№6 практикалық сабақтың тақырыбы: Грамматика және оның салалары. Негізгі грамматикалық ұғымдар
Сабақтың мақсаты: Сөздердің түбірін анықтау, сөздердің грамматикалық формасын жасаушы морфемаларды қарастыру.
Тапсырмалар:
1-жаттығу. Мәтіндегі сөздердің қандай категорияда қолданылып тұрғанын, ол категорияның морфемасын көрсетіңіздер.
Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен... Егер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінген пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойыны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен (Абай).
2-жаттығу. Төмендегі сөздердің қай категорияға қатысты екенін анықтап, ол категорияның морфемасын көрсетіңіздер.
Тосын хат...
Бір үйде тұрып бір жерде оқитын үш студенттің екеуі почтадан шығып базарға бет алды. Базар жолда еді. Почтаға барған сайын оны бір сүзіп өту бес парыздың біріндей. Өйткені, қол бос. Қамсыз шақ.
Астанадан аулақ, темір жолдан да қашық, абыр-жұбыры кем самарқау қала. У-шудан құлаққа ұрған танадай десе боларлық. Күні ұзақ. Түні жалпақ.
Оқта-текте кездесетін төтенше уақиға да жоқтың қасы. Жер аударылып келген Троцкийдің дүбірі де саябыр тартқан кез. Жаңалықтың бастысы ауылдан келетін хат қана (Х.Есенжанов).
3-жаттығу. Мәтіндегі сөздердің грамматикалық формасын жасаушы морфемалар қай сөз табының көрсеткіші екенін, қандай грамматикалық мағына беретінін түсіндіріңіздер.
Үш күндік жолдың бүгінгі соңғы күніне шәкірт бала барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпастан өзі оятып, тұрғызып еді.
Күнұзын аттан түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде таныс Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс құдықтардың тұс-тұсына келгенде, бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады.
Күз келді. Үш күннен бері сілбілеген ақ жауын айықпай тұр. Жайлаудан қайтып, Шыңғыс асып, қыстау-қыстау үстінде аз ғана аял етіп, пішен шапқызып болған ел енді күзекке келе жатқан. Жидебай, Мұсақұл, Қарауыл, Шүйгінсу сияқты пішені шабылып алынған қорықтарда жиі қонып отырған ауылдар көп. Шыңғыстың ұлан ұзақ, мол қыстаулы бөліктерімен Қыдыр, Қызылшоқы, Борлы сияқты балаң таулары да, адыр қатпарлары да, ауыл-ауылға толы еді (М.Әуезов).
4-жаттығу. Төмендегі сөздерге түрлі грамматикалық көрсеткіштерді үстеп, түрлендіріңіздер.
Ана, бала, үй, жер, өмір, сыр, ел, су, шаш, жол, киім, сөз, ажар, кітап, жұлдыз, домбыра, қала, балалық, қонақ, айна, тау.
Оқы, көр, сұра, айт, қайт, жаз, сал, біл, бол, жаса, сыз, бер, ал, қой, тап, сат, көш, кет, кел, тыңда, жи, шеш, қал.
Мен, сіз, ол, қай? мынау, ешкім, ана, неше, біз, сен, әркім, осы, сол, қайсы?
Биік, жақсы, адал, кеше, қырық, жұз, үш, қызыл.
5-жаттығу. Бір форманың бірнеше мағына беретін түрлерін теріп жазып, төмендегі үлгі бойынша көрсетіңіздер.
тәуелділік ілік септік
Үлгі: халқ+ы 3-жақ +ның
Жекеше
Ұлың өсе, ұлықтымен ауыл бол, Қызың өссе, қылықтымен ауыл бол. Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені, Шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені. Ата-ананың ақылы – сайрап жатқан жолмен тең, Ақылдының ақылы – сарқылмайтын көлмен тең. Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол. Жақсы адам – елдің ырысы, Жақсы жер – жанның тынысы (Мақалдар).
Достарыңызбен бөлісу: |