Аялай біл, сен деп соққан жүректі (мерекелік кеш)
Фанфар ойналады.
/5 бала шығып өлең жолдарын оқиды/
Жүргізуші:
Армысыздар ұстаз-аналар, әдемі мамалар және де көктемдей құлпырған қыздар!
Көктемді қанатына қондырып, жан жылуын көкірегіне толтырып, әйел - аналардың дәстүрлі мерекесі 8 - наурыз да ару қаламызға келіп жетті. Өздеріңізді осынау шуақты, құлпырған қызғалдақтай әсем мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Бүгінгі 1в сыныбының «Ана-шексіз махаббаттың иесі» тақырыбындағы мерекелік кешімізге қош келдіңіздер:
Ана–әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы.
Ендеше аналардың құрметіне алғашқы тартуымыз Бота Бейсенованың сөзіне жазылған «Анажаным» әнін қабыл алыңыздар.
Хор «Анажаным»
Жүргізуші:
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.- деп Исраил Сапарбай ағамыз жырға қосқандай елдің көркі, сыныбымыздың көркі қыздарымызды ер азаматтарымызбен бірге заманауи жұп биімен қарсы алыңыздар.
Вальс: «Love story»
Жүргізуші:
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.-дей отырып, 1в сыныбына сабақ беретін пән мұғалімдеріне құтықтау сөз кезегін берейік.
Директор-Мереке
Күнсұлу-Айша
Ләззат-Айару
/әр оқушы өзі жолдаған мүғалімге гүл береді/
Жүргізуші:
Тілеймін саған аппақ таңды балам
Өтемін мәңгі атыңды ән қылып анам
Бар бала ақтап өссін ана сүтін
Ер жетіп, болса дағы бір-бір маман-дей отырып, бала күнде аялап өсірген ананы, өскен бала қандай маман иесі болса да ақтап өтсе, анаға содан асқан қуаныш жоқ. Баласының маман иесі болып келуін сағына күткен аналардың музыкалық көрінісін бірге тамашалайық.
Көрініс: «Ана сағынышы»
Жүргізуші:
Кимешегін, жаулығын
Теңеп аппақ гүлге мен
Әжемнің денсаулығын
Тілеп жүрем күнде мен- деп әжелеріміздің еркелерін әжесімен қарсы алайық. Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған, Алтын Махамбетованың әні «Менің әжем осындай». Орындайтын қыздар триосы
Ән: «Әжем менің осындай»
Жүргізуші:
Бізге үлгі әр айтылған сөзі дара
Тапты ғой әкені де төзімдді ана
Бізді жұрттар мақтаса сенің арқаң
Мақтау сөзге лайық жан-өзің ғана-деп Салқынбеков Жәнібек жырлағандай үлгі болар мақтауға лайықты жандар-әкелердің өнеріне кезек берейік. Бағлан Әбдірайымовтың әні «Әке мен қыз».
Вальс биі: әкелер мен қыздар
Тақпақтар:
(әр оқушы 2 жол тақпағын айтып, әріптерді алады)
Ән: «Мама, будь всегда со мною рядом»
Мұғалім өлең оқиды:
Тұманбай Молдағалиев «Ана»
Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.
Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..
Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.
Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін,мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.
Ән: «Ана мен бала»
Мұғалім:
Кешіміздің қорытынды бөлімін Баязиевтің «Ана туралы ой» өлеңмен аяқтағым келеді.
Халқымыздың билік айтар даналар,
Даналардың өзі анадан жаралар.
Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін
Сізден жақын адам бар ма аналар?!
Балаға ең жақыны сіз ғой ана,
Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана.
Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ,
Теңесе алар бір – ақ нәрсе Отан ғана!
Анаға тең келер ештеңе жоқ екеніне бүгінде тағы да бір көзімізді жеткізгендей болдық.
Осымен «Ана шексіз махаббаттың иесі» атты аналарға арналған мерекелік кешіміз өз мәресіне жетті. Ендеше сөз кезегін мектебіміздің директоры Светлана Акмуратқызына береміз.
(сөз сөйлейді)
Барша тамашалаған көрермен қауымға мың алғыс! Біз сіздермен қоштаспаймыз. Келесі мерекелерде жүздескенше сау саламатта болайық. Мерекелеріңіз құтты болсын.
Достарыңызбен бөлісу: |