Бейнелеу іс – әрекетін ұйымдастыруда жаңа технологияны пайдалану
Мектепке дейінгі ұйымдарда бейнелеу іс-әрекетін ұйымдастыруда тұлғаға бағдарланған тәрбиелеу мен білім беру үдерісінде интерактивті әдіс-тәсілдерді, жобалау және зерттеу іс-әрекетін пайдалану арқылы жүзеге асыру көзделеді.
Бейнелеу іс-әрекетінде жобалау әдісін пайдалануға қойылатын негізгі талаптар:
Бейнелеу іс-әрекетінің тақырыбын таңдау, оны орындаудың тиімді жолдарын ойлану, іздеу және оның маңызы мен мәнін шығармашылық бағытта шешу жолдарының қарастырылуы;
Нәтижеге жетуде бірлескен іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру, қажетті құрал-жабдықтарды таңдау, сурет салу, мүсіндеу немесе жапсыру жұмыстарын орындауға бағыт-бағдар беру;
Балалардың өздігінен дербес әрекет етуі үшін таңдалған тақырыпқа сәйкес іс- әрекеттің орындалу ретімен таныстыру: ең алдымен нені орындау, одан кейін неге көңіл бөлу, үлкен бөліктер мен ұсақ бөліктерді үлестіру, жалпы мазмұнның дұрыс шығуына мән беру (жеке, жұппен және топпен жұмыстар);
Жобаның (іс-әрекеттің) мазмұндық бөлігінің құрлымын жүйелеу (нәтижеге жетудің кезеңдерін нақтылу);
Зерттeу әдістерін тиімді пайдалану: мәселені анықтау, оның мақсаты мен міндеттерін нақтылау, оны шешудің болжамын жасау, зерттеу әдістерін талдау, соңғы нәтижені безендіру, алынған мәліметтерді өңдеу түзету қортынды жасау;
Жобалау әдісінде оқытуға қойылатын мақсат:
- бейнелеу іс-әрекетімен айналысу үшін балаларға жағдай жасау, алуан түрлі дерек көздерінен білім дағдыларын өздігінен ынта-ықыласпен жинақтай білу дағдыларын қалыптастыру;
- танымдық және тәжірибелік міндеттерді шешу дағдысын қалыптастыру;
- әртүрлі шағын топтармен жұмыс жасай отырып, коммуникативтік, дағдылырын қалыптастыру, шығармашылықпен жұмыс жасай білуге үйрету;
- өздерінің зерттеу дағдыларын дамыту (мәселені анықтау, ақпарат жинақтау, бақылау, эксперимент жүргізу, талдау жасау, болжам құру, тарату т.б.);
- жүйелі ойлау дағдысын қалыптастыру, көркемдік талғамын дамытып, эстетикалық тәрбие беру;
Жобалау әдісінің теориялық позициясы:
-балаға басым назар аударылып, оның шығармашылық қабілетін дамытуға басым көңіл бөлінеді;
- білім беру үдерісі оқу пәнінің логикасына ғана емес, іс- әрекеттің логикасына құрылады (бала үшін жеке тұлға ретінде қарау және баланы оның қызығушылығын ояту) бала үшін жеке ойлау қабілетін дамыту және қызығушылығын арттыруға ықпал етеді;
- жеке жұмыс жасау барысында жобалау әдісі арқылы әрбір баланың өзіндік даму деңгейін қамтамасыз етеді;
- жобалау әдісі баланың физиологиялық психикалық дамуын кешенді тұрғыдан қарастырады;
- алуан түрлі жағдаяттарды пайдалану арқылы баланың білімінің тереңдігі қамтамасыз етіледі;
- алуан түрлі бейнелеу іс-әрекетіне қажетті құралдармен жұмыс жасай білудің техникасымен танысады және оны орындауды меңгереді;
Жобалау әдісінің маңызы:
Бала жұмыс барысында шынайы объектімен және процеспен толық танысады. Ол баланың нақты жағдаяттарды шешуге, құбылыстарды терең танып білуге және жаңа объектілерді құрастыруға жетелейді. Жобалау әдісін жүзеге асыру үшін және оның мазмұнын ашу үшін ерекше оқытудың формаларын пайдалану қажет. Олардың ішінде жетекші түрі еліктеу (имитация) ойыны деп аталады. Имитациялық ойын бұл еркін, адамды шынайы және табиғи қалыпта ұстауға ықпал ететін балалардың өзіндік «мен» түсінігін қалыптастыратын шығармашылық, белсенділік, өздігінен дербес әрекет етуге бағыт беретін ойынның түрі. Бұл ойында әрбір бала рольдерді өз еркімен таңдап алады және баланың танымдық іс-әрекеті олардың қызмет ету құрлымының барысында орындалады. Олар үшін бұның маңызды зор болып табылады.
Ойынның қызметі:
- психологиялық - балаға түсірілген күшпенен эмоционалдық көңіл - күйді үйлестіру;
- психотерапиялық - мұнда балаға көмектесе отырып өзіне және өзгелерге деген қатынасын өзгерту, қарым - қатынас тәсілдерін өзгерту, психикалық көңіл - күйлеріне қарау;
- технологиялық - баланың ойлауы мен қиялын шындыққа жақындату;
Ойында бала өзін қауіпсіз сезініп, психологиялық тұрғыдан еркін және өзінің дамуына ықпал ету қажет. Әдістемелік нұсқауларда сипатталған дәстүрден тыс техникаларды тиімді пайдалану балалар үшін өте қызықты әрі шығармашылыққа жетелейтін жол болғандықтан оны жобалау әдісінде топтық және ұжымдық жұмыстарда пайдаланған маңызды болмақ. Бейнелеу іс–әрекетінде–жобалау әдісін пайдаланудың маңыздылығы баланың өзінің шығармашылық зерттеу ізденісіне, танымдық қабілеттерін дамытуға жол ашатындығында. Сондай-ақ, тәрбиешінің бейнелеу іс-әрекетін ұйымдастыруына бағыт беретін төмендегідей үлгіні ұсынамыз:
Бейнелеу іс–әрекетінде жобалау әдісін орындау үлгісі
Жобалау кезеңдері
|
Тәрбиешінің әрекеті
|
Балалардың әрекеті
|
1 кезең
|
1. Тақырыпты анықтау. Мақсат қою және нәтижені айқындау.
2. Бейнелеу іс–әрекетіне қажетті құралдарды, әдіс –тәсілдерді таңдау.
3. Қандай міндеттерді шешу қажеттілігін анықтап алу. Таңдану сәтіне сәйкес кейіпкерлер таңдау оған көмек көрсетуге балаларды тарту.
|
1.Мәселені анықтау, тақырыпты келісіп, бірге таңдау.
2.Балалар өздеріне қажетті құралдарды дайындап алады. (бояу, қылқалам, қағаз, қайшы, желім т.б)
3. Міндеттерді шешу үшін жекелей, жұппен немесе топтарға бөлінеді.
|
2 кезең
|
4. Тәрбиеші балаларға міндеттерді шешуге көмектеседі.
5. Іс–әрекеттерді жоспарлауға көмектеседі, орындалу ретін нақтылап алады.
6. Іс–әрекеттерді ұйымдастырады.
|
5.Балаларды жұмыс топтарына бірігеді.
6.Балалардың рөлдерін және қызметтерін бөлу, сурет салуға (мүсіндеуге, жапсыруға) кіріседі.
|
3 кезең
|
7. Тәжірибелік көмек көрсету. (қажет болуына қарай)
8. Жобаны жүзеге асыруға бағыт береді және бақылау жасап қадағалайды. Шығармашылықпен жұмыс жасауға, дербес әрекет етуге бағыт беріледі.
|
7.Іс–әрекетке қатысты өзіндік білім, білік, дағдыларды пайдалану. Іс әрекеттің техникасын дұрыс орындауға баса назар аудару.
|
4 кезең
|
9. Жұмысты қорғауға дайындалу.
10.Қорытындылау және талдау жасау балаларға рухани ләззәт алатындай, әсер қалдыратындай болуы шарт.
|
8. Салған суреттерін сипаттау, жетістіктерін атап өту. Ұжымдық жұмыс нәтижесіне бірлесіп жетуге жұмылдыру.
9.Жобаға тұсаукесер жасау.
|
Осы сызбадағы үлгіні пайдалана отырып тәрбиеші технологиялық карта жазуда, яғни сабақтың құрылымын нақты айқындай алады.
Зерттеу іс-әрекетін ұйымдастыру әдістері
Бейнелеу өнері сабақтарын ұйымдастыруда зерттеу іс-әрекетінің негізгі құрамына енетіндер – мәселені айқындап, тақырып таңдау, өздері салатын сурет немесе жапсыру іс –әрекетіне сәйкес алдын–ала бақылау жасап, оған жан–жақты талдау жасап алып, оны қалай салу керектігі жөнінде орындалу ретін айтып алу арқылы өз іс–әрекетінде бейнелей білуге үйренеді. Қарапайым тәжірибелер, жасап көріп осылардың негізінде пайымдау мен қорытынды жасауға үйренеді. Мысалы: бояу түстерін араластыру арқылы басқа түс алуға болатынын, бояуды үрлеу, кляксаграфия, майшаммен сурет салу, түрлі-түсті борлар мен көмір қарындаштарды пайдалану, сулау тәсілдерін қолдану, бояуды шашыратып сурет салу, жіппен сурет салу, бастырма әдісін пайдалану арқылы баланың ой қиялы дамып, өзінің қарапайым тәжірибелерінің нәтижесіне жетуге талпынады. Бейнелеу іс-әрекетінде дәстүрден тыс әдіс – тәсілдерді пайдалану да зерттеу жүргізуге және баланың ой-қиялын шарықтатуға, іс-әрекеттің нәтижесі сапалы болуына ықпал етеді
Ересектер мен мектепалды тобында – бейнелеу іс-әрекеті бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу әдістері. Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі зерттеу, үлкендердің жүргізген зерттеулері сияқты келесі кезеңдерден тұрады:
- зерттеу тақырыбын таңдау;
- пікірлерді іздеу және мүмкін нұсқаларды шешу;
- ақпараттарды жинау;
Оларды талдап қорыту;
Зерттеу кезіндегі ақпараттарды қорғауға дайындалу (хабарлау, әңгімелеу, көрнекілік, макет және т.б.
Қарапайым тәжірибелер мен зерттеу жүргізу әдіс – тәсілдері:
«Дербес ойлану». Бұл тақырыпта суретті қалай салуға болады? Қандай құралдарды пайдалану тиімді? Бояу түстерін таңдау. Қағаз бетіне қалай орналастыруға болады.
– «Басқа адамдардан сұраймыз». Сурет салу үшін ұсынылған тақырып туралы өзі не біледі, құрдастарынан, ата –аналарынан, іні, қарындастарынан, ата –әжелерінен сұрап мәліметтер жинақтайды. Сол зат жайында жалпы мағлұмат алу сурет салуға үлкен көмегін тиізеді.
«Кітаптардан қараймыз». Салатын суреттің тақырыбына сәйкес кітаптардағы суреттерді тәрбиеші топта, ата–аналары үйінде көрсетеді, бейненің сипаты, құрылымы, пішіні, кеңістікте орналауына, түр–түсіне көңіл бөледі. «Теледидардан қараймыз» (бейне таспадан қарау). Осы тақыпқа сай бағдарламаларды қарау және оның орындалу жолдарымен таныстыруға мән беру.
– «Эксперимент жасау». Бояуларды араластырып басқа түс алу, бояуларды шашыратып сурет салу, жіппен, майшаммен, саусақпен, бормен, ретуш қарындаштармен, үрлеу тәсілімен, монотопия тәсілімен сурет салып көрсету балалардың ой қиялын дамытуға ықпал етеді.
– «Компьютерден ақпарат алуға болады». Мұнда сурет салып, мүсін жасап, жапсыру іс–әрекетін қатысты суреттерді қарап, оның мазмұнына, эстетикалық әсемдігі мен көркемдік сұлулыған баса назар аударылады. Компьютерден көрген материалдар балаларадың есте сақтау қабілеттерін дамытып, сурет салуда зейінін шоғырландыруға, ойлануға, көз алдына елестетуге ықпал етеді. Бірақ, суреттерді ұзақ қарауға болмайды, 10-15 минөттен артық отыруға болмайды.
бақылау жаса, байқап қара.
Қылқалам шеберлерінің өнер туындыларын қарап көру, оның әсемдігі мен бояу түстері, мазмұны жайында қарапайым түсініктер қалыптастыру. Сәулет ғимараттары мен монументалды ескерткіштерге саяхаттар ұйымдастыру, жыл мезгілдерінің маусымдық өзгерістеріне сәйкес белгіленген орындарға саяхат жасап, бақылау жүргізу де табиғат көрнісін бейнелеуде баланың ой қиялын ұштап, бейнелеу іс– әрекетінде оны бере білуге көмектеседі. Бақылау жасау жаңа білімді алудың ең қызықты және лайықты, әдісі. Бақылауға арналған әртүрлі құралдарды пайдалануға болады:
Лупа, бинокль, телескоп, микроскоп, түнде көретін приборлар т.б. Дыбысты ажырататын құралдарды пайдалануға болады. Бақылау жасауда қандай құралдарды пайдаланатыныңды алдын – ала ойланып ал.
–«телефон арқылы достарыңнан, таныстарыңнан, туыстарыңнан сұрап, біл» Телефон арқылы сұрау да балалардың іс –әрекетке қызығушылығын оятып, жауапкершілік, ұқыптылыққа баулиды. Сол сияқты, үн таспалар тыңдау, іс– әрекет барысында баяу музыка ойнап тұруы да балалардың көркемдік тәрбиесіне ықпал етері сөзсіз.
Әдістердің таңдалуы тәрбиешінің шеберлігіне және нақты мүмкіншіліктерге тәуелді болады. Көбірек мүмкіншіліктер болса, анағұрлым бейнелеу іс–әрекетінде зерттеу жұмысы қызықты болады..
БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ САБАҚТАРЫНДАҒЫ БОЙ СЕРГІТУ СӘТІ
Баланың айнала қоршаған ортадан алған әсерлерін қабылдауы, оның жақсы қасиеттері мен заттың жалпы бейнесі туралы түсініктері негізінде қиялдау қабілеті, мінез-құлық ерекшеліктері, бояулардың, сызықтардың әсерлілігін игеруі, сурет салуы, мүсіндеуде, жапсыру мен құрастыруда ойлағандарын нақтылы түрде бейнелеуге бейімдейді. Соған сәйкес бала бейнелеу іс-әрекетімен шұғылданып отырғанда оған кедергі жасауға, көңілін аландатуға болмайды. Ал, белгіленген уақытта шаршағандық сезілсе, бой сергіту сәтін өткізу тиімді. Бірақ, өткізілетін сергіту сәті іс-әрекеттен, мазмұннан, сабақ тақырыбынан алшақ болмау керек. Керісінше, айналысып отырған істі бекітетін, тиянақтайтын, қайталап еске түсіретін, қимыл-қозғалыс жасау арқылы денесін, қол, аяқ, саусақ бұлшық еттерін икемге келтіру барысында баланың бастапқы ойы бұзылмай, бастаған жұмысын аяғына дейін аяқтап шығуға көмегін тигізетіндей жағдайға өткізілгені жөн. Сабақ тақырыптарына сәйкес жүргізілетін бірнеше бой сергіту сәттерінің мәтінін ұсынамыз.
Ерікті тақырыпта сурет салуда қолданылатын бой сергіту сәттеріне арналған жаттығулар:
а).Ал балалар тұрайық (орындарынан тұрады)
Алақанды ұрайық (алақан соғады)
Оңға қарай иіліп (қолын беліне қойып, оңға иілу)
Солға қарай иіліп (солға иілу)
Бір отырып, бір тұрып (қолды алға созып, отырып тұру)
Біз тынығып алайық еңкейін екі қолын сілкілеп, дем алып тыныстау)
ә). Орнымыздан тұрайық (орындарынан тұру)
Белімізді жазайық (қолдарын белге қойып, айналдыру)
Жоғары - төмен қарайық (бастарын көтеріп жоғары төмен қарау)
Оңға, оңға түзу тұр ( оңға екі рет қисаю, түзелу)
Солға, солға түзу тұр (солға екі рет қисаю, түзелу)
Бойымызға күш жинап (қолды жинақтақтан бүгіп иыққа әкелу)
Біз демалып қалайық (еңкейіп терең тыныстау)
Заттық тақырыптарды бейнелеу сәтінде:
Қылқаламды қояйық
Орнымыздан тұрайық,
Қолымызды созайық (алға, жанына созады)
Оңға қарай иіліп,
Солға қарай иіліп
Белімізді жазайық.
Айналаға қарайық,
Отырайық, тұрайық.
Біз тынығып алайық.
Тынығып біз болған соң,
Әсем сурет салайық.
БАЛАНЫҢ КӨРКЕМДІК ТАЛҒАМЫН ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАР АРҚЫЛЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Мектепке дейінгі кезеңде бейнелеу іс-әрекеті баланың жеке басының жан-жақты дамуына, айналадағы дүниені белсенді түрде тануына, алған әсерлерін сурет салуда, мүсіндеуде және қиып жапсыруда пайдалана білу қабілетін жетілдіруге жәрдемдеседі.
Бейнелеу өнері – эстетикалық тәрбиенің ең ықпалды және өзгермейтін басты құралы. Эстетикалық тәрбие барысында мына міндеттерді шешу қажет:
баланың эстетикалық қабылдауын, сезімі мен ұғымын, көркемдікті қабылдау қабілетін үздіксіз дамыту және талғамын қалыптастыру;
баланы өмірдің көңілді сәттерін сезе білуге, айналадағы әдістемеліктерді көре білуге, жағымды да сазды әуендерді тындай білуге және оларды сүйе білуге баулу;
Балабақша тәрбиеленушілері көркемөнердің барлық түрімен айналасуға өте қабілетті болып келеді. Бірақ олардың өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет. Мектеп жасына дейінгі балалар шындықты шынайы, пәк күйінде қабылдайды және оған барынша сенеді. Олар өте еліктегіш келеді: көргендер мен байқағандарын ойын барысында бейнелі түрде іске асырады. Ойын – бала үшін нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды зеректілікпен ұйымдастыра білсе, ол балаларға игі ықпал жасауға толық мүмкіндік алады. Сондықтан да бейнелеу өнеріне баулуда дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану балалардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірдегі әсемдік пен әдемілікке деген сүйіспеншілікке арттырады. Жақсыға сүйсіне білуге, жаманға жек көре қарауға, өнердің алуан түрін көріп, сезіп, тындау арқылы әсемдік атаулыны танып білу қабілетін қалыптастырады, рухани жан-дүниесін байытып, қиялын өрістетеді. Өмірдегі, өнердегі сұлулық туралы түсініктерін жетілдіріп, өз өлкесінің әсем табиғатымен, өз халқының өнеге боларлық әдет-ғұрпымен, ұлттық өнерін сүйіп кең түрде танысуына жол ашады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, бейнелеу өнерінің мүмкіндігі мол. Өйткені өз мәні жағынан бейнелеу өнерінің жанартушылық және жасампаздық сипаты бар.
Бала алған әсерлерін қайталауға, қиялындағы бейнелерді алуан түрлі материалдардың көмегімен біртіндеп бейнелі пішінде көрсетуге үйренеді. Бірақ балада тәжірибе жеткіліксіз болғандықтан, затты тек қарап көру арқылы ғана толық қабылдай алмайды. Сондықтан неғұрлым толық елестетуге мүмкіндік беретін сезім түйсігі мен басқа да түйсіну мүшелерін (көру, есту, сипап сезу, т.б.) белсенді түрде іске қосу қажет.
Балаларды көркемөнерге булудағы міндет – оларды заттар мен құбылыстарды жай ғана көшіруге емес, көркем заттар мен құбылыстарды әсерлі бейнелеуге бағыттау. Әсерлі, көркем бейнелеудің негізгі белгісі - әсерлі бейнелер жасау. Алайда бала суретте, мүсіндеуде, жапсыруда заттың өзіне тән қасиеттерін, пішінін, құрылысын, түсін беруге белгілі бір дәрежеде қабілетті болмайынша, сондай дәрежеге көтерілмейінше, бейне жасай алмайды. Салынған суреттің немесе жасалған пішіннің әсем де әсерлі болуы қолдың қимыл-қозғалысының жетілуі мен икемділік дағдыларының қалыптасуына тығыз байланысты. Соның нәтижесінде пайда болған айқын бейнелер балаларда жағымды көңіл күй және қанағаттану сезімін оятады. Орындалған жұмыстардың сәтті шығуы эстетикалық талғамның дамуына мүмкіндік жасайды. Адамдар жасаған заттардың өн бойында олардың еңбегі, өзара қарым-қатынастары көрініс табады. Адамдардың адам үшін, оның бақыты үшін жасаған өнер игіліктері әсемдік ретінде қабылданады. Сыртқы сұлулық заттың атқаратын негізгі қызметін сәйкес келген жағдадйда эстетикалық талғам мен адамгершілік қасиеттер үйлесім табады. Осы үйлесім үйлесім балаларға да түсініктірек болады.
Бейнелеу іс-әрекеті барысында тәрбиенің сенсорлық, ақыл-ой, эстетикалық, адамгершілік және еңбек пен дене тәрбиесінің алуан түрлі жақтары жүзеге асырылады. Бала ақыл-ой операцияларының негізінде өз жұмысының нәтижесін ойша елестетіп алып, содан кейін әрекет ете бастайды. Олар іс-әрекетке кірісер алдында өздерінде қалыптасқан түсініктердің негізінде ақыл-ойдың алға қойған міндеттірін шешу үшін оны жүзеге асырудың әдістерін іздестіреді. Осы әдіс-тәсілдерді балаға меңгертуде ойынның алатын орны ерекше. Тәрбиелеу барысында ойындық тәсілдерді қолдану баланың бейнелеу іс-әрекетіне бейімдеуде маңызы зор. Дидактикалық ойындар – тәрбиелеудің аса маңызды құралының бірі болғандықтан, ол балалар меңгерген дағдыларды бекіту немесе үйрету үшін ғана емес, сол алған білімдерін іс-әрекетте білуге, жұмыс барысындағы икемділік-дағдылармен қарулануға, ақыл-ойының дамуына, белсенділігінің артуына, өз бетінше әрекет етуіне жәрдемдеседі.
Дидактикалық ойынның маңызы:
дидактикалық ойын балалардың ақыл-ойына күш түсіретін міндеттерді, қызықты таапсырмаларды қиындықсыз орындауға мүмкіндік береді.
Дидактикалық ойын бүлдіршіндердің танымын қалыптастырады. Өйткені олар ойынды әр түрлі ойыншықтармен, заттармен, қосарлы суреттермен, кесінді үлгілермен ойнайды. Осындай ойын үстінде олар түстерді ажыратуға, пішінді, көлемді, заттардың ерекше белгісін, сипатын білуге және құрылым жасауға дағдыланады;
Ойын балалардың зейінін тұрақтандырады, есте сақтауын, іс-әрекетке икемділігін, қабілетін өсіріп, байқағыштығын арттырады;
Ойын үстінде бейнелеу өнерінің мәнерлеу құралдарын жеңіл меңгеріп, әсемдік пен сұлулықты сергек сезініп, көркемдік талғамы артады.
Дидактикалық ойындар арқылы жүргізілген жаттығулар мен қайталаулар баланы жалықтырмайды, өйткені олар біркелкі болмайды. Мұндай ойындар әр түрлі сипатта және түрлі мақсаттарға қолданылуы мүмкін. Дидактикалық ойын сәбилер тобында олардың іс әрекетке деген құмырлығын арттыру үшін қолданылады. Ал ересек балаларға шеберлер, зергерлер, суретшілер т.б. болып, тікелей өздері рөлге кіріп ойнау ұсынылады. Мұндай ойындық жағдай мазмұнды жұмыс тақырыптарында оқиғаның, әрекеттің дамуы түрінде (ретінде) пайдаланылады. Тақырыптың қойылуы тек бірқатар заттарды бейнелеуге ғана емес, оқиғалардың берілуіне қозғау салуға тиіс. Мазмұнды сурет салу мен мүсіндеу жұмысы кезінде дидктикалық ойынды алдын ала ойнау қиялын дамытып, бейнелеудің мәнерлеу құралдарын еркін менгеруге мүмкіндік тудырады. Дидактикалық ойында балалар ойын әрекетін белгілі бір құрылымдық жүйемен орындайды: баланың ой-ниеті, мазмұн, ойын әрекеттері, ережесі және нәтижесі. Ойында дидактикалық сипаттың болуы тәрбиелік міндетті алға қояды, оның мазмұны балалардың танымын жетілдіруге бағытталады. Дидактикалық ойындардың маңызы – баланың дербестігін және ойлау мен сөйлеу белсенділігін дамытатындығында. Оның арғы тегі ойынды өлеңмен, қимылмен ұштастыру негізінде көп нәрсеге үйрететін ойындар жасаған халық педагогикасында жатыр. Сол арқылы балалар өз халқының мәдени бай мұрасымен – сәндік қолданбалы өнер түрлері, көркемөнер туындыларымен танысады. Осы орайды көрнекті ғалым, этнограф, академик Ә.Марғұлан: «Қазақ халқы кілең ою-өрек дүниесінің ортасында өмір сүреді» дейді. Осы ою-өрнектер бойынша қазақтың қолданбалы өнеріндегі әсемдіктің үйлесуін түсіндіруде, заттардағы, тұтынатын бұйымдардағы өрнектерді, сәндік суреттерді көру кезінде ойын элементтерін енгізуге болады. Тәрбиеші өрнектегі біркелкі немесе біртектес элементтерді тауып, олар қалай аталатынын, қайталанып келуін көрсетуді, бірдей элементтердегі бірдей түстерді немесе бояудағы айырмашалақтарды атап айтуды ұсынады. Элементтердің қайталануы жөнінде, олардың дұрыс алмасып отыруы, пайдалануындағы алуан түрлілік туралы пікір білдіруге алып келеді. Мысалы: «түскиіз», «оюлы сырмақ», текемет», «өрнекті кілем», т.б. дидактикалық ойындар ұлттық тұтыну бұйымдары жөніндегі балалардың түсінігін толықтырып, ою-өрнектен белгілі бір құрылым жасау дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар баланың алдында қандай да бір құрылым жасау дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар баланың алдына қандай да бір міндеттер қойып, оны шешуге көңіл аударуды, зейін қоюды, ерік-жігер мен күшін жұмсауды, ережені ой елегінен өткізе білуді, іс-әрекеттердің жүйелігін, қиыншылықтарды жоюжолдарын қарастырады. Бұл ойындар балалардың түйсіну және қабылдау қабілетін дамытуға, сапасын өсіруге, білім мен икемділікті меңгерулеріне көмектеседі.
А.В. Запорожец дидактикалық ойындардың рөлін бағалай келіп, былай деп жазады: «Біз дидактикалық ойын жекелеген білімдер мен икемділіктерді игерудің формасы ғана болып қоймай, сонымен бірге баланың жалпы дамуына көмектесетін, оның түрлі қабілеттерін қалыптастыруға қызмет ететін болуына жетуіміз қажет». Дидактикалық ойын адамгершілік тәрбие міндеттерін шешуге, балалардың көпшіл болып өсуіне ықпал етеді. Тәрбиеші балалармен дидактикалық ойындарды ұйымдастыра отырып, ойын олардың жан-жақты дамуына, өз мінез-құлқын реттеуге, әділ де адал, кешірімді де талапшыл болуына игі ықпал ететіндей жағын қарастырады. Бұл ойындар қандай да бір міндетті шешудің үнемді және ұтымды тәсілдеріне үйртуге мүмкіндік береді. Дидактикалық ойындардың артықшылығы да осында.
Әр жас тобына сәйкес дидактикалық ойындарды ұйымдастыруға төмендегідей сипаттама беруге болады:
3 жастағы балалармен бейнелеу өнері бойынша арнайы ұйымдастырылатын дидактикалық ойындарға басшылық жасауда балалардың бейнелеу іс-әрекетіне бейімделудегі түсініктерін жетілдіру мақсаты көзделеді. Желімсіз жапсыруда (бастыру) қиылған бейнелерді кеңістікке орналастыру арқылы түстерді ажырату жөніндегі көлем, пішін жайындағы ұғымдарын тиянақтайды. Бейнелеу өнерінің мәнерлеу құралдарын меңгертуде икемділікке жаттықтырады.
Сәбилердің бірінші тобына арналған дидактикалық ойындардың ережесі:
а) тәрбиеші фланелографта дайын қиылған кескіндерді қозғалта отырып орналастырып көрсетеді;
ә) түр-түсіне, пішініне, кеңістікте орналасуына назар аударады;
б) балалар берілген тапсырмаларды тәрбиешінің нұсқауы бойынша орындайды;
в) тақырыптардың мазмұнына сәйкес талаптарды кейде түрлендіріп, кейде балалардың қабілетіне қарай жеңілдіктер жасап отырады.
«Қандай түс?» ойынын сәбилердің бірінші, екінші топтарында және естиярлар мен ересектер тобында да өткізуге болады. Жоғары топтарда ойынның тәрбиелік мәнін күрделендіре отырып ұйымдастыру үшін тәрбиешінің ізденуіне тура келеді. Мұнда қосымша түстерді қай негізгі түстерді бір-бірімен араластыру арқылы алуға болатыны сұралады. Бір-біріне жақын түстерді топтауға (қызыл, сарықызыл, алқызыл т.б.) тапсырмалар беруге болады. Түстерге байланысты ойыншықтар немесе үлгіні көрсетіп топтауға, әңгімелеуге бағыт беріледі. Кіші топтарда түсті заттың белгісі ретінде қарай отырып, қандай түспен ненің суретін салуға болатынын айтқызса, жоғары топтарда, мысалы: «Жасыл түсті бояумен неің суретін салуға болар еді? Көрсетші» деген сияқты сұрақ-тапсырма беріледі. Бала тікелей суретін салып көрсетеді. Іс-әрекетке бағыттауға арналған көрнекілік-жолақша орнына кез келген түстерді көре алатындай заттар: түрлі түсті сақиналар, таяқшалар, қарындаштар, орамалдар, жалаушалар, т.б. қолдануға болады. Ойын барысында балалардың ынталы, зейінді болуын қадағалап, көңіл күй өзгерістерінің (қуану, ренжу, шаттану, қанағаттану, т.б.) пайда болуына да ықпал еткен дұрыс. Осы әрекетке байланысты жоғары топтың балаларына бос уақыттарында өзі жақсы көретін адамдарының, жолдастарының ойыншықтарының, т.б. суретін салуды ұсына отырып, түсті баланың психикалық көңіл күйіне байланысты қалай қабылдайтынын анықтау керек.
«Кім тез жинайды?» ойынын ұйымдастыру барысында балалардың сурет арқылы қабылдауын, заттың түр-түсін, пішінін, көлемін бейнелеудегі шеберліктерін жетілдіру үшін дербес әрекет етуге дағдыландыру қажет. Бұл ойында бейнелеудің әсерлі құралдарының бірі – сөздік әдістерді тиімді пайдаланып, балалардың байланыстырып сөйлеуін, сөздік қорын дамыта отырып, сипаттап айтып бере білуге баулу мақсаты көзделеді. Көкөністер мен жемістердің суретін салуда дөңгелек, сопақша пішіндерді көз мөлшермен бере білуге үйретіледі.
«Моншақтарды тіземіз» ойынында топ бөлмесінде қағаздан қиылған ұсақ дөңгелектермен қағаз бетінде кеңістікті дұрыс бағдарлауды үйренсе, жазғы уақытта далада табиғи материалдармен ойнауды ұсынуға болады. Оған өсімдіктердің гүлдері, бүрлері, түсіп қалған түйіндер, ұсақ тастар алынып, олар жерге моншақ етіп тізіледі, немесе жерге, құмға, қыста қардың бетіне таяқшамен «моншақ тізіп» жаттығады. Ойын кезінде балалардың еркін, дербес әрекет етуіне мүмкіндіктер туғызып отыру қажет.
«Біздің ыдыстарымыз». Балалардың алған білімдері мен икемділіктерін бекіту мақсатында тәрбие жұмыстарына сәйкес басқа пішіндерді де пайдалануға болады. Сәбилердің екінші тобы мен естиялар тобында қарапайым жеңіл міндеттерді шешу көзделеді де, ересектер мен даярлық топтарында ол күрделенеді. Мұндайда ұқсас пішінді заттар, ұлттық тұтыну бұйымдарының кескіндері, т.б. алынады. Ойынды тақтада әр баланы жеке-жеке шақырып, тапсырманы орындауға немесе әр балаға үстел үстінде өз беттерінше құрап көрсетулеріне мүмкіндік жасау тәрбиешінің қалауы мен балалардың қабілетіне байланысты ұйымдастырылады.
«Бейнені құрастыр». Сәбилердің бірінші тобында «Бұл неге ұқсайды?» ойынының міндеттерін меңгергеннен кейін екінші сәбилер тобында «Бейнені құрастыр» деген атпен ойын мазмұны жағынан балалардың жас ерекшелігіне сәйкес тәрбиеші тарапынан күрделендіре өткізіледі. Балалардың ойлау, қиялын дамыту мақсатын көздей отырып, барлық геометриялық фигураларды қатыстыру арқылы мынадай бейнелерді құрауға болады: дөңгелектер мен жіңішке жақтардан гүл, шар, бақ-бақ, ұшақтар, үлкен-кіші дөңгелектерден аққала, жатпайтын қуыршақ, мұнаралар, жарты дөңгелектен доп, шар, кесе, әр түрлі пішіндерден қайық, шелек, табақ, үшбұрыштардан мұнара, ракета, шырша, т.б. ересектер мен мектепке даярлық топтарында құрастырған бейненің бөліктерін өзгерту арқылы басқа бейне құратуға түр-түсіне қарай нақты бейнені беруді талап етуге болады. Түрлі түсті фигуралардан ұлттық ою-өрнек құрауды ұсыну да – тиімді тәсіл.
«Әдемі гүлдер». Балалардың эстетикалық талғамын арттыруға, әсемдікті, сұлулықты сезінуге тәрбиелеуде тәрбиеші олардың алған білім, дағдыларын бекіте, жетілдіре отырып, өз ойларын іс-әрекет барысында бейнелеп көрсете білу дағдыларын қалыптастырады. Ұжымдық жұмыс ретінде жалпылама ұйымдастырып, ойын барысында белсенділік көрсете алмаған балаларға жеке тапсырма береді. Ұсқ қиындыларды көп мөлшерде беріп, өз еркімен жұмыс істеуге баулиды. Гүлдер жайындағы түсініктерін жетілдіру мақсатында кім көп өлең-тақпақтар, жұмбақтар білетінін сұрап, сөздік ойындармен ұштастырады. (26-сурет)
«Сынарын тап». Мақсаты – ойын барысында балалардың қызығушылығын, ынта ықыласын туғыза отырып, тапсырманы орындауда зейінділікке, ұқыптылыққа баулу. Мұнда аяқ киімдерді барлық балаға бір-бірден таратып беріп, әркім өз аяқ киімінің сынарын тауып, қасына қоюын тлап етеді. Бұл ойынды тәрбиеші басқаша етіп өткізуіне де болады. Тек ескертетін жайт: ойында қозғалыс болуы әрі ол ойлануға мүмкіндік туғызуы қажет.
Ойын барысында ұлттық ою-өрнектердің элементтерін түр-түсіне, орналасуына қарай ажырата білу дағдылары қалыптастырылады. Іс әрекетте белсенділікке баулиды.
«Түс танда». Бұл ойынды жаңа тақырыпты бекіту, білім, дағдыларды жетілдіру мақстымен балалардың бос уақыттарында өткізуге болады. Ересек және мектепке даярлық топтарында бағдарлама талаптарына сай әр түрлі тақырыптар тәрбие мазмұнына байланысты алынады. Мысалы, ұлттық ою-өрнек элементтерін қамтитын «қошқар мүйіз», «құс қанаты», «гүл қауызы», «құс тұмсық», т.б. бейнелі суреттерді де пайдаланып сурет салуға жаттықтырады. Егер заттардың бейнесі берілетін болса, дене бөліктері қандай пішінге ұқсайтыны және кеңістікте қалай орналастыру керектігі түсіндіріледі. Мысалы, көлік түрлерін салуда қорабы тік төртбұрыш, терезесі шағын көлемдегі тік төртбұрыш немесе шаршы, доңғалақтары дөңгелек пішінді болатынын айта отырып, бояу түстерін үйлесімді таңдап, бейненің суретін салуды үйренеді. Тапсырма мазмұны балалардың қабілетіне және икемділік дағдыларын қаншалықты меңгергеніне байланысты біртіндеп күрделеніп отырады. Бейнелеу іс-әрекеті кезінде балалардың ой қиялын дамыту, қабілеттілігін жетілдіру, шығармашылық белснділігін арттыру міндеттері тәрбиешінің басты назарына болуы қажет.
«Оюлы сырмақ». Ойынды ересектер мен даярлық топтарында ұйымдастыра отырып, балаларды қазақ халқынын көркемдік мәдениеті және оның адам өміріндегі мәні туралы түсініктерін дамытуға, тұтынатын бұйымдар жөніндегі білімдерін жетілдіріп, оларды ойландыруға, дербес әрекет етуге бағыттау қажет.
Айналадағы заттар мен құбылыстарды эстетикалық тұрғыдан қабылдай білуге баулуда оларға берілетін көрнекіліктердің тиімді әрі сапалы болуына көңіл бөлу міндеті қойылады. Жұмыс барысында тәрбиеші балаларды есте сақтауға, көзбен мөлшерлеуге, байқампаздыққа, бояу түстерінің үйлесімін, кеңістікте бағдарлай білуді бейнелеу өнері жұмыстарында мәнерлі өрнек құрауға пайдалана білуге үйретеді.
«Өрнекті кілем». Құрастыру арқылы балалардың кеңістікті бағдарлай білуін, желімдеп жапсырудағы шығармашылық белсенділігін арттыру үшін ою-өрнек элементтерін түр-түсіне, мән-мазмұнына қарай орналастыра білу дағдыларын қалыптастыруда тәрбиеші бірнеше элементтерді: «гүл қауызы», «қызғалдақ», қошқар мүйіз», «құс қанаты», т.б. түзу және көлденең сызықтар жүргізу арқылы немесе басқа түспен ортаңғы бөлігінің ерекшелігін ашып бере білуді үйретеді. Ұлттық тұтыну бұйымдары туралы түсініктерін толықтырады.
«Текемет өрнегі қандай?». Бұл ойынды ұйымдастырмас бұрын тәрбиеші дербес көркемөнер бұрышындағы тұтыну бұйымдарын көрсетіп таныстырады. Ата-ана баласы үйге барғанда сырмақ пен текеметті көрсетіп, түр-түсіне, ою-өрнегінің орналасу ретіне мән бере қарап, бақылау жасауын тапсырады (сурет арқылы көрсету). Егер тапсырманы орындау балаларға жеңілдік туғызса, ою-өрнек арасына жіңішке жолақша сызықтар жүргізіп, өрнектің айқындығын аша түсуге бағыт беру қажет. өрнек құрау қиындық туғызса, алдымен қиылған ою-өрнекті сурет дәптер бетіне тігінен қойып, екі бөлігін жеке-жеке құрастырып, бір-біріне жақындастырып қояды. Жұмыс барысында балалардың іс-әрекетке ынта-ықыласын тудыра отырып, ою-өрнек элементтерінің атауларын, түр-түсін, кеңістікте құрыс орналасуын бақылатады. (25-сурет).
Сәбилердің екінші тобы мен естиярлар тобында түскиізді өрнектеу кезінде оны ою-өрнек түсіне және негізгі түске (фонға)мән бере отырып құрайды. Ал ересектер мен даярлық топтарында арнайы берілген астарлық қағазға шеттерін түс үйлесімін таба отырып құрап, ортасын ұсақ бөлшектермен әшекейлеу ұсынылады. Фланелографта жапсырып құрау жұмысын ұжымдық түрде де, әр балаға жеке орындатуға да болады. Мұнда жұмыс тәрбиешінің алға қойған міндеттері мен балалардың қабілеті және іс-әрекетке бейімділігі ескеріле отырып ұйымдастырылады.
«Шапан тарту». Ойынның мақсаты: балалардың іс-әрекетте белсенділігін арттыру, ұлттық салт-дәстүр жөніндегі түсініктерін тиянақтау.
Ойынды күннің бірінші жартысында топ бөлмесінде ұйымдастырған тиімді. Балалардың бейнелеу іс-әрекетіндегі бұрын орындалған жұмыстарын пайдалану олардың өз еңбектерінің нәтижесін көруге деген ынта-ықыласын оятады. Егер ойынды тәрбиеші шебер ұйымдастырса, балалардың шығармашылық белсенділігін арттыруға, қабілетін дамытуға зор мүмкіндік табады. Ойын барысында балалар өздері жақсы көретін адамдарына: шешесіне, әжесіне, атасына, әкесіне, т.б. қолдан тарту-сыйлықтар әзірлеуге үйренеді. Ұлттық киімдерден: бас киімдерді (сәукеле, тақия, тымақ, т.б.) бешпет, аяқ киім түрлерін, зергерлік бұйымдарды әшекейлеуге дағдыланады.
Ойынды жазғы уақытта күнқалқаларда (беседка) түстен кейін ойнау ұсынылады. Қажетті көрнекіліктерді сыртқа алып шығып, «шапан», «бешпет», т.б. элементтерінің өрнектерін бірлесе отырып дайындап алып, содан кейін рөлдік ойынды ойнауға көшіріледі.
«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ
БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды өнер әлеміне баулу, эстетикалық талғамын, шығармашылық құзыреттілігі мен қиялдау қабілетін дамыту, жан құбылысын, сезімі мен ойын көркем түрде жеткізе білу талпынысын жетілдіру.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері арқылы жүзеге асады:
-сурет салу;
- мүсіндеу;
- жапсыру;
- музыка.
Сурет салу
Бейнелеу өнерінің мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың шығармашылық құзыреттілігінің қалыптастыру міндеттеріне сәйкес бейнелеу өнерінің мазмұнын толықтыру, сурет салудың барлық түрлеріндегі іскерліктерін жетілдіру, бейнеленетін бейнелерді түсіну қабілеттерін тәрбиелеу мен эстетикалық сезімдерін қалыптастыру.
Бейнелеу өнерінің міндеттері:
- заттар мен қоршаған ортадағы құбылыстарды түсінуі мен затқа қарап, пішінін, заттардың қатынасын, бөліктерінің орналасуы мен түсін бейнелеу тәсілдеріне үйретуді жалғастыру;
- қиялын, байқағыштығы мен әлемді бейнелі қабылдауын дамыту;
- бейнелеу өнерінің техникаларын, іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырып, сурет салу барысында дұрыс отыру, қылқаламмен және қарындашпен жұмыс істеу дағдыларын бекіту;
- бейнелеу өнерінің материалдары мен құралдарының қасиеттерімен таныстыру: гуашь және су бояулар, жай, түсті, көмір қарындаштары, ақ, түсті және боялған қағаздар;
- іс-әрекет мәдениетіне тәрбиелеу, ынтымақтастық дағдыларын қалыптастыру, ұжыммен жұмыс істеуге үйрету;
- балалардың аналитикалық-синтетикалық қабілеттерін дамыту: қойылған міндеттерге сәйкес өз жұмысының нәтижесін бағалай білу іскерлігі.
Бейнелеу өнерінің мазмұны:
Затқа қарап сурет салу
Балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, күрделі емес ойыншықтар сұлбасын өздеріне тән ерекшеліктерін сақтай отырып салуға үйрету.
Пішіндер (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш) туралы білімдеріне сүйене отырып негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне (қызыл, қызылсары, сары, жасыл, көк, күлгін, қоңыр, қара, ақ және олардың реңктері) сүйене отырып заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету. Акварельмен жұмыс істеу тәртібімен, бояудың қажетті қоюлығын алу үшін акварель бояуын су тақтайшасында сумен араластыра білуге үйрету, бояуларды араластыруға, колоритті беру үшін бояулардың үйлесімділігі мен қағаздың түсін таңдаумен таныстыру, заттардың шынайы түстері мен бейнелетін затқа өзінің қарым-қатынасын қолдана білуге үйрету.
Бірнеше біркелкі заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін (үлкен және кішкентай үйлер, ағаштар, көкөністер, жануарлар мен олардың төлдері және т.б.) жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.
Түрлі жануарларға тән ерекшеліктерді байқау және олардың суреттерін сала білу іскерліктерін қалыптастыру. Жануарлардың бейнелерін жеңіл қозғалыстар мен қалыптарды бейнелеу арқылы мәнерлі бере білуге үйрету. Балаларға жүн мен қауырсынға тән бейнелерді келесі тәсілдер: түрлі штрихтар, түрлі басулар, қатты қылқаламмен, тушь арқылы сала білуге үйрету. Қажетті түсті алу үшін қарындашты әртүрлі басып қолдануға, қарындашпен жеңіл контурларды салуға үйрету.
Құстардың сыртқы бейнесі, барлық құстардың сыртқы ерекшеліктеріне қарамастан құрылымы жағынан ұқсастығы, пішіні мен бөліктерінің шамаларынан жалпы түсініктерін қалыптастыру. Суретте түрлі құстарға тән ерекшеліктерін бере білуге үйрету.
Суретте адамның қарапайым қимылдарын, қозғалу барысындағы қол мен аяқтарының қалыптарын бере білуге үйрету.
Серуен кезінде байқағандары бойынша ағаштарды, үйлерді, трамвай мен автобустарды және мереке күндерінен, қарапайым табиғат суреттерінен алған әсерлерін салғызу.
Ағаштардың бұтақтары (қызыл тал, шырша, мимоза, терек), жапырақты немесе гүлдеген бұталарға, кейбір дала және бақша гүлдеріне (түймедақ, бақбақ, қызғалдақ, лалагүл) қарап сурет салу.
Сәндік сурет салу
Қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, шаршы) өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Дөңгелектерде, розеталарда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы мен жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді құрастыру. Пішіндері мен түстері әртүрлі 2-3 элементті алмастырып, ақ және түрлі-түсті фондарды қалауынша қолдану. Геометриялық пішіндер мен өсімдік элементтерінен өрнектерді ырғақпен орналастыруға үйрету (шеңберлер, үшбұрыштар, ирек сызықтар, жуан және жіңішке сызықтар, жағыстар, нүктелер, гүлдер, жидектер, жапырақтар және т.б.).
Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды (графитті және түсті), бояуларды (гуашь, акварель) қолдануды үйрету.
Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу.Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.
Бояумен сурет салу барысында қылқаламды бояуға жақсы сіңіру қажет. Қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі, қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануда (жапырақтар мен гүлдерді салу), қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.
Түрлі халықтардың қолданбалы өнеріне тән өрнектердің элементтерімен және түстердің үйлесімділіктерімен таныстыру. Қазақ мәдениетіндегі зергерлік, ағашты ойып, өрнектеу, киімге кестелеп және алтынмен тігу өнерлері туралы түсінік беру. Табиғат күйлері, гүлдер, қауыздар, төселіп жатқан өркендер мен дәндердің қазақтың әшекей өнеріндегі киіз басу, кілем тоқу, тоқыма заттарында кездесетінін атап өту.
Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың «Ілгек», «Жұлдыз» өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білуге үйрету. Қазақтың оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Қазақ оюларының элементтерін құрастыру: имек және доға пішіндерінен құрастырылған «Қызғалдақ гүлі», «Қойдың ізі», «Құстың қанаты» өрнектерін сұлбаларға орналастыру. Қазақ оюларына тән түрлі түстердің үйлесіміне құрылған тапсырмаларды орындау, таныс элементтерден композициялар құрастыру, ұжымдық жұмыстарды орындау.
Орамалдарды, сулықтарды, сүлгілерді ұлттық сәнді маталардың желісімен суреттерді салу барысында іскерліктері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктер туғызу. Элементтерді кезектестіру арқылы маталарға өрнектер құрастыру (жолақша, торлы өрнек, ірі және кіші пішіндерді 2-3 элементті кезектестіру арқылы бүкіл парақты толықтыру) іскерліктерін дамыту.
Қазақ ою-өрнектерінің сипаты (арқар мүйіз, сонымен қатар, бес бейнелік пішіндер, қиықтар) мен оның үйлесімділігін бере отырып, жапсырылған және қатырма қағаздан жасалынған көлемді пішіндерді (қораптар, бокалдар және т.б.) безендіру. Заттарды балалардың ойынша безендіру.
Гжель ыдыстарымен таныстыру. Гжель суреттеріне тән жиектемелермен, гүлдермен және жапырақтармен шыны аяқтарды, табақтарды, шәйнектерді, қант салғыштарды (жапсырылған заттар немесе қағаздан қиылған сұлбалар) әшекейлеу.
Дымков ойыншықтарымен (аттар, лақтар, шелектер), ағаштағы ас тақтайшалары, панно, сәнді табақтарды городец көркем суретімен таныстыру. Ұжымда жұмыс істеуге, халық шеберлерінің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.
Сюжетті сурет салу
Бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін (табиғат суреттері, қоршаған ортадағы оқиғалар, мерекелер, адамдардың еңбегі, ертегі, әңгіме, өлең, әндер мен мазақтамалардың сюжеттері) бейнелей білуге үйрету.
Қазақ халқының өмірін, тұрмысын, еңбегін білдіретін қазақтың ертегілері мен аңыздарының желісімен суреттер салу («Қаңбақ шал», «Ақсақ құлан» және т.б.). Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарын бейнелеуге үйрету. Кейіпкерлердің әрекеттерін бейнелеу. Қарапайым психологиялық сипаттамаларын құру, заттардың кеңістікте бір-біріне жақын, бірге және т.б. орналасуын бере білу.
Суреттегі түстік қатынастарды жеке шешуге: табиғат пен ұлттық өнердің орнын қарама-қарсы және үйлесімді байланыстарына еліктеп бояуларын таңдауға, жыл мезгілдерін, тәулік уақытын, әрекеттердің орнын түстермен бейнелеуде өзінің қатынасын бере білуге, бұлыңғыр немесе шуақты күнді, мерекелік от шашу, кешкі өзендегі жарығы жанған кеме және т.б. қағаздың түсіне сәйкес бояуларды таңдауға үйрету, түстердің қарама-қарсы және пастелді гаммаларын қолдану.
Бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға (жақын, алыс) орналастыру іскерліктерін қалыптастыру. Қағаздың төменгі жолақшасына жердегі заттарды, жоғарғы бөлігіне жоғарыдағы заттарды орналастырып кеңістіктік қатынасын бере білуге үйрету.
Ойдан салу және ұжымдық жұмыстарды қолдану.
Балаларды өнермен таныстыру
Балаларды бейнелеу өнер түрлерімен (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) таныстыруды жалғастыру. Кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), портреттермен, пейзаждармен таныстыру. Суретшінің әр жыл мезгілінде (алтын күздің көп түстілігі мен көктемнің тұнықтығын) табиғат сұлулығын қалай көрсеткенін сезіне білуге үйрету. Шығарманың мазмұнын көріп, түсінумен қатар, суретшінің табиғатты суреттей отырып, нені жеткізгісі келгендігін (қуаныш, қайғы) қандай әсерлендіргіш құралдар пайдаланғандығын түсіне білуге үйрету. Портреттік кескіндемемен танысу барысында суретші адамның көңіл күйін қалай беріп тұрғандығына назар аудару. Балалардың шығармаларды қарау барысында бейнеленген құбылыстарды сезіну, суретшінің жеткізбек ойын түсіне білу қабілеттерін қалыптастыру. Мысалы, жазғы таңның сұлулығынан қуанышты көңіл-күй сезіну (И. Шишкин «Қарағайлы ормандағы таң»), қоршаған орта мен жасампаз еңбек туралы (Ә. Қастеев «Қызыл үй»), қыздың ерке көңіл-күйі (И. Репин «Инелік»), бұлтты аспан мен қураған шөптің мұңды көңіл-күйі (В. Серов «Қазан»).
Аңдар бейнесін мейіріммен жылы қабылдауға үйрету (Е. Чарушин «Бұғының бұзауы», «Сәбізі бар қоян»). Бөлме ішінде өнер туындыларын орналастыру әсемдігіне көңіл бөлуге үйрету.
Қазақ халқының ұлттық өнер туындыларымен, әшекей бұйымдарымен, тұрмыстық заттарымен, ат әбзелдерімен, киім-кешегімен таныстыру. Ұлттық ойыншықтар мен әшекейлер туралы (тәрбиешінің қалауымен) түсінік беру. Шағын бейнелерді мүсіндеу (құстардың, балықтардың, жануарлар мен адамдардың) туралы түсініктерін кеңейтуді жалғастыру. Бейнені жасауда суретшінің қандай әсерлендіргіш құралдарын қолданғандығын көре білуге, бейненің мінез-құлқын анықтай білуге үйрету. Мүсінді тұғырда айналдырып, жан-жағынан анықтап қарауға үйрету. Әр түрлі материалдардан (фарфор, сүйек, керамика, ағаш, шойын, шыны, т.б.) жасалған мүсіндермен таныстырып, бұл мүсіншінің қолынан шыққан туынды екендігін әңгімелеу. Жұмыс үстіндегі мүсіншінің суретін көрсету. Мысалы: М.В. Нестеровтің «Мүсінші Вера Игнатъевна Мухинаның портреті». Мүсіндеу құралдарымен таныстыру: «Бүркіт» (ағаш), «Көжек» (фарфор). Көлемдік пішініне, қалыбына, ырғағы мен материалына көңіл аудару. Суретшінің мүсіндік портрет құралдарын қолдана отырып кейіпкердің мінез-құлқын түсінуге үйрету (даналық, ерлік, ананың қайсарлылығы). Ұлы Отан соғысының батыры Н. Әбдіровтың анасының бейнесімен таныстыру (А. Ғалымбаеваның «Батыр анасы»). Ұлттық музыка аспаптары: домбыра, қобыз, жетіген, шаңқобыз, қылқобыз, т.б. таныстыру. Балаларды балаларға арналған кітаптарын безендіру құралдарымен таныстыру. (В. Конашевичтің балаларға арналған кітабына А.С. Пушкиннің «Балықшы мен балық туралы ертегісі», С.А. Михалковтың «Сізде не бар?» шығармасына А. Пахомованың иллюстрациялары. Балалар кітаптарының қазақстандық суретшілері: график К. Пак, суретші К. Каметов, қазақтың ұлттық эпосы мен ертегілерінің суретшісі Е. Сидоркин.)
Қауырсынмен, қарындашпен, акварельмен орындалған суреттердің айқындылығы мен кітапты безендірудің ерекшеліктерін (суреттердің мәтінге сәйкестілігі, мұқаба, титул парағы, басы, соңы) ескеруге үйрету.
Достарыңызбен бөлісу: |