2021 жылдың ХІІІ ауысымы
“Жол ережелерінің сақтау- қауіпсіздік кепілі!” жас жол инспекторларының республикалық слеті
«Қауіпсіздік кепілі» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің
сценарийі
Жауапты:
Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі: Өскенбаева Б.О.
Биология пәнінің мұғалімі: Худайбергенова Г. Б.
Өткізілу орны: «Балдәурен» РОСО филиалы, АКТ залы
Өткізілу уақыты: 30.09.2021 ж. сағат 12:00
Қатысушылар: ауысымның қатысушылары, қонақтар, мұғалімдер
Мақсаты: Оқушыларға су және өрт қауіпінен сақ болу және жолда жүру ережелерімен таныстыру. Оқушылардың жолда жүру ережелері, су және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы білімдерін қалыптастырып, қауіп төнген кезде өздерін қорғай білуге машықтандыру.
Өткізілу түрі: дөңгелек үстел, пікір алмасу.
Жүргізуші: Өскенбаева Б.О.
Іс-шараның барысы:
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар мен қонақтар! Біздің бүгінгі дөңгелек үстеліміздің тақырыбы ауқымы кең тақырып, «Қауіпсіздік кепілі» деп аталады.
Қауіпсіздік — жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің ішкі және сыртқы қатерден қорғалуы. Қауіпсіздіктің негізгі нысандары: жеке адам – оның құқықтары мен бостандықтары;
Дөңгелек үстеліміздің мақсаты оқушыларға жолда жүру, су және өрт қауіпінен сақ болу әрі ережелерімен таныстыру және білімдерін қалыптастыру. Қауіп төнген кезде өздерін қорғай білуге машықтандыру;
Бүгінгі қонақтарымызбен таныс болыңыздар:
1. Төлеби аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Ерментай Бауыржан Батырханұлы
2. Орталығымыздың дәрігері Аязова Әсем Мырзақұлқызына сөз береміз.
3. Орталығымыздың қауіпсіздік инженері Уразбаев Амангелді Иманбердіұлы
№1 Бейнебаян Кіріспе «Қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат»
Жүргізуші: «Қауіпсіздік» туралы күнде айтылса да артық емес. Өйткені бұл тіршілік, өмір туралы. Тіршілік бар жерде - өмір бар, ал өмір бар жерде «қауіптілік» бар. Қауіп табаныңның астында. Көзіңе қарамасаң да, құлап, жарақат алуың мүмкін. Ал, «қауіпсіздік шаралары» осы қауіптен, қатерден қорғану. Сол сияқты балалар ойланып, зерделеп қарасақ, өмірде адам үшін қауіпті жағдайлар көп екен. Олар күнделікті өмірде кездесетін қауіптілік және табиғи апаттардан келетін қауіптілік.
Бүгінгі дөңгелек үстеліміз үш кезеңнен тұрады. Олар:
1. «Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік»
2. « Өрт — тілсіз жау»
3. «Суға түссең абайла, сақтық керек қалайда?»
І кезең. «Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік»
Жүргізуші: Жолда жүру ережелерін бұлжытпай орындау барлығымызға міндет. Бұл ережелер оқушыларға да, үлкендерге де, автокөлік жүргізушілеріне де қатысты.
Балалар, сендер де көшеде қалай жүру керектігін білесіңдер ме? Сұрақтарға жауап беріп көрейік. Бірінші сұрақ: Балалар КЖТ дегенді қалай түсінесіңдер?
Жауап: Көшеде жүру тәртібі Екінші сұрақ: Велосипедпен неше жастан бастап жолмен жүруге болады? Жауап:14 жасқа толған балаларға ғана рұқсат Үшінші сұрақ: Жаға жол деген не? Жауап: Жаяу жүргіншілер жүру үшін үлкен жолдың жағасына салынған жол. Онымен тек қана жаяу жүргіншілер жүреді.
Төртінші сұрақ: Көшеде бағдаршам болмаса не істеу керек? Жауап:Өз көзіне сену керек, жол ортасына жеткенше, әуелі сол жаққа қарап ортасынан асқан соң, оң жаққа мойныңды бұр
Бестінші сұрақ: Қандай көліктің түрлеріне бағдаршамның қызыл жарығына жүруге рұқсат етеді?
Жауап: Жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру машинасы.
Төлеби ауданы, полиция бөлімінің аға лейтенанты Ерментай Бауыржан Батырханұлына сөз беріледі.
1 сұрақ: Бағдаршам дегеніміз не? Оның адам өмірі үшін қандай пайдасы бар? 2 сұрақ: Жолдағы қозғалыс бағдаршамның басқа қандай белгілермен реттеледі? 3 сұрақ. Жүргіншілерге қай жолмен жүру керек? 4 сұрақ. Жиек жол болмағанда ше? 5 сұрақ Жолдың қай жағынан жүру керек? 6 сұрақ. Қоғамдық көлікке қай жерден отырасыз?
ІІ кезең. «Өрт — тілсіз жау»
Жүргізуші: Өрт – бұл адамның өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетін, қоршаған ортаға үлкен материалдық зақым келтіретін, қоршаған ортадағы заттардың бақылаусыз жануы.
Өрт қауіпсіздігі – бұл өрт болу мүмкіндігін болдырмау және оның пайда болған кезінде адамдарға, құрылыс және материалдық құндылықтарға өрттің қауіпті факторларының жағымсыз әсерлерін жою үшін қажетті шараларды қолдану болып саналады.
Жағдаяттық сұрақтар. 1.Сіз үйде жалғыз қалдыңыз. Ата –анаңыз қонаққа кетті. Кенет электр тоғының пышырлап жана бастағанын байқадыңыз. Не істер едіңіз? 2.Екі досыңмен (үшеуің) демалыс күні бірігіп ойнап жүрсіңдер. Сөйтіп сіріңке әкеліп, аулаға от жаға бастадыңдар. Бір кезде жаққан оттарың желмен ұшып ауладағы үйілген шөпке тиіп, шөп жана бастады.Не істейсіңдер?
3. Үйге көп қонақ келді. Қонақтар шай ішіп болған соң үлкен кісілер шылым шегуге сыртқа шықты.Сөйтті де бір кісінің шеккен шылымының сөнбей қалған тұқылынан жердегі қураған шөп жана бастады.Мұндай жағдайда не істейсің? 4.Үйге анаң от жағып, өзі далаға шығып кетті. Жанып жатқан пештің есігі ашылып кетіп, ішінен жанған от түсіп кетті.Сен не істер едің? 5.Сен сабаққа келгенде сыныптасың оттық ұстап жүргенін көрдің. Мұндай жағдайда не істер едің?
Орталығымыздың қауіпсіздік инженері Уразбаев Амангелді Иманбердіұлына сөз кезегі беріледі.
Өрт қауіпсіздігі ережесі
Егер өрт қатты жанып тұрса, онда сіздің негізгі мақсатыңыз тез үйден кету. 101-ге хабарласып өрт сөндірушілерді шақырту. Егер өрт қатты жанып тұрмаса да, бірақ үйдің іші қатты түтін болса, үйден тез кету керек. Түтін өрттен де қауіпті болады.
Өртті сөндірудің негізгі құралдары: Су — өртті сөндірудің негізгі құралы. Су электр өткізгіш, сондықтан оны тоқта тұрған жүйелер мен жабдықтарды сөндіруге пайдалануға болмайды. Электр сымдарға судың түсуінен қысқа тұйықталуы болуы мүмкін. Құм — өрттің шағын ошақтарын сөндіру құралдарының ең қапайымы болып табылады. Оның отты сөндірудегі әрекеті — ол жанғаш затты салқындатады.
ІІІ кезең. «Суға түссең абайла, сақтық керек қалайда?»
Су – адам үшін қауіпті апат. Тіпті тыныш ағып жатқан тынық судың өзі қауіпсіз сияқты көрінгенімен, оның да өзіндік қауіптілігі бар. Әдетте, жүзе алмайтын балалар белден жоғары келетін, судың терең жеріне бара бермейді.
№2 Бейнебаян «Судағы қауіпсіздік»
Суға шомылудың негізгі ережелері
· Суға шомылатын жерді, оның тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріңіз;
· Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз;
· Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыз;
· Суға абайлап кіріңіз. Денеңіздің суға бейімделуіне мүмкіндік беріңіз;
· 10-15 минутқа дейін ғана шомылыңыз;
· Аяқ-қолыңыздың сіңірі тартылған жағдайда сасқалақтамаңыз, су бетінде
қалып, адамдарды көмекке шақыруға тырысыңыз;
· Қоршау белгілерінен тыс аумаққа шықпаңыз;
· Техникалық ескерту белгілерінің үстіне шықпаңыз.
Орталығымыздың бас дәрігері Аязова Әсем Мырзақұлқызына сөз беріледі.
· Суда зиян шеккендерге алғашқы көмек қалай көрсетеміз?
· Суға түскенде қандай жағдайларды жасамау керек?
· Неге тыйым салынады?
· Суда аяқ-қолдың сіңірі тартылса, не істеу керек?
Жүргізуші: Қорытынды сөз. Күнделікті өмірде адам баласын қоршаған қауіп-қатер аз емес. Соның ішінде біз бүгін жолда жүру ережелерімен, су және өрт қауіпсіздік ережелерін еске түсіріп, алдын алу жолдарымен таныстық.
Күнделікті өмірде кездесетін қауіпті жағдайлардың болуы, болған күнде өзімізді қалай ұстауымыз керек, нені білуіміз керек екендігі жайында мағлұматтар алдық. Қандай жағдай болмасын сабырлылық сақтауға тырысу керек. Өмірде бәріне дайын болу керек. Жан - жақта болып жатқан оқиғалардан хабардар болуларың керек. Сезімтал бол, халқыңды қорға, жеріңді сүй, табиғатыңды аяла! Ең қымбат баға жетпес байлық өміріңді аяла! Төтенше жағдайлар, қауіпті жағдайлар бізге жетпесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!