Діни табыну ескерткіштер Қараман ата мешіті Қараман ата жер асты мешіті — ХІІ-ХVІІ ғасырларға жататын діни сәулеттің бірі. Жер асты мешіті үш бөлмеден тұрады: кіреберіс бөлме, оған жалғасқан намаз оқитын зал және Қараман ата жерленген дөңгелек бөлме. Оның аумағы 4,02 га жерді қамтиды. Мешіттің ерекшелігі — оның жердің астында орналасуы.
Қараман ата қорымы Маңғыстау ауданы Шетпе кентінен 35 км қашықтықта, Бекі елді мекенінің батыс жағындағы Қандыбас қырқасына таяу, Қандыбас қыстағының батысынан 5 км жерде орналасқан.
Жер асты мешіті мен қорым 1982жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған.
Мешіт тау шатқалының төменгі қабатынан табиғи үңгірлерді пайдалана отырып, ойып жасалған. Мешіт құрылысы үш бөлмеден тұрады: кіреберісінде бір бөлме, оған жалғас намаз оқитын зал, үлкен бөлменің төбесі тастан құралған бағандармен бекітіліп шегенделген. Екі бөлменің төбесінен жарық түсетін дөңгелек терезелер ойылған. Қорым мен жер асты мешіті Маңғыстаудағы киелі орындардың бірі болып саналады.
Ескерткіш алғаш рет 1951-1952 жылдары М.Меңдіқұлов басқарған экспедициямен зерттелген. Қараман ата мешітінің салыну кезеңін М.Меңдіқұлов XII ғ-ға жатқызады.1976 жылы А.О Итенов, 1979 жылы М.С.Нұрқабаев жетекшілігімен қорымға зерттеу және құжаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Қорымның ішінде орта ғасыр дәуіріне жататын құлпытастар, тас қоршаулар, XIX ғасырдың II жартысы XX ғасырдың басында Адай шеберлерінің қолымен тұрғызылған күмбезтамдар және көптеген сағанатамдар кіреді.
Аңыздар бойынша, Шопан атаның баласы Исан атадан туған Қараман ата атасына барлық жағынан ұқсаған құдірет иесі болған. Қараман ата қорымы мен жерасты мешіті Қараман атаның тазалық, адалдық анты өткізілетін жер болыпты. Ел мен елдің, ру мен ру арасындағы дау-жанжал мен қантөгіске ұласқан қиын мәселелерге тоқтау болған, бір-біріне кезенген найза төмен түсірілген жер екен. «Маңғыстаудың ойында – 360 әулие» деген сөз жайдан-жай айтылмаған. Маңғыстау түбегі тарихта жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен жер деп суреттеледі.