11. Дәріс. Масс-медиа, технологиялар және қоғам



бет1/2
Дата24.11.2022
өлшемі30.65 Kb.
#52391
  1   2

11. Дәріс. Масс-медиа, технологиялар және қоғам
Дәрістің мақсаты - Масс-медиа қоғамдық процеске ықпалын, рөлін ашу, қазіргі қоғамдағы БАҚ еркіндігі мен жауапкершілігін талдау.
Негізгі сұрақтар:
11.1 Масс-медиа қызметтері.
11.2 Әлеуметтік жүйедегі бұқаралық ақпарат пен бұқаралық коммуникациялар.
11.3 Бұқаралық сана мен цифровизация. Бұқаралық коммуникациялар және әлеуметтік өзара әрекет.
11.1 Жаңа масс-медиа - бұқаралық ақпарат құралдарының цифрлік құрылғылар арқылы әрдайым көруге болатын жаңа форматы. Сонымен қатар, контентті жасау мен таратуға қолданушылардың белсенді түрде қатысуын білдіреді.
Масс - медиа (БАҚ) - арнайы техникалық құралдардың көмегімен, кез келген тұлғаларға әртүрлі мәліметтерді ашық жариялауға арналған әлеуметтік мекемелер. Сарапшылар олардың мынадай ерекше белгілерін атап көрсетеді: жариялылық, яғни тұтынушылардың шексіздігі; арнайы техникалық құралдардың, аппаратуралардың болуы; ақпарат таратушының (коммутатор) қабылдаушыға біржақты ықпалы; тұтынушы аудиторияның тұрақсыз әркелкілігі. Қоғамның өмір сүруін қамтамасыз етудегі БАҚ - тың рөлі зор. Наполеон: «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор», - деген. 1840 ж. француз жазушысы О. де Бальзак баспасөзді «төртінші билік» деп атады. Билік институтында БАҚ-тың тура мағынасындағы орны болмағанымен, оның саяси процестегі орнын асыра бағалау мүмкін емес. Қазіргі кезде электронды ақпарат құралдарының пайда болуымен бұл әлеуметтік институт бүгінгі қоғамның, саяси биліктік қатынастардың барлық қырларын түбірімен түрлендіріп жіберді.
БАҚ - тың атқаратын қызметі әртүрлі, сарапшылардың пікірінше, олардың аса маңыздыларына мыналар жатады: ақпараттық,білімдік, әлеуметтендірушілік, мүдделерді тоғыстырушы, саясат субъектілерінің ықпалдасуы, жұмылдыру және т.б.
БАҚ - тың ақпараттық қызметі азаматтарға, билік органдарына, қоғамдық институттарға аса маңызды жалпы оқиғалар, құбылыстар, процесстер жайлы мағлұматтарды таратудан тұрады. Бұл қызметсіз кез келген қоғамның толыққанды өмір сүруі мүмкін емес.
БАҚ - тың білімдік қызметі азаматтарға әртүрлі ғылым саласынан - қоғамдық-гуманитарлықтан жаратылыстану ғылымдарына дейінгі танымдық хабарларды дайындап, таратуынан көрінеді. Əрине, ол толыққанды, жүйелі, арнайы оқу орындарында берілетін ғылымды қамтамасыз ете алмайды. Дегенмен де, қазіргі қоғамда адам өз өмірінің әр кезеңінде білімнің басым көпшілігін осы БАҚ арқылы алады.
БАҚ - тың әлеуметтендіруші қызметі адамдардың әлеуметтік ережелерді, құндылықтарды сіңіріп, мінез-құлықтарын қалыптастыруға септігін тигізеді. БАҚ - тың жүйелі түрде күнделікті қалың қауыммен қауышуы оны жеке тұлғаны әлеуметтендіруші алғашқы институттар - отбасы, дін, мәдениет ошақтарымен қатар бір орынға қойды. БАҚ арқылы адамдар өздерін жалпы әлеуметтік, жалпы әлемдік процестердің бір бөлшегі ретінде әрі өзінің қоғамға, мемлекетке, саясат әлеміне қатысы барлығын сезінеді. Саяси журналистердің үгіт-насихатының арқасында азаматтар әлеуметтік-саяси процестердің белсенді қатысушыларына айналады.
БАҚ - тың мүдделерді тоғыстырушы қызметі - БАҚ қызметінің міндетті тұсы. Саяси мүдделер тек БАҚ арқылы ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғамның басқа да институттары (мысалы, партиялар, қоғамдық бірлестіктер) арқылы жүзеге асырылады. Бірақ кейбір жағдайларда тек бұқаралық баспасөз бен теледидар ғана алғашқылардың бірі болып қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударады, ықтимал әлеуметтік және саяси қақтығыстар жайлы дабыл қағып, билік құрылымдарына жағдайды саралап, арнайы шешім қабылдауына итермелейді.
БАҚ - тың жұмылдырушы қызметі адамдарды нақтылы бір іс-әрекеттерге немесе саналы әрекетсіздікке шақырады. БАҚ - тың осы қызметі саяси қатынастар саласында аса маңызды болып табылады. Азаматтардың белсенділігін ынталандыра отырып, БАҚ сайлау кампаниялары мен дауыс беру қорытындыларына айтулы ықпал етеді. Олар қоғам мен билікте дағдарыс туғызатын жаппай наразылық немесе саяси жанжалға апарып, арандатулары әбден мүмкін. Сондай-ақ олар қоғамға өмірлік маңызы бар міндеттерді шешуге азаматтарды жұмылдыруда биліктің тиімді одақтасына айнала алады.
БАҚ - ты саналы түрде саяси алдап - арбау мақсатында қолдану азаматтарға және қоғамға аса қауіпті болып табылады. Оған өз мүдделеріне қайшы келетін әрекеттерге баруға мәжбүрлеу үшін адамдардың санасы мен мінез-құлқын жасырын басқару жатады. Алдап арбау БАҚ - та таралатын, шын мәнінде жалған ақпараттарға адамдардың сенуіне негізделеді. Оған тапсырыс берушілер үшін ол пайда, ал қоғам үшін орны толмас өкініш. Осы орайда қазіргі кезде өз қызметінің тиімділігін арттырғысы келетін қоғам қандай да бір жолмен БАҚ - тың қызметін реттеуге тырысады. БАҚ - тың жағымсыз салдары оның қоғамдық ұйымдарымен шектелуі мүмкін. Қазіргі қоғамдарда БАҚ - ты ұйымдастырудың үш негізгі жүйесі қолданылады: жеке (коммерциялық), мемлекеттік және қоғамдық - құқықтық. АҚШ - та қолданылатын бірінші жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары жекеменшік нысанда және тек жарнамадан, жеке жәрдем берушілердің есебінен қаржыландырылады. Алайда бұл елде жекелеген азаматтар мен жалпы қоғамның мүддесі сотпен қорғалады, БАҚ - тың онымен келіспеуге еш шарасы жоқ. Екінші жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдары негізінен мемлекеттің қарамағында. Олар парламентке, үкіметке бағынышты, ол үшін арнайы қызметтер құрылады. Электронды бұқаралық ақпарат қүралдарын ұйымдастырудың үшінші түрі Германияда басым. Бұл жерде радио мен теледидар азаматтардан жиналатын арнайы салық есебінен қаржыландырылады. Олардың заңдық тұлға құқы және өзін-өзі басқару құқы бар. Алайда, бұл аталған ұйымдастыру, бақылау түрлерінің ешқайсысы да әмбебап әрі мінсіз деп айтуға келмейді.
11.2 «Коммуникация» термині ғылыми әдебиеттерде ХХ ғасырдың басында пайда болды. Коммуникация (латынның communication-жалпылау, әңгімелесу, байланысу, хабарлау, жеткізу деген мағына беретін сөздерден шыққан.)- адамдар, топтар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттің қажетті элементі болып табылады. Соның барысында әлеуметтік үрдістер саласында жетекші орын алатын ақпараттарды, сезімдерді, бағаларды, маңыздылықты, мәнді құндылықтарды беруге қол жетеді. Коммуникация - бұл адамдардың тіршілік әрекеті үрдісіндегі олардың өзара әрекетінің ерекшелікті формасы. Коммуникациясыз әлеуметтік қауымдастықтарда, әлеуметтік жүйелерді, институттарды, ұйымдарды және т.б белгілеу мүмкін емес, ол болмайынша әлеуметтілік, социум өмір сүре алмайды. Коммуникация қоғамның әлеуметттік топтарының және жекелеген индивидтердің өмірінің барлық жақтарын қамтиды. Коммуникация негізінде қоғамда адамның жеке басының және ұжымның мінез-құлық ережелері қалыптасады. Егерде жалпы коммуникация моделі үш бөлімдік құрылымынан: коммуникатор – хабар роципенттен тұратын болса, бұқаралық коммуникацияда хабардың нақты адресаты болмайды, өйткені БАҚ арқылы ақпарат қандай жағдай болмаса да тұтынушысын табады. Мұндай қатынастарда коммуникатор белсенді рөл ойнайды және аудитория үшін виртуалды шынайылықты жасай алады немесе шынайылықты жоғалту сезімін жасайды. Аудитория мен БАҚ арасындағы қатынас тәуелділік сценариі бойынша құрылады. Бір жағынан масс – медианың тыңдаушыларға, көрермендерге, оқырмандарға деген объективті мүдделік бар, екінші жағынан, БАҚ – негізгі қалың бұқара үшін ақпараттың басты қайнар көзі. Жіктерден, топтардан, қабаттардан тұратын қоғам қандай да бір коммуникациялық код жасайды. Әртүрлі әлеуметтік топатрдың кодтарының бірлігі коммуникацияның тиімділігін қамтамасыз етеді. Осылайша, шексіз аудиторияға ықпал ету және оны басқару мүмкіндігі, ақпаратты жеткізу шығынын барынша төмендету және әлемде болған кез келген оқиғаға жедел жауап қайтару бұқаралық коммуникация құралдарын (БКҚ) белсенді пайдалануды экономикалық және саяси факторлар айқындады. БҚҚ мүмкіндіктерін зерттеу, әсіресе олардың қоғамдық процестерді басқару саласының маңызын, «мемлекеттік - қоғам» жүйесінің өзара қатынастарын реттеу процесіндегі олардың қызметінің тиімділігін бағалау қажеттігінен туындаған. БКҚ қазіргі қоғамды басқарудың маңызды механизмі болып саналады және бірнеше функция атқарады: 1). Ақпараттық. 2). Мінез-құлықты ұйымдастыру. 3). Коммуникация объектілері мен органның бүкіл жүйесі арасындағы қатынасты ескеретін коммуникативтік функция. 4). Белгілі бір эмоциональді-психологиялық көңіл күйді қалыптастыру функциясы. Тұрақтылықты сақтау қазіргі қоғамның негізгі проблемасы болып табылады. Бұл қойылған басты мақсатпен түсіндіріледі, топ аралық дау – жанжалдарды барынша төмендету, қоғамда әлеуметтік шиеленісті бәсеңдету. Бұл мәселені шешуде қоғамдық пікірді басқару механизмі - қоғаммен байланыс көмектеседі.
11.3 Кең мағынасында бұқаралық сана - қалың көпшіліктің, халықтың санасы. Тарырақ мағынасында - белгілі бір құралдардың, ең әуелі бұқаралық ақпарат құралдарының ықпал етуімен айқындалып шығатын кәдуілгі сананың айрықша түрі.
Бұқаралық сана бір орында қатып тұрып қалмайтындығы, біртұтас болмауы, эмоционалдылығы, кереғарлығы, бір үлгіден шықпайтындығы және белгілі бір тұрақты қате ойтүйіндер (стереотип) арқылы сипатталады. Бұл ретте көп нәрсе ғылым мен жаппай коммуникация құралдарының дамуына байланысты. Бұқаралық сананың жай-күйін дәуір айқындайды деуге де болады.
Адамның бұқаралық санасында әрдайым, ең құрығында, негізгі екі қабат болады:



  • Кәдуілгі сана: күнделікті күйбің тіршілікке байланыстының бәрі.

  • Практикалық сана: бұған адамның бүкіл өмірлік тәжірибесі кіреді.

Сондай-ақ, бұқаралық санада оны жылжымалы әрі құбылмалы ететін, яғни — ықпал мен манипуляциялар жасауға дайын ететін кереғарлық элементтер бар. Құбылмалылық пен жылжымалылық сананың кей элементтеріне, мысалы, алып-қашпа әңгіме мен ой-пікірлер тән.
Бұдан бөлек қоғамдық сана мен саяси сананы ажырата білген жөн:
Қоғамдық сана - қоғамның өзін көрсететін белгілі бір дәуірге тән ұжымдық елес-ойлар жиынтығы. Оны жеке бас санасына қарсы қояды. Бұл арада қоғамдық сананың жеке бас санасы қасиеттеріне тіреуге болмайтын жүйелік қасиеттері бар. Қоғамдық сананың алты тұрпаты даралынып көрсетіледі: мораль, ғылым, өнер, идеология, дін және құқық.
Саяси сана - бұл адамдардың, топтардың, ұлттардың саяси саланы түйсінетін білімдерінің, бағамдарының, көңіл күйінің және сезімдерінің жүйесі. Ол саяси теориялардың, идеялардың, елес-ойлардың, көзқарастардың, иланымшылықтың және наным - сенімдердің жүйесі болып табылады.
Бұқаралық сананы әдеттегі жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары түзіп қалыптастырады. БАҚ жүріс-тұрыстың, қоршаған әлемді танып-түсінудің, білімнің, өмір салтының моделдерін таратады. Егер бұқаралық санаға ықпал ететін болмағанда (ең қорқыныштысы да осы) бұның бәрін белгілі бір дәрежеде қалыпты үдеріс деуге болар еді.
Бұқаралық сананың мазмұны әлеуметтану, психология, мәдениеттану, саясаттану ғылымдарында қарастырылады. Алғаш рет бұқаралық сана феноменіне интерпретация әлеуметтану ғылымында берілген болатын. Бұқаралық сана – ерекше әлеуметтік қауымдастық болып табылатын бұқараның қызметімен байланысты қоғамдық сананың бір түрі. Мазмұндық тұрғысынан бұқаралық сана - қоғамның әлеуметтік өмірін сипаттайтын бұқараға қол жетімді идеялар, көзқарастар, түсініктер, пайымдаулар. Ол қоғамдық санаға тән ғылым, кәсіби этика сиқты рухани құрамдас бөліктерді қамтымайды. Бұқаралық сана біздің санамыздан тәуелсіз әлеуметтік шынайылық. Яғни оның өмір сүру заңдылықтары қоғамдағы әрбір жеке адамның психологиясы мен өмірі басқарылатын заңдылықтардан бөлек. Бұқаралық сананың өмір сүру заңдылықтарына әсер етуші факторлардың бірі стереотиптердің (грек. stereos-қатты және typos-дақ) қалыптасу үрдісі болып табылады.
Әлеуметік ғылымдарда стереотип ұғымына ең алғаш рет анықтама берген Уолтер Липман. Кейін келе оны Г.Олппорт жетілдірді. Оның берген анықтамасы әлеуметтік әлем жайлы ақпаратты қабылдау және талдауға, сонымен қатар бұл үрдістердің әлеуметтік әсеріне (ойда сақталу, әлеуметтік беку) негізделеді. У. Липпманның «Қоғамдық пікір» еңбегіне (1922ж.) сәйкес социумның орташа мүшесі ақпаратты сынмен қабылдап объективті баға бере алмайды, олар көбінесе стереотиптермен пайымдайды. Яғни қоғамдық пікірдің қалыптасуына эмоционалдық және иррационалдық факторлардың рөлі жоғары болып табылады. Қоғамда түрлі ұлттардың, мамандықтардың, кәсіби топтардың, конфессиалардың өкілдері өзара қарым-қатынасқа түсу барысында басқалар жайлы белгілі түсініктерге ие болады. Әдетте адамдар қарым-қатынас барысында қалыптасқан түсініктерді тұтас ұлтқа, нәсілге немесе топқа қатыстырып телуі жиі көрініс табады. Осылайша стереотиптердің қалыптасу үрдісі жүзеге асады. Мәселен көптеген адамдар немістер ұқыпты, итальяндықтар сезімге берілгіш келеді деп ойлайды. Адамдар стереотиптерге негізделе отырып басқа мәдениет өкілімен қарым-қатынасқа түсу барысында олардан не күтуге болатындығын алдын-ала пайымдайды. Стереотиптер арқылы адамдар өздерін қоршаған ортаны түсінуді жеңілдетеді. Стереотиптер әрдайым шындықпен жанаспауы, жалған болуы да мүмкін. Қазіргі таңда қоғамда ұлттарға, нәсілдерге, конфессиаларға қатысты стереотиптер кең тараған. Мәселен белгілі бір ұлттарға қатысты жағымсыз стереотиптерге ие адамдар ол ұлт өкілдерімен болған қақтығыстарға мүлдем қатыспаған болуы да мүмкін. Алайда оларға қатысты теледидардан, таныстарынан сәйкесінше ақпараттар алады.
Көп жағдайда адамдар стереотиптерді дайын күйінде БАҚ-тан қабылдайды. Радио, баспа, теледидар арқы адамдардың санасында «қаһармандық», «жауыздық», «өзіміздікі және бөтен» сияқты т.б ұғымдардың түсінігі қалыптасады. Осының нәтижесінде адамдарда белгілі бір тұлғаларға сенім білдіру, еліктеу, қолдау немесе қарсы шығу көрінісі орын алады. Адамдардың белгілі тұлғаға немесе оқиғаға қатысты көзқарасы өзгеруі мүмкін, алайда бұқаралық сана стереотиптері оңайлықпен өзгермейді Қоғамдық пікірдің стереотиптері адамдардың өзара қарым-қатынасы барысында және қарым-қатынас құралдары арқасында еселеніп отырады. Стереотиптер көмегімен адам санасына әсер ету оңай. Себебі стереотиптер қоғам және ондағы әлеуметтік топтардың өмір сүру салтымен тығыз байланысқан.
Стереотиптер адамдардың қоршаған күрделі әлемді түсінуін жеңілдетумен қатар олардың іс-әрекеттеріне, қабылдайтын шешімдеріне де әсере етеді. Түрлі жағдайларда пайымдау, ой-тұжырым жасап шешім қабылдау стереотиптерге неізделеді. Ондай жағдайда стереотиптер жиынтығы қолданылады. Стереотиптер жиынтығы (тіркесі) қоғамдық пікір кешенін қалыптастырады. Қоғамдық пікір кешендері стереотиптер формуласы іспеттес. Олардың өзіндік мағынасы және қолданылу тәсілі (қызметі) бар. Қоғамдық пікір кешендерін түсіну үшін бірнеше түрлерін бөліп көрсетуге болады:
Тәуелділік кешені (басқару және бағыну) – қоғамдағы қарым-қатынастардың вертикальды құрылымын көрсетеді.
Күту кешені – нәтиже, жетістік уақытты талап етеді, уақыттың еншісінде дейтін ұстаным. Салыстыру кешені басқа адамдармен, топтармен, мемлекеттермен және т.б салыстыра қарау.
Бірігу кешені – тұлғаның қоғамдағы өз орнын табуы (өзін әлеуметтік топпен теңдестіруі) әлеуметтік мәртебесіне сай қоғамдағы атқаратын рөлдерді игеруі яғни әлеуметтену үрдісінің бір деңгейін сипаттайды.
Қоғамдық пікір кешендері бұқаралық сананы құраушылардың бірі, яғни адамдардың қабылдайтын шешімдері мен іс-әрекетіне әсер ететін күрделі құрылым болып табылады.
Бакылау сурактар:
1. Қоғамдық өмірдегі Масс - медиа (БАҚ) ның рөлі.
2. Масс - медиа (БАҚ) түрлері, олардың қоғамдық санамен ықпалдасуы.
3. Масс - медиа (БАҚ) мәдениеті және оның қоғамдағы тәртіпке ықпалы.
4. Масс - медиа (БАҚ) -ң жаһандануы және оның дүние жүзі қауымдастығына ықпалы.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет