3. Одағайлар сөз таптары жүйесіндегі көмекші сөз қатарына жатады



бет1/2
Дата02.05.2023
өлшемі85,21 Kb.
#89219
  1   2

Бүгінгі ғаламдастыру, жаһандандыру саясатының аясында әлемдік ғылымдардың даму көкжиегін жаңа бағыттармен кеңейту,қайсібір ғылым саласы болмасын , оны «адами факторлармен, адами құндылықтармен» бірлікте қарастыру – адамзат өркениеті мен замана керуенінің алға тартып отырған кезекті талабы.
Әлемдік қолданбалы және теориялық ғылымдардың ішіндегі негізгі қоғамдық, әлеуметтік коммуникацияның жетекші идеяларын жүзеге асыруды мақсат еткен тіл ғылымының қазіргі бағыт – бағдары ғасыр талабына жауап бере отырып, «субъект – тіл- өркениет» үштігінің аясындағы тың міндеттердің шешілуін көздейді. Соңғы жылдары тіл білімі субъект факторына ерекше мән беріп, коммуникативті актідегі сөйлеушінің тілдік бірліктерді ұтымды қолдану мәселесін жиі сөз ете бастады. Субъект мәселесіне қатысты тұлғаның эмоционалды жай –күйіне, ерігіне байланысты ұғымдарды таңбалауды жүзеге асыратын одағай сөздер лингвистика ғылымында әлі де тұғырлы зерттеу нысаны бола қойған жоқ. Әйтсе де мен оны зерттеме жұмысымда қазақ тіл біліміндегі одағай сөздердің табиғатын аша түсуге тырыстым.
Алғаш рет дербес сөз табы ретінде одағайлар Варонның латын грамматикасында қарастырылып, тіл білімінің тарихи даму кезеңінде одағайлардың грамматикалық табиғатына әр түрлі анықтамалар беріліп отырды. Мұндай анықтамаларды төмендегідей топтауға болады:
1. Одағайлар – құрамы жөнінен, сөздерді сөз таптарына бөлу мәселесінен тыс қарастырылған синтаксистік топ.
2. Одағайлар сөз таптары жүйесіне кіреді, бірақ сөйлемде синтаксистік байланысқа түспей оқшау тұрады.
3. Одағайлар сөз таптары жүйесіндегі көмекші сөз қатарына жатады.
Қазақ тіл білімінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Қуаныш, реніш, күйініш, уайым, қайғы, жан күйзелгенде , тән рахат тапқанда шығатын дыбыстар, дауыстар, айтылатын сөздер, хайуандарға айтылатын сөздер, жанды, жансыз заттардың дыбысын, дауысын еліктеп айтатын сөздер, дауыстар, шақырулар бәрі одағай сөз тобына кіреді», - деп одағайлардың мағыналарын кең ауқымда алып, олардың қатарына дыбыстық еліктеуіш (мысалы, тарс- тұрс) сөздерді де қарастырғанын аңғарамыз.
Мен өз жұмысымда одағайларды бастапқы табиғатынан таратып, ғалымдар арасындағы өзіндік ой – пікірлер мен көзқарастарға назар аудардым.
Одағай сөздердің күнделікті өмірдегі , яғни, ауызекі тілдегі қолданысын дереккөздерге сүйене отырып тұжырым жасадым.
Қазақ тіл білімінде одағай сөздер сөз тобына жатқызылып, сөйлемнің оқшау бөліктері ретінде қарастырылып жүргенін ескере отырып, тақырыпқа нақтылы кіріспес бұрын сөз таптарының шығу тарихына және жекелеме оқшау сөздерге біршама аздап тоқталғанды жөн көріп отырмын.
Тілдің ғасырлар бойындағы тарихи даму барысында оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысы өзгеріссіз қала алмайды. Сөздердің лексикалық табиғатында да, грамматикалық табиғатында да алуан түрлі өзгерістер болады, олар қолданылу ыңғайына, атқаратын қызметіне қарай сараланады, топтасады. Осылайша дамудың барысында сөздердің топтары сараланып, сөз таптары жасалады да, олардың әрқайсысы өзіндік жалпы категориялы мағынаға ие болады.
Сөздерді тапқа (топқа) бөлу тіл білімінің өз алдына дербес ғылым болып қалыптасуынан көп бұрын, біздің заманымыздан бұрынғы 4 – 5 ғасырлардан басталады. [ 5;167].
Қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлудің алғашқы сатысын салған түрколог – Николай Иванович Ильминский болды.
Морфологияны сөз ететін қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық 20- жылдардың алғашқы жартысында дүниеге келді.
Одағай сөздер еліктеуіш, лептеуіш деп екі түрге бөлінген. Бұл оқулықта сөздерді тапқа бөлуде олардың мағынасына сүйенген. Үстеу, демеу, жалғаулықтарды шылау сөздердің құрамына енгізгенімен, ол үшеуін үш түрлі сөз табы деп есептейді де, қазақ тілінде тоғыз түрлі сөз табы бар дегенді айтады. Оқулықтарда сөздерді, тұлғалық белгілеріне қарай , түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқылар, қосымшалар деп бес түрге бөлген.
Тек морфология ғана емес , қазақ тіл білімінің басқа салалары терминдерінің басым көпшілігі (орыс тілі лингвистикалық терминдерінен калька түрінде алына тұрса да) осы 20 – жылдар ішінде жарық көрген оқулықтардан басталады.
Сөздерді әр түрлі лексикалық –грамматикалық топтарға бөлу, олай бөлуде басшылыққа алынатын принциптер Қ. Жұбанов назарынан да тыс қалған жоқ.
Сөздерді тапқа бөлуде профессор Қ. Жұбанов та алдымен оларды түбір тап, шылау тап одағай тап деп үш түрге бөледі де, басқаларын осы үшеуінен таратады. Мұндағы өзгешелік, негізінде, терминдік жағында. Сонау көне заманнан бері қарай үшеуінің бірі ретінде аталып келген есім деген атау орнына автор түбір тап дегенді алған да, есімді одан бөліп шығарған. Бірақ автордың қолданған бұл термині ғылымда орнықпады.
Оқулық шеңберіне шығып, сөздер табы категориясын ғылыми грамматика аумағында қарау талабы елуінші жылдарда жүзеге асты.
Соның алғашқы қадамы ретінде 1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» атты коллективтік еңбек жарияланды. Осы еңбектен бастап, бұрынғы сегіз сөз табы үстіне тоғызыншы болып, еліктеуіш сөздер қосылды да, сөз табының саны тоғызға жеткізілді. Еліктеуіш сөздер бұған дейінгі еңбектерде еліктеу одағайы деген атпен одағай сөздер тобына қаралатын. Бұл еңбектің және содан бері жарияланып келе жатқан морфологиялық зерттеулердің бұрынғылардан, яғни жоғарыда сөз болған еңбектерден өзгешеліктері - мәселелерді кеңірек қойып, терең де жан – жақты баяндауларында.
Енді оқшауланған сөздер тобына біраз тоқтала кетсем.
Тілді қолданушы жеке субъекті болғандықтан, ол объективтік түрдегі тілдік бірліктер арқылы субъективті көзқарасын, яғни тыңдаушыға немесе қоршаған ақиқат шындыққа деген эмоционалды- экспрессивті қатынасын білдіреді. Бұл әсерлілік, экспрессиялық пен бейнелілік тілде әр алуан амалмен жүзеге асырылып отырады. Сол амалдардың бірі ретінде сөйлемнің оқшау бөліктерінің тілде әр түрлі стильдік қызметте жұмсалуын да атауға болады. Стильдік тәсіл ретінде бейнелеуіш амалдар жүйесінде сөйлемнің оқшау бөліктерінің қазақ тіліндегі, әсіресе, көркем әдебиетте атқаратын қызметі орасан зор.
Сөйлемнің оқшау бөліктері, соның ішінде одағайлар сөйлемде белгілі бір мүше қызметін атқармағанымен, сөйлем жеткізілетін ойды дәлелдеуде , әсерлеуде, түсіндіруде, сөйлеушінің ой – ретін, айтылатын ақпараттың кімнің тарапынан екендігін, әр түрлі эмоционалды –экспрессивті сезімдерін білдіруде , алуан түрлі стильдік мақсаттарда ерекше қызмет атқарады. Олар сөйлемдегі мағыналық қатынасына , қандай сөздерден жасалуына қарай қаратпа, қыстырма, одағай деген үш түрге бөлініп жүр. Аталған қаратпа, қыстырма және одағай категориялары кейінгі зерттеулерде «оқшау сөздер» деген терминмен аталып келген болатын. Алайда ғылымның қай саласында болсын, «қандай да бір атау болмасын шартты түрде қабылданып қалыптасып кететіні мәлім. «Оқшау сөздер» атауын да солай деп қараған жөн. Оған себеп, біріншіден, оқшаулар тобына кіретіндер тек жеке сөз емес, сөз тіркестері, сөйлем де болуы мүмкін. Екіншіден, оқшау сөз, сөз тіркестері, сөйлемдер сөйлем құрамынан бөлек айтылмайды. Егер олар негізгі ойды, хабарды, әрекет- қимылды білдіретін сөйлемдерден мүлде бөлек айтылатын болса, олар негізгі құраммен мағыналық жағынан да ұласпас еді, ондай синтаксистік топтардың болатындығы жайлы мәлімет те болмас еді», - дей келіп, М.Томанов пен Т. Сайрамбаев қаратпа, қыстырма және одағайлардың негізгі синтаксистік ерекшеліктеріне байланысты «сөйлемнің оқшау бөліктері» деп атауды ұсынады.
Біз одағай сөздердің мән – мағынасын аша түсу үшін, оқшау сөздер табиғатына да, яғни нақтылап айтатын болсақ, қаратпа сөз бен қыстырма сөздерге де тоқтала түссек...
М.Томанов пен С. Сайрамбаев қаратпа, қыстырма және одағайларды сөйлемнің негізгі құрылымынан оқшауланған бөліктер деп қараудың себебін 1) олардың белгілі бір синтаксистік конструкция құрамында ғана көрінуімен, 2)сөйлемнің негізгі құрамының лексика- грамматикалық ерекшеліктеріне бағынышты болмауымен, 3) жеке алып қарастырғанда, дербес сөйлем беретін мән – мағыныаны білдіре алуымен, 4) олардың сөйлемнің негізгі құрамы мен қатынасын дербес сөйлемдердің өзара қатынасымен салыстыруға болатындығымен түсіндіреді. Мен де осы ғалымдар айтып көрсеткен орынды тұжырыммен келісемін.. Яғни, бұл зерттемелер сөйлемнің оқшау бөліктерінің синтаксистік табиғатын толық көрсете алатын тұжырым деп мойындауға болады. Әйтсе де, осындай жаңалықты ғылыми тұжырымға өзіндік қарсы ой – пікірін білдірушілер баршылық. Ендеше, тақырыпты аша түсу үшін төменге көз жүгіртсек...
«Дегенмен осындағы қаратпа, қыстырма, және одағайларды «дербес сөйлем беретін мән- мағынаны білдіре алады» деген тұжырымға күдікпен қарауға тура келеді» - дейді ф.ғ.к. М. Арыстанбаев. Бұл пікір айтушы қарсы пікірін білдіре отырып, орынды себебін де көрсете білген сияқты. Ол былай дейді: - Себебі, қаратпа мен одағайлардың дербес сөйлем ретінде жұмсала алатындығы айқын нәрсе болғанымен, қыстырма бөлікті сөйлемнен бөлек алып қарасақ, дербес сөйлем беретін мән- мағынаны білдіре алады деуге келіңкіремейтін сияқты. Осы сараптық көзқарастан кейін мен де Арыстанбаев пікіріне қосыламын, әрі келешекте әлі де болса осы сұрақты жауаптың біршешімді түйінін шешуді қарастырамын деп ойлаймын.
Қаратпа, қыстырма және одағай сөздердің басын біріктіретін қасиеті – олардың синтаксистік қасиеті болып табылады. Демек, оқшау сөздер ерекше синтаксистік категория ретінде қаралады. Оларды синтаксистік категория деп есептеуге бірінші себеп: ойды, іс – әрекетті, т.б. хабарлау, айту үстінде негізгі мағынаны беретін синтаксистік топтың шылауында, жетегінде , сонымен қабаттаса келеді. Екіншіден, оқшау айтылған сөз, сөз тіркестерінің қандай тұрғыда тұруы сөйлем мүшелерінің лексико – грамматикалық ерекшеліктерімен айқындалмады. Үшінші ,бір ерекшелігі – олардың қай – қайсысы да – қаратпа да , қыстырма да, сол сияқты одағайлар да дербес алып қарағанда жеке сөйлем беретін мәнді, мағынаны, экспрессиялық мәндерді білдіреді.
Қаратпа, қыстырма және одағай сөздер өздерінің мағыналық та, жаратылысы жағынан да мына себептерге байланысты, бірге қарастырылады: 1) үшеуі де сөйлемде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді; 2) оқшау сөздер ( одағайдан басқасы) әр түрлі морфологиялық жағынан көбіне көптеліп, тәуелденіп келгенімен де, ол да бәрібір басқа бір сөздермен байланысқа түсуге себеп бола алмайды; 3)оқшау сөздер сөйлеуде ғана, сөйлеммен бірге ғана өмір сүре алады. Олар сөйлемнің өн бойымен мағыналық байланыста болады, -дейді зерттеуші Ш. Сарыбаев.
Алғаш рет дербес сөз табы ретінде одағайлар Варонның латын грамматикасында қарастырылып, тіл білімінің даму кезеңінде одағайлардың грамматикалық табиғатына әр түрлі анықтамалар беріліп отырды. Мұндай анықтамаларды төмендегідей топтауға болады.
1.Одағайлар- құрамы жағынан, сөздерді сөз таптарына бөлу мәселесінен тыс қарастырылған синтаксистік топ.
2.Одағайлар сөз таптары жүйесіне кіреді, бірақ сөйлемде синтаксистік байланысқа түспей оқшау тұрады.
3.Одағайлар сөз таптары жүйесіндегі көмекші сөздер қатарына жатады.
Қазақ тіл білімінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Қуаныш, реніш, күйініш, уайым, қайғы, жан күйзелгенде, жан рақат тапқанда шығатын дыбыстар, дауыстар, айтылатын сөздер, жанды, жансыз заттардың дыбысын, дауысын еліктеп айтатын сөздер, дауыстар, шақырулар бәрі одағай тобына кіреді», - деп одағайлардың мағыналарын кең ауқымда алып, олардың қатарына дыбыстық еліктеуіш (мысалы, тарс- тұрс!) сөздерді де қарастырғанын аңғарамыз.
Одағайлар, біріншіден, сөйлемге онымен ешқандай байланыспайтын сөздер ретінде еркін ене алады, екіншіден, сөйлемнің синтаксистік құрылымының компоненті ретінде фразеологияланған құрылымға ене алады.
Одағайлар мағынасы арқылы басқа сөз таптарынан төмендегідей қасиеттерімен ерекшеленеді: біріншіден, басқа сөз таптары (көмекші сөздерден басқа) атауыштық қызмет атқарса, одағайлардың семантикасы диффузды болып келеді (яғни, бір ғана одағай бірнеше мағынада жұмсалады), үшішіден, басқа сөздерге қаоағанда одағайлардың эмоцианалды- экспрессивті мәні басым болып келеді.
Осы жерде күнделікті тұрмыс –тіршілікте қолданыста жүрген бірнеше одағай сөздерді мысалға келтіре кетейік:
-Ойбай, үйден өрт шықты , не жасаған едім, Құдайым! Бұл жерде ойбай сөзі күйініш, реніш мағынасын беріп тұр. Яғни, қатты қапалану, налу.
-Туһ, өзің түк ұқпайтын бірдеңе екенсің ғой! Туһ ауызекі қолданыста жүрген, әсіресе жастар арасындағы тіл қатынасына жатқызамыз. Туһ – көңіл толмаушылық, бірденеге келіспеушілік міндетті атқарушы одағай. Туһ! не деген дауыс! Туһ – дәл сол уақытты аса бір танданудың ерекше таңқаларық деңгейін көрсету мақсатында айтылған, яғни, «керемет деген мағынаны білдіреді.
Ахмет Байтұрсынұлы одағайларды ілездік одағай (лап, шап, жұлт, жалт, зып) еліктеу одағай (шыр-шыр! Быр*быр, сықыр- сықыр, сылдыр- сылдыр!), шақырыс одағай деп бөле отырып, одағайлардың сөзжасамдық қызметіне де тоқталды. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінде одағайлардың синтаксистік, семантикалық, сөзжасамдық ерекшеліктерін алғаш рет қарастырған ғалым деуге әбден негіз бар.
Ал, Қ.Жұбанов одағайларды шаруашылық, қатынас және көңіл одағайлары деп үш топқа бөліп, «шаруашылық» одағайының көбі бұрын белгілі бір малдың аты болғандығын дәлелдейді.[17;56].
Қазақ тіл білімінде одағай категориясын арнайы зерттеген Ш.Ш. Сарыбаев оларды 1) эмоционалды, 2)императивті, 3)тұрмыс одағайлары деп бөледі.
Эмоционалды одағайлар әр түрлі сезімдерді, эмоционалдықты, көңіл – күйді білдіреді және сан жағынан ауқымды келеді. Оларды үш топқа бөледі: 1) жағымды эмоционалды сезімді білдіреді (Алақай! Тәйірі! Тфу! Әтеген – ай!) 3)жағымды әрі жағымсыз эмоционалды сезімді білдіретін одағайлар (О ! шіркін! Бәтшағар! Ойпырмай! Ту! Пай-пай!).
Императивті одағайлар: 1) Адамдарға қаратылып айтылатын одағайлар (Айда! Тәйт! Тек! Жә! Сап-сап! Кәне!) 2) жануарларға қаратылып айтылатын одағайлар (Моһ моһ! Кә-кә! Шөре-шөре!)
Тұрмыстық одағайларға таныс немесе кездескен адамдардың амандасқанда немесе қоштасқанда айтылатын алғыс, тілек, сыпайылық, тұрмыс- салтқа байланысты одағайлар жатады. Мысалы, Қош! Қайыр! Ассаламағалейкум! Уағалейкумассалам! Рақмет!
Одағайлардың мағыналық жағынан алуан түрлі болуы олардың көпмағыналық қасиетіне байланысты болса керек. Қазақ тілінде бір мағыналы одағайларға алақай, әттең, әттеген-ай, т.б. жатқызылады. Мысалы; Әттең, әттеген –ай қапыда қалдым ғой! , Әттең адамдар неше түрлі болады да! Алақай, мен апама барамын! Осы айтылған сөйлемдердің барлығындағы одағайлар қазіргі уақытта ауызекі тілде қолданыста жүрген сөздер. Бұл сөйлемдердегі алақай қуанғандықты білдірсе, әттеген –ай, әттең дегендер өкінгендікті білдіріп тұр.
Сөйлеу тілінде көңіл күй және императивтік одағайларды қандай саладағы қызметкер де , қай жастағы сөйлеуші де (ауыл тұрғыны да, қала тұрғыны да) қолдана алады деуге болады. Алайда тұрмыс – салт одағайларының ішіндегі жануарларға қатысты қолданылатын одағай сөздерді, көбіне, сол саладағы немесе ауыл тұрғындары қолданатындығын айта кеткен жөн. Ал, ойбай, алла, құдай –ай сияқты одағайларды ер адамдардан гөрі әйел адамдардың көбірек қолданатындығын байқауға болады. Ал, алақай сөзін көбінесе мектеп жасына дейінгі және төменгі сынып оқушылары қолданатындығы басым. Алақай сөзі сөйлемде ерекше екпінмен айтылады, баланың жүрек жарды қуанышын білдіреді.
Тұрмыс – салт одағайларының да қолданылуында әлеуметтік әсердің нышаны байқалады. Мысалы, ер адаамдар амандасқанда «Ассалаумағалейум» десе, әйелдерге «Сәлеметсіз бе», «Амансыз ба» деп тіл қатады. Амандасуға байланысты бұдан өзге де жеке сөздерді немесе сөз тіркестерін атауға болады. Мысалы, «Аман ба», «мал –жан аман ба», «Үй іші аман ба» т.б. Тіліміздегі «Кеш жарық», «Қайырлы күн», «Қайырлы түн» т.б. амандасу түрлері орыс тілінің әсері екені айдан анық. Ал қазіргі жастардың тілінде амандасу ретіндегі аталған сөздердің қолданысы өте сирек, оның орныныа жастар бір- бірімен амандасқанда қысқаша «Қалайсың» немесе «Қалың қалай» дей салады және бір айта кететін нәрсе: тұрмыс – салт одағайларының қолданысында да орыс тілінің әсері байқалады. Мысалы: Қайырлы таң! Қайырлы түн! Қайырлы кеш! Кеш жарықІ деген қолданыстар орыс тіліндегі одағайларды қазақ тіліне калька әдісі арқылы аударудың салдарынан туған одағайлар деп ойлаймыз. Бұл одағайлардың қоғамдағы әр түрлі өзгерістерге байланысты дамып, өзгеріп отыратын әлеуметтік құбылыс екендігіне дәлел болатындай.
Демек, одағай дегеніміз- эмоционалдық және ерік – жігерлік сезімдерді білдіретін грамматикалық көрсеткіші жоқ сөздердің өзгермейтін тобы.
Одағай мәнді сөздер табына да, көмекші сөздер табына да жатпайтын, өзінің ерекше орны бар сөз табы. Синтаксистік қатынасы жағынан одағай өзіндік интонацияға ие бола алады және жеке ой түрінде қолданылады. Семантикалық жағынан эмоционалды- экспрессивті одағай (Ә» Бәсә! Құп! Оһо! Т.б.) және императив одағай (Тәй – тәй! Әуп! Жә! Әй! т.б.) болып бөлінеді. Бұл бөлініс жайында жоғарыда айтылып өтілді.
Бұл жердегі эмоционалды экспрессивті одағайлардың эмоция негізінде пайда болғаны даусы, басы ашық мәселе. Десек те, одағайлардың келесі тобының (императив) эмоцмя арқылы шыққандығын түсіндіру үшін аталмыш сөздердің бұл тобына соқпай өту мүмкін емес. Одағайлар жоғарыдағы сілтемелерден байқағанымыздай, эмоция мен ерік- жігерді білдіретін сөздер.
Қазіргі лингвистикалық сөздіктерде, грамматикалық оқулықтарда көрсетіліп жүрген эмоционалды- экспрессивті сөздер тобы эмоцияның негізінде пайда болса, ерік негізінде императив топтағы сөздер пайда болған. Эмоцияның негізінде пайда болған сөздер адамның қорыққан кезінде ах! А! т.б.қуанған кезінде оһо, еһе т.б. осы сияқты дыбыс немесе дыбыстар жиынтығынан шыққан, яғни дыбыс пен дыбыстық шоғыр сөйленім үрдісінде күнделікті қайталана келе, сөйлеуден тілге өткен. Бұл жөнінде: «Олар тіл дамуында тілдік бірлік ретінде қалыптасып, санамыздағы тілдік қордан орын алған деп шамалаймыз»- еп өз пікірін білдіреді филология ғылымдарының кандидаты Б.С. Жонкешов.
Аталмыш сөздер тобына шындық өмірде қорыққандықты, қуанғандықты т.б. осындай әсерлену, толқуды білдіреді. Мұндай сөздерді қазіргі тіл білімінде эмотив- экспрессивті одағайлар деп білеміз. Императив одағайлардың да даму жолы осыған ұқсас. Біріншіден , бұл топтағы одағайлардың тілде синонимдері бар. Мысалы, тәйт кет, қой; сап –сап- сабыр; әуп- тұр; моһ- моһ, кә-кә-кел т.б. Сонымен бірге , екіншіден , олардың аталмыш мағыналарынан басқа эмоционалды да мәндері бар: құлап қалған баланы (немесе затты) көтергенде әуп дейміз. Бұл жерде біз балаға немесе затқа бұйрық бермейміз, ауыр затты көтергенде өзіміздің ауырсынған демімізді шығарамыз. Шақыру да солай, малға кел – кел деумен бірге оның тілді түсінбейтінін скеріп, тағы да эмоцияға жүгініп, қандай да бір дыбыстар жиынтығын құрап, моһ –моһ немесе құрау –құрау, кә – кә, шеп – шеп деп дыбыстаймыз.
Кейбір шақыру мәнді одағайлар, мысалы тауықты шақырғанда шеп-шеп басқа тілдердегі аталмыш құстардың балапанының шығарған дыбысына еліктеу арқылыпайда болған сөздеріне сәйкес келеді. Осы жерде әр тілдегі шақыру одағайына салыстырулар жасай кетсек. Мысалы : ағылшын тілінде chep-chep, орыс тілінде чик- чик , қазақ тілінде шық – шық т.б.
Осы негізге сүйеніп, мынадай қорытынды жасауға болады: барлық тілдердегі шақыру одағайлары осындай уәжділікпен қалыптасқан болса керек. Имитиф теориясы бойынша формаға ат бергенде бір халық оның бір белгісін (қасиетін) негіз етіп алады. Бұл мәселе әлемнің тілдегі көрінісі теориясымен тығыз байланыста болады. Императив одағайлардың эмотив- экспресстив одағайлардан бөлініп алынуы жаңа айтып кеткендей, қазір оларда адамның эмоциясын білдіруден гөрі бұйыру, өтіну мәні басымырақ болып келеді. Аталмыш сөздер тобы қазар толық мағыналы аталмыш сөздердің құрамына өту үрдісін басынан кешіруде. Сол себептен де ғалымдар олардың пайда болуына ерік қатысады дейді. Ал ерік – адамның мінез – құлқын саналы түрде меңгере алу қабілеті. Сонымен, қорыта келгенде, эмоция арқаһылы шыққан сөздерді сананың қалыптасу барысында адам өзінің тілдік санасында бұларға жаңа мағына беріп, тіл жүйесіне (язык) енгізген деп шамалаймыз.
Одағайларды әрқалай жастағы адамдар шамасына лайықты, лайықсыз деп сауалнама жауабының көрсеткішімен де көрсетуге болады. Бұған тоқталмас бұрын, одағайлардың сөйлемнің қай уақыттарында қолданысқа түскендігін пайызға шағып, есептеген белгілі ізденуші, ф.ғ.к. Е.Тяжинаның көрсеткішіне көз жүгіртейік: эмоционалды- бағалауыштық одағайлар негізінен сөйлемнің басында (препозиция) қазақ тілінде - 83 % , сөйлемнің ортасында (интерпозиция) – 7 % соңында (постпозиция) 10% көрсетеді деп зерттеме жасады. Бұдан байқайтынымыз, қандай жағдайда болмасын одағайлар сөйлесімнің құрамына еніп, оның жалпы мазмұнын Эмоционалды- экспрессивті жағынан әлсіретіп, сөйлесімнің прогматикалық күшін арттыратынын көреміз.
Енді жоғарыдағы сауалнама көрсеткішіне тоқтала кетсек... Жалпы одағайлар сөйлесу актісі ретінде көбінесе «сен» қатынасындағы, яғни, жақсы таныс, мәртебесі тең, құрбы – құрдастар арасында жиі қолданылады. Қатысымға қатысушы коммуниканттар өздерінің әлеуметтік статусы мен коммникативтік мақсатына сай одағай сөздерді таңдайды. Е. Тяжинаның сауалнамасының көрсеткішінің нәтижесі қазақ тіліндегі кейбір одағай сөздердің әйел мен еркектердің қолданыстарына қарай ажыратылып қолданылатынын көрсетті. «Дегенмен, қазақ тіліндегі одағай сөздерге әйелдерге / еркектерге ғана тән одағай сөздер деп біржақты шешім айту қиын. Сондықтан зерттеу барысында көркем шығармалардан жалпылама түрде жинақталған дерек көздермен шектелмей, сауалнама жүргізу әдісін де пайдалана отырып, одағай сөздердің ер / әйел қолданысындағы ерекшеліктерін барынша нақты беруге тырыстық (сауалнама жоғары білімі бар ( негізінен тілші мамандар), қазақ тілінде сөйлейтін респонденттерден алынды)» - дейді зерттеуші Е.Тяжина [15;19] Енді осы сауалнама көрсеткішін, яғни анкеталық сауалдың үлгісін қарап, көрсеткіштерге көз жүгіртсек:

Одағайлар Ерлер ғана қолданады Әйелдер ғана қолданады Ерлер жиі қолданады Әйелдер жиі қолданады Ерлер де , әйелдер де жиі қолданады


1.Алла! --- 7% --- 75% ---
2. Өй 13% --- 67% --- 13%

Эмоция, сезім – жалпы бүкіл адамзаттың психологиясына тән құбылыс. Дегенмен, әйелдер өздерінің сезімдерін, эмоцияларын еркін білдірсе, ерлер мұндай психологиялық жағдайды көп жағдайда жасырып қалады.


Мұндай құбылыстардың тілдік деңгейде де өз көрінісін табатыны анық. Зерттеулер дәйектегендей, эмоция мен сезімдерін, жан- дүние тебіреністерін тілдік бірліктер арқылы жеткізуге бейім әйелдердің сөз саптауында эмоционалдығы жоғары, экспрессивтілігі күшті эмоционалды – бағалауыштық одағай сөздер жиі қолданылады. «Жақсылық та – жамандық та бір құдайдың қолында» деп сенетін әйелдер еркектермен салыстырғанда, жабырқағанда, қуанып, шаттанғанда, таңданғанда да «Құдайды», «Жаратқанды», «Алланы» аузына жиі алады. (дереккөздер нәтижесі -77 % , сауалнама нәтижесі – 70%).
Сөйлеуші – субъектің табалау, мұқату, кекету сияқты модальдік қатынастарын білдіретін бірқатар одағайлар (бетім- ай!, Піш – піш!, Пішту! т.б.) көркем шығарма тілінде әйелдердің сөз саптауында ғана қолданылған (сауалнама нәтижесі – 80 % ).
Ер адамдардың сөйлеу әрекетінде волюнтативті және фатикалық қызмет атқаратын одағай сөздермен салыстырғанда, эмоционалды- бағалауыш одағай сөздер көп қолданылмайды. Дереккөздермен сауалнама нәтижесінен байқағанымыз «Өй!» көпмағыналы эмоционалды – бағалауышты одағайы ер адамдардың сөз қолданысында жиі кездеседі. (дереккөздер нәтижесі 92%, сауалнама нәтижесі 13 – 67%). «Өй» одағайы сөйлеу актісінде ер коммунинттардың көбіне жағымсыз эмоционалды – бағалауыштық қатынасын білдіріп, сөйлесімге еркектерге тән дөрекілік реңкін үстейді.
Жалпы , еркектер әйелдерге қарағанда эмоция мен сезімдерге беріле бермейді. Олар іштегі өкініші мен өкініштен туған ашу – ызасын сыртқа жайып салмай, сабырлылық, ұстамдылық көрсетіп, жан- дүние тебіреністерін білдіруде тілдік амалдардың ықшам да ұтымды түрлерін таңдайды.
Яғни, біз тақырыбымызды қорытындыламай тұрып, біршама одағай сөздерге тағы да тоқталып өтсек...
Таңдану. Адам өзін қоршаған табиғатқа, әлеуметтік нысандарға, басқалардың тұрмыс- тіршілігіне ерекше назар аударғанда көңілінде жағымды күй пайда болса, онда өзінің ішкі сезімін, көзқарасын бір сөзбен – ақ жеткізе алады. Мысалы, - Оһо, құттықтаймын! Оһо сөз сөйлемі таңдану мақсатында айтылған.
Апырай сөз сөйлемі – айтушының өткен өміріне қимастықпен таңдануы, «Солай болған екен -ау» деген мағынаны білдіреді. Көбінесе жасы келген егде адамдар арасында көп айтылатын одағайларға жатады. Одағайлар таңдануға тұрарлық мәселенің қасиетіне , сапасына, ерекшелігіне қарай әр түрлі дәрежеде, әр түрлі екпін деңгейімен айтылады. Қайталанып айтылуы таңданудың ауқымына байланысты сияқты. Сөз – сөйлемдер жеке тұрмай, өзінің алдындағы, не өзінен кейінгісөйлемдермен бірлікте тұрғанда ғана адам көңіл- күйіндегі таңдану қасиетін көрсетеді. Қазаргі жастар арасында көп қолданыста жүрген шет тілі сөздері де баршылық. Мысалы; Yes! жақсы болды ғой! Ағылшын тілінен енген бұл сөз жастар арасында қуану мағынасында қолданыста жиі айтылып жүрген сөз. Wow! Сен қайда жүрсің? Бұл жерде «wow» таңдану мағынасында қолданыста.
Сонымен, одағайлар – ауызекі тілге де , көркем әдеби тілге де эмоционалды- экспрессивті реңк беретін, ал шығарма тілінің көркемдік бояуын арттыратын стильдік құралдарының ең ұтымды түрі.

Қорытынды


Қазақ тіл білімінде адам эмоциясының сөзбен бейнеленуі одағай сөз табы арқылы көрініс табады. Одағайлар бір ғана сөзбен айтылып, тиянақты ойды білдіретіндіктен сөз сөйлемде болады. Одағай туралы зерттеуінде академик Ш Сарыбаев олардың жағымды және жағымсыз көңіл – күйді білдіретіндігін және императивті тұрмыс – салт одағайлары болатындығын атап өтсе, біз солардың әрқайсысына тоқталып өттім. Аз сөзден жасалатын сөз- сөйлемдер барлық сөз табынан жасалады. Соның ішінде одағайлардың орны ерекше. Өйткені адамның көңіл – күйінің көрінісі көп сөзді қажет етпейді.
Мен осы жұмысымда одағай сөздерді біршама болса да зеттеп, таныса алдым деп ойлаймын. Сонымен одағай сөздерге тағы да тоқталып, негізгі тұжырымдама жасалық:
Одағай сөздер іштей өзара мүшеленбейтін, әлеуметтік қызметі мен коммуникативтік мәні әбден тұрақталған стереотип сөздер ретінде, адамзат эмоцияларының күрделі жиынтығын синкретті түрде тұтас қамтыған бірегей сөз табы.
Одағайлар – тілдік қолданыстағы бірнеше сөзбен, кейде тіпті тұтас бір сөйлем арқылы берілетін адамның эмоционалды жай – күйін, сезімі мен ерігін бір сөзбен ықшам да әсерлі етіп жеткізудегі ең сәтті де ұтымды құрал.
Одағай категориясы – өз қатарындағы көне, ескірген сөздерді заман талабына сай жаңа сөздермен ауыстырып, жаңғыртып отыратын сөздер тобы. Олардың бір тобының бастапқы семантикасы төл мағынасын өзгертпей сақтап қалса, басым көпшілігінің мағыналық аясы уақыт көшіне бой алдырып, үстеме мәнге ие болып үлгерген. Тіл табиғатындағы тоқтаусыз дамып, қолданыстық өрісін үнемі кеңейтіп отыратын тілдік белсенділік, тілдік өнімділік қасиеттері одағайларға тән құбылыс. Осы орайда, этнолингвистикалық, лингвомәденитанымдық сипаттарымен ерекшеленетін инттеръективтенген одағайлардың салмағы айрықша.
Одағай сөздер өздеріне тән субъективті – модальдық, экспрессивті – бағалауыштық, эмоционалдық және функционалдық қасиеттерімен ерекшелінеді. Одағайлардың модальды – бағалауыштық қызметі сөйлеушінің адресатқа, сөйлеу жағдаяты мен сөйлесімге деген субъективті бағасын берумен анықталса, эмоционалды- экспрессивтік қызметі сөйлеу актісіне қатысушы коммуниканттарының эмоционалды жай- күйін көрсетумен сипатталады.
Мен осы зерттеме жұмысымның соңында мындай ұсыныстар айтқан болар едім:
- Дәстүрлі пікірлер мен көзқарастарды саралай келе, одағай сөздерінің табиғатын әлі де болса зерттей түсу;
- Қазақ тіліндегі одағай сөздердің семантикалық құрылымындағы ерекшеліктерін әлі де болса саралап зерттеме жасау;
- Одағайдың өзіне тән ерекшеліктерін зерттеу;
Қазақ тіліндегі одағайларды басқа тілдегі одағайлармен салыстырып, салыстырмалы түрде зерттеуді ұсына отырып, келешекте егеменді ел іргесін қалар өркениетті жастар бұл тақырыпқа әр түрлі ғылыми жоспарлар құрып, оны зерттей түсіп, белгілі бір нәтижеде өзіндік орнын тапқызады деген ойдамын.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет