Балалық шақ – бала бойына адамгершіліктің негізін қалайтын кез. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап ізгілік, мейірімділік, инабаттылық сезімдерін қалыптастыру – ата-аналар мен ұстаздардың міндеті. Балалардың жан-жақты дамуы үшін дидактикалық ойынның ролі ерекше.
Дидактикалық ойындардың түрлеріне шек жоқ. Қазіргі кездегі сабақ материалдарының мазмұнына сәйкес мұғалім белгілі бір ойын бойынша әрқилы ойын ойлап табуына болады.
Білім беру саласында да елеулі әрі ауқымды өзгерістер өрістеуде. Сондықтан білім беру жүйесін қайта құру жағдайындағы негізгі бағыттардың бірі – оқушылардың бойындағы білімге деген қызығушылығын дидактикалық ойындарды пайдалану арқылы дамыту .
Ойын – бала үшін нағыз өмір. Егер ұстаз ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. Балаларды оқытып, тәрбиелеуге әр тарапты ойын элементтерін қолдану тиімді әдістердің бірі болып саналады.
Ойын баланың ой-өрісін, қиял сезімін дамытып, сөйлеу тілінің жетілуін, еркін пікір алысу, диалог, монолог түрінде өзара сөйлесу машықтарын қалыптастырады. Дұрыс ұйымдастырылған ойын негізінде баланың қоғамдық әлеуметтік сезімі оянады. Ұжымдық еңбек процесіне үйреніп, бірлесе қызмет атқару нәтижесінде олардың жолдастық, достық ынтымақтары нығаяды.
Оқытуда қолданылатын ойын әдістері – ойынның нақ өзі емес, ойын түріндегі әдісі. Ол логикалық дербес орындалатын жаттығу жұмыстарына балалардың зейінін аударып қызықтыру, сабаққа белсенділігін арттыру, алған білімін тиянақтау, кеңейту, кейде сабақты түсіндіру мақсатында қолданылады. Ойынның танымдық сипаты жөнінде М. Горкийдің «Бала ойынды сүйеді. Ойнағанда не болмаса соның бәрімен де ойнайды, ол өзінің айналасындағы дүниені ойын және ойыншық үстінде тез таниды. Бала сөзбен де ойнайды, осы сөзбен ойнағанда өз ана тілінің нәзік жерлерін үйренеді, тілдің музыкасын ұғады»,- дегені мәлім. Балабақша тәрбиесінде ойынсыз жұмыс жүргізу мүмкін еместігін сіз бен біз де жақсы білеміз.
Тәрбиеші балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және сөздік ойын) үш түрлі етіп өткізуіне болады. Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды,табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Дәл осындайды тауып ал», «Салыстыр да, атын ата», «Қай ағаштың жапырағы», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы көп, қайсысы аз»,т.б.
Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір сөзбен ата», «Кім байқағыш?», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есіңе сақта».
Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы – жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата».
Сонымен қатар балалардың сөздік қорларын дамыту жұмысына ойындарды қолданумен қатар, «Пішіндер көрмесі», «Өрнекті есіңде сақта», «Қиын жолдар», «Суретті жалғастыр», «Биші адамдар», «Көңілді таяқшалар» тәрізді жаттығу тапсырмаларды да пайдаланып отыру өз нәтижесін береді. Бұл аталған жаттығу, тапсырмалар балалардың сөздік қорын дамыта отырып, таным белсенділіктерін және саусақ бұлшық етін дамытады.
Жалпы ойынды ұйымдастыру ойынды өткізуге әзірлік, ойынды өткізу, ойынды талдау сияқты үш бағытты қамтиды. Ойынға қажетті құрал-заттарды даярлау ойынды өткізуге әзірлік болып табылады. Балаларды ойынның мазмұнымен таныстыру ойынды өткізу болып табылады. Ойынды талдау, бұл ойынның өз мақсатына жетуі, балалардың белсенділігі және олардың іс-әрекеті болып табылады.
Сонымен балалардың сөздік қорын дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қорын дамытып, ауызша сөйлеу машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершіілік қасиеттер бойына сіңіреді.
Саусақ ойыны – бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан әрі үлкен мәні бар ойын түрі. Саусақ ойыны саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Бұл ойын арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс-қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады.
Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойыны түсіндіріледі, әр қимылы көрсетіледі. Мысалы: «Саусақтар сәлемдеседі» ойынын алайық. Мұнда бас бармақ ұшы әр саусақтың ұшымен кезекпен түйседі. «Адамдар келеді». Оң қолдың сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтарын жүгірген тәрізді етіп қимылдатады. Сонымен бірге халық арасында кеңінен тарап жүрген «Қуырмаш» ойыны да саусақтардың нәзік қимылын жетілдіруге бағытталған. Балалар осындай саусақ ойынын ойнай отырып, өлең шумағын қызыға айтады. Мысалы, «Моншақ».
Қызыл-сары көк моншақ.
Мен жасаймын көп моншақ.
Мұнда қатар екі қолдың бас бармағымен сұқ саусақтарының ұшын түйістіре отырып, моншақ тәрізді бейнелейді, әрі оларды тізбектеп жасау балалар үшін өте қызықты әрекет, әрі қол бұлшық етін дамытуға үлкен көмегін тигізеді.
Сонымен саусақ ойындарын жүргізу арқылы бала саусақтарының нәзік қимылдары мен бұлшық етттерінің жетілуімен бірге, олардың сөйлеу тілі мен ойлау қабілеттерін дамытады. Сабақтың қызықты болып өтуіне ықпал жасайды, жалпы логопедиялық сабақтың тиімділігін біршама жоғарылатады.
Балабақшаның тәрбиешілеріне арналған бағдарламалық жоспарды басшылыққа ала отырып, балалардың бақылап көргендерін тиянақтап, естерінде берік қалдыру, сөздік қорларын дамыту үшін төмендегідей дидактикалық ойындарды ұсынып отырмыз. «Жасырылған затты тап», «Ғажайып қапшық», «Ойыншықты тап» (оның түрін, көлемін, формасын атап айт – домалақ, көк, кішкене, т.б.), «Қолыңмен байқап көр, атын айт» (бала дорбаға салынған заттарды қолымен танып, алады), «Жаңа қуыршақты қабылдау».
1-ойын. «Күн мен түн».
Мақсаты: сөйлеу тілін, ойлау қабілетін дамыту.
Мазмұны: педагог сөз айтады, балалар оған мағынасы қарама-қарсы сөз айтады. Күн – түн, тәтті – ащы және т.б.
2-ойын. «Қонаққа барамыз». Балалар үй иелері және қонақтар болып бөлінеді. Үй иелері қонақтарды сиқырлы сөздер айту арқылы қарсы алу қажет. Қонақтар сыпайы жауап қайтарады.
3-ойын. «Сөз құра».
Балалар мұғаліммен айтылған буындарға сөз құрайды. Буындар түрлі-түсті әдемі болуы мүмкін. Мысалы: гүл шоғырына жиналатын шар немесе гүлдер түрінде.
4-ойын. «Екі шеңбер».
Балалар екі шеңберге тұрады. Сыртқы (үлкен) және ішкі (3-4 адамнан). Үлкен шеңбердегі балалар тұрады, ал ішкісіндегілер көшбасшы мұғаліммен бірге жүріп, былай дейді: «Біз шеңбер бойымен жүреміз, өзімізбен бірге аламыз – тәтті…». Үлкен шеңбердегі балалар тез арада қандай да бір тәтті затты ойлау қажет. Мысалы, қант. Қай бала бірінші атаса, ішкі шеңберге кіреді. Ойын жалғасын табу үшін жұмсақ, сұйық, ащы, қатты сынды сөздерді де пайдалануға болады. Үлкен шеңберде қалып қойған соңғы бала кез-келген тапсырма орындайды (жаза ретінде).
5- ойын. «Мен қандай әріппен дос».
Бұл ойын әріптерді есте сақтап, сөйлеу тілін дамытуға ғана емес, сонымен бірге танымдық сипатқа да ие. Әрбір ойыншыда жануардың суреті болу керек (әр түрлі болуы да мүмкін). Мысалы: анасында сиыр, әкесінде түйе, баласында кірпі. Анасы айтады: – Менің сиырым «м» әрпімен дос, өйткені онда мүйізі бар. Әкесі: – Менің түйем «ө» әрпімен дос, өйткені онда өркеш бар. Бала: – Менің кірпім «и» әрпімен дос, өйткені онда инелері бар.
Қорытындылай келе, мектепке дейінгі балаға берген білімнің нәтижесінде олардың болашақта сөздік қорының мол әрі сауатты азамат болуларының негізі осында қаланатынын біз әрдайым ұмытпауымыз қажет. Ол үшін тіл дамыту бойынша
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында «Коммуникация» негізгі білім беру саласына кіреді. «Коммуникация» білім беру саласының базалық мазмұны-сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады. «Коммуникация» білім беру саласының мазмұны баланың тілін дамытуды, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруды, белсенді және пассивті сөздік қорын, тілдің грамматикалық құрылымын, дыбыстық мәдениетін, баланың байланыстырып сөйлеуін басқа білім салаларымен кіріктіру арқылы жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Сөйлеу тілі –психиканың қызметіне кіріп, адамзатты жануарлар қатарынан ажырататын ерекшеліктердің бірі. Сөйлеу тілі баланың барлық қабілетінің: қарым- қатынасқа түсу, тану, білу, меңгеру, танымдық-зерделеу және ойын әрекетінің дамуының негізі болып табылады. Бұл байланысты орнатуда баланың сөйлеу тілінің дамуының өзекті мәселесін шешуде мектепке дейінгі ұйым педагогының әрекеті маңызды. Мектепке дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамытудың негізгі міндеті –әр жас кезеңіне сәйкес қалыпты жағдайдағы сөйлеу тілінің дамуы мен ерекшелігін және коммуникативті қабілетін білу керек. Ерте жас кезеңі – баланың барлық психикалық процестерінің дамуының маңызды кезеңі болып табылады, әсіресе сөйлеу қабілеті дамуында. Баланың сөйлеу тілін дамыту ересектермен тығыз байланыс орнатудың нәтижесінде жүзеге асады. Айта кететін жағдай баланың сөйлеу тілі туа салысымен орындалатын құбылыс емес. Ол баланың физикалық-дене және ақыл-ой дамуы процесімен бірге дамиды және жалпы дамудың көрсеткіші болады.
Баламен үнемі сөйлесу керек. Сөйлесудің, сөйлеу арқылы қатынасқа түсудің болмауы баланы шаршатып, мазасыз күйге әкеледі. Бала ашуланшақ болып, өзінің көңіл-күйін айқайлау, жылау арқылы білдіреді.
Ерте жастаға баланың сөйлеу тілін дамыту мақсатында қолданылатын ойын түрлері мен жұмыстары:
-балаларға арналған өлең-шумақтар, тақпақтар, желілі-рөлді ойындар, дыбысты еліктеу арқылы айту ойыны.Бұл ойындар мен жұмыстарды орындау барысында ересектердің сөйлеу тілі, балаға сөзді қимыл-қозғалыс негізінде қабылдап, оны қайталап айтып, сөзді естуімен ерекшеленеді.
-Желілі-рөлді, қимылды-бейнелі ойындарды ойнау барысында,баланың ересектермен эмоционалдық байланысы орнайды. Ойынды ойнау барысында бала ойынды өзі, өз еркімен ойнауды бастайды.
-Дыбысты еліктеу арқылы қайталап айту ойындарында баланың фонематикалық есту қабілеті дамып,белгілі бір дыбысты анық айтуға дайындайды.
-Желілі-рөлді ойыншықтармен, белгілі кейіпкерлері бар ойыншықтармен ойнау баланың диалог құруына және сөздік қорының молаюына әсер етеді.
-Әдебиеттік шығармаларды оқу және ертегі айту,әңгіме, тақпақтар, жырларды, тарихи оқиғаларды айту.
-Балалар әдебиетінің иллюстративті (мазмұнды) суреттерінің құрылымын қарау, талқылау.
-Заттық және мазмұндық суреттермен ойын сабақтарын жүргізу.
-Суреттерді ересектермен қарау барысында балалар, сурет мазмұнымен киіпкерлердің атауымен танысып, қайталап айтып еске түсіреді.
Балаларға суретпен жұмысты ұйымдастырудың маңызды себебі – бала заттың атауын бейнесімен салыстырады және сәйкестендіре отырып, еске сақтайды.
-Жеңіл жұмбақтар жасыру.
-Баланың ұсақ-қол моторикасын дамытуға бағытталған ойындарын өлең шумақтары арқылы қолдың басы және саусақ қимылымен бірге орындауға болады. Қол және саусақ жаттығуларын жасау, баланың физиологиялық сөйлеу тілінің даму негізін құрайды.
Барлық аталған ойындар мен жаттығулар баланың сөйлеу тілінің дамуын жүзеге асырады. Сөйлеу тілін дамытуда педагогтардың (тәрбиешілердің) бағытын айта отырып, баланың ана тілін үйренуде мына ұстанымды айтпай кетуге болмас: «Көр – тыңда – қайтала!».
Ерте жастағы баланың есеюі барысында сөйлеу тілінде үлкен өзгерістер орын алады. Диалогтық сөйлеу тілінен монологтық сөйлеу тіліне ауысады. Диалогтық және монологтық сөйлеу дегеніміз не?
Диалог – бұл бір немесе бірнеше адамның пікірлесушінің сұрақ-жауап түріндегі әңгімелесуі. Диалогтық сөйлеу тілі – мағыналық жағынан монологтық сөйлеу тіліне қарағанда жеңіл. Диалогтық сөйлеу тілінде тақырыптық сөйлесу, күнделікті тұрмыстық сөйлесуді қолдану, синтаксистік құрылымы жағынан күрделі емес, айтылуы, жеткізуі жеңіл болады. Диалогтық сөйлеу тілі – монологтық сөйлеу тілінің құрылуына негіз болады. Сөйлеу тілінің негізгі бастамасы алғашқы кезеңі – ол қарым- қатынас болып табылады. Сөйлеу тілінің құрылымы диалогтық сөйлеу тілінен басталады. Бұл кезде сөзді айтушы және тыңдаушының рөлдері үнемі ауысып отырады. Баламен ең алғаш диалог құрушы – ол әрине, үлкендер болып табылады. Бұл кезде баланы әрқашанда сұраққа жауапты айтуға, жауап беруге жетелеу керек. Баланың сөйлеуге деген ынтасын, қабілетін баланың дыбыстарды дұрыс немесе бұрыс дыбысталуына қарамастан дамытып отыру керек. Дұрыс жауап беру негізі ол мән-жайды, іс-әрекетті түсіну болып табылады.
Диалогтық сөйлеу тілін дамытуға не көмектеседі? Олар – шынайылық, театрланған көрініс, әрекет, сұрақтар. Оның ішінде сөйлеу тілін дамытудағы ерекшелерінің бірі сұрақтарға тоқталайық. Сұрақтар – түрлі бірлескен қарым-қатынаста, әрекет барысында, күнделікті күн тәртібінде, серуен кезінде, суреттерді қарау барысында, тағы басқа кездерде қолданылады. Есте сақтай кетсек – өзіндік ерекшелігіне және қиындық дәрежесіне сәйкес сұрақтардың 3 түрін ажыратамыз.
Репродуктивті (жоспарлы) сұрақтар – бұл сұрақтар жеңіл, түсінікті болып келеді және жәй қана «Иә», «Жоқ» деген жауапты талап етеді. Мысалы, Ойыншықты алғың келе ме? – Иә. Бұл кім? – Бұл әке. Бұл не? –Бұл доп.
Не істеді? – Ойнады! -деген сияқты сұрақтар.
Ізденуші (зерттеу) сұрақтары. Олар кішкене күрделі және құрылымы толық сөйлеммен жауап беруді талап етеді. Мұндай сұрақтарға жауап беру сөйлемнің бастапқы сөзінен басталады. Мысалы: Мысық қайда ұйықтап жатыр? – Мысық үстелдің үстінде ұйықтап жатыр. Балалар қайда барады? –Балалар мектепке барады!
Мәселелі сұрақтар – бұл сұрақтар мәселелі Неге? Не үшін? деген сөздерден басталады. Сұрақтар құрылымы бойынша күрделі және ойландыратын, ойды қозғайтын жауап беруді талап етеді. Бала жауап беру кезінде себеп салдарын анықтай отырып, логикалық ойлау қабілеті дамиды.
Сөйлеу қабілеті – бұл барлық әрекеттің жүзеге асуының негізгі құрамдас бөлігі және алғашқы шарты болып табылады. Мектепке дейінгі ұйымда баланың сөйлеу тілін белсенді дамыту тек қана арнайы дайындалған оқу қызметінде ғана емес, басқа күн тәртібі кезінде, баланың балабақша ішінде болған барлық уақытында жүзеге асуы керек. Бала күнделікті таңертең балабақшаға келгенде топта баламен күнделікті тұрмыста орын алатын жағдайлар туралы әңгімелесуге болады. Балалар өздерінің жасаған әрекетін, өздерінің белсенді сәттерін, өздеріне қызықты болған жағдайларды белсенді айтуға тырысады. Серуенге шығу баланың эмоционалдық жай-күйінің және сөйлеу тілінің белсенділігін тудырады. Баламен серуенге шығу кезінде және басқа күн тәртібіндеі бос уақытта түрлі ойындар ойнау арқылы баланың сөздік қорының кеңеюіне көмегін тигізеді. Мысалы, «Орманға саяхат» қимылды ойынында балалар ормандағы тіршілік иелерінің атауымен және олардың тұрақтарымен, мекен ететін жерлерінің атауын, олардың төлдерінің атауын айтып, жаңа сөздерді меңгеріп, есте сақтайды.
Дидактикалық ойын: «Сөз құра» түбірлі сөздерді атауы керек. Мысалы, бас-қа, бас-тық, бас-шы, бас-пал-дақ, бас-қару, бас-у, тағы басқа.
Серуенге шығу кезінде сұрақтың барлық түрлерін қойған тиімді.
Аппликация, сурет салу, құрастыру оқу – қызметінде бала өзінің жасап жатқан және жасайтын немесе жасап болған әрбір әрекетін мазмұндап айтып түсіндіруі керек. Оны айтуға қиналған балаларға, педагог (тәрбиеші) балаға өзі ынталандырушы сұрақтар қоюы керек. Мысалы, «Қазір не жасап жатырсың?», «Ненің суретін салдың?», «Енді не жасайсың?», «Саған ол үшін не керек?» –деген сұрақтарды және керісінше балаға да (өз әрекеті) туралы ересектерге өз сұрағын жүйелі қоюды үйрету керек. Баланың сөйлеу тілін дамытуда – көркем әдебиет, көркем шығармаларды тыңдау мәдениетін қалыптастыру керек. Балалар аңыз әңгімені, ертегілерді, өлең- шығармаларды қызыға тыңдайды және сұрақ қою арқылы түсінеді.
Педагогтар баланың сөйлеу тілін дамыту мәселесінде төменде көрсетілген қателіктерді жібереді:
— педагог (тәрбиеші) көбіне өздері көп сөйлейді, баланың белсенді сөйлеуіне жағдай жасамайды. Көбіне сұрақ қойған кезде, балаға ойланып жауап беруге уақыт бермейді де өздері жауабын айтуға тырысады, шыдамсыздық танытады. Бұл жерде барлық балалардың белсенді сөйлеуіне жағдай жасалуы керек.
— балаларда өз кезегінде басқаларды тыңдау қабілеті қалыптаспайды. Сөйлеу тілінің белсенділігі – ол тек айту емес, ол – тыңдау, сөзді қабылдау болып табылады. Маңыздысы балалардың — педагогтың (тәрбиешінің) сөзін бірінші айтқаннан-ақ тыңдай білуге үйрету керек.
— педагогтың(тәрбиешінің) балаға – бала тілінде жауап беруі. Бұл кезде балалар дұрыс анық сөйлеуге дағдыланбайды. Баланың сөзі тыңдаушыға анық және түсінікті болмайды.
Көбінесе педагогтардың (тәрбиешінің) сұрақтарына балалардан «Толық» жауап алғысы келеді. Бұл жерде сұрақ мазмұнын, түрін ажырату маңызды. Яғни сұрақтың түріне қарай жауап қысқа немесе қарама – қарсы жауап түрінде де болуы мүмкін. Бұл жерде педагог(тәрбиеші) сұрақтың түрін анықтап қоюы керек.
Ата – аналарға арналған баланың сөйлеу тілін дамытуда тиімді әсер ететін кеңестермен бөлісейік:
Бала мен туа салысымен эмоционалдық қарым – қатынас орнату керек.
2.Балаға басқа балалармен, құрдастарымен сөйлеу арқылы қарым – қатынасқа түсуге жағдай жасау керек.
Ересектердің сөйлеуі баланың сөйлеу тілінің қалыптасуына түрткі әсер болады,сондықтан баламен анық,нақты сөйлесу керек.
Қолдың ұсақ моторикасын дамыту – баланың сөйлеу тілінің дамуына оң әсер етеді.
Бала мен ересек адамның (ата – ананың) бірлескен ойындары, сөйлеу тілін дамытудың тиімді әдісі саналады.
Балаларға арналған көркем-әдеби шығармаларды, балалар әдебиетін оқып беру, тақпақ, өлең – шумақтарын жатқа айтқызу.
Баланың ортаға деген барлық қызығушылықтарын қанағаттандыру, «Неге?» деген сұраққа балаға үнемі жауап қайтару.
Баламен бірге табиғатқа серуендеу, саяхатқа шығу және мұражайлар мен тарихи жерлерді таныстыру.
Балалардың сөйлеу тілін дамыту барлық балабақша педагогтарының сауатты, бірлескен жұмысының нәтижесінде ғана орын алатын мәселе. Балабақша ішіндегі барлық мамандардың бірлескен жұмыстарының: кеңес беру, шеберлік сыныбы, семинар және тәжірибемен бөлісу, бірлескен отырыстар, талқылау нәтижесінде ғана баланың сөйлеу тілінің дамуының жетістігіне қол жеткізуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |