Бақылау жұмысы №1 Орындаған: Тузелбаева Туймегуль Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының ретінде туу, қалыптасу және даму жолын мысалдармен көрсетіңіз



Дата25.10.2022
өлшемі30,12 Kb.
#45280

Бақылау жұмысы №1
Орындаған: Тузелбаева Туймегуль


1. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының ретінде туу, қалыптасу және даму
жолын мысалдармен көрсетіңіз
2 Ұлттық әдебиеттану ғылымының бүгінгі нәтижелерін атап айтыңыз 
Басқа қоғамдық ғылымдар секілді қазақ әдебиеттануы да өзінің жеке ғылым саласы ретіндегі қалыптасу жолын тексеруге, әр кезеңіндегі жетістігі мен кемшілігіне баға беруге ұмтылуда. Онсыз қандай да болсын ғылым саласының өсіп-өркендемейтіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, ұлттық әдебиеттану ғылымының бастан өткізген негізгі даму кезеңдерін, яғни тарихи алғышарттардан тұратын алғашқы бастауларын, туу, жетілу, қалыптасу дәуірлерін арнайы зерттеудің, шығармашылық кескін-келбетін, әдіснамалық мәселелерін ғылыми тұрғыда саралаудың шешуші қадам болып табылатыны анық. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Тәуелсіздік бізге бұрын-соңды көрмеген орасан зор мүмкіншіліктер берді... Біздің санамызды, зейін-зердемізді, жанарымызды тұмшалап келген бірталай көнерген сарқыншақтардан, теріс пайым-ұғымдардан арыла алғанымызға да күмән жоқ» [1]. Ол түптеп келгенде, ұлттық әдебиеттанудың күрделі белестеріндегі туу, қалыптасу үдерісін қазіргі тәуелсіздік талабында терең зерттеу міндеттерін жүктейді.
Ғалым Е. Ысмайылов: «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізгі екі кезеңді бастан кешіргенін байқауға болады.

  • Бірінші – үйрену, идеялық творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Бұл революцияның алғашқы кезеңінен соғысқа дейінгі дәуірді қамтиды.

  • Екіншісі – соғыстан кейінгі дәуір, яғни қалыптасу, даму дәуірі», – деп екіге бөле отырып, алғашқы кезеңде заманның талап-тілектеріне байланысты дүниеге келуіне ана тілі мен әдебиетінің мектептер мен оқу орындарында оқытыла басталуына сай алғашқы оқулықтар мен хрестоматиялардың жазылуы түрткі болғанын атап көрсетеді [2, 35 б]. Профессор Т. Кәкішев қазақ әдебиеті сынының туу, қалыптасу жолдарын белгілі бір дәуірлерге бөлгенде, сын мен әдебиеттану ғылымының сабақтаса, бір-бірін толықтыра дамитынын ескере отырып, үлкен үш кезеңге жіктейді.

«Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз.

  • Бірінші кезең – қазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған.

  • Екінші кезең – қазақ әдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтиды.

  • Үшінші кезең – қазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі. 1938-1985 жылдар аралығы», – деп көрсетеді [3, 3 б].

Сын тарихына тән бұл үш кезеңнің қазақ әдебиеттану ғылымының туып, қалыптасу жолына тікелей қатысы бар. Себебі әдебиет сыны өзінің туу дәуірінен бастап-ақ сол әдебиеттің тарихы мен әдеби-теориялық мәселелері жайында пікір білдірмей тұра алмайды. Бұл тұрғыда орыс әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолын зерттеуші П.А. Николаев: «Әдебиет туралы білімдер жиынтығын тарихи тұрғыда жүйелі шолу алғашқыда сыни еңбектерде жүзеге асырылды», – дегені дәлел бола алады [4, 7 б]. Ал оның арғы өзегі В.Г. Белинскийдің «Орыс сынының тарихи және даму жолын шолу дегеніміз – орыс әдебиетінің тарихын еріксіз шолу» деген ойына саяды.
Е. Ысмайылов пен Т. Кәкішевтің қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірін Қазан төңкерісінен кейін бастауының тарихи себептері де жоқ емес. Оған басты тірек болып отырғаны – қазақ фольклоры мен әдебиет тарихын тексерудегі негізгі жұмыстар 1920-1930 жылдардағы оқулықтар мен алғашқы монографиялық зерттеулерде, ғылыми мақалаларда жүзеге асуы. Алайда әдебиет туралы ғылымның тууы үшін ең әуелі әдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік, сыншылдық-эстетикалық көзқарас пен ой-пікірлер қалыптасуы керек. Бұл – белгілі бір уақыт аралығын талап етіп, ұзаққа созылатын күрделі үдеріс.


Қазақ әдебиеттану ғылымының туу, қалыптасу тарихын түрлі дәуірлерге бөлген жоғарыдағы екі пікірді нақтылай түсуге тура келеді. Біздің ойымызша, ұлттық әдебиет туралы ғылым тарихы былайша жүйелеген дұрыс секілді. Бірінші кезең – қазақ әдебиеттану ғылымының тарихи алғышарттардан тұратын арғы бастаулары, яғни тарих алдындағы дәуірі. Бұл ежелгі дәуір әдебиетінен басталып, XX ғасырға дейінгі уақыт аралығына созылды. Екінші кезең – қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Ол 1900-1940 жылдар арасында жүзеге асты. Үшінші кезең – қалыптасу дәуірі. Бұл 1941-1970 жылдар аралығындағы мезгілді қамтиды. Ғалым А.С. Курилов бұл турасында: «Белгілі бір немесе басқадай елде әдебиеттану ғылымы қашан және қалай туып-қалыптасты деген сұрақ өте маңызды мәселе. Бұл сұрақ ұлттық әдебиеттанудың тарихи негіздеріне, өзіндік бастаулары мен қайнар көздеріне жетелейді. Бұл сұрақ оның аймақтық және бүкіләлемдік әдебиеттанушылық үдеріске қосылуының уақыты мен кескін-келбетін де айқындайды. Әдебиет туралы таным-түсінігі мен белгілі бір деңгейдегі білімдер жиынтығы сол халықтың өзіне ғана тән өзгерістерге ұшырай отыра әдебиет туралы ғылымын қалыптастыратынына, өзіндік таным-білік, ұғым-түсініктік, болмыс-бітімдік сипатымен ұлттық болып табылатын әдебиеттанушылық ой-пікір түрлі жаңалықтар мен жетістіктерге қол жеткізу арқылы жалпы ғылыми бағалауға ие болуы арқалы баршаға ортақ рухани игілікке айналатынына да осы сұрақ жауап береді», – деп жазады [5, 2 б]. Ендеше көне түркі жазба ескерткіштерін хатқа түсіруден басталып, Шоқан, Ыбырай, Абай заманына дейін созылған ұзақ дәуірді қазақ әдебиеттану ғылымының тууына дейінгі тарих алдындағы дайындық кезеңі деп алу заңды болмақ. Ал туу дәуірін XX ғасырдың басынан бастауымыздың да негізгі жоқ емес. Өзінің қалыптасу тарихын жан-жақты терең зерттеп алмай тұрып бірде-бір ғылымның толық мәнде қалыптасып, алға қарай дамуы мүмкін еместігі жалпыға мәлім жай. Себебі ол зерттеулер сол ғылымының қол жеткізген жетістіктерін жақсылап меңгеруіне көмектесе отырып, одан әрі дамуына ықпал жасайды. Бұл жағдайдың әдебиеттану ғылымына да тікелей қарым-қатынасы бар. Егер орыс әдебиеттану ғылымының туып-қалыптасу тарихын зерттеуде ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткен болса, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолындағы бастан өткерген тарихын тексеруге арналған монументальды ғылыми еңбек жоқ десе де болады. Сондай-ақ кейбір ұлт республикалары да өздерінің ұлттық әдебиеттану ғылымының туып-қалыптасу жолын зерттеуде тың қадамдар жасады. Солардың ішінен М.И. Машинскийдің «1920-1930 жылдарындағы белорус әдебиеттану ғылымы мен сыны» туралы докторлық диссертациясын, И.Я. Колчановтың «Мордва әдебиеттану ғылымы мен сынының қалыптасуы», ұлттық әдебиеттану ғылымының өткен жолын сын тарихына байланысты қарастырған татар ғалымы Э.Р. Бориеваның, өзбек ғалымы Б. Назаровтың диссертацияларын атар едік. Бұларға қоса ғалымдар В.Р. Щербина, С.И. Машинский, А.С. Бушмин, Г.М. Фридлендер, П.А. Николаев зерттеу еңбектерінде, А.Н. Иезуитовтың, А.С. Бушминнің, Л.М. Земляновтың мақалалары мен ұжымдық жинақтарда әдебиеттану ғылымының теориялық және әдіснамалық проблемалары ғылыми тұрғыда тексерілуімен қатар, таяуға дейін бүкіл кеңестік деп аталған әдебиеттану ғылымының туып, өркендеу жолдары мен қалыптасу тарихы жан-жақты зерттелгенін көреміз.
Қазақ әдебиеттану ғылымының туу және қалыптасу тарихы, ондағы әдеби мұраның игерілу мен зерттелуі проблемасы «Әдеби мұра және оны зерттеу» (1961), көп томдық «Қазақ әдебиеті тарихында», жаңаша танымдағы теориялық және әдіснамалық негізде жазылған «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. 1-кітап» (1997), «40-50 және 60 жылдардағы қазақ әдебиеті. 2-кітап» (1998), «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген көп томдық қазақ әдебиеті тарихы (7-8-том, 2004), (9-том, 2005) ұжымдық еңбектерде шолу сипатында қарастырылды.

1940 жылдардан бері жарияланған ғылыми-зерттеу еңбектерінде біз сөз етіп отырған проблема туралы ғылыми пікірлер аз кездеспейді. Солардың ішінен М. Әуезовтің, Е. Ысмайыловтың, С. Мұқановтың, М. Ғабдуллиннің, М. Қаратаевтың, Б. Кенжебаевтың, Қ. Жұмалиевтің, Т. Кәкішевтің, С. Қирабаевтың, Р. Бердібаевтың және тағы басқалардың монографиялары мен ғылыми зерттеу еңбектерін атар едік [6]. Бұл еңбектер қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына белсенді ықпал жасаумен қатар, біз сөз етіп отырған проблеманың бұрын-соңды сөз болуын әңгілемеген уақытта, оның өсу жолын да шолып өтіп отырды.


1920-30 жылдарда әдебиет теориясының мәселелерін зерттеуге соны қадам жасаған еңбектерден басталған ұлттық сөз өнерін ғылыми тұрғыдан тексеру саласындағы жұмыстарды толықтыра отырып жалғастырып әкеткен Е. Ысмайловтың, Қ. Жұмалиевтің, З. Ахметовтің, З. Қабдоловтың, М. Базарбаевтың, М. Дүйсеновтің, Р. Нұрғалиевтің монографиялық зерттеулері айқын дәлел болары анық [7]. Қазіргі ұлттық әдебиеттануда осы зерттеу нысанына алынып отырылған осы тақырыптың әдіснамалық мәселелеріне арналған Н. Жұбанышбеков пен М.Маданованың, салыстырмалық әдебиеттануға байланысты К. Бейбітова, Ф. Ысмайылова, Ә. Ищанова, С. Сүтжановтар зерттеулері жарияланды.
Сол сияқты қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің проблемалық мәселелерін көтерген ұжымдық жинақтарда және егемендік алғаннан бері ұлттық әдебиеттануда әр түрлі аспектідегі проблемалар бойынша ғылыми ізденістер жасап, жаңа тұжырымдар мен байлаулар ұсына алған Қ.М.Жүсіп, А.Еспенбетов, З.Жұмағали, С.Негімов, Т.Жұртбай, Қ.Алпысбаев, А.Исмақова, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, Қ. Ергөбек, А.Шәріп, М.Хамзин, Д.Қамзабекұлы, Х.Рүстемова, Р.Тұрысбек, Ө.Әбдиманов және тағы басқалардың зерттеулерінде қазақ әдебиеттану ғылымы тарихына байланысты ой-тұжырымдар кездеспейді емес [8; 9].
Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихын зерттеу барысында әдебиеттану ғылымындағы теориялық, әдіснамалық тұжырымдар мен пікірлер, ғылыми ұстанымдар негізге алынды. Зерттеуді жазу барысында А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Ә. Қоңыратбаев, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин, М. Қаратаев, Қ. Мұхаметханов, Ә. Жиреншин, М. Базарбаев, Ы. Дүйсенбев, Х. Сүйіншәлиев, Ү. Субханбердина, С. Ордалиев, С. Қирабаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, М. Дүйсенов, З. Ахметов, Т. Қожакеев, Ә. Дербісалин, Ш. Елеукенов, М. Мырзахметұлы, Ә. Нарымбетов, Ш. Сәтбаева, Н. Ғабдуллин, З. Серікқалиев, Р. Нұрғалиев, Т. Тоқбергенов, С. Қасқабасов, Е. Тұрсынов, М. Жолдасбеков, М. Мағауин, Қ. Өмірәлиев, Н. Келімбетов, А. Еспенбетов, Ө. Күмісбаев, Қ.П. Жүсіп, З. Жұмағали, С. Негимов, А. Қыраубайқызы, Б. Омаров, Ж. Дәдебаев, Д. Ысқақұлы, С. Әшімбаев, Т. Жұртбай, А. Егеубаев, Қ. Ергөбек, Б. Майтанов, С. Тахан, Т. Сыдықов, Қ. Алпысбаев, Т. Тебегенов, Б. Әбдіғазиұлы, Р. Тұрысбек, А. Исмақова, Д. Қамзабекұлы т.б. ғалымдар еңбектері, сондай-ақ ұжымдық зерттеулердің ғылыми-әдістемелік негіздерін бағыт-бағдар ұстандық.
Ұлттық әдебиеттану ғылымының бастаулары болып табылатын арналар туралы айтар болсақ, бұл кезең, яғни ежелгі дәуірден бастап XX ғасырға дейінгі аралық, әдеби-тарихи және әдеби-теориялық ой-пікірдің ояну, жетілу дәуірі болды. Ол әдебиет туралы ғылымның тууына дейінгі тарих алдындағы кезеңнің міндетін толық атқарып шықты. Әдеби мұраны тарихи және теориялық тұрғыда тануға ұмтылған ғылыми таным-біліктің әрбір қадамы ізденістер сипатындағы үздіксіз өсу жолында болды. Қандай да болсын жекелеген әдеби-тарихи проблеманы, ғылыми теория мен ұғым-түсінікті зерттеуге деген ұмтылыс сол бағыттағы әдіснамалық талдауға барар жолдағы бастапқы қадам болатыны белгілі. Сол арқылы әдебиетті тарихи және теориялық тұрғыдан тану бағытындағы білімдер жүйесі қалыптаса бастайды, ғылыми-зерттеушілік ой-пікір алдында өзекті міндеттер қояды. Егер бұған зерттеу нысаны етіп алынып отырған негізгі материал ұлттық әдеби мұра екенін қоссақ, ұлттық әдебиеттану ғылымының туу дәуіріне дейін әкелетін тарихи алғышарттар жасалғанын байқаймыз [10].
Сонымен, көне дәуірден алғашқы бастауларын алған қазақ әдебиеттану ғылымы өзінің тарих алдындағы алғышарттарға сай өсіп-өркендеу және жеке ғылым ретінде туу, қалыптасу дәуірлерін бастан өткеріп, 1970 жылдардан басталатын өсіп-жетіліу, даму, бүкіл әлемдік әдебиеттану деңгейіндегі өрелі биіктерге қол созу жолындағы жаңа қадамдар жасауға бет алады. Егер әдебиет туралы ғылым өзінің сандық және сапалық мәніндегі сипатын өткен тарихындағы бар-жоғын түгелдеп алғанда ғана толық таныта алатын болса, онда оның әлі де нақтылай түсетін, жан-жақты қарастыра тексеретін мәселелері аз емес.
Қорыта айтқанда, отаршылдық саясат пен кеңестік идеологияның қысымында бола тұрса да, ұлттық әдебиеттану ғылымы алғашқы танылған бастауларынан бері өз тарихы алдындағы кезеңін, туу және қалыптасу дәуірлерін ғылыми сипаттағы дәрежеде өткеріп, ендігі даму жолына бүкіләлемдік әдебиеттану деңгейіндегі өрелі биіктерге жаңа қадам жасауға бет алды. Егер әдебиет туралы ғылым өзінің сандық және сапалық мәндегі болмысын өз тарихындағы бары мен жоғын түгелдеп алғанда ғана толық таныта алатын болса, онда оның әлі де болса нақтылай түсетін, жан-жақты қарастыра тексеретін мәселелері аз емес.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет