ДӘРІС ЖОСПАРЫ: 1.Қазіргі әлемдегі халықтың қоныстануының сипаты. Қоныстанудың құрылымы. 2. Үлкен және шағын қалалардың демографиялық проблемалары. 3. Урбанизацияның демографиялық үдерістерге ықпалы. Әлеуметтік өзгерістер мен қозғалыстар.
Халықтың қоныстануы –халықтың аумақ бойынша бөлінуі және қайта бөліну үдерісі мен оның нәтижесіндегі қоныстар желісі. Халықтың қоныстануы ұғымы халықтың орналасуын, елді-мекендердің өзара байланыстарын, халықтың көші-қонын (қоныс аударын, маусымдық және қатынамалы көші-қонын) қамтиды.
Халықтың қоныстануының басты заңдылығы— қоныстану нысандарының экономиканың даму деңгейіне сай келуі. Алғашқы қауымдық қоғамда қоныстану баяу қарқынмен жүрді. Өйткені өндіргіш күштердің даму қарқыны төмен деңгейде болды. Осыған байланысты алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі халықтың қоныстануы көбінесе көшпелі нысандардың басым болып болуымен сипатталады. Егіншілікке көшу нәтижесінде жер-жерге бекітілген қоныстардың желілері қалыптасты. Алғашқы мемлекеттік құрылымдарда қоғамдық еңбек бөлінісінің дамуына байланысты қалалық қоныстардың желісі қалыптаса бастады.
Халықтың көшіп-қонуының күшеюіне қарамастан бұл дәуірде халықтың қоныстануы аумақтарда әркелкі сипатта болды. Халық біршама жиі қоныстанған аймақтарға қарағанда тым сирек қоныстанған және қоныстанбаған ұлан-ғайыр кеңістіктер көп болды.
Урбандалу (урбанизация) (лат. urbs - қала, urbanus - қалалық) – еңбек бөлінісінің қоғамды қ және аумақтық тұрғыдан тарихи қалыптасуынан пайда болып, әлемнің әртүрлі елдері мен өңірлерінің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес дамитын әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, географиялық секілді көп жақты қырлары бар күрделі құбылыс. Көне латын тіліндегі мағынасы "қалалық" деген ұғымды білдіреді. Яғни, ең қысқаша айтар болсақ, урбанизация, бұл – қала тіршілігі мен тұрмысы және мәдениетінің үстемдікке ие болуы.
"Урбанизация" ұғымын "урбанизациялану" ұғымынан ажыратып қарау керек. Біріншісі процесті білдіреді, екіншісі - процесс барысында қол жеткен көрсеткіш денгейі. Урбанизацияның негізгі көрсеткіші - елдегі қалалық тұрғындардың үлес салмағының арту қарқыны ("урбанизация қарқыны") Урбанизация үрдісі мына жағдайлардың арқасында жүреді: қала халқының табиғи өсімі; ауылдық елді мекендердің қала статусын алуы; қала маңы аудандарының пайда болуы; ауылдық жерлерден қалаға қарай миграция.
Әлеуметтік өзгеріс –әлеуметтік құрылымдардың немесе институттардың уақыт өте келе айтарлықтай түрленуі немесе қайта құрылымдануы сияқты үдеріс.Әлеуметтік қозғалыстар – әлеуметтік институттарды, қарым-қатынасты немесе өмір салтын өзгерту мақсатымен біріккен адамдар, топтар және ұйымдар.
Әлеуметтік қозғалыстар бір-бірінен қатты ерекшеленуі мүмкін. Кейбіреуі қоғамды өзгерткісі келеді, енді бірі адамды өзгертуге тырысады. Ұжымдық мінез-құлық сияқты әлеуметтік қозғалыс та қалыптасқан жағдайды өзгертуге ұмтылады.
Әлеуметтік қозғалыстар - әлеуметтік өзгерістерді қолдауға немесе одақтасуына бағытталған ұжымдық іс-әрекет. Әлеуметтік қозғалыстарға қатысушылар реформаларды ынталандыра отырып, ең алдымен қоғамдық пікірге құлақ асады.
Әлеуметтік қозғалыстар ХӀХ-XX ғғ. пайда болып, XX ғасырдың 60-70- жылдары ерекше қарқын алып, едәуір ықпал ете бастады. Кейбір әлеуметтік қозғалыстар алдымен экстремистік және радикалды, адамшылыққа жат идеологияларға және заңсыз бұқаралық әрекеттерге бейім болады. Әлеуметтік қозғалыстарға қатысу қоғамға толық ене алмаған, психикалық жағынан тұрақсыз, қашан да экономикалық тұрақтылыққа, әлеуметтік дәрежесіне қауіп төніп тұрғандай күйде жүретін адамдарға тартымды.
Ұжымдық іс-әрекеттер (шерулер, жиындар, көше тәртіпсіздіктері) көз бояушылық өзара әрекет жағдайын жасап, күш қолдану мен қиратуды үдете түседі. Сонымен қатар, әлеуметтік қозғалыстар баламалы пікір білдіре отырып, азаматтардың саяси қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді.