Қазтуған жырау өлеңдерінің, толғауларының көп ғасырлық өнер мектебі мен əдеби үлгі ретінде санамыздан орын алуы
Сүйінішұлы Қазтуған жырау артына қазақтардың əскери рухын, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырған. Олардың көпшілігі сақталмаған. Біздің заманымызға Қазтуған мұрасының жүзден бір бөлігі ғана жетті деуге болады. Бірақ соның өзі жыраудың шығармашылығы жайынан, сол алма-ғайып кезең тынысынан біршама мағлұмат бере алады. Үзінді күйінде жеткен «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» жəне «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы» деп аталатын толғаулары Қазтуғанның қазақ əдебиеті тарихынан өзіндік орын алуына негіз бола алды. Жырау толғауларын алғаш рет Ғабдолла Мұштақ «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» атты жинақта топтастырды. Кейіннен толғаулары «Ертедегі əдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарық көрген [2; 59]. Ұлы жыраудың қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тəсілдерінің байлығы мен əсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дəрежеде əрі өзіндік сипатқа толы болғанын танытады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға суарылған, афористік толғаныс, көркем тіркестерге бай төменде келтірілген Қазтуған жырлары əлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болган:
Асан Қайғының, Қазтуғанның, Доспамбеттің, Шалкиіздің, Жиембеттің, Марғасқаның, Ақтамбердінің, Тəтіқараның, Үмбетейдің, Бұқардың толғауларында қазақтың ата мекендері шығармалардың тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік əр түрлі ерекшеліктеріне орай жырланады. Жыраулар поэзиясындағы жер-су атауларының ішінде Алтын Орда мемлекеті дəуіріндегі қазақ халқының иеленген мекендері сағынышпен, қимастық сезіммен жырланады. Атап айтканда, Еділ, Жайық, Сырдария, Қара Ертіс өзендері, Азау (Азов) теңізі, Түркістан, Ташкент қалалары жəне т.б. мекендер жыр арқауының негізін құрайды.
Қазақ елінің мемлекеттілігін, ежелгі ата жұртын мəңгілік мақтанышпен, асқақ сезіммен жырлау —
жыраулар поэзиясында қалыптасқан ұлттық болмысымыздың нақты көрінісі.
Бұл Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты туған жермен қоштасу жырынан ерекше байқалады [1; 12, 13]:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұСүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт!
Бұл жолдарда оқырманын баурап алатын ерекше бір күш бар сияқты. Аңдап қарасақ, өзгеше ештеңе де жоқ, қарапайым сөз тіркестері. Алайда осы қарапайым сөздердің өзінде адамды елітер, ерітер қаншама сезім жатыр десеңізші! [5].
Қазтуғанның «Бұдырайған екі шекелі...» толғауы жыраулық поэзиядағы басқа толғаулардан оқшауланып тұратын көркемдік өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Жырау өзін таныстыру монологы арқылы шағын толғауға қаймықпас қайсар «мұздай үлкен көбелі» батыр, «қойдың көсемі» іспетті елін соңына ерте білер басшы, халықты аузына қаратып, қара қылды қақ жарғызатын ділмар шешеннің жиынтық бейнесін сыйғыза білген [1; 12]:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы.
Билер отты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы...
Көлемі жағынан аз ғана осы жыр үзіндісінің өзі Қазтуғаннан кейінгі ақындар мен жыраулар шығармашылығына үлкен ықпал етті. Нақыл, мақал-мəтел үлгісіндегі жыраудың терең толғанысты ой үрдістері қазақ поэзиясына үлкен таусылмас қазына болды.
Қазтуған Сүйінішұлы бұл жырды мақтан үшін айтпаған. Жырдың ішіне түсіп ден қойса, өкініш дүмпуінен лықсып шыққан өксік екенін аңғаруға болады. Себебі ойдың легі «Мен бұрын қандай едім?» дегендей, өткен шақпен арттағы күндерін көбірек көлденең тартады. Қазтуғанды өксіткен өкініш: кіндік қаны тамған атамекеннің артта қалуы, арман-аңсары біртұтас ноғай мен қазақ жұртының айырылысуы.
Данышпан жырау «Белгілі биік көк сеңгір» атты толғауында хас батырларға тəн қажыр- қайратын ұштап, намысын қайрап, нағыз жырауларша елге дем беріп, рухтандыра түседі. Ол таудың əдемі көріністерін жырлап, адам туралы ойларға көшеді [1; 12, 13]:
Белгілі биік көк сеңгір
Басынан қарға ұшырмас,
Ер қарауыл қарар деп,
Алыстан қара шалар деп;
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп!
Осынау өлеңде қаншама терең ғақлия, өр рух бар десеңізші!
Қазтуған жырларында оның ақындық ерлігі мен шырқау биігін көрсетер тұс — ол жырды кім шығарғанын нақтылы дəлелдейтін [1; 12]:
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кəуірдің
Арасын өтіп, бұзып дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған, —
деген жолдар арқылы қазақтың Ноғайлы дəуіріндегі төл əдебиетінің жаңа белесінің бір қырын аңғартады. Өз шығармаларын ауызша шығарып таратқан Қазтуған сияқты дүлдүл жырау өз есімін жырларында ерекше атап өту арқылы авторлығына дау тудырмайтын амалды сол заманда-ақ білдіргендей [6].
Бұл туындыда келтірілген жолдардан елеулі эпитет, маңызды метафоралармен бірге, батырдың биік тұлғасы, жорық жолдары, өжеттігі мен өр мінезі де қатар көрініп тұр.
Қазтуған жырлары — əуенді, дыбысты, ырғақты, күшті поэзия. Мысалы, дауысты «а» дыбысын қатар қолданып, аңырата сөз тастау тыңдаушыға əсерлі, құлаққа жағымды [1; 13]:
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп;
Ақ дария толқын күшейтер,
Құйрығын күн шалмаған балығым,
Ортамнан ойран салар деп.
Немесе [1; 14]:
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер.
Жатып қалған бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер.
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең.
Жоғарыдағы өлеңнің шумағы 3 жолдан тұрады. Ақын 5 жолды өлең шумағын да жиі қолданған. Əрбір сөз, əрбір жол өз орнында. Қазтуған өзіне тəн теңеу, метафоралар қолданады. Қатарынан «ж» əрпінен басталатын ұзақ шумақты өлеңнің балама сөздері жер-қоныс құнарлығын өте айқын танытады [7; 124].
Сонымен, Қазтуғанның ақындық өнері қуатты, мəнді. Оның жырларын, толғауларын оқығанда қара домбыраның қағысын, ат тұяғының дүбірін, жердің дүрсілін, жел тұрғандағы шөптің тербелуін, киіз үй есігінің сықырлап ашылуын, жебенің суылын естігендей боласың.
Орта ғасырлық тұлғалар сияқты Қазтуған да əрі батыр, əрі ақын, əрі күйші, əрі би, əрі шешен.
Сегіз қырлы, бір сырлы.
Достарыңызбен бөлісу: |