтік мұқтаждық қоғамда пайда болады. Оған еңбек ету, басқа адамдармен қатынаста болу, қоғамдық өмірге араласу және т.б. қажеттіліктер кіреді. Мұқтаждықты адам сезініп, оны өтеуге тырысса, ол – мүддеге айналады.
Қандай адам болмасын белгілі бір әлеуметтік топқа, тапқа, ұлтқа, мемлекетке жатады. Осының өзі де өмір жағдайы мен жүріс-тұрысына, саясатқа араласуына әсер етпей қоймайды. Таптың, топтың және т.б. өкілі ретінде жеке адам саясатқа жанама түрде тартылады. Сонымен қатар, ол басқаларға қарап еліктеп, белгілі амал, әрекет жасайды, оны өзінше дәлелдейді. Сөйтіп, ол саясатқа тікелей қатысады, саясаттың субъектісіне айналады.
Тұлғаның қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуының жан-жақты маңызы зор. Мұндай қатынас арқылы адамның барлық қабілетін дамытуға мүмкіндік жасалады. Азаматтық қоғам мен саяси институттарының арасында тығыз байланыс орнайды. Қоғам мүшелері мемлекет істерін басқару арқылы өз мүдделерін қанағаттандыруға, мемлекет құрылымдарының қызметіне бақылау жасауға, олардың бюрократияланып, шектен шықпауына әсер етеді.
Саясатпен кәсіби айналыспайтын «орташа» адам саясаттың толық субъектісі болуы үшін ол әлеуметтік мұқтаждықтар мен мүддені, ондағы қайшылықтардың неден туғанын және оларды жою жолдарын өз басының пайдасы әлеуметтік мүдденің мүмкіншілігімен қаншалықты сәйкес келетінін білуі керек. Сонымен қатар, ол саяси «ойындардың» ережелері мен тетіктерінен хабары болуы керек. Бұл «ойында» оның қандай орында болғысы келеді және оған қандай әдіспен жүзеге асырауға болатынын білуі тиіс.
Жеке адамдардың саяси белсенділігі мен ететін ықпалы әр түрлі. Саясатқа қатысу шамасына қарай оларды мынандай түрлерге бөлуге болады: а) саясатқа айтарлықтай әсер етпейтін, оған селқос қарап, белсенділік білдірмейтін қоғамның қатардағы қарапайым мүшесі; ә) қоғамдық ұйымға, қозғалысқа кіретін, бірақ саяси жұмысқа тура араласпайтын (шешімдер қабылдамайтын) азамат; б) саяси ұйымдардың (партияның және т.б.) мүшесі болып есептелетін, саяси өмірге саналы түрде, өз еркімен тікелей араласатын адам; в) қоғамдық, әсіресе саяси қайраткер; г) саяси қызметтің арқасында күн көріп, табыс тауып, оны өмірінің мақсатына айналдырған кәсіби саясатшы; д) ұйымдастырушы, идеялық, ресми не бейресми, абырой, бедел, ең «соңғы саты» болып саналатын саяси басшы, көсем.
Жеке адамның саяси белсенділікке қатысу мүмкіндігі молайып, биіктеген сайын, оның қоғамдағы орны да жоғары болады. Адамның әлеуметтік және саяси мәртебесі оның саяси субъектілігінің негізгі өлшемі болып саналатын азаматтық-құқықтық заңда айқындалады.
Адамның саяси өмірге қатысуға мүмкіндік беретін құқығы конституциялық сипаттағы қарапайым демократиялық еркіндікке (бірлестіктер құруға, дінге кіруге, өз көзқарастарын ашық айтуға, жиналыстар мен демонстрациялар сияқты жұрт алдында манифестация жасауға, сайлауға және сайлануға т.с.с. құқылыққа) тікелей байланысты. Мұнда мемлекет мекемелерінің, сот ұйымдарының және т.б. қызметін тексеруге жанама кепілдік беретін құқық та жатады. Бұл құқықтардың сырт (формальдық) кепілі – заңдар мен сот практикасы. Ал негізгі материалды кепіліне құқықтық тәртіпті бұрмалауға жол бермейтін саяси және қоғамдық ұйымдардың қызметі жатады. Сонымен бірге мұнда, бірінші жағынан, әлеуметтік топтар мен азаматтардың арасындағы тұрақты өзара байланысы және екінші жағынан, олардың жоғарыда көрсетілген ұйымдармен байланысы кіреді.
Тұлғаның саяси өмірге белсенді араласуы үшін материалдық, әлеуметтік-мәдени, саяси-құқықтық алғы шарттар қажет. Ең алдымен, адамның ішер тамағы, киер киімі, жатар орны, тұрмыс жағдайы, белгілі бір дәрежеде білімі, кәсіби дайындығы, саяси мәдениеті болуы керек. Шетелдің зерттеушілерінің анықтағанындай, қоғам бай болған сайын, ол демократиялық дамуға бейім келеді екен. Мемлекеттің жақсы тұрмысы оны демократиялық негізде тиімді басқаруға керекті көпшілікке жоғары білім, кәсіби дайындықты қамтамасыз етеді. Білімді адамның мәдениеті де жоғары болады. Ленин айтпақшы, сауатсыз адам саясаттан тыс қалады, ол саяси амал-айла, қулықтың құрбаны болады. Бұлармен қатар саясатқа белсенді қатусыға саяси-құқықтық алғышарттар да әсер етеді. Оған қоғамдағы демократиялық саяси тәртіп, жоғары саяси басқару шешімдерін қабылдап, іске асырауда қоғам мүшелерінің қатысуы және т.б. жатады. Егер жоғарыда көрсетілгендей алғышарттар болмаса, тұлғаның қоғамдық саяси өмірге белсене қатынасып, оның нағыз субъектісіне айнала қоюы қиынға түседі. Сондықтан шын демократиялық мемлекет өз мүшелерінің жалпы мәдениетін, оның ішінде саяси сауатын көтеруге тырысады.
Саяси ғылымда негізгі орын алатын және мәні өте зор мәселелердің бірі – жеке адамның құқығы мен бостандықтары. Жеке адамның құқығы деп кісіге белгілі игілік алуды қамтамасыз ететін адамдар мен мемлекет арасындағы ережелердің өзара қатынастарын айтады. Жеке адамның бостандығына кісіге өз білгенінше істеуге мүмкіндік беретін, мемлекет пен адамдардың арақатынасының принциптері жатады.
Бұл мәселеге адамдар өте ертеде-ақ назар аударған болатын. Ежелгі грек фәлсафашылары (философтары) барлық адам дүниеге келгенде ең болып туады. Сондықтан олардың бәрінің де тең табиғи құқығы бар деген ойды өрістетті. Аристотель болса саяси құқықты табиғи және шартты құқық етіп екіге бөлді. Ол табиғи құқықты мемлекет орнатқан құқықтан жоғары қойды. Табиғи құқық шартты құқыққа үлгі болуға тиіс деп санады. Себебі, шартты құқық жиірек өзгеріп отырады және олар өкімет жұмысы мен адамдар арасындағы келісімнің нәтижесінде пайда болады.
Бірақ феодализм дәуірінде адам құқығы жөнінде мүлдем басқаша ұғым пайда болады. Адам туғанынан тең деп үйрететін табиғи құқық жоққа шығарылды. Ал құқықтың өзін хан, патшалардың қол астындағы адамдарға жасап отырған рақымы деп түсіндірілді. әр сословиенің өзіне тән құқығы болады.
Біздің қазіргі ұғымымыздағыдай адам құқығы капитализм дәуірінде дүниеге келген либерализммен тығыз байланысты. Либералдар монархияның билігін парламент арқылы шектеп, сайлау құқығын кеңейтуді және саяси бостандықты өрістетуді талап еткен болатын.
Жеке адам құқығы мәселесіне аса зор үлес қосып, тарихта өшпес аттарын қалдырған ойшылдарға Т.Гоббс, Дж.Локк, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо, И.Кант, Т.Джефферсон, Т.Пейн және т.б. жатады. Олар адам құқықғының негізгі қағидаларын ең алғаш анықтап, белгілеп берді. Олардың ішіндегі ең құндылары Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік Декларациясына енді (ол 1776 жылдың 4 шілдесінде бекітілді(. Декларацияның негізгі баптарына барлық адамдардың өмір сүруге, еркіндікке, жеке меншікке, бақытқа және қауіпсіздікке туғанынан тең құқығы бар; өкімет билігінің қайнар көзі – халық, үкімет – халықтың қызметшісі; барлық мемлекеттік өкімет халықтың мүддесіне жұмыс істеуге тиіс, ал егер олар бұл сенімді ақтамаса, халықтың ондай ұнамсыз, лайықсыз үкіметті жоюға еркі бар; өкіметтің заң шығарушы, атқарушы, сот билігі болып бөліну керектігі және т.с.с. жатады. Бұл қағидалар одан әрі АҚШ-тың Конституциясы мен құқықтар туралы Биллінде дамытылды. (Билль деп аылшын парламентіне немесе Американың конгресіне қаралуға ұсынылған заң жобасын айтады.) Мысалы, Билльде жоғарыда айтылған баптармен қатар қандай адам болмасын шынайы, ашық, әділ сотқа құқығы бар деп көрсетілген. Ол жеке адамның еркіндігіне өкімет тарапынан қандай болмасын озбырлық байқалатын болса, одан қорғай алады. Құқық туралы Билльде үкімет өз жұмысын халық алдында ашық жүргізуі керектігі талап етілген. Жұрт үкіметтің не істеп жатқанын әрдайым біліп тұруы керек және оны дер кезінде сынға алып тұруға тиіс.
АҚШ-тың Тәуелсіздік Декларациясында көрсетілгендей, негізгі баптар конституциялық түрде 1789 жылы Францияның адам және азаматтар құқығының Декларациясында да бекітілді. Олармен салыстырғанда қазіргі кездегі жеке адамның құқығы туралы ұғым анағұрлым ауқымды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейін екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы Еуропадағы демократияның әлсіздігін байқатты. Сондықтан алдыңғы қатарлы күштер адам құқықтарын әлемдік деңгейде қорғау үшін өзара келісіп, ынтымақтасып іс-қимыл жасау керектігін түсінеді. 1942 жылы 1 қаңтарда гитлершілдікке қарсы коалицияға кірген 26 мемлекет нацизмге қарсы адам өмірі, бостандығы, тәуелсіздігі, оның құқықтары мен әділеттілік үшін күресуге Декларация қабылданды.
Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін бұл мәселеге ерекше зор мән берілді. Оған себеп болғандар: 1) соғыс кезінде гитлерлік Германия мен Еуропаның басқа елдерінде адам құқықтарының сақталмауы ондаған миллион әр түрлі халықтардың өкілдерінің өмірлерін алып кетті; 2) Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде демократиялық және жұмысшы қозғалыстарының өріс алып, қысым көрсетуі және соның нәтижесінде қабылдаған демократиялық реформалар; 3) бұрыңғы отар елдерде ұлт-азаттық көтерілістің күшеюі және олардың біразының тәуелсіздік алуы.
1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблиясы Адам құқықтарының халықаралық Декларациясын қабылдады. Онда адам құқықтары аталып қана қойған жоқ, оларды қорғау шаралары да қарастырылған. Бұл Декларация және басқа адам құқықтары жөніндегі келісімдер міндетті түрдегі заңдық құжаттарға жатпайды. Дегенмен, оларды мойындап, қол қойған елдер онда көрсетілген тәртіптерді сақтаулары тиіс.
Халықаралық ұйымдар одан кейін де бірқатар маңызды құжаттар қабылдады. Мысалы, оларға 1948 жылы геноцидтің алдын алу және ол үшін жаза қолдану туралы Конвенция, 1965 жылы нәсілдік алалаушылықтың барлық түрін болдырмау туралы Конвенция, Бала құқықтары туралы Конвенция, Әйелдер жағдайы туралы Конвенция және т.б. жатады. Бұл құықтарды сақтамаған мемлекеттерге ықпал жасау шаралары да қарастырылған. БҰҰ шешімі бойынша 10 желтоқсан жыл сайын дүние жүзінде адам құқығының күні ретінде атап өтіледі.
Қазіргі саяси ғылымда адам құқығына байланысты әр түрлі көзқарастар бар. Оларға табиғи-тарихи, заңдық-позитивтік және марксистік түсініктер жатады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет