25.03.2020
Қазақстандағы табиғатты қорғау мәселесі және оның заңнамалық негіздері.
Адам және табиғат бір-бірінен ажырамайды және бір-бірімен тығыз байланысты. Адам үшін, сондай-ақ түгелдей қоғам үшін де табиғат тіршілік ету ортасы және өмір сүруге қажетті ресурстардың жалғыз көзі болып табылады. Табиғат және табиғат ресурстары - адамзат қоғамының өмір сүретін және дамитын базасы, адамдардың материалды және рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыратын түпдерегі. Адам – табиғат бөлігі және биологиялық түр ретінде өзінің тіршілік етуінде басқа көптеген түрлер сияқты ұзақ уақыт табиғатқа әсер етті. Бірақ кейінірек табиғатқа адам әрекетінің масштабы мен тереңдігі кеңейгенде табиғатты қорғау түсінігінің мазмұны мен барысы өзгерді. Қазіргі кезде «табиғатты қорғау» деп табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, өндіруге, қорғауға және табиғи ортаны ластану мен бұзылудан қазіргі және болашақ ұрпақтың материалды және рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыру мүддесіне сақтауға бағытталған халықаралық, мемлекеттік және қоғамдық жүйесін айтады. Басқаша айтқанда, табиғатты қорғау – бұл адамзат қоғамы мен табиғат арасындағы өзара қатынастарды оптимизациялау бойынша жасалған шаралар жүйесін іске асыру. Табиғатты қорғау мәселесі қазіргі заманның ғылыми-жаратылыстану және әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің маңыздысының бірі болып табылады, оның дұрыс шешімінен адамзаттың өмір сүруінің игілігі тәуелді. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау үшін оны жіктеудің маңызы зор: Бастапқыда табиғат қорғау шараларының негізгі мотиві материалды игіліктерге деген қамқорлық болса, ал қазіргі уақытта табиғатты қорғаудың мақсаты одан әрі кеңейді және әрқилы болды. Табиғатты қорғаудың келесі аспектілерін бөлуге болады: Экономикалық аспектісі – адамдар экономикасындағы табиғи ресурстардың үлкен роль атқаратындығымен анықталады. Сауықтыру-гигиеналық аспектісі – ірі индустриалды аудан аймақтарындағы табиғаттық жедел өзгеруі, судың, ауаның және топырақтың өнеркәсіптік қалдықтармен және шығарылымдармен ластануы, жер шарының кейбір аудандарында ядерлік және сутектік қарулардың сынақтары нәтижесінде адам денсаулығына, тіпті халықтың біршама бөлігінің тұқым қуалаушылығына қауіп төнеді. Тәрбиелік аспектісі – табиғатқа деген сүйіспеншілік, оған ұқыпты қатынас дағдылары, тірі тіршілік иелеріне қамқорлық, патриотизм, мінез-құлықтың жағымды жақтарын қалыптастырады. Эстетикалық аспектісі – адамның эстетикалық қажеттілігін қанағаттандыра алатын табиғи кешендерді күту және сақтау. Ғылыми-танымдық аспектісі – Табиғаттың дамуын танып білу үшін, болашақта оны бөлшекті түрде зерттеу үшін организмдердің барлық түрлерін, табиғатқа тән учаскелерді және оның жеке туындыларын сақтау. 4. Табиғатты қорғаудың теориялық негіздері Табиғатты қорғаудың методологиялық негізі ретінде табиғат пен қоғамдағы заттар мен құбылыстардың жалпы өзарабайланыстылығы мен өзаратәуелділігі туралы материалистік диалектика заңы қызмет атқарады. Осы заңға сәйкес табиғаттағы ешбір құбылыс көптеген басқа заттар мен құбылыстардың әсерінсіз жүзеге аспайды. Әрбір құбылыс немесе зат табиғаттағы бүтіннің бір бөлігі.
Ерте заманнан әртүрлі ғылымдар саласында табиғаттағы өзарабайланыстар болатындығы туралы мәліметтер жинақталған, бірақ ол туралы кең және терең жалпылау тек табиғат және қоғам туралы диалектикалық-материализм дамығанда ғана пайда болды. Табиғат пен қоғамның өзараәсерлерінің нәтижелері көп жағдайда табиғатта болатын өзарабайланыстарға тәуелді. Оларды есепке алу қоғамның табиғатқа және табиғаттың қоғамға әсер ету процессін басқару үшін қажет. Табиғат пен қоғамдағы заттар мен құбылыстардың өзарабайланыстарының сапалық және сандық ерекшеліктерінен табиғат қорғау жұмыстарының, оның принциптері мен әдістерінің сипаты тәуелді.
Табиғатты тиімді пайдалану және қорғау тәжірибесінде табиғи процестерді және оларды адамзат қоғамы мүддесіне пайдалануды басқаратын заңдылықтарды ескеру қажет. Осындай негіз табиғатты қорғаудың методологиялық принципі болып табылады. табиғат қорғаудың жаратылыстану-тарихи негіздері болған, бірақ жаратылыстанумен табиғаттағы нақты өзарабайланыстар, табиғи кешендер іс-жүзінде ұзақ уақыт ашылмаған. Тек ХІХ ғасырдың соңында К.Маркс пен Ф.Энгельстің идеялары негізінде жаратылыстану ғылымының үлкен жетістіктері мен өндірістік күштердің дамуы арқасында табиғаттың жеке құраушылары арасындағы байланыстарды зерттеу, географиялық орта туралы жаңа кешенді ғылымды жасау біріншіреттік міндет болып қойылды. Бұл ғылымның теориялық негізін салған ірі орыс жаратылыстану зерттеушісі В.В.Докучаев болды. Әсіресе табиғат қорғау теориясына үлкен үлес қосқан атақты орыс ғалымы, академик В.И.Вернадский. жаратылыстанудың тарихи тәжірибесіне және жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, ол ХХ ғасырдың басында Жер биосферасының жалпы шынайы синтетикалық концепциясын қалыптастырды.
Табиғатты қорғау ісі үшін маңызы бар, қоғам мен табиғаттың өзарабайланысынан бірнеше ережелер шығады: 1. барлық табиғат құбылыстарының көптеген әмндері бар; рационалдық ереже; жанамалық қорғау, біреуін басқасы арқылы қорғау ережесі,кешенді міндет. Организмдердің бір түрлі тобы және әр түрлі тобы белгілі бір жерде қоныстанып, өмір сүреді, сол ортада табиғатпен және өзара байланыстар жасайды. Қоршаған табиғи ортаға адамдар , жануарлар , өсімдіктер басқа да тірі организмдер өмір сүретін мекен-жай, жылы мен суық , ас пен қорек , олардың достары мен жаулары кіреді. Қоршаған орта тірі және өлі табиғаттан құралған , өзара тығыз байланыстары бар біртұтас жүйе. Табиғатта болатын барлық құбылыстар мен өзгерістер осында өтеді. Қоршаған ортаның күрделі проблемаларын зерттейтін , ғылыми тұрғыдан ұсыныстар жасайтын ғылым саласын экология дейміз. Ол гректің “oicos”-“үй, мекен, жай” деген мағынаны білдіреді. Экология бір ортада өмір сүретін организмдерді зерттейді, олардың басқа организмдермен және қоршаған ортамен ара қатынастарын анықтап, жиынтық қорытынды жасайтын ғылым. Сондықтан «экология» қоршаған ортаны сақтаудың ғылыми негізі болып саналады . Ең алғаш «экология» деген сөзді 1858 жылы пайдаланған Генрих Девид Торо. Экология терминін ғылымға бірінші болып енгізген 1866 ж. белгілі табиғат зерттеушісі, дәрігер, аса дарынды неміс ғалымы Эрнест Геккель. Э.Геккель экологияға мынандай анықтама берді . Экология табиғаттың экономикасын білу, сонымен қатар тірі организмдердің осы ортаға басқа органикалық және органикалық емес заттардың ара қатынасын, өсімдіктер мен жануарлардың , олардың достары мен жауларының бір-бірімен байланыстарын зерттеу. Экологияның даму ағымы өте ерте кезеңді қамтиды. Организмдердің ортамен байланыстары және олардың қоршаған орта жағдайларына тәуелділігі туралы пікірлер антикалық философтардың еңбектерінде кездеседі . Өсімдіктер туралы осындай жоспарда Эмпедокл және Теофраст (IIIғ.б.э.д) жазған , ал жануарлар туралы - Аристотель (Ivғ.б.э.д) жазған. Экология ғылымының дамуына А. Гумбольдтің, Ч. Дарвиннің, К.Рулье, Н.Северцов және басқалардың еңбектері үлкен үлесін қостыА.Гумбольдтың (1769-1859) еңбектері өз уақыты үшін өте елеулі болды. Ол өз бетімен жеке Солтүстік және Оңтүстік Американы , Орталық Европаны, Сібірді , Алтайды, Каспий жағалауларын зерттеді. Сөйтіп ол өсімдіктер географиясын қалыптастырды, жер бетіндегі өсімдіктер дүниесінің таралу заңдылығы туралы рекше ғылым ретінде және өсімдіктер тіршілігін зерттеуде экологиялық бағыттың негізін салды. XIX ғ. ортасында Ресейде К.Ф.Рульенің еңбектері биологиялық ғылымдағы экологиялық бағытының дамуы үлкен әсер етті. Оның еңбектері зоологиядағы экология бөлімін қалыптастырды. XIXғ. соңында Дарвиннің ілімі арқасында экология организмдердің адаптациясы туралы ғылымға айналды . Дарвиннің анықтамасы бойынша , экология -бұл табиғаттағы барлық күрделі өзара байланыстар мен өзара қатынастарды зерттейтін ғылым, тіршілік үшін күрес жағдайы ретінде. XXғ. 60-жылдарынан бастап, экология дамуында жаңа кезең басталды, экология дамуында жаңа кезең басталды, ол барлық елдерде экологиялық зерттеулердің күрт өсуімен сипатталады. Үнемі әртүрлі экологиялық проблемалар бойынша ақпараттар саны өседі. Мысалы, қоршаған ортаның өзгеруі туралы , өсімдіктерді қорғау туралы және т.б. фактілер саны көбейе түсті. Сонымен , қазіргі кездегі экология адамзат мүддесін ескере отырып, биосфераның бетбұрасын ғылыми түрде негіздеуге ұмтылады. Экология ойлаудың ерекше типін қалыптастырады, ол табиғатты оңтайлы пайдалануға, табиғи ресурстарды қалпына келтіруге, қорғауға және молайтуға бағытталған.
Табиғатты пайдалану мен қорғау негіздері
Біздің еліміздің табиғат байлықтары орасан зор, олар халық қажетін қанағаттандыру әрі шаруашылықты мол болғанымен, оны сақтай біліп, дұрыс пайдаланбаса, уақыт өткен сайын ол да сарқылады. Сондықтан табиғат байлықтарын қорғаудың аса зор маңызы бар.
Еліміздің табиғат байлықтарын дұрыс пайдалану мәселесіне зор көңіл бөліп, 1918 жылдың өзінде-ақ табиғатты қорғайтын арнаулы комитет ұйымдастырды. Соның нәтижесінде табиғат байлықтарын дұрыс пайдалануға және қорғауға бағытталған алғашқы заңдар белгіленіп қабылданды.
1962 жылғы 16 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақстан табиғатын қорғау» туралы жарлығы шықты. Жарлықта пайдалы қазбаларды, суды (жер беті мен жер асты сулары), ормандар мен құстар, атмосфералық ауа, топырақ, сирек ландшафтылар және тағы басқаларды қорғау қарастырылды. Жарлықта қосымша арнайы нұсқау жазылып, онда әр түрлі табиғат байлықтарын пайдалану, орман, топырақтың құнарын сақтау, ауа мен су қоймаларын қорғау, балық аулау мен аңшылық туралы ережелер бар.
Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы туралы» Жарлығы – 2003 жылы 3 желтоқсан күні Астанада қабылданды.
Осы жарлықта бүгінгі ғаламдық және Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге елдің экологиялық дамуы жөніндегі мемлекеттік шаралардың кешені айқындалады.
Табиғатты қорғау мәселесіне қазірде де зор көңіл бөлінуде. Халықаралық табиғатты қорғау одағының шешімі бойынша әр елде табиғат қорлары мен табиғатты қорғау үшін сирек кездесетін, құрып кету қаупіндегі жануарлар мен өсімдіктердің түрлері есепке алынған. Біздің елде «Қызыл кітап» 1978 жылы ұйымдастырылған. Мұнда аңның 21 түрі және осы тектес түрдегі кездесетін аңдар мен торғайлардың 8 түрі көрсетілген, оларды сақтап қана қоймай, бұлардың санын көбейтудің барлық шаралары қолданылады. Қалпына келтірілген жануарлар мен өсімдіктердің түрлері «Қызыл кітаптан» алынған.
Табиғатты қорғау мен табиғат қорларын тиімді пайдаланудың екі бағыты бар: мемлекеттік және жалпыхалықтық. Мемлекеттік бағыт тиісті заңдармен, әрі үкіметтің қарарларымен анықталса, ал жалпыхалықтық бағыт өзінің тікелей қатынасуымен және қоғамдық ұйымдар арқылы іске асырылады.
Республика табиғатын қорғау ісіне барлық азаматтар ат салысуы тиіс. Табиғатты қорғау саласында арнайы құрылған ұйымдардың ішінде Қазақстанның Табиғат комитеті көрнекті орын алады. Бұл комитет табиғатты қорғау саласындағы ғылыми мекемелер мен ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, бір мақсатқа бағыттап, республикадағы экологиялық дағдарысты шешуге жұртшылықты жұмылдырады. Елімізде Табиғат қорғау қоғамы жұмыс істейді.
Табиғат қорғау саласында әсіресе қоғамның жас мүшелерінің белсенділігі ерекше. Олардың көмегімен республикада жыл сайын көптеген бақтар мен саябақтар ірге көтереді, ондаған тонна мәдени өсімдіктердің тұқымдары мен дәрі-дәрмектік өсімдіктер жиналады. «Құстар күнін», «Орман мен бақ байлығын», «Сабан той» өткізу мектеп, студенттер өмірінде дәстүрге айналған. Көптеген мектептерде «Жас орманшы», «Су сақшыларының» штабтары құрылды, республикада «Мектептік орман шаруашылықтары» жұмыс істейді. Республика табиғатын қорғауға тікелей қатынасып, әр азамат материалдық және эстетикалық маңызы бар табиғи ортаны сақтауға, көркейтуге өз үлесін қосады.
Туған өлкенің табиғатын аялау, қорғау – озық қоғамның алғышарты.
Қоғам мен табиғат бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, қоршаған орта мен адамның жеке-дара тіршілік етуі мүмкін емес. Табиғат байлықтарын тиімді пайдалану, табиғатқа сүйіспеншілікпен қарай білу қоғамның да алға қарай дамуына негіз болады. Қоршаған ортаның қолайлы болуы адамның дұрыс білім алып, еңбек етуіне, материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне ықпал етеді. Сондықтан әрбір адам табиғатты аялап сақтауға өз үлесін қосуы тиіс. Әрбір отырғызылған ағаш, тазаланған бұлақ сол табиғаттың бір бөлегі екенін ұмытпаған жөн. Өзіміз тұрған жердің табиғатын сақтаймыз. Табиғатқа аялы көзқарасты қалыптастыру үшін туған өлкеге туристік саяхат жасаудың, оның табиғат ерекшеліктерімен, экологиялық жағдайымен танысудың маңызы зор.
Мәдениеттану мамандығының 1 курс магистранты
Сеңгербекова Мадина
Достарыңызбен бөлісу: |