Жоспар
Қант қызылшасының морфологиялық және биологиялық
ерекшеліктері
2. Қант қызылшасының тұқымдық егістігінің агротехникасы
3. Тұқымдық қант қызылшасын қайта отырғызбай өсіру.
4. Қызылшаның полиплоид тұқымын алу
5. Қант қызылшасының минералды қоректенуін оптимизациялау
Пайдаланылған әдебиеттер
Қант қызылшасының тұқым шаруашылығы
Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері. Сорттары. Қант қызылшасы (Веtа vulgaris L. v.saccharifera) - Алабұталар тұқымдасы (Chenopodiaceae) Қызылша туысының (Веtа L.) малазықтық (v.сrаssа), жапырақты (v.сісlа) және асханалық (v.еsсulenta) түр тармақтары кіретін түрдің - екіжылдық өсімдігі.
Қант қызылшасының ұзын жіңішке тамыршалары бар олар жанына 40-50см тарайды, ал негізгі кіндік тамыры 2-2,5 м топырақ тереңдігіне дейін бойлауға қабілетті. Оның орталық тамыры өсіп-толысып тамыржеміске айналады. Жетілген өсімдігінің тамыржеміс массасы 500-800 г және одан да жоғары болады.
Тамыржемісінің формасы – конус тәрізді. Құрылысы: басы, мойны және нағыз тамырдан тұрады.
Басы - тамыржемістің үстіңгі бөлігі, түрі өзгерген сабақ, онда жапырақтар орналасады. Басында тамыржемістің басқа бөлігіне қарағанда қанттың мөлшері аз.
Мойын - тамыржемістің басы мен нағыз тамырдың арасында орналасады. Онда жапырақтар мен тамыршалар болмайды. Тамырдың өзі - тамыржемістің төменгі конус тәрізді бөлігі. Тамырдың ұзына бойындағы жырықшаларынан көп жанама тамыршалар тарайды. Қанттың көп мөлшері (19-20 %) тамыржемістің ортаңғы бөлігінде болады.
Пісіп-жетілген тамыржемісте шамамен -75% су, 25% құрғақ заттар (сорты мен өсіп-жетілу жағдайына қарай 16-24% қант) болады. Қанттылығына жоғары агротехника көп әсер етеді.
Қант қызылшасының жапырақтары ірі, бүтін, жүрек тәрізді, сағақты. Формалары жасына қарай өзгереді: жас жапырақтарының сағақтары қысқа және алақаны дөңгелек, ал үлкейгендерінің сағақтары ұзарады да жүрек тәрізденеді. Жапырақ алақанының толқынды, ойықты немесе тегіс болуы сорттық белгі және өсіру жағдайына байланысты. Жеке жапырақтың ұзындығы 50-70 см дейін. Бірінші жылы өсімдік 60 таяу жапырақтар түзеді.
Қант қызылшасы тұқымды тіршілігінің екінші жылы - қыста сақталған тамыржемісті көктемде топыраққа отырғызғанда гүлді өркендер пайда болғаннан кейін береді.
Гүлдері - қосжынысты, гүлсеріктері жасылдау. Гүлдеуі 20-40 күнге созылады. Қант қызылшасы айқас тозаңданады. Тозаңдануы жел мен насекомдар арқылы жүреді.
Жемісі-жаңғақша. Көп дәнді қант қызылшасының жемістері 2-5 дәннен тізбектеліп шоғырланған. 1000 тұқым салмағы 20-дан 50 г дейін. Бірдәнді қант қызылшасының жемістері бір жаңғақшадан тұрады, сондықтан механизацияны пайдаланып себуге ыңғайлы.
Тұқымының сыртында бурыл жылтыр қабықша болады. Тұқымның ұрығы перисперманың (қоректік заттар қоры орналасқан жер) айнала сақина тәрізді қоршап тұрады, ол екі тұқым жарнағынан, орталарында орналасқан бүйрекшеден және ұрық тамыршаларынан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |