Бағдат Оралбайұлы «Тегімізді тануға талпыныс»



бет1/153
Дата06.01.2022
өлшемі11,37 Mb.
#12762
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   153


Бағдат Оралбайұлы

Тегімізді тануға талпыныс

Алматы - 2015 жыл



Бағдат Оралбайұлы

«Тегімізді тануға талпыныс»

шежірелер мен шығармалар жинағы.
Редакторы Бақытөмір Шалғынбай – ҚР бас редакторлар клубының мүшесі.

Теріп, беттеген Айкен Мұсағалиева – журналист.

Корректоры Айгүл Кеңесбекқызы – журналист.

Кітап «Мөлдір сана» газетінің компьютерлік орталығында теріліп, беттелді.

Алматы -2015
Алғы сөз

Ұрпаққа ұлағатты еңбек
Әр заманның белгілі бір халыққа беретін жақсылығы да, жамандығы да болады. Содан келіп «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақыл пайда болған. Қашан да, қай халық, жеке адам жақсыдан үйренсе берекесі артып, елдігі нығая бермек. Кешегі қызыл империя заманының ұлттарға, ұлыстарға берген кейбір жақсылықтары болмаса, жалпы қазақ халқына орасан зор зардаптар әкелді. Әр түрлі құйтырқы саясаттарды пайдаланып, халықтарды қызыл қырғынға ұшыратты. Әсіресе, ислам дін таратушыларына қырғидай тиді. Естілікті – ескілікке балады. Содан келіп, ұлтымыз мәңгүртке айналып кете жаздады. Мұны жақсы білесіздер.

Ұлттың, ел мен елдіктің сақталуы ұлттық рухта жатыр. Ол негізгі үш тұғырдан тұрады. Соның біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – ділі.

Осы үш тұғырды бекем ұстанған қазақ зиялылары тәуелсіздік алғанға дейін де қазақ халқының тарихы мен шежірелері үшін күресе білді. Тәуелсіздік алғаннан соң ұлтты ұйыстырып, рухын күшейтуге тіптен күш салып жатыр. Соның бірі – шежіре, тарихи еңбектер жазу.

Әрине, шежіре жазу оңай емес. Ол үшін терең білім, ақыл-ой, өре қажет. Оның үстіне бір кездері кейбіреулер жасқаншақтап, ата-тегін шала жазған. Нақты жазба деректер аз. Сондықтан бүгін шынайы, кең көлемді шежіре кітап жазу екінің, тіпті жүздің бірінің қолынан келе бермейді.

Осы кітаптың авторы Бағдат Оралбайұлы ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай ізденіп, дерек жинап, көп оқып, көп зерттеп, зерделеп барып қалың оқырман мен ұрпақтары үшін көлемді шежіре-тарихи еңбегін ұсыныпты.

Аягөз өңірінің тумасы, негізгі мамандығы – мал шаруашылығы саласы болғанымен Бағдат (Бағаш) ағамыздың бойында көркем өнерге, әдебиетке деген құштарлық, тарих пен шежіреге деген ерекше ынта бар екен. Табиғатынан дарынды, өлең жазатын, көп оқып, көп ізденетін кітап авторы осы «Тегімізді тануға талпыныс» еңбегі арқылы ғана өзінің ерекше ізденуші-ғалым екенін де көрсетіп отыр.

Бес бөлімнен тұратын бұл еңбек бір жүйемен жазылған. Басты мақсаты – ататек пен ислам әлеміне байланысты құндылықтарды насихаттау. Былайғы кезде көп мән бере бермейтін мәселелерді көтеріп, ұрпақ рухын көтеру.

Алғашқы «Көне шежірелер» деп аталатын бөлімді жазу үшін де Бағаш ағамыздың талай кітапты ақтарғаны, кітапханаларда сарылып отырғаны, талай таңды ұйқысыз атырғаны көрініп тұр. Ал екінші «Ислам» атты бөлімге келгенде ол «Ислам» әлемінің шексіз, шетсіз, түпсіз тереңіне сүңгігендей күй кешкен. Содан барып, бүкіл адамзатқа арналған Алланың соңғы дінінің қадір-қасиетіне үңілген. Үңілген сайын оның кереметтігіне тәнті болып, өзінің де ата-бабаларының осы дінді уағыздаушы – дін таратушылар болғанын мақтан тұтып, риза болған.

Мен кітап редакторы ретінде барлық бөлімдерге талдау жасағанды әзірге артық көрдім. Кітапты оқып отырып басты айтарым – оның бір жүйемен жазылғаны. Бөлімдер бірінен кейін бірі өзі сұранып тұрады.

Ислам әлеміне терең сүңгіген Бағдат Оралбайұлы шабытына шабыт қосып, осыдан кейінгі «Қожалар» бөлімін жазады. Кітап авторына ең ауыр соққаны да осы бөлім. Басқа бөлімдерде өзгеге еркін сілтеме жасап, оқыған құндылықтардың маңыздыларынан түйгендеріңді түйіндеуге мүмкіндігің бар. Ал өзіңнің тегіңе қатысты шежіре жазу тіптен қиын.

Бағдат Оралбайұлының шыққан тегі – қазақ халқының құрамындағы жүзге кірмейтін ру-тайпалардың бірі – қожалар. Қожалар – ерте заманнан Орта Азия мен Қазақстанға келіп ислам дінін таратқан ежелгі арабтардың ұрпағы делінеді. Бірақ, олар қазақ даласына келіп сол халықтың салт-дәстүрін қабылдап, сол халықпен баяғыда бірігіп, кірігіп кеткен. Осы кітапта бұл жайттардың бәрі сөз болады. Қазақ хандығына дейінгі, одан кейінгі қожалардың қазақ қоғамын дамытудағы ролі осы кітапта жақсы көрініс тапқан.

Оны сонау Арыстан баб, Қорасан баб, Қылышты әулие, Баба түкті шашты Азиз, Қожа Ахмет Йассауи, Бақсайыс деп кете беретін өз халқының ғажайып төл ұлдары жөніндегі аңызға айналған әңгімелерден де көруге болады.

Ал бір кездері Ақтайлақ бидің бастамасымен Аягөз өңіріне көптеп көшіріліп әкелінген қожалар ұрпақтарының өсіп-өніп таралуы, олардан шыққан қазақ халқының ірі тұлғалары туралы жазбалар ерекше құнды. Мұны бүгінгі қожалардың әрбір ұрпағы іздеп жүріп таба алмай жүр.

Бағдат Оралбайұлы осыны ескеріп, барынша жинақтай білген. Әрине, қанша күш салып жинақтасаң да, бірнеше жүз жылға созылған ұрпақ өсімін толық түгендеу мүмкін емес. Оны автор да айтып, шама келгенше жинағанын, енді осы кітап шыққаннан кейін әр ата өз тармағын түгендесе дұрыс болатынын ашық айтқан.

Шежірені жинақтау да, оны жүйелеп жазу да көрінгеннің қолынан келмейді. Оны айттық. Өкінішке орай, одан мін іздеп, кінә тағуға талпыныс жасау, тіпті «Неге өйте салмаған, неге бүйте салмаған» деген сияқты өресіз сын айтатындар да баршылық.

Ең бастысы осы кітапқа жетпей жатқан деректі қосып, оны толықтырып, кеңейтем дегендер болса нұр үстіне нұр болар еді. Автор ойы да сол. Сонда бұл кітап тағы да толығып, аса құнды еңбекке айналып, көп тиражбен елге таралар еді.

Мен жазушы-журналист, тарихшы ретінде осы уақытқа дейін талай шежірелік-тарихи кітаптар әзірлеп, өңдедім. Солардың ішінде жүйелі де, сапалы да жинақталып жазылғаны осы кітап.

Кітап авторы «Қожалар» бөлімі арқылы басты мақсатын орындап шығып, бір дем алып, «Ұлағатты ойлар» деген маңызды жазбалар мен ғибраттарын ұсынған. Бұл бөлімде әр уақытта ойға орала бермейтін маңызды көсемсөздер, нақыл мен мәтелдер аз емес. Ал, соңғы бөлімінен өзінің әр жылғы жазған өлең-жырларын топтастырған автор «Тегін танып, біліп» барып, бір кең көсіліп поэзияға, музаға кезек берген екен. Осы кітапты оқыған адам да осы бөлімге келгенде терең ой, толғау мен ізденістен арылып, сәл дем алып, жыр әлеміне еніп, ерекше шалқиды.



Міне, Бағдат Оралбайұлының бес бөлімнен тұратын «Тегімізді тануға талпыныс» атты еңбегі қысқаша осындай. Менің пікірімше аса құнды да, керек кітап. Болашақта толықтырылып, кеңейтіліп, көп тиражбен шығаруға әбден лайық. Оны қаржылы азаматтар қалт жібермес деген ойдамын.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   153




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет