ДӘРІС ТЕЗИСТЕРІ:
№ 1 дәріс. Жазу және тіл дамыту мәселелері. Оны зерттеген ғалымдар.
Тіл дамытудың жоғары сатысы – тіл мәдениеті, мәдениетті сөйлеу. Тіл мәдениетін
арнайы зерттеген ғалым – М.Балақаев. Ол «Өнер-білімге қанық адамдардың екпінді еңбегі
нәтижелі болу үшін, тіл жұмсау дағдысы да соған сәйкес болу керек... бастауыш, орта
мектепті, тіпті жоғары оқу орнын бітірген жастар да: - Ал, мен де тіл мәдениетін жете
меңгеріп шықтым, - дей алмайды. Өйткені, оған жету төте жол емес, асқар асулары бар
қиын жол, оның байлығы–біртегіс жеңіл-желпі байлықтар емес, ғасырлар бойы даму,
жетілу тарихында ескілік пен жаңалық ұласқан... байлықтар»,- деп, оның асылын таңдап
қолдана білу керек деп санайды. Ол үшін тіл өнеріне жастайынан әуестік, ынта
қалыптасуы қажет екендігін айтқан. М.Балақаев мәдениетті, әдеби тілде сөйлеу білімді,
мәдениетті адам межесі деп есептейді. Тіл мәдениетінің нормалары сөз байлығы мен
олардың мағыналарында, грамматика мен оның құрылымында, стилистика мен стильдер
тармақтарында, орфоэпия мен орфографияда және пунктуация мен әріптердің орналасу
тәртібінде деп, олардың бәрінің тіл мәдениетіне, тіл дамытуға қатысын ескерткен. Олай
болса, тек грамматиканы оқыту арқылы, тек сөздік қорды байыту арқылы шебер сөйлеуді
қалыптастыру мүмкін емес. Бай сөздік қорды грамматикалық заңдылықтар бойынша
қолдана білуге үйрету арқылы әсерлі, әдемі сөйлеуді қалыптастыруға болады.
М.Балақаев : «Тіл дамыту ой дамытумен тығыз байланысты болады. Оқушылардың
ауызекі тілін дамыту үшін, ең алдымен, олардың сөздік қорын байыту керек, екіншіден,
әдеби сөйлеудің нормасын, сөйлемдерді дұрыс құрауды үйрету қажет, үшіншіден,
ойларын байланыстырып айтып беру дағдылары мен шеберлігін қалыптастыруға назар
аударған жөн»
дейді.
А.Байтұрсынов жазуға үйрету әдісі жайлы «...сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын
келтіріп сөйлеу қандай қажет болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай
керек....Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында өзгеріп,
қалайша бір-бірімен қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек», – дей отырып,
сөйлеудің жазба түрінің күрделі екеніне көңіл бөліп, жазуға үйретуге ерекше мән берілуі
тиіс екендігін айтады. Тілді үйренудегі сауаттылық оқумен ғана шектеліп қоймай,
жазумен қатар жүргенде ғана іске асатындын айтады. Ол сауаттылықтың негізі оқу емес,
жазу деп атай отырып, жазуға үйрету әдісіне ерекше мән беру қажеттігін сөз етеді. «Қай
әдіс жақсы?» атты «Жаза білдіруге қолайлы әдіс оқи білдіруге де қолайлы болады,
өйткені негіздік нәрсе – жазу. Оқу – жаза білумен бірге, қосыла біліп кететін қосалқы
күйдегі нәрсе »,
деп түйіндейді.