К. Д. Ушинский Ұстаз ешқашан өз құндылығын, қасиетін жоғалтпайтын, алған бағытынан таймайтын қайсар мінезді, нар тұлға. Заманына қарай мұғалімге деген талап та, сұраныс та өзгере бермек. Соған сай оның бағытталуы
Ұстаз – ешқашан өз құндылығын, қасиетін жоғалтпайтын, алған бағытынан таймайтын қайсар мінезді, нар тұлға. Заманына қарай мұғалімге деген талап та, сұраныс та өзгере бермек. Соған сай оның бағытталуы, шыңдалып, жетілуі - үлкен шеберліктің белгісі. Көштен қалмай жаңа технологияларды бағындырып, еңбек жолына жаңа бағыт, жаңа леп, жаңа толқын енгізіп жүрген қазіргі ұстаздардың ұшан-теңіз еңбегіне таңданбасқа, мақтанбасқа әсте болмас. Осынау қиын болғанымен, қызғылықты ұстаздық жолға келген менің өмірлік ұстанымым – «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады».
Үнемі ізденіс үстінде жүру – менің басты міндетім деп анаймын. Сақадай сайланып, білім деген қаруымды қолға алып келген осы мектеп қабырғасында қызмет етіп жүргеніме үш жылдай уақыт болыпты. Алғашқы күннен-ақ үлкен жауапкершілікті сезініп, білім алушылардың сенімін толық ақтауға, солардың сұраныстарына сай ілімді үйретуге сөз беріп, өзімді жетілдірумен келемін. Шәкірттерім ғана емес, өзім де білімімді толықтыру мақсатында олимпиада, жобаларға қатысып тұрамын. «Daryn.online», «Ustaz.tilegi» сынды Республикалық олимпиадаларға қатысып, өз бағымды сынап, жүлделі орындарға ие болдым. Бұл менің кәсібилігімді дәлелдеп қана қоймай, жақсы тәжірибе алмасуға, өз білімімді толықтыруға үлкен септігін тигізетін шаралар.
Ұлы орыс педагогы Константин Дмитриевич Ушинский: «мұғалім өзі үйреніп, оқып жүргенде ғана өмір сүреді»,- деген екен. Сабаққа дайындалу кезінде де тәжірибесі мол ұстаздармен ақылдасып, физика пәні бойынша журналдарды ақтарып жүріп, мейлінше жаңа әдіс, тың ақпарат табуға тырысатыным да жаңашылдыққа деген ұмтылысымның айғағы.
Кәсіби-жеке тұлғалық позицияма келер болсам, психолого-педагогикалық, ғылыми-пәндік білім-білігімді мәдени-адамгершілік ұстанымдарымен үйлестіре білу, ғылыми-кәсіби дайындығымды үнемі жетілдіріп отыру – басты міндетім деп білемін. Өйткені мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі білім беру нәтижесін қамтамасыз ететін шешуші фактор, өз кезегінде, тіпті, қоғам жағдайының сапалы өзгеруіне де әсер етеді. Міне, сондықтан да, жаңашыл педагог ретінде білім беру үрдісін ұйымдастырудың көпқырлылығы туралы білуім шарт. Яғни, өз қызметіме қатысты инновацияларды, технологияларды, өзгерістерді жақсы меңгерген болуым қажет екенін әбден түсінемін.
19 ғасырдың ұлы неміс ғалымы, педагог Адольф Дистервег айтпақшы, «педагог өз тәрбиесі мен білімін жетілдіру бойынша жұмыс жасап жүрген кезде ғана басқаларды шынайы тәрбиелейді және білімдендіреді». Бұл тұрғыда айтқым келгені, балаға тек кәсіби емес, адами құндылықтарды бойына сіңіре алсам, жақсы тұлға болып қалыптасуларына үлес қоссам деген ойымның бары. Әр сабақты өмірмен байланыстыра отырып өткізуге тырсатыным да сондықтан.
Өз сабағымда жеке және топтық жұмыс, жеке және бірлескен зерттеу жұмыстарын, рольдік ойындар, пікірталастар, тренингтер өткізіп, кез-келген оқу әрекеттерін кері байланыспен аяқтауға тырысамын. 10-сыныптарда «Молекулалық физика», «МКТ тарауын қайталау» тақырыптарымен жұмыс кезінде жұптық және топтық жұмыстарды көбірек қолдануға әрекеттендім. Өйткені, бірлесе жұмыс істеу кезінде оқушылардың ынтымақтастығын, достығын нығайту, тапсырманы қорықпай орындап, ұжым болып қорғау арқылы сәттілікке бағыттау басты назарға алынады. Сонымен қатар, жағымды психологиялық орта құра отырып, қысым көрсетпей, әрқайсысының пікірін тыңдап, оны сөкпеуге, жұмыс түрлерін өзгертіп отыру арқылы оқушылардың шығармашылық жағынан ашылуына жағдай жасап отыру да кәсіби-жеке тұлғалық позициямның бөлінбес бір бөлшегі.
Осы бағытта жасалған жұмысымның жемісін де көріп жүрмін. «Апельсин» физика сайысынан 11-сынып командалық ІІ орын, 10-сынып алғыс хатпен, 11-сынып оқушысы Талапова А І орын, Шапен Н І орынды қанжығаларына байлап, мәртебемізді биікке көтеріп тастағаны бар. Одан бөлек Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиадада да Серикова Үміт ІІ дәрежелі, Амантай Кенжебек І дәрежелі дипломдармен марапатталған кезде, ұстаздық жолда бекер жүрмегенімді тағы да есіме салғандай болды.
Мектеп – үйрететін орта, мұғалім – оның жүрегі. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.
Өзімнің педагогикалық идеям ретінде сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдануды алға тартар едім. «Өзгенің ақыл-ойымен шыңдалмаған білім – білім емес» демекші, бұл технологияның жеке емес, топтық не ұжымдық талқылаулар түрінде игерілетіндігі басты құндылығы болып отыр. Оқушы мұғаліммен, сыныптастарымен еркін сөйлесіп, пікір таластырып, өзекті мәселелрді шешу жолдарын таба білсе, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасай білсе – ұстаз үшін одан асқан бақыт, мәртебе болмас еді деп ойлаймын.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер», - деген сөзін басшылыққа ала отырып, тек іздену, өзіңді дамыту, заманмен бірге алға аяқ басу арқылы ғана біз, ұстаздар, өз мәртебемізді көтеріп, «жаңашыл ұстаз» деген атқа лайық боламыз дегім келеді.