32. Көмекші етістік пен аналитикалық форманттар



бет1/7
Дата27.11.2023
өлшемі91,84 Kb.
#129742
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
32-41




32. Көмекші етістік пен аналитикалық форманттар


Етістік мағынасы мен қызметі жағынан негізгі және көмекші етістік болып келеді. Көмекші етістік түрлерінің етістіктің аналитикалық формаларын жасаудағы ролі күшті. Әсіресе қимылдың жасалу тәсілін білдіретін аналитикалық форманттар көмекші етістік арқылы жасалады. Аналитикалық форманттар модалдық мағынаны да, нақ осы шақ мағынасын да, қатыстық өткен шақ мағынасын да, бұйрық рай мен қалау рай мағыналарын да, сонымен қатар етістіктің болымсыздық мағынасын білдіреді.
Етістіктің көпшілік категорияларының мағынасы көмекші етістіктердің қатысы арқылы жасалады. Бұл тілде аналитикалық сөз формасының құрамында көмекші етістіктің кең орын алатынын көрсетеді. Көмекші сөз болмаған жерде аналитикалық форма болмайды. Аналитикалық форма жасаушы көрсеткіштің сөзде алатын орны бар. Тіліміздің жалғамалалық құбылысына байланысты барлық қосымша атаулы дербес мағыналы сөздің соңына жалғанады. Аналитикалық көрсеткіштер де осы заңды-лыққа бағынады. Дербес сөз бен аналитикалық форманттың тіркесінен аналитикалық формалы етістік жасалады. Дербес лексикалық мағыналы жетекші етістікке тән белгі: 1-ден, міндетті түрде лексикалық мағынасының болуы; 2-ден, көмекші етістіктен бұрын тұратын тұрақты орын тәртібі. Дербес етістіктер деп заттың қимыл-әрекетін білдіріп, етістіктің қосымшалары арқылы түрленіп, сөйлемде түрлі синтаксистік қызмет атқарып белгілі сұраққа жауап беретін, сөйлемдегі басқа сөздермен байланысқа түсіп, сөз тіркестерін жасайтын етістіктер аталады. Көмекші мәнде қолданылатын етістіктер тілдің дамуы барысында өзінің лексикалық мағынасынан айрылып, грамматикалық мағынаны білдіруге ауысқандықтан, заттың, құбылыстың негізгі қимыл мәнін емес, түрлі грамматикалық мағынаны білдіретін грамматикалық көрсеткіш қызметінде жұмсалатын етістіктер көмекші етістіктер деп аталады.


33.Аналитикалық форманттар және олардың мағыналары


Көмекші етістіктердің даму дәрежесі бірдей болмағандықтан, олар мағынасы мен қызметі жағынан толымды көмекші етістіктер және толымсыз көмекші етістіктер болып екі түрге бөлінеді. Толымды көмекші етістіктер бұрынғы дыбыстық құрамын сақтаған, бірақ лексикалық мағынасынан айрылған, қазіргі тілде грамматикалық мағына білдіретін түрлі категориялардың қөрсеткіші ретінде қызмет атқаратын етістіктер. Толымды етістіктер тілімізде отыз шақты, бұлардың тілде дербес мағыналы омонимдері бар.
Толымды көмекші етістіктердің грамматикалық мағынасы әр түрлі: қимылдың жасалуының сатысын (ұйықтап жатыр, ұйықтағалы жатыр, ұйықтап тұрды), қимылдың қалай жасалғанын (бере қойды, әкете бер), қимылды жасау қолынан келетінін, не келмейтінін, мүмкіндігін (бара алмады, істей алады), шақ мағыналарын береді.
Толымсыз көмекші етістіктер дербес сөз кезіндегі мағынасын сақтамаған – еді, екен, емес, ет, жазда етістіктері. Қазір бұл толымсыз көмекшілер осы тұлғада тұрған сөз ретінде қолданылады. Көне тілдегі түбірі «ер» сөзі. Тілдің даму барысында «е» болып қысқарып, одан қазір әр түрлі грамматикалық мағынаны білдіруде қолданылатын, түрлі қызмет атқаруда жұмсалатын грамматикалық тұлғалар жасалған. «Еді» жедел өткен шақ тұлғасында қалыптасып есім сөзбен де, етістік сөзбен де қолданылатын болған. Мысалы: мұғалім еді, келген еді т.б. «Екен» есім сөзбен де, шақ, рай көрсеткіштерімен де тіркесе береді. Күрделі мүше, аналитикалық форма жасайды. Мысалы: бай екен, барар ма екен т.б. «Ет» есім сөздерден құранды етістік (сәлем ет) жасайды. Құранды етістіктер қосымша арқылы жасалған туынды түбір етістіктермен мағыналас (сәлем-дес) болады. Құранды етістіктер етістікше түрленеді. «Жазда» етістігі –а, -е, -й көсемше тұлғасына тіркесіп келіп аналитикалық формалы сөз тұлғасын (айта жаздады, құлай жаздады) жасауға қатысады. «Жазда» етістігінің төркіні «йаз». Оған дәлел «жаздым, жаңылдым» формаларында және «не жазығым бар, жазығым не?» тіркестерінде қолданылуы. «Жығыла жаздадым» - аналитикалық формалы етістік, -а жазда аналитикалық формант, «жығыл» -дербес мағыналы етістік, «жазда» аналитикалық форманттың құрамында келген толымсыз көмекші етістік.
Профессор А.Ысқақов көмекші етістіктердің қызметі туралы былай дейді: «Олардың көмегі арқасында, мағыналары қаншалықты олқы бола тұрса да, мағынасын толық дербес сөз арқылы білдіре алмайтын неше алуан өте нәзік семантикалық, грамматикалық абстракты мағыналар жасалып я беріліп отырады. Мысалы, шөлдеп кеттім және шөлдеп қалдым, серпіп жіберді және серпіп тастады... деген етістіктердің бірі-бірінен ерекшеленетін нәзік реңктерін тек көмекші етістіктердің жетекші етістіктерге үстейтін мағыналарынан ажыратуға болады».
Көмекші етістіктер жетекші етістікке көсемше, есімше жұрнақтары арқылы тіркеседі. Мысалы, кел + е қойды, кет + іп қалды, кел + ген еді, кел + етін болды, кел + се екен, кел + іп алды т.б.
Кейде бір жетекші етістікке бірнеше көмекші етістіктер тіркесе береді. Мәселен, біткелі қалып еді т.б.
Көмекші етістіктердің қолданылу аясы, жетекші етістікке тіркескенде оларға қосатын мағынасы мен түрлену сипаты жағынан бәрінде бірдей емес. Сондықтан олардың өзі іштей толымды және толымсыз көмекші етістіктер болып екіге бөлінеді.
Толымды көмекші етістіктердің қатарына ал, бер, бар, баста, бақ, бол, біт, жатыр, жібер, жүр, жөнел, кел, кет, көр, қал, қара, қой, таста, тұр, отыр, өт, сал, шық, де, қыл көмекшілері жатады. Бұл көмекшілер тілімізде әрі жетекші, әрі көмекші қызметте жұмсалады. Мысалы, Ол жұдырықпен қойып қалды, олардан қалып қойды дегендегі алдыңғы тіркесте қал етістігі көмекші, екінші тіркесте жетекші болып тұр.
Ал толымсыз көмекші етістіктерге е, ет, жазда, де сөздері жатады. Олар тілде үнемі көмекшілік қызметте ғана қолданылады. Көмекші етістіктердің бәрі категориялар мағынасын білдіріп, категориялардың аналитикалық формаларын жасауға қатысады.


34.Етістік категориялары. Салттылық-сабақтылық категориясы


Белгілі сөз табына қатысты грамматикалық категориялардың грамматикалық сипаттары сол сөз табының ерекшеліктерін айқындайды. Грамматикалық категориялар морфологиялық сипаты жағынан лексика-грамматикалық және таза грамматикалық категорияға бөлінеді. Лексика-грамматикалық категория - түбір семантикасына қандай да болсын әсер ететін түрі болса, ал таза грамматикалық категория - түбір семантикасына ешбір әсер етпей, өзгертпей, тек оған қосымша мән үстейтін категорияның түрі.
Етістіктің грамматикалық категорияларының мағыналары тілде: 1) қосымшалардың екі түрі: грамматикалық жұрнақтар мен жалғаулар арқылы және; 2) аналитикалық форманттар арқылы: яғни, қосымша мен көмекші сөзден құралып бір грамматикалық мағына беретін тілдік бірліктер арқылы білдіреді.
Етістіктің грамматикалық категорияларының мағынасын білдіретін грамматикалық жұрнақтар: - ма және нөльдік жұрнақ; –қыла, -мала,- ғышта, -ыңқыра, -ымсыра; -ған, - атын, -у, мақ; -ып, -а, -ғалы, - ғанша; бұйрық райдың нөльдік жұрнағы (Ǿ); -қалау райдың –ғай жұрнағы; шартты райдың –са жұрнағы; өткен шақтың –ды, -п, -ған, -атын; осы шақтың –а, -е, й; келер шақтың –а, -ар, -мақ жұрнақтары.
Етістіктің грамматикалық мағынасын білдіретін жалғауға жіктік жалғауы жатады. Жіктік жалғаудың етістікпен қолданылатын 3 түрі де сөйлемде қимылдың қай субъектіге қатысты екенін білдіріп, бастауышпен жақ арқылы қиысып тұрады. Жіктік жалғау баяндауышқа қатысты тілдік бірлік. Ал етістік сөйлемде баяндауыштың қызметін жиі атқаратын-дықтан, оның ең тұрақты грамматикалық көрсеткіш жіктік жалғауы болып табылады. Етістіктің категорияларының ішінде меншіктілік модальдықта жақ мағынасын білдіруде тәуелдік жалғауы сирек болса да қатысады. Мысалы, білгі келеді, оқу-ым керек. Тілде қимыл атау, есімше, заттанған етістік сөйлемде зат есімнің жалғауларымен қолданылғанымен ол жалғаулар етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіш-теріне жатпайды, олар зат есімнің грамматикалық категорияларының тілдік бірліктері болып табылады.
Етістіктің морфологиялық құрылымы жағынан грамматикалық қосымшалар арқылы жасалған түрі жалаң тұлғалы етістік болса, олардың күрделі яғни аналитикалық тілдік бірліктердің қатысы арқылы жасалғандары аналитикалық тұлғалы етістіктер делінеді.



Салттылық-сабақтылық категориясы. Салттылық-сабақтылық категориясы етістіктің салттылық және сабақтылық мағыналарынан тұрады. 


Етістіктің салттылық-сабақтылық мағыналары – етістікке арнайы грамматикалық тұлғалар қосылмай-ақ, етістік негізі арқылы берілетін, дәлірек айтқанда, етістіктің лексикалық мағынасынан шығатын мағыналар. Кез келеген етістіктің түбірі немесе негізі не салт мағыналы, не сабақты мағыналы болып келеді. Салттылық-сабақтылық мағыналар грамматикалық мағына қатарына жатады. Мысалы, оқы етістігі арқылы аталтын қимыл – тура объектіні (тікелей қамтитын затты, кітап, газет, жазу, т.б.) қамтып жасалатын қимыл. Қимылдың осы ерекшелігі оның алдымен лексикалық мағынасын қалыптастыратын негізгі бір компонентке (семаға), одан әрі сабақтылық мағынасына (грамматикалық мағынасына) негіз болады. Семантикасында осындай қасиет бар етістіктерді сабақты етістіктер дейміз. Ал кел етістігінде мұндай қасиет жоқ. Кел қимылы тура объектіні қамтымай-ақ жасалатын қимыл, тіпті бұл қимылдың жасалуына тура объекті мүлдем қажет емес. Сондықтан кел етістігінің лексикалық мағыналдарын құрайтын мағыналық компоненттердің ішінде «тура объектіні қамту» семасы жоқ. Кел етістігінің лексикалық мағынасындағы осы ерекшелік оның салттылық мағынасына негіз болады. Сонымен, лексикалық мағынасында «тура объектіні қамту» семасы бар, грамматикалық мағынасы арқылы тура объектіні атайтын сөзді қажет ететін етістіктерді сабақты етістік, лексикалық мағынасында «тура объектіні қамту» семасы жоқ, грамматикалық мағынасы арқылы тура объектіні атайтын сөзді қажет етпейтін етістіктерді салт етістік дейміз. Салт етістіктердің тура объектіні қажет етпеу және сабақты етістіктердің тура объектіні қажет ету мағыналары етістіктің салттылық-сабақтылық категориясының мағыналарын құрайды.
Етістіктердің салттылық-сабақтылық қасиеттерін айқындау үшін олардың семантикасына көңіл бөлуден гөрі тіркесімділік қабілеттеріне назар аудару – кеңінен қолданылып жүрген тәсіл. Сондықтан оқулықтар мен мәселеге қатысты әдебиеттерде «табыс септігіндегі сөзді (кейбірінде – тура толықтауышты) қажет ететін етістікті сабақты етістік дейміз», «табыс септігіндегі сөзді (кейбірінде – тура толықтауышты) қажет етпейтін етістікті салт етістік дейміз», «табыс септігіндегі сөзбен байланыса алатын етістік – сабақты етістік, табыс септігіндегі сөзбен байланыспайтын етістік – салт етістік» үлгісіндегі анықтамалар беріліп жүр. Ендеше сабақты етістіктердің табыс септігіндегі сөзбен тіркесу қабілеті, салт етістіктердің олармен тіркеспеу қасиеті – етістіктердің салттылық-сабақтылық мағыналарынан туындайтын синтаксистік құбылыс.
Сонымен, сабақты етістіктер арқылы аталатын қимылдардың тура объектіні қамтып жасалу қасиеті сол сөздердің лексикалық мағыналарында «тура объектіні қамту» мағыналық компонентінің (семасының) орын алуына негіз болады. Бұл мағыналық компонент өз кезегінде етістіктердің грамматикалық сабақтылық мағынасына негіз болады. Ал сабақтылық мағына, келесі кезекте, осы қатардағы етістіктердің табыс септігіндегі тура толықтауышпен синтаксистік байланыс орнатуына себеп болады. Сөйтіп, тілдің әр түрлі деңгейіндегі (лексикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына, синтакситік байланыс) сабақты етістіктерге қатысты ұғымдар бірінен бірі туындайтын, біріне бірі байланысп жатқан құбылыстар болып табылады. Бұл құбылыстардың бәрі зат пен қимылдың арасындағы объектілік қатынастан бастау алып жатады.
Зат пен қимыл арасындағы объектілік қатынастың мазмұны етістіктің етіс категриясының тұлғалары арқылы, дәлірек айтқанда, етістікке етіс тұлғалары жамаған грамматикалық мағыналар арқылы өзгеруі мүмкін. Атап айтқанда, етіс қосымшалары арқылы салт етістік сабақтыға, сабақты етістіктер салт етістікке айналып кетеді.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет