Алаш зиялыларын тарих сахнасына шығарған қазақ қоғамына қарайтын болсақ, сол кездегі өзге елде білім алып жүрген қазақ жастары қоғамында ұлттық сананы көтеруге, ұлттық идеяны қалыптастыруға бір кісідей жұмылған
Алаш зиялыларын тарих сахнасына шығарған қазақ қоғамына қарайтын болсақ, сол кездегі өзге елде білім алып жүрген қазақ жастары қоғамында ұлттық сананы көтеруге, ұлттық идеяны қалыптастыруға бір кісідей жұмылған. Бұның себебі, алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев жазғандай, «ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни, 60-жылдардағы реформалардан соң өз күшіне сенген Ресей әкімшілігі сақтық атаулыны мансұқ етіп, қазақ қоғамын ашық отарлау және орыстандыру ісіне кірісіп кетті. Үкімет ішкі Ресейлік губерниялардан қазақ жеріне орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру шарасын іске асыра отырып, қоныс аударушылардың жағдайын заңдық және экономикалық тұрғыдан негіздеп, нығайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге, олардың санасында өздері туралы қазақ жеріне алдыңғы, дамыған өркениеттің жетістіктерін жеткізуші, жарылқаушылар бейнесін қалыптастыруға күш салды… Осы түсінік ресейлік оқу орындарында білім ала бастаған қазақ жастарының санасына да енгізіле бастады. Бірақ, оқудағы қазақ жастары бұл идеяны сол күйінде қабылдай қоймады. Үкіметтің аграрлық саясаты нәтижесінде жарамды қазақ жерлерінің жаппай қоныс аударушылардың пайдасына өте бастауы, соның нәтижесінде кедейленген жатақтардың көбейе түсуі жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық зиялылар тобын саясатпен кәсіби шұғылдануға, ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясын қалыптастыруға, ұлттық платформадағы саяси партияға бірігуге мәжбүр етті» [1. 20 б.]. Қазақ зиялыларының көзқарасы бойынша ұлт өзінің дәстүрін, тілі мен дінін, ата мекенді толығымен өзі иеленбейінше қоғамда даму болмайды, мұны ескермей, яғни, ұлттың төл құндылықтары мен тарихи өмір сүру құқын аяқасты етіп жүргізілген реформа ешқандай да нәтиже бермейді. Мемлекетті дамыту үшін жүргізілетін саясат ең біріншіден ұлттың болмысын, рухани құндылықтарын, елдің тұрмыс жағдайын ескеруі қажет. 1905 жылы Патша өкіметіне қазақ халқының атынан жолданған Петициядағы қазақ зиялыларының пікіріне сүйенсек, «Орыстандыру саясаты қазақ өлкесінің мәдени дамуына қанша зиян болса, қазақтарды жерсіздендірудің қазіргі тәртібі де олардың тұрмыс халіне соншама зиян. Қазақтардың даладағы экономикалық жағдайы әбден қалыптасқан: мұнда дала – малды, мал – қазақты асырайды… Қалмақтармен ұзақ та сұрапыл ұрыстардан кейін, әкелер қанының өтеуімен азат етілген ата мекенін өз меншігі деп есептеген қазақтар, орыстың қарамағына кіргенде, ол мемлекет халық меншігіне қол сұға қояды деп ойлаған жоқ еді» [2].
Қазақ зиялыларының қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық мүддені қалпына келтіру саясаты негізінде ұлттық сана, ұлттық бірегейлік, халықтың ауыз біршілігі, соны реттеу жолға қойылған. Ұлт сақталу үшін кейінгі ұрпақ ұлттық рухты иеленіп, ақылды, білікті және білімді, бәсекеге қабілетті болуы шарт. Мәдени өркендеуге рухани мүмкіндігі жоқ қоғам ел болашағына қайшы келетін нәрселерге қарсы тұрмақ түгіл, оның қоғамға қалай келіп, қалай кететінін шамалауға дәрменсіз келеді. Демек, ұлттық сана, ұлттық идея тарихтан берілетін ұлттың рухани қазынасы, ол ұлт болмысының бойындағы рухани иммунитеттің сақталуына немесе қайта қалпына келуіне мүмкіндік бермек. «Қазақ сайлауы – деген Әлихан Бөкейханов – жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады» [4]. Сырттан келетін нәрселер, яғни, жаңа саяси мәдениет мемлекеттің ұлттық мәдениеті мен қоғамдық құрылысына кері әсерін тигізбеуі керек. Нағыз ұлттық дәстүрі сақталған, адам болмысында қалатын шынайылық бар, әділеттілік қалыптасқан әлеуметтік ортада, халықтың талғамы жоғары қоғамда ұлттың болмысын тірек ететін құндылықтар, әдеп үлгілері орнығады. Ақшаның күшіне емес, біліміне, адамгершілігіне, тәжірибесі мен біліміне жүгінетін адамдар қоғамға жасаған пайдалы ісімен халықтан өз бағасын алады.
Қазақ елі, оның біртуар перзенттері алаш зиялылары үшін ұлттық сана, халықтың мәдени болмысын, ой еркіндігін негіздейтін ұлттық идеология ел мүддесіне адалдық, осы адалдықты азаматтық, кісілік жолмен көрсету. Ол білімді, саяси сауаты терең, елдің мүддесін қорғауға қабілетті болу. Зиялылық жоғары дәрежедегі халықтың ой-өрісі мен ұлттық мәдениетінің қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлт еркіндігі, ұлт ісіне деген құндылықтардың, табандылықтың рухани қасиет үлгілерімен келетіндігі ақиқат. Бұл тұрғыдан келгенде, заңнан бұрын ұлттық санамен берілетін адамгершілік заңы қоғамның барлық саласына ықпал етіп отырады. «Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді, – деген А.Байтұрсынов – бұл күнгі арам билерің қолында дәрі болмақ у болып жұғып тұр… Қазақта білімді адам жоқ емес көп, бірақ солардың көбі, құты, бәрі білімін халалға емес, харамға жұмсап ғадеттенген» [5. 210 б.]. Ахмет Байтұрсыовтың сөзінен ұғынғанымыздай, қоғамның негізін құрайтын адамгершілік, халықтың басын біріктіретін адамгершілік қасиеттер. Адамгершілігі жоқ ортада немесе кісілік қасиеттерден алшақтайтын қоғам өзіне қажетті құндылықтарды қалыптасыруға қашанда дәрменсіз. Адамгершілік көп жағдайда жеке адамға қатысты айтылғанымен, оның тарихта қалатын, тегістей бір қоғамның мәніне айналатын бейнесі ұлттың жетістігімен өлшенбек. Қоғамдық сана түрлері, оның өз жолымен дамуы қашанда мемлекеттің, ұлттың жетістігі болып саналады. Ахмет Байтұрсынов жазғандай, «Қазақтың білімді адамдары жамандық істесе де, халық оған сүйінеді, келістіріп істеген себепті. Өзге жұрт білімді бұзықтыққа жұмсағанға күйінеді, біз оған сүйінеміз. Бұл адасқандық емес пе? Жаман іс әркімнің қолынан келеді, жақсы іс қолдан келу қиын» [5. 210 б.]. Қашанда мемлекет иесі ұлт, халық, ұрпақ. Халықтың ұлтқа айналуы ұлттық сана өрісіне тәуелді. Мемлекет иесі ұлт дейтін себебіміз, ел ішінен зиялыларды тәрбиелеп, қоғам алдына шығаратын ұлттың өзі, яғни, зиялылар халық ішінен шығады. Оны түзейтін, дұрыс немесе бұрыс тәрбиелейтін халықтың өзі. Сондықтан да, мемлекеттің ісіне баға беретін халық болуы керек. Қазақ зиялылары халықты қай жағынан болмасын, қоғамға баға беретін деңгейге жеткізуге ұмтылған.
Мемлекет, тәуелсіздік, мемлекеттің дербестігін негіздейтін демократия, саяси мәдениет бірден қоғамда орнай қоятын нәрсе емес. Ең бастысы ұлттық сана, оның арғы жағында тарих, тарих білімі, тарихи сана, өнеге, тіл, дәстүр мен мәдениет сақталуы керек. Бұларсыз, яғни, ұлттық құндылықтарын ұрпақ тегістей иеленбей, ұлттың рухани болмысы қалпына келмейді. Міржақып Дулатов 2013 жылы «Қазақ» газетінде жазған «Земство не нәрсе?» деген мақаласында атап көрсеткендей, «Қазақ халқы орыс патшалығына қарағаннан бері неше түрлі заң шығып, әрқайсысы кезінде өзгеріліп тұрды. Олардың бәрі бірдей қазаққа пайдалы болған жоқ, пайдалы болатындары болса, да қазақ пайдаланбай, теріс түсініп, зиян көрді. Мәселен, сайлау низамы ілгері замандарда қазаққа аға сұлтан, тархан дестанишный, советник деген дәрежелер беріліп, олар көпке бармай жоғалып, жаңа низам бойынша осы күнгі сайлау шықты»[3.63 б.]. Алаш тұлғаларының тағылымы арқылы ел тарихының ақтаңдақ беттерінен көрініп отырғандай, заң, саясат, экономика, білім мемлекет, оның иесі ұлттың, ұлт болашағы өскелең ұрпақтың өміріне, болашағына, мүддесіне қызмет етпесе, қоғамда ұзақ тұра алмайды. Бірақ, өкінішке орай, ұзақ тұрмаса да, өзінің қоғамның табиғи даму мүмкіндіктерін тежеп, ұрпақты рухани дүниелерінен қашықтатып жіберері сөзсіз. Мемлекеттің болашағына ең қауіпті нәрсе ұрпақтың рухани дүниелерінен қашықтап, қоз үзіп отыруы. Осыған байланысты, Міржақып Дулатов, «Большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ болшевиктің ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ, көшкенше талайды болдырып, былғап кетер» – деп айтып кеткен [3.421 б.].
Мемлекеттің дербестігі оның құндылықтарының сақталып, ұрпақ тарапынан қорғалып отыруында, яғни, ұрпақтың ұлттық болмысынан қол үзбеуі тек қана оның тәрбиесіне, біліміне, рухына тәуелді. Елін, жерін, мемлекетін қорғайтын жастар, зиялы адамдардың ой-өрісі, ұстанымы тарихи санасы, азаматтық ұстанымы, мәдениеттілігі арқылы халқына жақын көрінеді, ұрпаққа үлгі өнеге береді. Елдің демократиялық мәдениеті бұл ұлттың төл тарихының білімі, мәдени құндылықтары арқылы қалыптасқан, тарих пен өз заманының жетістіктерін қатар зерделеп, тәжірибелерін бойына біріктіре алған, уақыт өрісіндегі адамзат мәдениеті мен ұлтының рухани дүниесіндегі білім үлгілерін қатар зерделеп, қажетіне пайдалана білген халықтың, ұлттық мүдде жолындағы зиялылардың рухани деңгейінен шығады. Ұлттық мемлекеттің демократиялық мәдени сипат алуы бұнда ұлттық рух (ұлттық сана, ұлтжандылық, адамгершілік, біліктілік, білім, іскерлік, еңбекқорлық) қоғамның жетістігіне, ұрпақтың жасампаздық қасиеттерінің қозғаушы күшіне, ел болмысының негізгі тірегіне айналып отырады. Халықтың рухы күшті, болмысы терең болған сайын, жасанды нәрселер қоғамға кіре алмайды, кірсе де ұлт пен жеке адам болмысына ене алмай, қоғамнан қайта шығып жатады.
Алаш зиялылары қазақ мемлекетінің, қазақ қоғамының негізімен мәдени өрісін сақтап, нығайтып отыратын жер, сондықтан, ұлт шаруашылығына тәуелді, ұлт шаруашылығын, оның тәжірибелерін негізге алатын экономиканы, тіл үстемдігін орнатып, дін және дәстүрге негізделген ғылымды қазақ қоғамында дамыту қажет деген көзқараста болған: «Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік. …Қазақтың әлі күнгі жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер» [5. 213 б.]. Қашанда қазақ елі үшін жер қасиетті, сондықтан, алаш зиялылары халыққа ата мекен жерден қол үзбеуге қашанда кеңес береді. Олардың жер мәселесі тұрғысындағы қызметтері үш бағытта жүрді. Бірінші, қазақтың құнарлы жерлерін алуға бағытталған патша саясатының мақсатын, ішкі жоспарларын зерттеу және оны халыққа жеткізу. Екінші, қазақтың тарихи құқын қорғау мақсатында қазақ жерлерін, ата мекен болмысымен бірге келе жатқан ұлт шаруашылығының тәжірибелерін зерттейтін ғылыми еңбектерді ұрпаққа жазып қалдыру. Үшінші бағыт, халықтың ата мекен жері туралы ұлттық санасын күшейту. Осы мақсатта ұлттың тарихи дүниелерін жарыққа шығару, тарихтың идеясын кейінгі ұрпаққа жеткізу олардың алға қойған мәселелерінің бірі болған.
Қанша ғылым дами берсін, ғылымның жаңа озық жетістіктері адамзат қоғамында негізгі экономикалық даму күшке айналғанымен, мемлекеттің экономикасының негізгі ресурсы елдің шаруашылығына тәуелді. Алаш зиялылар дәлелдеп кеткендей, ұлттық экономика ұлттың табиғатына, оның ерекшелігіне, елдің болмысына (тұрмысына), жүргізіп отырған шаруашылығына байлаулы. Ұлттық экономика ұлттың ата мекен табиғатын, болмысын, байлығын, тұрмыс тәжірибесін негізге алатын және білім, жаңа технологиялар арқылы оны дамытатын шаруашылық түрі. Қазақ зиялылары қазақтың ұлттық экономикасының дамуы деп қазақтың мал шаруашылығын, оның ғылыми болашағын айтқан. Қазақтың ұлттық экономикасы даму үшін оның дәстүрлі өнімінің технологиясын зерттейтін ғылым қажет. Ұлт шаруашылығын негізге алған ұлттық экономика тұрақты дамиды. Адам баласының табиғаттан ажырамайтыны секілді, экономикада ұлт шаруашылығынан ажырамайды. Ұлт шаруашылығына жаңа технология түрлері енгізілген сайын, ұлттық табиғи өнімдердің сұранысы да арта түседі. Қазақ зиялыларының пайымдауынша, қазақ қоғамына ұлт шаруашылығының табиғи өнімін экспорттайтын өндіріс қажет.
Ұлт шаруашылығына негізделген ұлттық экономиканың қалыптасу жолдары жөнінде алаш зиялылары қарапайым тілмен түсіндірген: «Шаруашылық деп жиюды айтамыз. Дүниелік деп адам баласының тіршілігіне керек нәрселерді айтамыз. Дүниелікті табу, ұқсату, сақтау жүзіндегі адам баласының істейтін ісін шаруашылық дейміз» [3. 244 б]. Ұлттық экономика өнімдері ұлттың пайда болуынан бастап, оның қалыптасу жолында пісіп-жетіліп отырады. Ғылым, жаңа технология түрлері пайда болған сайын, ұлттық экономика өнімдерінің ашылмаған қырлары ашылады. Ұлт шаруашылығы өнімдерінің жаңа қырлары ашылған сайын ұлттың табиғи азық-түлік өнімдерінің қажеттілігі, сұранысы арта түседі. Қажеттілік пен сұраныстың артуына ықпал ететін өнім құнарының ғылыми тұрғыда зерттелуі және соның нәтижесінде қазақтың табиғи өнімдерінің жаңа технология өніміне айналуында.
Ұлт шаруашылығының негізі ұлттың өмірлік тәжірибелерінде жатыр. Табиғи өнімді игерудегі ұлттық тәжірибенің өзі технология. Қазіргі ғылыми технология ұлт болмысының (дәстүр) бойында жатқан ұлттық тәжірибеге айналған дәстүрлі технологияны негізге алады. Алаш зиялылары ұлт шаруашылығының заман талабына сай дамуын, оның дамуына ықпал ететін технологияны қалыптастыруды шаруашылық өзгеріс деп атаған. Қазақтың шаруашылығын зерделей отырып сол кездегі қоғамның рухани өмірін көз алдымызға елестете аламыз. Жері кең, малы көп, тарихы бай халықтың болашығы халықтың тұрмысы мен болмысы үйлескен өмірімен байланысты. Қазақтың малы тауарға да, ақшаға да айналды, ал, отырықшыға айналған халық өмірінде егін шаруашылығы оны өңдейтін, пайдаланатын өндіріс орындары болмаса егін тауарға да, ақшаға да айнала алмайды. Бұндай халдегі халықтың өмірі өзін өзі күшейтуге дәрменсіз болып шыға келеді. Осыны өз заманында алаш зиялылары айтып кетті.
Қазақ ұлтының рухани деңгейі зиялыларды қалыптастырды, алаш зиялыларының рухани деңгейі халықтың рухани деңгейін қорғайтын тарихты туғызды. Нағыз тарих, философия халықтың, халық ішінен шығатын зиялы ұрпақтың рухани қызметінің негізінде сақталады. Халық пен ұрпақтың интеллектуалдық өрісі сақталған қоғамда идея халықтың мүддесіне тікелей бағынатындығы анық, халық пен ұрпақты мемлекеттің мүддесіне, тәуелсіздігіне бастап отырады.
Елдің мүддесіне қызмет ететін идея зиялылардың интеллектуалдық қызметінің өрісімен жүреді, интеллектуалдық өріс халықтың саяси білімі мен көзқарасын қалыптастырып, халық санасын жаңа уақыттың міндеттеріне бағыттап отырады. Жаңа уақыттың міндеттеріне халықты бағыттаудың ерекшеліктері халық тұрмысының негізінде, оның болмысын сақтап, сол болмыстың жүйесінде ұлттың мүддесін қорғап, халық шаруашылығын дамытып отыратын білімді қалыптастыру, ғылымды дамыту. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының идеялары, ұрпаққа жазып қалдырған рухани мұралары бүгінгі біздерге осы мәселені ұсынады.
Қазақтың өмірі жермен, ата кәсіппен тығыз байланысты, рухы тарихтың рухани деңгейімен өсіп, өзінің қасиетін сақтап отырған. Отаршылдық дәуір, одан кейінгі кеңес билігі қазақтың өміріне әлеуметтік тұрмыс жағынан да, рухы жағынан да кері әсерін молынан тигізді. Діннің қыспаққа алынуы, қоғамдық құрылыстың өзгеруіне ықпал етті. Халықтың руханиятына айналған ойшылдардың ілімдері, өнер иелерінің туындылары ел өмірінен алшақтап, ұмытыла бастады. Таланттардың еркіндігі шектелді, еркіндікті шектеудің әдісі жоғарыда айтқанымыздай елдің тұрмысының өзгеруінен басталды. Осындай жағдайда ұлттың рухының болашағы жастардың бойындағы талант рухының тағдырын ойымызға алу қыйын емес. Мыңдаған жылдар бой елдің рухани өмірімен бірге келе жатқан ұлттың мүддесін құрайтын құндылықтар қашанда халық ішінен мемлекет билігін қорғайтын, сол арқылы елдің мүддесін, тұрмысын сақтап отыратын нағыз мамандарды шығарып отырады. Адамның ұлт ісіне мамандануы ұлттың рухани мәдениеті арқылы қалыптасқан. Қоғам өмірінде орын алған дағдарыстан жастардың рухын арашалап отыру зиялылар міндеті, осы себептен алаш зиялыларының ұлттық мүдде жолындағы қызметтері рухани, ғылыми, саяси, әлеуметтік-мәдени және тарихи негізде, қоғамның түрлі бағытын қамтиды.
Ұлттық идеяның тарихи феноменін зерттеу мәселесіне келгенде қазақ зиялылары қазақ қоғамының рухани-әлеуметтік тұтастығын қамтитын тарихи ұғымдарды, идеяларды жарыққа шығарды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев қазақ тарихы туралы еңбектерінде, қазақ жүздерінің шығу тарихы, қазақ халқының ұлттық бірегейлік болмысының тарихи сипаты, Алаша хан тарихы, қазақ халқының ұлттық тұтастығының қалыптасу тарихындағы Майқы би тұлғасы, өзге де ел арасында халықтың рухани мәдениетінің қалыптасуына еңбек сіңірген қазақ билері жөнінде, қазақ халқының батырлық руханияты зерттелген.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білек», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» сынды тарихи өмірдегі қазақ жастарының тағдыры мен рухын бейнелеген еңбектері жастардың өміріне қай жағынан болса да тарихта рухани қорған болып қалғандығы анық. Халықтың зиялылардың өмір шындығын негіз етіп жазған дүниелерімен сусындап, жастардың сол рухани дүниелердегі өмір шындығымен, ақыл күшімен тәрбиеленуі адам рухын нығайтып, сол арқылы елдің рухын қорғайтын нәрсе.
Алаш зиялыларының өмірі ұлтқа жанашырлықтың бір ғана бағытта, бір ғана деңгейде келмейтінін көрсетіп кетті. Ұлтқа жанашыр болу, ұлттың тіліне, дініне, діліне, өміріне жанашыр болу. Ұлттың өмірін сақтайтын, мүддесіне айналған дүниелерге жанашыр болу сегіз қырлы білімді, бір сырлы қабілетті, төзімді, ақылды талап етеді. Бұны айтып отырған себебіміз алаш зиялылары ұлт ісін қолға алуда ұйымдасқан деңгейде кейінгі ұрпаққа қолғабыс болатын мол тәжірибені қалыптастырды.
Ұлтқа қызмет етудің дара жолы тарих, себебі, тарихта идеялар, тәжірибелер, құндылықтар сақталады. Шәкәрім бастаған тұлғаларымыз қазақтың тарихы тақырыбында өлеңдер жазды, ислам діні, шариғат туралы, ғылым мен өнердің қасиетін, құндылығын насихаттайтын мол мұралар қалдырған. Олардың еліне дамудың бағытын сілтеп, жаңа заман өркениетінің шуағын түсіретін еңбектер жазудағы ерлігі әлем ғалымдарының еңбектерін оқып, ғылым тарихын зерттеп ұрпаққа ұлтының рухымен ұштастыратын мұра қалдыруында.