Ќан жїйесі физиологиясы


Ми қыртысындағы тежелу процесі және оның түрлері



бет115/128
Дата31.12.2021
өлшемі6,9 Mb.
#23273
түріОқулық
1   ...   111   112   113   114   115   116   117   118   ...   128
Ми қыртысындағы тежелу процесі және оның түрлері. Ми қыртысының қалыпты қызметі қозу және тежелу процестерінің өзара әсері нәтижесінде қалыптасады. Қозу процесі шартты рефлекстің қалыптасуын қамтамасыз етсе, тежелу процесі - оны өшіріп отырады. Тежелу процесі рефлекстік реакцияларды ретке келтіріп, жетілдіріп отыруға жағдай тудырады.

Ми қыртысында тежелудің шартсыз және шартты түрлері кездеседі. Шартсыз тежелу бүкіл жүйке жүйесіне тән құбылыс, ол орталық жүйке жүйесінің кез келген бөлімінде байқалады. Шартсыз тежелу шапшаң пайда болады да, онша ұзаққа созылмайды. Тежелудің бұл түрі сыртқы тежелу және шектеу болып бөлінеді.



Сыртқы тежелу. Ми қыртысында әр түрлі ішкі немесе сыртқы тітіркендіргіштердің әсерінен жаңа қозу ошағы пайда болса, онда теріс индукцияның әсерінен қыртыстың басқа аймақтарының қозғыштығы төмендейді, оларда тежелу процесі басталады. Тежелудің бұл түрін индукциялық, немесе сыртқы тежелу деп атайды. Мысалы, құстың бір жері ауырса, қалыптасқан шартты рефлекс дұрыс атқарылмайды.

Шектеу. Организмге әсер ететін тітіркендіргіш күші тым артып, немесе әсер мерзімі жорықсыз созылып кеткен жағдайда шектеу байқалады. Мысалы, қоңырау даусына шартты рефлекс қалыптасқан дейік. Егер қоңырау дауысы тым күшейтілсе (сирена) немесе ол тоқтамай ұзақ соғылса, рефлекс атқарылмайды. Оның себебі жүйке торшаларының әрекет атқару мүмкіндігінің белгілі шегі болады. Тітіркендіргіш күші не оның әсер мерзімі шектен асып кеткенде ми қыртысында дамыған парабиоз процесі тежелу сатысына дейін тереңдейді де, жүйке торшаларында қозу процесі тежелумен алмасады. Қыртыс торшаларының лабильділігі төмен болады, сондықтан олар тежелу күйіне оңай көше алады. Шектеудің қорғағыштық маңызы бар, ол жүйке торшаларын істен шығудан, орынсыз ширығудан сақтайды.

Шартты немесе ішкі тежелу ми қыртысына ғана тән құбылыс. Ол ми қыртысының шартты рефлекстік қызметімен байланысты.

Шартты тежелу біртіндеп қалыптасады да, ұзақ мерзімге сақталады. Ол шартты-бейтарап тітіркендіргішті шартсыз тітіркендіргішпен демемей, нығайтпай қойған кезде пайда болады. Демелмеген тітіркендіргіш алдында өзі қозу процесін тудырған жүйке торшаларында тежелу процесін өршітеді. Демек, шартты тітіркендіргішпен байланысты орталық басқа орталықтың әсерімен емес, өзінде жүретін процестердің салдарынан тежеледі, сондықтан да, оны ішкі тежелу деп атайды.

Шартты (ішкі) тежелу өшу, жіктеу (дифференциялану), бөгеу, шартты тежеу болып бөлінеді.

Өшу - шартты тітіркендіргішті шартсыз тітіркендіргішпен демемей, бекітпей қоюдың нәтижесінде туындайды. Егер шартты тітіркендіргішті жиі-жиі қайталап, оны шартсыз тітіркендіргішпен бекітпей қойса, шартты рефлекс күші бірте-бірте әлсіреп, соңынан ол тиылып, өшіп қалады. Бұл жағдайда шартты сигнал әсерімен шартты рефлекс орталығында қозу процесі емес, тежелу процесі туындайды. Рефлекстің өшу жылдамдығы оның беріктігіне байланысты. Ерте қалыптасқан, жақсы нықталған рефлекстер жаңа пайда болған рефлекстерге қарағанда баяу өшеді.

Егер рефлекс өшкеннен кейін шартты тітіркендіргіш әсерін біраз уақытқа доғарсақ, онда шартты рефлекс қайтадан қалпына келеді. Аз мерзімдік үзілістен кейін шартты сигнал шартсыз тітіркендіргішпен демелмей-ақ жауап реакциясын тудырады. Демек, өшу кезінде шартты рефлексті қамтамасыз ететін механизм жойылмайды, тек ішкі тежелу салдарынан ол уақытша әрекеттен шығарылады.



Жіктеу - бір-біріне ұқсас екі шартты тітіркендіргіштердің бірін бекіту, бірін бекітпеу нәтижесінде қалыптасады. Мысалы, құста метрономның минутына 100 рет жиілікпен соғуына шартты қоректік рефлекс қалыптасқан дейік. Осыдан кейін метрономды минутына 40 рет соғатын жылдамдыққа қойып, оны шартсыз тітіркендіргішпен (азықпен) ұштастырмай қою керек. Алғашқы кезде ұқсас екі тітіркендіргіш те жауап реакциясын тудырады. Бірақ бірнеше рет қайталаудан кейін екінші тітіркендіргіш (40 соққы) жауап реакциясын тудырмайды, ол шартты тежегіш тітіркендіргішке айналады. Оның әсерімен ми қыртысында тежелу процесі туындайды.

Бөгеу. Егер шартты сигнал әсерінің басталу мерзімі мен оны шартсыз тітіркендіргішпен ұштастыру уақыты алшақтау болса (2–3 минут), онда шартты рефлекстің басталуы дәл осындай мерзімге бөгеледі. Бұл жағдайда шартты тітіркендіргіш әсері екі сатыға - әрекетсіз және әрекетті, бөлінеді. Бастапқы әрекетсіз сатыда шартты сигналдың әсерімен шартты рефлекс орталығында тежелу процесі туындайды да, жауап реакция бөгеледі. Осыдан кейін бірінші саты аяқталып, тежелу тиылады да, қозу басталады, әрекет атқарылады.

Шартты тежеу. Егер шартты рефлекс тудыратын тітіркендіргішке тағы бір бөгде тітіркендіргіш қосып, оны шартсыз тітіркендіргішпен ұштастырмаса, онда бұл қосарланған тітіркендіргіш әрекет тудырмайды, тежелудің туындауына себепкер болады. Мысалы, метроном дыбысын шартсыз тітіркендіргішпен ұштастырады. Ал метроном мен қоңырау тіркесін шартсыз тітіркендіргішпен ұштастырмайды. Алғашқы бұл тіркес метрономды жеке қолданғандағыдай рефлекс тудырады. Бұл генерализация (жайылу) құбылысымен байланысты.




Тәжірибиені әрі қарай жалғастыра берсе, онда метроном мен қоңырау тіркесі өзінің оң сигналдық мәнін жоғарылатады, рефлексті тежейді, ал жеке қолданылған метроном - шартты рефлексті тудыра береді. Демек, құс шартты тітіркендіргіш әсерін демелмейтін тітіркендіргіштер тіркесінен ажырата алатын болады. Қалыптасу механизмі жағынан шартты тежеу жіктеуге ұқсас. Бұл жағдайда бір-біріне біршама ұқсас тітіркендіргештер жіктеледі.

Қорыта келгенде ішкі тежелу шартты рефлекс доғасы орталықтарының арасындағы байланыстың жойылуының салдарынан пайда болады. Демек, ішкі тежелудің негізгі биологиялық маңызы оның ми қыртысын тіршіліктік маңызын жоғалтқан шартты рефлекстік байланыстардан тазартуында. Ішкі тежелу арқылы организм көптеген маңызсыз шартты рефлекстік реакциялардан арылады. Шартты рефлекстердің тежелуі нәтижесінде организм сыртқы орта жағдайларына дәлірек бейімделеді, үлкен ми жарты шарларында талдау және жинақтау процестері дәл және нақтылы атқарылады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   111   112   113   114   115   116   117   118   ...   128




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет