Үш анық 1-ші анық: Ар-ұждан,ақыл-ой,өлім 2-ші анық: жан туралы,сана-сезім
3-ші анық:
ойшылдық пен даналық
Кіріспе
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» атты фәлсафалық трактаты – отандық, гуманитарлық білім жүйесінде ерекше орын алатын шығарма. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» еңбегін жазуға ересен даярлықпен келген. Қазіргі біз білетін авторлардың еңбектерімен таныс болып қана қоймай, оларға талдау жасаған. Ол сол замандағы сөздіктермен энциклопедиялық еңбектерді пайда¬ланған. Оның үстіне айтарым, Шәкәрім араб, парсы, түрік, тілдеріндегі шығар¬малармен таныс болған.Бұл тұста тағы бір ескертетін жайт, Шәкәрім үшін ғалымның атағы, оның кең танымалдығы басты мәселе емес, оның шындыққа жақындығы ғана қызықтырған. Ол «Үш анықта» бірде-бір автордың ығына жығылып, оның насихатшысына айналмаған. Шәкәрім сыншыл. Ол адамзаттың сонау Пифагор дәуірінен адасқандарына еш күмән келтірмейді. Біздің атақты деп жүргендеріміздің дені адасушылар. Біразы адасып жүріп жол табушылар, ал бір парасы адамзатты одан әрі адастырушылар. Білемін деп білмей сөйлеушілер, түсінемін деп түсініксіз кітап жазушылар. Жаратушының алғашқы білімін қиратушылар. Ақылдымын дегендер менмендікке салынып, адамзаттың алдағы замандарда ашар есіктерін жаптырушылар.Шәкәрім осылардың бәрін білім, өзінің сау ақылына салып саралаған, сөйтіп өзінің кемел түйінін – «Үш анықты» баян еткен.
Неге Шәкәрім еңбегін «Үш анық» деп атаған. Сонда «анық» дегеніміз не? ХІХ жүз жылдықтың аяқ шенінде дүние өздігінен, жаратушы ие жоқ деген жол тұйыққа тірелді. Сол кезде позитивизм деген ағым пайда болды. Шәкәрім позитивизмді қазақшаға «анық» деп аударған. Ұтымды аударма. Сонда не анық? Көзбен көріп, қолмен ұстап, құлақпен естіген анық па, әлде анық сыры өзгерісте ме? Өзгеріс анық, бірақ көзбен көріп тұрғаның анық па? Шәкәрім Контты сынайды: «Адамда жаралыс жолынан жоғары бір қуат барлығын сезетіндік бар болғандықтан, күн сайын бұрын сыры білінбеген нәрсе табылып, бұрын тіпті мүмкін емес дегендеріміз әншейін дағдылы нәрсе болып, оны күнде пайдаланып отырғандықтан, ол Конттың сөзіндей сөздер адамды жаралыс жолынан жоғары қуатты ойланудан тоқтата алмайды».