№4(60)/2010 Серия филология


Ұлтымыздың ұлы перзенті туралы ой-толғам



жүктеу 2.07 Mb.
Pdf просмотр
бет13/20
Дата29.12.2016
өлшемі2.07 Mb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20

Ұлтымыздың ұлы перзенті туралы ой-толғам 
Міржақып Дулатұлының туғанына 125 жыл толуына орай 
Каренов Р.С. 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Обобщается многогранная политическая, литературная, журналистская, просветительская 
деятельность Миржакупа Дулатова. Освещается его неоценимый вклад в издание и распро-
странение журнала «Айкап» и газеты «Казах». Оценивается его деятельность в рядах пар-
тии «Алаш». Автором показана педагогическая и просветительская работа М.Дулатова в 
20-е годы прошлого столетия. Обосновывается необходимость более углубленного изучения в 
дальнейшем  творческого  и  общественно-политического  наследия  этой  незаурядной  и  та-
лантливой личности. 
Many-sided political, literary, journalistic, educational activity of Mirzhakupa Dulatova is general-
ised. Its invaluable contribution to the edition and magazine distribution is shined «Аikap» And 
newspapers The «Kazakh» Its activity in the ranks of party is estimated «Аlash». The estimation is 
given to its pedagogical and educational work in 20 th years of last century. Necessity of more pro-
found studying a creative and political heritage of this uncommon and talented person is proved fur-
ther. 
 
Кіріспе 
Əйгілі  Алаш  көсемдерінің  бірі  де,  бірегейі,  ұлттың  ұлы  перзенті  Міржақып  Дулатовтың 125 
жылдығы да келіп жетті. 
Жиырмасыншы  ғасырдың  басында  «Бақытсыз  Жамал»  романын, «Оян,  Қазақ!», «Азамат», 
«Терме»  атты  өлеңдер  жинағын  қалың  қазаққа  ұсынған  дауылпаз  үнді,  өршіл  ақын,  сан  қырлы 
сарабдал санаткер, салиқалы қайраткер, əмбебап білімпаз Міржақып Дулатовтың өмір жолын қалың 
көпшілік  бір  қарағанда  жақсы  білетін  сияқты.  Алайда  олай  емес  екен.  Өйткені  қалың  оқырман 
тұрмақ,  қалам  ұстаған  қауымның  өзі  Жақаңды  (Міржақыпты  ел  осылай  атап  кеткен)  толықтай  біле 
бермейді. 
Сондықтан  Алаш  қайраткерлерінің  ең  соңынан  ақталған  ақынның  қаламгерлік  қарымы, 
қайраткерлік  болмысы  жайлы  жазу,  еліне  елеулі  орны  бар  тұлғаның  тағлымды  өмір  жолын 
насихаттау  бүгінгі  күннің  талабы.  Себебі  жас  ұрпақ  Жақаң  сияқты  зиялыларымыздың  өмір-
тарихынан,  шығармашылығынан  сусындағанда  ғана  өткеннен  сабақ  алып,  ұлтжанды  азамат  болып 
қалыптаса алады. 
Міржақып Дулатұлының тағдырлы заманда тарих сахнасына шығуы 
Міржақып  Дулатов 1885 жылы 25 қарашада  бұрынғы  Торғай  уезіне  қарасты  Сарықопа 
болысында, қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында, «Қызбел» ауылының жерінде туған. 
Міржақыптың əкесі Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған. Ер-тұрман жасап, етік, мəсі 
тіккен. Шешесі Дəмеш ойын-тойдың базары, əнші кісі болған екен [1; 275]. 
Дулат ескіше оқыған, өз дəулеті өзіне жетерліктей дөңгелек қана шаруасы бар, тауфихты адам 
болса керек. Балаларының үлкені Асқарды əуелі мұсылманша, кейін орысша оқытып, заң қызметіне 
бейімдеп  үлгерген  Дулат  кіші  баласы  Міржақыпты  да  сол  дəстүрмен  ə  дегенде  ауыл  молдасына 
береді. 
Бірақ пəлендей білім алып жарымайды. Бұған көзі жеткен əкесі оны ауыл мұғаліміне оқытады. 
Міржақыптың орысша да, қазақша да қара тануы Мұқан Тоқтабайұлы есімді ауыл мұғалімінен деседі. 
Сегіз  жасында  екі  жыл  ауыл  молдасынан  оқып,  сонан  соң  орыс  мектебіне  барған  Міржақып 
еуропалық  сауаты  бар  М.Тоқтабайұлының  арқасында  қазақтың  ағартушы-демократтары,  ғалым 
Шоқан Уəлиханов, педагог Ыбырай Алтынсарин, ақын Абайдың, орыстың классиктері А.С.Пушкин, 
М.Ю.Лермонтов, И.С.Тургенев, Л.Н.Толстой шығармаларын сүйіп оқиды. 
Міржақыптың  «Орта  жүзденмін,  руым  Арғын,  екі  жасымда  шешемнен, 12 жасымда  əкемнен 
айрылдым» деп жазуына қарағанда, ол əке-шешенің жылы мейірімінен бала күнінде ада болған. Сол 
кездегі рəсім бойынша қай жүзден, қай рудан екенін айтуды да ұмытпаған [2]. 

Каренов Р.С. 
94 
Вестник Карагандинского университета 
Əкесінен  айрылған  бала  бірыңғай  үлкен  ағасы  Асқардың  қамқорлығына  көшеді.  Асқар  əкесі 
Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын əрі 
жалғап,  білім  алуына  ерекше  көңіл  бөледі.  Сонымен 12 жасында  ол  ағасының  көмегімен  қазақтың 
тұңғыш  педагогі  жəне  ағартушысы  Ыбырай  Алтынсарин  негізін  салған  Торғайдағы  орыс-қазақ 
училищесіне  орналасады.  Бес  жылға  созылған  оқу  кезінде  өз  бетімен  орыс  тілін  жетік  меңгеріп 
шығады. Училище кітапханасындағы Шығыс пен Батыстың ақын-жазушылары мен Сократ, Платон, 
Аристотель сияқты ойшылдардың шығармаларымен танысады. 
Училищеде  Міржақып  қазақ  тілінің  грамматикасы,  орыс  тілі  мен  əдебиеті,  арифметика, 
география  пəндерімен  қатар  араб  жазуын  жəне  мұсылман  дін  ілімдерін  үйренеді.  Гете,  Шиллер, 
Ломоносов  сынды  классиктермен  танысып  қана  қоймай,  орта  ғасырда  күллі  əлемге  ислам  ілімін 
таратушы, сопылықтың көрнекті өкілі, исламдағы адамгершіліктің символы жəне Аллаға құлшылық 
қылуда исі мұсылман жұртына үлгі ретінде танылған Желаледдин Руми мен Қожа Ахмет Йассауиді 
«пір тұтқан» [3]. 
Сондай-ақ Асқардың үйінде бай кітапхана болыпты. Қазақ зиялыларының өкілдері, француздар 
мен  ағылшын  зауыт  иелері  жиі  қонақ  болып,  келіп  жатады  екен.  Ағасының  кітапханасындағы 
«Түркістан»  жəне  «Дала  уалаяттарының»  бұрынғы  басылымдары,  қазақ  тіліндегі  шетел 
жазушыларының  шығармалары  ерекше  ынталы  оқушының  ой-өрісін  кеңейтіп,  білімге  деген 
құштарлығын арттыра түседі. 
Училищеден кейін Міржақып Уфадағы Ғалия медресесінің педагогикалық курсын бітіріп, 1902 
жылдан бастап ауылда мұғалім болып істейді. Көзі ашық, көкірегі ояу, өз кезі үшін жап-жақсы білім 
алған  ол  ел  ішіндегі  жағдайды,  əр  түрлі  əлеуметтік  теңсіздікті  көре  біледі.  Əсіресе  оның  сезімтал 
жүрегі  отаршылдықтан  туған  əділетсіздіктерді  ерекше  сезінеді.  Бұған  осы  кезде  Ресейден  қазақ 
даласында саяси жер аударылғандардың да əсері аз болған жоқ. Осының барлығын терең пайымдаған 
Міржақып патшаның отаршылдық саясатына қарсы күреске бекем бел буады [4; 4]. 
М.Дулатұлы сол кездегі алдыңғы қатарлы қазақтың зиялы қауымының өкілдері Ə.Бөкейхан мен 
А.Байтұрсыновтарды  сырттай  еңбектерінен  біліп,  оларды  өзіне  өнеге  тұтады.  Жəне  өз  бетінше 
талпынып,  білім  жинап, орыс  тілін  жетік  меңгерген  Міржақып  орыстың  озық  ойлы  азаматтарының 
еңбектерімен  танысуы  арқасында  замана  тозаңын  суырып,  дүниені  дүр  сілкіндірер  дауылды 
күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. 
Бұл уақыт ұлттық сана-сезім, ой-пікір қозғалуы, қалыптасуы, көкірек көзі ашық, сергек, оқыған, 
білімді  адамдар  қатары  едəуір  көбейіп,  ұлттық  интеллигенцияның  қоғам  жүгін  көтерісуге  жарап 
қалғандығын аңғартады. Осы лекке мұғалім Міржақып та қосылады. Ол 1904 жылы маусым айының 
бас  кезінде  сол  кездегі  қазақ  зиялыларының  орталығы  Омбыға  келіп,  тай-таласқа  толы  тынымсыз 
тірлікке араласып кетеді. 
Міржақыптың 1905–1910 жылдардағы саяси оқиғалардан тыс қалмауы 
М.Дулатов  өмір  сүрген  кезең  мен  орта  əлеуметтік-саяси  жағынан  қазақ  халқының  тығырыққа 
тірелген  тұсы  еді.  Патшалық  Ресей  басшылығының  қарарымен  орыс  шаруаларының  казақтың 
шұрайлы жерлеріне қоныстандырылуы; ұлттық сана-сезімі төмен, білімі мен сауаты таяз, өз ішінде 
жік-жікке  бөлінген  жергілікті  халықтың  ынтымақтасып  сыртқы  озбырлыққа  қарсы  шықпауы 
Міржақып Дулатұлы сынды көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бейжай қалдыра алмады [3; 70]. 
1905  жылы  ол  Қарқаралыда  төңкерісшілер  шеруіне  қатысады.  Ахмет  Байтұрсынов  бастаған 
қазақ оқығандары патша үкіметіне петиция жазып, қазақ жеріне «переселендер» жібермеу, тағы басқа 
талаптар қойғанда Міржақып та солардың арасында болатын. Сол кездегі қазақ зиялыларымен жəне 
түрлі саяси ұйым, бағыт өкілдерімен жүздесіп, пікірлесу Міржақыпты рухани, саяси тұрғыдан есейте 
түседі.  Көңіліндегі  халқының  тағдыры,  ұлтының  жайы  туралы  тебіреністі  ойларын  өлеңмен  де, 
публицистикалық мақала түрінде де көпшілікпен бөлісе бастайды [5]. 
1906  жылы  Санкт-Петербургте  Міржақып  қазақтың  алдыңғы  қатарлы  зиялы  кісілерімен 
кездеседі.  Соның  бірі  болашақ  Түркістан  ұлт-азаттық  қозғалысының  көшбасшысы  Мұстафа  Шоқай 
болатын.  Кездесулерде  Абай  өлеңдері оқылып,  Құрманғазы  мен Тəттімбет күйлері  тартылып,  оның 
аяғы  қазақ  халқының  тағдыры,  отаршылдық  саясаттың  елдегі  зардаптары  туралы  түрлі  де  ұзақ 
əңгімелерге  ұласатын.  Бірде  осы  ортада  «Серке»  деген  атпен  Санкт-Петербургте  қазақ  баспасөз 
орталығын  ашу  жөнінде  шешім  қабылданады.  Оның  алғашқы  саны  татардың  апталық  «Ульфат» 
газетінің қосымшасы ретінде 1907 жылғы наурыздың 28-і күні жарық көреді. Өзінің атының да айтып 

Ұлтымыздың ұлы перзенті туралы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
95 
тұрғанындай,  газет  езілген  қазақ  халқының  сана-сезімін  оятып,  оған  дұрыс  жол  көрсетуді  мақсат 
етеді [4; 4]. 
Газеттің бірінші санында Жақаң ішінде лықсыған ой-толғақты «Жастарға» атты өлеңімен [6; 37] 
өрбітеді: 
Найзаменен түртсе де, 
Жатырсың, Қазақ, оянбай. 
Мұнша қалың ұйқыны 
Бердің бізге, ой, алла-ай! 
 
Етемін үміт жастардан, 
Жаңа гүл шашқан бақшадай. 
Мұрасын оңай кім табар, 
Жар салып жұртқа қақсамай? 
 
Халыққа, жастар, басшы бол! 
Қараңғыда жетектеп. 
Терең судан өтер ме, 
Мың қойды серке бастамай, — 
деп  жастарды  халық  алдында  үлкен  іс  тындырып,  келелі  міндеттер  атқаруға,  рухани  асыл  арманға, 
мəдениет асқарына шақырады, зор сенім артады. 
Газеттің  екінші  санында  жарияланған  «Біздің  мақсатымыз» [6; 211,212] атты  мақаласында  не 
бəрі 22 жастағы  өжет  те  алғыр  М.Дулатов  патша  үкіметінің  ұлт  аймақтардағы  саясатын  сынап, 
əділетсіздік, озбырлық, зұлымдықтарын əшкерелейді. «Енді шенеуніктер біздің дінімізге, атадан мұра 
болып  келе  жатқан  əдет-ғұрпымызға,  біздің  моллаларға  ғана  тиісті  неке  мəселесіне  де  араласа 
бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...» [6; 211], — деп қынжылыс білдіреді. 
Мұндай  үннен  зəресі  ұшқан  патша  жандармдары  «Серкені»  жедел  тексеріске  алып,  келесі 
сандарының шығуына тыйым салды. Ал М.Дулатұлы саяси сенімсіз адамдардың қатарына ілікті. 
1905–1910  жылдардағы  саяси  оқиғалар,  қазақ  зиялыларының  ұлт,  дін,  жер  бостандығы 
жолындағы  үндеулері  мен  армандарының жиынтығы іспетті  болған  Міржақып Дулатұлының  «Оян, 
Қазағы!» 1909 жылы  жарыққа  шығады.  Бұл  ашынған  көңілдің  жанайқайы  еді. «Оян,  Қазақта!»  ел 
қамын  ойлаған  асыл  азамат  қазақ  елін  шырт  ұйқыдан  оянуға,  өнер,  білімге  шақырады. «Насихат 
ғұмумия»  атты  өлеңінде [6; 58–75] ол  отандастарын  жаңа  өмірге  бағыттайды,  басқа  халықтардағы 
жақсылық жағын үйренуге үндейді: 
Шығады асыл — тастан, өнер — жастан, 
Тəрбие тəуір болса əуел бастан. 
Мысалы, ғылым таппақ сол секілді 
Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан. 
 
Жігітке талаптанған мың рахымет, 
Пайдасын ғылымының халыққа шашқан. 
Жаны ашып нашарларға қызмет етіп, 
Салса егер түзу жолға болса адасқан. 
Ақынның ұранды үні патша əкімдерінің үрейін ұшырды. «Оян, Қазақ!» жарыққа шыққан кезінен 
бастап  отаршылдыққа  қарсы  бағытталған  кітап  ретінде  қабылданды.  Оның  таралымы  жойып 
жіберілді. Ал авторы қуғынға ұшырады. 
Жақаң  жан  сауғалап 1909 жылғы  күзде  Қызылжар  қаласына  келіп  паналайды.  Бұл  қалада 
бақылауда  жүрген  Міржақыптың  ресми  орындарда  жұмыс  істеуге  мүмкіндігі  болмайды.  Ол  əуелі 
кітапханада,  кейін  аралық  сот  кеңсесінде  тілмаш-хатшы  қызметін  атқара  жүріп,  жеке  адамдарға 
жалданып, мұғалімдік қызмет атқарып, қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Одан біраз уақыт 
Мағжан да орыс тілі мен əдебиетінен дəріс алады. 
Міржақып сол кездің өзінде өте білімді адам болған: қазақ, орыс, татар тілдерін жақсы білген. 
Ол  Қызылжар  қаласындағы  мұсылман  зиялыларының  көпшілігімен  жақын  танысады.  Оның  мол 
интеллектуалдық  қабілетін  білгесін  қалада  мұсылман  кітапханасын  ашпақшы  болып  жүрген  татар 
зиялылары  Міржақыпты  бірге  қызмет  істеуге,  осы  жұмысты  бір  жөнге  келтіруге  көмектесуге 

Каренов Р.С. 
96 
Вестник Карагандинского университета 
шақырады.  Міржақып  бұл  ұсынысты  қабылдайды.  Сөйтіп,  осы  жұмыспен  айналысатын  қоғамның 
басқарма мүшесі болып сайланады [7]. 
Тағдыр  тауқыметін  көп  тартып,  үнемі  қудалауда  өткен  өмір  азабы  оның  халық  деп  соққан 
жүрегін  əлсіретіп,  қайрат-жігерін  еш  мұқалта  алған  жоқ.  Сын  сағатта  сырт  айналу  ер  азамат  үшін 
өліммен тең еді. Сондықтан ол шығармашылық жұмысын одан əрі дамыта түсті. 
Қызылжарда Жақаң бұрын жаза бастаған «Бақытсыз Жамал» романын аяқтады. Бұл роман 1910 
жылы  Қазан  қаласында  жарық  көрді.  Кітап  оқырмандар  жүрегіне  жол  тауып,  таңқаларлық  табысқа 
жетті. Орыс, неміс жəне француз тілдеріне аударылды. 
Міржақыптың 1911–1918 жылдары баспасөзге айырықша ден қоюы 
XX  ғасырдың  бас  кезінде  Қазақстанда  қазақ  тілінде  бірнеше  газет-журнал  басылып  шыққаны 
белгілі. Атап айтқанда, «Қазақ», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Сарыарқа», «Бостандық 
туы», «Таң», «Қызыл  Қазақстан», «Қазақ  календары», «Лениншіл  жас», «Жаңа  əдебиет»  жəне  сол 
сияқты  басқа  мерзімді  басылымдар.  Бұл  газет-журналдарда  қазақ  зиялылары  қызмет  етіп,  түрлі 
мəселелер  төңірегінде  макалаларын  жариялап,  пікірталастар  ұйымдастырған.  Мəселен,  Түркістан 
Орталық  комитетінің  үні  болған  «Ақ  жол»  газетін  С.Қожанов  пен  М.Дулатов,  Н.Төреқұлов 
ұйымдастырып, бұқаралық газет болуына елеулі үлес қосқан. 
1911–1918  жылдары  Міржақып  Дулатұлы  баспасөзге  айырықша  ден  қойып, «Айқап»  журналы 
мен  «Қазақ»  газеті  редакциясында  қызмет  істеді.  Бұл  жылдары  «Айқап»  журналы  мен  «Қазақ» 
газетінің  ортақ  нысаны — ұлт  мүддесі  болған.  Қазақтың  артта  қалушылығын  жою,  бодандық 
қапасынан шығу мұратын көздеген. 
«Айқап»  журналы  мен  «Қазақ»  газеті  елдің  елдігін  сақтаудың,  тəуелсіздікке қол артуының  аса 
маңызды  шарты  ретінде  алға  тартқан,  зəру  проблема  етіп  қойған  бірқатар  мəселелер  əлі  күнге 
көкейтестілігін жоймағанын айта кету керек. Солардың бірі — тіл мəселесі. «Қазақ» газеті сонау XX 
ғасырдың басында-ақ қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал деп дабыл ұрды. «Тіл, əдебиет — бір ұлттың 
жаны  мен  рухы», — деп  жазды  «Айқап».  Екі  басылымның  əдебиет  тілін  ұстартуға  бағытталған 
орасан еңбегінің түп қазығы ұлт алдында тұрған міндеттерді пысықтау, оны дүние жүзі мінберінен 
сөйлеу  үшін  жетілдіру  мақсатын  көздеу  болды.  Жарияланған  мақалаларда,  зерттеулерде  ұлт  болып 
қалғымыз келсе, басқалармен қатар тіршілік құрғымыз келсе, тілімізді көздің қарашығындай сақтау 
керек  екендігі  дəлелденді.  Тіліміз  ол  кездерде  тəуелсіздікке  жету  құралы  болса,  қазір — 
тəуелсіздігімізді баянды ету құралы. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің тіл хақындағы үдерісін 
(позициясын) осылай түсіну керек [8]. 
1915  жылдың 28 тамызында  қымбатшылық  салдарынан,  оның  үстіне  басылымға  жазушылар 
азайып,  жəрдем  берушілер  болмағандықтан, «Айқап»  журналы  жабылды.  Сондықтан  «Қазақ» 
газетінің  редакторлары  Ахмет  Байтұрсынов  пен  Міржақып  Дулатов  басылымның  халықпен 
байланысын үзбеуіне бар күштерін салды. 
Бүгінде  «Қазақ»  газетінің  редакторы  қызметін  атқарудағы  Ахаң  мен  Жақаңның  ерліктерін, 
газетті үзбей шығару жолында бес жыл бойы көрген қуғын-сүргіндерін, патша цензурасының оларға 
жасаған шексіз қиянатын, зұлымдығын мұрағат материалдарынан оқуға болады. Мысалы, солардың 
бірінде патша үкіметінің отаршыл саясатының тым өрескел көріністерін аша түсетін, Баспасөз ісінің 
бас  басқармасы  граф  Татищевтің  Орал  губернаторына,  Орынбор  губернаторына  жазған  құпия 
бұйрығы  сақталған.  Онда  «Қазақ»  газетінде  басылған  əрбір  мақала-хабарды  барынша  мұқият 
бақылап,  тексеріп  отыруды,  баспасөз  заңын  бұзса,  редакторларын  аямай  жауапқа  тартуды,  сотқа 
беруді бұйырған. 
«Қазақ» газеті 1913 жылы 2 ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына 
екі  рет  шығып  тұрған. 1913 жылы  № 1–44  (ақпан–желтоқсан); 1914 жылы  № 45–92  (қаңтар–
желтоқсан); 1915 жылы  № 93–163  (қаңтар–желтоқсан); 1916 жылы  № 164–211  (қаңтар–желтоқсан); 
1917  жылы  № 212–257  (қаңтар–желтоқсан); 1918 жылы  № 258–265  (қаңтар–қыркүйек).  Таралымы 
3000,  кейбір  мағлұматтарда 8000-ға  жеткен.  Бірінші  редакторы  Ахмет  Байтұрсынов,  екінші 
редакторы Міржақып Дулатов, бастырушы «Азамат» серіктігі, Хұсайынов-Каримов баспаханасында 
басылып  тұрған.  Газеттің  шығуы,  редакторлары  жайында  Петербордағы  Мемлекеттік  орталық 
мұрағатта  сақталған  Орынбор  губернаторының 1913 жылы 5 қаңтардағы  Жоғарғы  баспасөз 
басқармасына берілген бұйрығында, Торғай уезі, Қызылшеңгел болысы, 8-ауылдың қазағы Мұстафа 
Ахметұлы  Оразаевқа  жəне  Торғай  уезі,  Түсіп  болысы, 5-ауылдың  қазағы  Ахмет  Байтұрсыновқа 
Орынбор  қаласында  қазақ  тілінде  аптасына  бір  рет  шығатын  «Қазақ»  газетін  төмендегі 

Ұлтымыздың ұлы перзенті туралы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
97 
бағдарламамен шығарып тұруға рұқсат берілгендігі жазылған: Үкімет тарапынан бұйрық-жарлықтар, 
Мемлекеттік дума мен Мемлекеттік кеңес жұмысы, ішкі жəне сыртқы хабарлар, қазақтың тарихы мен 
тұрмыс  жайы,  этика,  тарих,  этнография  жəне  мəдениет  мəселелері,  экономика,  сауда,  кəсіп,  ауыл 
шаруашылығы,  мал  шаруашылығы,  халық  ағарту,  мектеп,  медресе,  тіл  жəне  əдебиет  мəселелері, 
тазалық, денсаулық жəне мал-дəрігерлік жайы, фельетондар, корреспонденциялар мен жеделхаттар, 
жергілікті хроника, суреттер, пошталар (хаттар) жəне құлақтандырулар. 
Газетте XX ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-əлеуметтік өмірінің ең түйінді мəселелеріне, 
қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мəселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, 
бала  тəрбиесіне,  əдебиет  пен  мəдениет,  əдет-ғұрып,  салт-санаға,  тарих  пен  шежіреге  арналған 
мақалалар жарияланды. 
М.Дулатовтың  ақын,  жазушы,  журналист  ретінде  қалыптасуына  оның  «Қазақ»  газетінің 
редакциясында  А.Байтұрсыновпен  бірге  еңбек  еткен  кезеңі  ерекше  із  қалдырды.  Осы  уақытта 
Жақаңның  үні  қалың  ұйқыдағы  қазағын  құлағының  түбінен  «маса»  болып,  маза  бермей  ызыңдап 
оятуды мұрат тұтқан, өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар 
естіліп,  қазақ  даласын  катар  шарлады.  Сол  егіз  үн  тарих  мінбесінен  қатар  көрінген  екі  алыптың 
қашан  соңғы  демдері  таусылғанша,  тағдыр  талқысымен  екеуі  екі  жақта  жүрсе  де,  қуғынға  түсіп, 
қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп түрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі 
баспен  ойласа да, қорытар  ойы  бір  еді,  екі ауызбен  сөйлесе де,  шығар  сөзі  бір  еді.  Өйткені  оларды 
туыстырған — халқының  мүддесі,  ойландырған — халқының  қамы,  сөйлеткен  халқының  мұң-зары 
болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң-
Жақаң»  деп  бірге  атады.  Пенделік  бар  қызықтан  бастартып,  халқының  бақыты  үшін  күрескен  есіл 
ерлерді  өз  халқының  жауы  атандырып,  кешегі  күні  Қызылдың  қызылкөз  жендеттері  екеуін  еріксіз 
айырып,  екі  жерде  атып  өлтіріп,  атын  өшіреміз  дегенде  де  халқы  олардың  асыл  есімдерін  есінен 
шығарған жоқ. Аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты [1; 276, 277]. 
Ерте  оянып,  ерте  есейген  өр  мінезді,  Міржақып  қашанда  күрес  шебінің  алдында  болды.  Осы 
жылдары  ол  газет  бетінде  саяси  бағыттағы  өлеңдерін,  сол  кездегі  Қазақстанның  өміріндегі  қиын-
қыстау жағдайларға байланысты публицистикалық материалдарын бастырды. Жақаң газеттің негізгі 
идеологтарының біріне айналды. 
Міржақып Дулатұлы Алаш автономиясының бірден-бір басшысы ретінде 
ХХ  ғасырдың  басында  Алаш  көсемдері  Əлихан  Бөкейханов,  Ахмет  Байтұрсынов,  Міржақып 
Дулатов  бастаған  ұлт  зиялылары  ата-бабаларымыздың  ғасырлар  бойғы  тəуелсіз  Қазақ  мемлекетін 
құрсақ деген ұлы арман-тілегін жүзеге асырмақ болып, күреске шыққаны баршаға аян. 
1917  жылы  Алаш  көсемдерінің  мемлекеттік  еркіндікке  жетудің  неше  түрлі  жолдарын 
қарастырғандығын  байқауға  болады. 1917 жылдың 1 сəуірінде  Ə.Бөкейхановтың  басшылығымен 
Орынбор қаласында өткен қазақ халқының тұңғыш съезінде облыстық жəне жалпы қазақ съездерін 
өткізу, барша мұсылман съездеріне өкілдер жіберу, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар 
сайлау,  дін  мен  оқу,  жер,  сот,  земство,  баспасөз,  пошта,  ақша  мəселелері  тəрізді  болашақ  тəуелсіз 
мемлекет өміріне аса қажетті он үш мəселе бойынша шешімдер қабылданды. Осының өзінен-ақ Алаш 
қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттік басқару жүйесін құрмақ болған батыл ұмтылысын аңғарамыз. 
Мысалы, 1917 жылдың 27 сəуірі мен 7 мамыры аралығында өткен Семей облыстық съезінде алғаш 
Ресей демократиялық федеративтік парламенттік республикасы құрамында Қазақ автономиясын құру 
мəселесі талқыланып, жария болды [9]. 
1917 жылдың 21–26 шілдесі аралығында Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ съезінде болашақ 
мемлекеттік  басқару  формасы  жөнінде  екіұдай  пікірталас  болса  да,  Ə.Бөкейхановтың  қолдауымен 
Қазақ  автономиясы  туралы  шешім  қабылданып  жəне  сол  жолы  тұңғыш  қазақ  саяси  партиясы — 
«Алаш»  партиясы  құрылды.  Басшы  органдар  сайланып,  оған  Əлихан  Бөкейханов,  Ахмет 
Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел 
Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, тағы басқалар кірді. 
1917 жылдың екінші жартысында Уақытша үкіметтің қолынан саяси билік біртіндеп ұзай берді. 
Пəрменді биліктің болмауы ел ішінде түрлі террористік актілерге жол ашып берді. Бұл жағдай əсіресе 
қолында қаруы жоқ қазақ сияқты жұртқа ауыр тиді. Барлық жерде зорлық-зомбылық етек алды. Міне, 
осындай жағдайда Ə.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы бастаған бір топ қайраткерлердің 
ұсынысы жəне ұйымдастыруы бойынша 1917 жылдың 5–13-желтоқсан күндері Орынбор қаласында 
қазақ мемлекеті туралы мəселе қараған жалпықазақ съезі болып өтті. Съездің күн тəртібінде тұрған 

Каренов Р.С. 
98 
Вестник Карагандинского университета 
ең негізгі мəселе — ұлттық автономия туралы баяндама жасаған Ə.Бөкейхан болды. Съезд бұл мəселе 
бойынша  қарар  қабылдап,  онда  Алаш  облыстарын  бүліншіліктен  қорғау  мақсатымен  уақытша  «ұлт 
Кеңесін құрып, оның аты «Алашорда» болсын» деді. Он бес адамнан тұрған бұл өкіметтің төрағасы 
болып  көпшілік  дауыспен  Ə.Бөкейхан  сайланды.  Бұл,  əрине,  Əлихан  Нұрмұхамедұлының  өзін 
бақытты сезінген сəттерінің бірі еді [10; 161]. 
Съезде  Алаш  автономиясы  мен  тəуелсіздік  жөнінде  декларация  қабылданды.  М.Дулатов  осы 
құрылтайда  Алаш  автономиясының  басшысы  Ə.Бөкейханның  көмекшісі  болып  бекіп,  партияның 
белсенді қайраткеріне айналды. 
Империя көлемінде қалыптасқан жағдай Алашорда өкіметіне келесі 1918 жылдың күзіне дейін 
іске  кірісуге  ырық  бермеді.  Сонымен  қатар 1918 жылы 5 қаңтарда  Бүкілресейлік  құрылтай 
жиналысының  күшпен  таратылуы  Алаш  автономиясын  құру  мүмкіншілігіне  зардабын  тигізді. 
Алашорда  басшылары  мен  большевиктер  арасындағы  қайшылық  тереңдей  түсті.  Егер  Алаш 
партиясына  біріккен  ұлттық  зиялылар  большевиктерге  қазақ  қоғамына  мүлдем  жат  əлеуметтік 
тəжірибені  күштеп  танушы,  қазақ  жұртына  іріткі  салушы  күш  ретінде  қараса,  большевиктер  Алаш 
қозғалысына  ұлттық  буржуазия  мен  феодалдық  топтардың  таптық  мүддесін  қорғайтын 
контрреволюциялық күш есебінде қарады [11]. 
Азамат  соғысы  басталып  кеткеннен  кейінгі  кезеңде  Ə.Бөкейхан  бастаған  Алашорда  өкіметі 
баррикаданың  екінші  жағында,  яғни  кеңес  билігіне  қарсы  күресіп,  ақ  казактар  мен  патша 
генералдарының соңынан ерді. Қазақ қоғамынан шыққан коммунистерді өлім жазасына кесу туралы 
жарлықтарға  қол  қою  оның  осы  ұстанған  саяси  бағытынан  туындағаны  өзінен-өзі  түсінікті. 
Ə.Бөкейхан  мен  оның  серіктері  большевиктер  партиясы  ұсынған  жоспарды  қазақ  қоғамын  үлкен 
апатқа ұрындыруы мүмкін тəжірибе есебінде бағалап, ал қазақ коммунистерін орталық биліктің қол 
шоқпары ретінде айыптады [10; 161]. 
Сөйтіп,  қазақ  елінің  ғасырлар  бойы  мыңдаған  асыл  азаматтары  басын  тіккен  биік  арманы — 
ұлттық  мемлекетті  қалпына  келтіру  ісі  Алаш  қозғалысы,  Алашорда  үкіметімен  бірге  тарих 
қойнауында, тоталитарлық өктемдік пен империялық зомбылықтың шабуылына көміліп қала берді. 
Міржақып  Дулатұлы  болса,  Алаш  автономиясының  бірден-бір  басшысы  ретінде  оның 
құрылғанынан бастап ақыр аяғына дейінгі қайғы-қасіретін түгел көрді. 
Міржақыптың жиырмасыншы жылдарда жаңа үкіметке қызмет етуі 
1919  жылдың 4 сəуірінде  Алашорда  қозғалысына  қатысқандарға  ВЦИК-тің  амнистия  берген 
Жарлығы жарияланды. 
1920  жылдан  бастап  М.Дулатов  жаңа  үкіметке  аянбай  қызмет  істей  бастады.  Дəл  осы  уақытта 
қазақ  жерін  Қазақ  АКСР-нің  құрамына  біріктіруде  Ə.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов,  М.Дулатов, 
Ə.Ермеков  бастаған  зиялылар  үлкен  шаруа  атқарды.  Олар  осы  жерлердің  ежелден  қазақтікі  екенін 
дəлелдейтін айғақтарды алға тартып, хат жазып, телефонмен сөйлесіп, В.Лениннің алдына əлденеше 
рет барғаны баршамызға аян. Сөйтіп, пролетариат көсемін қазақ мүддесіне шешім шығаруға көндірді. 
Қазақ АКСР-нің бастапқы аумағының құрамына қосылмай қалған жерлерді қостырып, Ленинге 
бекіткізді. Ол жерлер: Семей (Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан жəне Қарқаралы уездері), Ақмола 
(Атбасар,  Көкшетау,  Петропавл  уездері  мен  Омбы  уезінің  бір  бөлігі),  Торғай  (Қостанай,  Ақтөбе, 
Ырғыз жəне Торғай уездері), Орал (Орал, Ілбішін, Темір жəне Атырау уездері) облыстары. Сондай-ақ 
Маңғыстау  уезі,  Закаспийский  облысы  Красноводск  уезінің 4 жəне 5 адай  болысы.  Астрахан 
губерниясының  бір  бөлігі  (Каспий  теңізінің  солтүстік  шығыс  жағалауы),  Бөкей  Ордасы  жəне  теңіз 
жағалауындағы округтерге жапсарлас жатқан болыстар енді. Егер жоғарыдағы жерлерді Қазақ АКСР-і 
құрамына Алаш зиялылары қостыра алмаса, бүгінгі күніміз қандай болар еді? [12]. 
Күрт  өзгерістерден  кейін  ес  жиған  Жақаң 1920 жылы  Ташкентке  келіп,  сол  кездегі  Түркістан 
Республикасының органы — «Ақ жол» газетіне жұмысқа орналасады. Бірақ ол жерде көп тұрақтамай 
қыр  елін  басып  кері  қайтады. 1921 жылы  Семейге  келіп,  облыстық  сотта  қызмет  атқарады. 1922 
жылы қамауға алынады. Бір тəуірі, бұл жолы көп отырмай, өзімен бірге ұсталған Əлихан Бөкейханов 
екеуі Орынборға жөнелтіледі. Онда барғаннан кейін екеуі де қамаудан босатылады. 
М.Дулатұлы 1922–1926 жылдары  Орынбордағы  Қазақтың  ағарту  институтында  оқытушы 
болады.  Ұстаздық  қызметке  қайта  оралғаннан  кейінгі  осы  төрт  жылы,  одан  соң  Қазақ  мемлекеттік 
баспасында бөлім бастығы, «Еңбекші қазақта» редактордың стилистика жөніндегі көмекшісі болып 
істеген кездері Міржақыптың қарбыта қалам сілтеп, өндірте жұмыс істеген аса бір жемісті жылдары. 
Осының бəрі 1920–1928 жылдардың аралығы еді. 

Ұлтымыздың ұлы перзенті туралы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
99 
Асыл ердің сталиндік репрессияның тырнағына ілігуі 
Кейінгі жылдардағы ресми деректер 1921 жылдан 1954 жылға дейін Қазақстанда 103 мың адам 
саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесіліп, шейіт болғанын көрсетеді. Отандық 
тарихшылар 1930–1933 жылдар  аралығындағы  ашаршылықта 2 миллион 200 мың  адам  қынадай 
қырылып, 1 миллионнан  аса  қандастарымыз  Қытай,  Монғолия,  Ирак  пен  Ауғанстанға  босығанын 
айтады.  Əлихан  Бөкейханов,  Ахмет  Байтұрсынов,  Міржақып  Дулатов,  Тұрар  Рысқұлов,  Халел, 
Жаһанша  Досмұхамедовтер,  Мағжан  Жұмабаев,  Ілияс  Жансүгіров,  Бейімбет  Майлин  тəрізді  ұлт 
көсемдері мен интеллигенция өкілдерінің қаны да сол жылдардың «мойнында». 
Міржақып  Дулатов  Алаш  қайраткерлерінің  ішінде  ең  белсенді,  ең  қажырлы  тұлға  болды. 
Сондықтан  ол  өз  заманында  да,  кейіннен  де  құрметті,  үлгі  болған  азамат.  Жəне  халыққа  өлшеусіз 
еңбек сіңірген. Өмірін соған арнаған. 
Өкінішке  орай,  Алаш  партиясы  қайраткерлерінің  тағдыры  қайғылы  аяқталды. 1928–1929 
жылдары  А.Байтұрсынов  бастаған  алаштықтардың  бірінші  тобы (40 адам)  тұтқындалды. 1930 
жылдың 4 сəуірінде  ОГПУ-дың  сот  коллегиясы  олардың  онын  (А.Байтұрсыновты,  М.Дулатовты, 
Ж.Аймауытовты,  Х.Ғаббасовты,  М.Есболовты,  Ə.Байділдинді  жəне  тағы  басқаларын)  алдымен  ату 
жазасына  тартты,  кейіннен  ол 10 жылға  жер  аударумен  ауыстырылды.  Алаш  қайраткерлерінің 
құрамында М.Жұмабаев, А.Омаров, А.Ұзақбаев жəне тағы басқалар болған екінші бір тобына бірден 
10 жылға жер аудару жазалау кесімі қабылданды. 
1932 жылдың 20 сəуірінде ОГПУ «үштігінің» шешімімен Алаш партиясының тағы 20 белсенді 
қайраткері  айыпталды.  Олардың  ішінде  М.Тынышбаев,  Халел  жəне  Жаһанша  Досмұхамедовтер, 
Ж.Күдерин, ағайынды Ақбаевтар жəне тағы басқалар болды. Олар Воронеж облысына 5 жылға жер 
аударылды. 
Сонымен, 1928-ші  жылдың  аяғында  Міржақып  Дулатұлына  «халық  жауы»  деген  қара  таңба 
басылды. Бірақ 
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш, 
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш. 
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі — 
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш! — 
деп жырлаған Жақаң («Шағым» атты өлеңі [6, 91]) қалайша халқының жауы болмақ еді? 
Жер  аударылғандардың  көпшілігі  (олардың  ішінде  Міржақып  Дулатов,  Жүсіпбек  Аймауытов, 
Əбдірахман Байділдин жəне тағы басқалар) отандарына қайтып оралмады. 
М.Дулатов 1935 жылы  елуге  толуына  бір  ай  қалғанда  тұтқында  жүріп,  Балтық  каналының 
бойындағы  «Соловецк» (кейбір  деректерде  «Сосновец»  деп  көрсетілген)  деген  жерде,  лагерьдің 
лазаретінде  ауыр  науқастан  қайтыс  болды.  Сөйтіп,  есіл  ер  жалған  жаланың  жазалы  мерзімін  өтей 
алмай, азап-бейнетпен дүниеден өтті. 
Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң: 
Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң, 
Ел боламын, тең боламын дер болсаң. 
Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң, 
Мең-зең болмай, талпын, оян, Алашым! — 
деп («Жаңа тілек» өлеңі [6; 108] дүниеден арманда кетті. 
Міржақыптың  елге,  жерге  берілгендігін  мынадан  білуге  болады:  шетелде  жүрген  Мұстафа 
Шоқай  қуғындау  басталғанда  Міржақыпқа  хат  жазады.  Онда: «Біразға  ғана  кел,  кеңесіп,  шетел 
асайық»  делінген.  Оған Міржақып: «Елді  тастап,  қайда  барам?»  дейді  де ешқайда  бармай,  биліктің 
тұтқынына түседі [13]. 
М.Дулатұлының  қылмысты  ісін  жан-жақты  тексере  келіп,  республика  Жоғарғы  Сотының 
коллегиясы 1988 жылы  қылмыс  құрамы  болмағандықтан,  марқұмды  біржола  ақтады.  Ал 1988 
жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросы аса көрнекті қазақ 
қаламгерлері  Ахмет  Байтұрсыновтың,  Мағжан  Жұмабаевтың  жəне  Жүсіпбек  Аймауытовтың 
қоғамдық-саяси,  ғылыми-педагогикалық  жəне  əдеби  қызметтері  жөніндегі  тарихи  шындықты 
қалпына  келтіру  қажет  деген  ұйғарымға  келді.  Көп  ұзамай  Міржақып  Дулатовтың  өмірі  мен 
шығармашылығы  жөнінде  де  осындай  шешім  қабылданды.  Кеш  болса  да,  əділеттік,  шындық 
орнығып, туған халқы асыл перзентімен тебірене қауышып, көзайым болды. 

Каренов Р.С. 
100 
Вестник Карагандинского университета 
Түйін 
Сөз  соңында  айтарымыз,  бүгінде  «ақ  таңдақ»  атты  «бұлдырлау»  ұғыммен  ұзақ  жылдар  бойғы 
озбырлық бұғауынан босанып шығып, арамызға қайта оралған ұлы шоғыр ардагерлеріміздің ішіндегі 
бірегей  туған  бір  кесек  тұлға — Міржақып  Дулатов  екені  анық  болды.  Ол  қиын  да  ауыр 
шығармашылық жолдан өтсе де, артына бай мұра қалдырды. Қандай мəселені көтерсін, ең алдымен 
ұлттық  мүддені,  халықтың  мұратын  алға  қойды.  Алғашқы  қазақ  журналистикасының  негізін 
қалаушылардың  бірі  болды.  Жақаң  халықтың  саяси  ой-өрісін,  санасын  оятқан  қазақ  зиялы  қауымы 
өкілдерінің бірегейі еді. 
Патша (Ресей)  үкіметінің  отарлау  саясатының қасіретін көре-көре еңсесі  езіліп,  малы  таланып, 
жаны қиналып, белі сынуға таянған қазақ халқының Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтай 
дара тұлғаларды толғатпауы, олардың тумауы, тарих аренасына шықпауы мүмкін де емес еді. Егілген 
елдің көз жасынан жаратылған жандар еді олар! 
Өкінішке  орай,  елдің,  жердің,  халықтың,  қазақ  тілінің  жай-күйіне  алаңдаған  Алаш  қайраткері 
Міржақыптың  артында  қалған  мол  мұрасын  біз  əлі  де  толық  таныған  жоқпыз.  Сондықтан  да 
Жақаңның шығармалары өскелең ұрпақ үшін мол қазына екенін еске ала отырып, алдағы жылдары 
мынандай шараларға ерекше көңіл бөлген жөн деп санаймыз: 
 Алаш арысының бүгінге жеткен шығармаларын, оқулықтарын мектеп бағдарламасына кіргізу 
керек; 
 Жақаңның  артында  қалған  мұраларын  жинақтау  керек  (оның  көптомдығын  қайта  əзірлеуді 
қолға  алатын  уақыт  жетті),  ол  туралы  ғылыми  монографиялар  жазылуы  тиіс  (өйткені  Алаш 
қайраткері Міржақыптың өмірі, шығармашылығы туралы жүйелі жұмыстар əлі жазылған жоқ); 
 Дулатовтың шығармаларына толықтай текстология жүргізілуі керек; 
 «Міржақыптану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу керек; 
 тəуелсіздік  идеясын  ту  еткен  Міржақыптың  мүсінін  тəуелсіздіктің  алтын  бесігіне  айналып 
отырған Астанада орнатқан жөн болар еді. 
Міржақып  мұрасын,  Алаш  тарихын,  Алашордашылар  ұлағатын  түгелдей  тану  үшін  болашақта 
осы  мақсаттарды  орындау  бəрімізге  парыз.  Тек  сонда  ғана  Алаш  арысы  алдындағы  парыз  бен 
қарызымыз сəл де болса өтеледі. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Жолдасбекұлы  М.,  Салғараұлы  Қ.,  Сейдімбек  А.  Елтұтқа.  Ел тарихының  əйгілі  тұлғалары. — Астана: «KUL TEGIN» 
баспасы, 2001. — 357 б. 
2.  ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиеті. (Қазан төңкерісіне дейінгі дəуір). — Алматы: Ғылым, 1994. — 219-б. 
3.  Ибрагим Д. Міржақып өлеңдеріндегі ислами сарын // Ақиқат. — 2009. — № 2. — 70, 71-б. 
4.  Бəкір Ə. «Оян, Қазақ!» // Қазақ. — 2009. — 25 желт. — № 52 (461).  
5.  Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 158-б. 
6.  Дулатов М. Шығармалары: Өлеңдер, қара сөздер, көсемсөз. — Алматы: Жазушы, 1991. — 384 б. 
7.  Мұқанов Қ. Міржақып Дулатов Қызылжарда // Жаңа Сарыарқа. — 2009. — № 1. — 9-б. 
8.  Елеукенов Ш. ХХ ғасырдың басында тəуелсіздік идеясын көтерудегі қазақ баспасөзінің қызметі // Жұлдыз. — 2009. — 
№ 9. — 176, 177-б. 
9.  Сыдықов Е. Шəкəрім жəне Алашорда: Ғыл. жин. — Алматы: Раритет, 2008. — 60-б. 
10.  Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (XVIII–XX ғғ.): Зерттеулер. — Алматы: Жалын, 2004. — 400 б. 
11.  Маданов Х. Қазақ халқының арғы-бергі тарихы. — Алматы: ҚМЭБИ баспасы, 1995. — 136-б. 
12.  Нүсіпов Р. Алаш зиялыларының беймəлім сапары // Қазақ тарихы. — 2009. — № 2. — 36-б. 
13.  Алжанбай М. «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш...» // Қазақ əдебиеті. — 2010. — 27 тамыз. — № 33 (3197). — 6-б. 
 
 
 
 
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет