Дәріс №1 Тақырып: Грамматика және оның салалары. Мақсаты



бет1/3
Дата06.01.2022
өлшемі37,93 Kb.
#14555
түріҚұрамы
  1   2   3
    Бұл бет үшін навигация:
  • - сөз.

Дәріс №1

Тақырып: Грамматика және оның салалары.

Мақсаты: грамматика және оның салаларын, морфология, зерттеу нысанын, сөз құрамын және морфема туралы түсінік беру, түбір және қосымша морфемалары және олардың қызметі түсіндіру.

Жоспары:

1. Морфология, зерттеу нысаны. Сөз құрамы. Морфема туралы түсінік.

2. Түбір және қосымша морфемалар. Қызметі.

1. Сөз - ең кіші мағыналы тілдік бөлшек. Сөз тіл білімінің барлық саласында қаралады. Мәселен, фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксисте сөздің түрлі қырлары зерделенеді. Фонема, морфема, әр түрлі сөз тұлғалары, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік бірліктерден сөздің әрқилы ерекшеліктерін білуге болады.

Сөз – белгілі бір ұғымның атауы. Сондықтан белгілі бір нақты лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, кітап, дала, жылқы, сүт деген сөздер лексикалық мағынаны білдіреді. Сол себепті сөздер санамызда жеке тұрып өмір сүре алады. Және де сөздікте сөз жеке лексема (реестр) ретінде беріледі. Әдетте, сөздер ортақ жалпы мағына аясына топтасады. Мысалы, адам, жер, аспан, топырақ, су сөздерінің жалпы мағынасы – зат есім. Ал келді, келген, келмек, келеді сөздерінде ондай ортақ жалпы мағына бірнешеу: 1) етістік (қимыл) мәні; 2) шақтық мағына; 3) жақтық мағына т.б. Мұндай мағыналар сөздің дербес қалпынан туындайды, сондай-ақ әр түрлі қосымшалар арқылы да беріледі. Ортақ жалпы мағына сөздің лексикалық мағынасымен өзара тығыз байланыста болады, оның мағынасын жалпыландырады немесе түрлендіреді.

Грамматикалық ұғым аясында оны грамматикалық мағына дейді. Сөзжасамдық мағына мен грамматикалық мағынаның да өзара байланысы мен айырмашылығын ажырата білген жөн. Сөзжасамдық мағына туынды сөзде болады. Мысалы: емші, қаламгер, талапты т.б. Түптеп келгенде, бұлар да – туынды лексемалар. Олар сол қалпында сөздік құрамның туынды сөздер қабатын құрайды немесе сөздікте жеке реестр (лексема) ретінде беріледі. Демек, лексикалық және туынды лексикалық мағыналардың грамматикалық мағынаға қатынасын бірдей деуге болады.

Грамматика гректің grammatike – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан. Грамматика сөздердің түрлену жүйесін, грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматика екі саладан тұрады: 1. Морфология; 2. Синтаксис. Екеуі де грек тілінен қалыптасқан терминдер ( мысалы: morphe – форма, тұлға және logos – сөз, ілім; suntaxis – құрылыс, тізбек, тәртіп).

Морфология – сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық қасиетін, сөз формаларының ерекшеліктерін, сөз құрамын, сөз таптарының грамматикалық қасиеттерін және олардың синтаксиске ұласатын тұстарын қарастырады (парадигма – грек тілінен келіп қалыптасқан термин: paradeigma – үлгі, мысал, рет дегенді білдіреді, немесе сөздердің белгілі бір тәртіппен түрлену, өзгеру қатарының жиынтығы, үлгісі (мысалы: тәуелдену, септелу, жіктелу үлгілері).

Морфология мен синтаксис грамматиканың өзара тығыз байланысты саласы болып табылады. Мәселен: Жаз келіп, көк шығып, дүние жасарған (М.Әуезов). деген сөйлемге морфологиялық – синтаксистік талдау жасасақ, олардың ортақ қырлары айқындала түседі. Мысалы: Жаз – зат есім, атау тұлғада тұр; келіп – етістік, салт етістік; көк – субстантивтенген зат есім, атау тұлғада тұр, шығып – етістік, салт етістік; дүние – зат есім, атау тұлғада тұр; жасарған – етістік, салт етістік; Синтаксистік тұрғыдан: жаз, көк, дүниебастауыштар; шығып, келіп, жасарған – баяндауыштар.

Грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы, сөздің тұлғалық өзгеріске түсуі, сөздердің бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуі арқылы сөйлеу процесінде жасалады. Мысалы, Кеш бойы Абай Пушкинді қайта оқумен болған еді (М.Әуезов). деген сөйлемді талдап көрейік. Мұнда төрт сөз тіркесі бар: 1. Абай оқумен болған еді; 2. Пушкинді оқумен болған еді; 3. қайта оқумен болған еді; 4. Кеш бойы оқумен болған еді. Олардағы ең кіші тілдік бірлік - сөз. Өзара қарым-қатынасқа түсу барысында олардың бастапқы мағыналары жалпыланған. Мысалы: Абай – жалқы есім, атау септік ( иелік мағына), бастауыш; Пушкинді – табыс септік ( (обьектілік мағына), толықтауыш т.б. Жеке тұрғанда ол сөздер сондай мағыналарды білдіре алмайды. Демек, грамматикалық мағына білдіру үшін жеке сөздер мағыналық, тұлғалық жағынан үйлесіп, ең алдымен, сөз тіркесін, содан кейін сөйлем құрауы шарт.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет