Кемелхан Ұлбану kzp3 Әдеби бағыттар Романтизм



Дата06.01.2022
өлшемі15,64 Kb.
#15562

Кемелхан Ұлбану KZP3

Әдеби бағыттар

Романтизм

Романтизм француздың – romantisme – деген сөзінен шыққан. Еуропа мәдениетінде ХVІІІ ғасырдың басы мен ХІХ ғасырда өркендеп дамыған өнер мен ғылымның барлық саласын қамтыған, тарихи-әлеуметтік және ішкі көркемдік ізденістер себебінің жиынтығынан пайда болған идеялық көркемдік қозғалыс. Оның өмірге келуіне ұлы француз революциясының да әсері зор болды. Аталған тәжірибелер көркемдік шығармашылық принциптерді қайта қарап, жаңаша пайымдауды талап етті. Романтизмнің көптеген идеялары өзінің даму барысында көптеген эволюциялық өзгерістерге түсті, бірақ негізгі дүниетанымдық ұстанымдары бір эстетикалық арнада өсіп-өркендеп, әр алуан мектеп өкілдері тарапынан қолдау тауып отырды. Романтикалық қозғалыстың негізгі орталығы Германия болды.



Реализм

Реализм латынша realis – заттанған деген сөзден пайда болған шығармашылық принцип. Оны негіз етіп алған көркем шығармадағы жағдай тарихи-әлеуметтік сипатта болады, ал оның заңды себептері сапалық және өзін-өзі бағалау, яки ақиқат шындықтың фактілерін типтендіру жолымен ашылады. Ф. Энгельстің сөзімен айтқанда, «детальдардың ақиқаттылығынан басқаларды шынайы суреттеу». Реалистік шығармаларда адам өмірдегі объективті жағдайлармен өзара тығыз байланыста әрекет ететін қоғамдық тіршілік иесі ретінде көрінеді. Оны әлеуметтік детерминизм немесе мінездер мен жағдайлардың типтік байланысы дейміз. Реализм романтизмнен кейін пайда болған, романтизмді теріске шығарушы ағым. Ең алғашқы реалист-суреткерлер А. Пушкин, Стендаль, О. де Бальзак, Ч. Диккенс және басқалар болды. Бірақ олар өздерін реалиспіз деп санаған емес, олар ондай бағыттың бар екенін де білген емес. Ресейде «реализм» деген терминді алғаш пайдаланған әдебиет сыншысы П.В. Анненков еді.


Модернизм

Модернизм (фр. Moderne – жаңа, қазіргі заманғы) – ХХ ғасырдың 20-жылдары пайда болған адамдардың рухани дағдарысын бейнелеуге негізделген көркемдік-эстетикалық жүйе. Модернизмнің төменгі шегі реалистік мәдениет болса, жоғарғы шегі 1950 жылдары пайда болған постмодернизм болып саналады. Модернистік өнерді авангардтық өнермен шатастыруға болмайды, бірақ олардың ара-жігін ашып ажыратып берудің өзі қиын. Модернистік өнердің түрлеріне символизм, экспрессионизм, акмеизм жатса, авангардтық өнер түрлеріне футуризм, сюрреализм, дадаизм кіреді. Модернизм мен авангардизмнің өнерде жаңа бір нәрсені жасауды басты мақсат етіп ұстағанымен, модернизм сол жаңаны көркемдік пішін арқылы жасауды мұрат тұтады. Авангардтық көркем мінез сомдауды қарсылықсыз, айқай-шусыз, дүрдаразсыз елестету мүмкін емес. Ал модернизмге ондай желөкпеліктің керегі жоқ. Прагматикалық ортада модерист өзін қарапайым ғана суреткер немесе ғалым сияқты көрсетеді. Ол өзінің суретін салып, музыкасын немесе әдеби шығармасын сабырлы қалыпта ғана жазып жүре береді. Ол авангардтықтар сияқты өзін жарнамалап, дәлелдеуге, көрсетуге тырыспайды. Олар көбіне бәрінен сырт, тұйық өмір сүруді ұнатады. Олар топтасып жиналғанда да өздерін өте салмақты, биязы ұстайды.


Постмодернизм

Қазіргі эстетикалық ой жүйесінде постмодернизм әдісі кеңінен талданып, сөз болып жүр. Әрине оны әдіске жатқызамыз ба, жоқ па ол да әлі күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Соңғы жылдары жарық көрген ғылыми әдебиеттерде постмодернизм бірде идеология, кейде өнердегі ағым, енді бірде өнердегі әдіс, кейде тіпті дәуір, кезең ретінде де қарастырылып жүр.

Постмодернизм деген сөздің шығу тегі латынша post – соңғы, кейінгі және французша modern – жаңа, қазіргі, үлгілі деген сөздердің бірігуінен пайда болған.

Ең алғаш рет «постмодернизм» деген термин 1914 жылы Р. Панвицтің «Еуропа мәдениетіндегі дағдарыс» деген еңбегінде қолданылған. Одан жиырма жыл өткен соң 1934 жылы Ф. Де Онис өзінің «Испан және латынамерикалық поэзия антологиясы» деген кітабында модернизмді теріске шығарушы ұғым ретінде пайдаланған. Постмодернизмнің пайда болуы туралы екі түрлі көзқарас бар. Біріншілері ХХ ғасырдың екінші жартысында мәдениет пен өркениеттің құлдырауына байланысты дүниеге келген тарихи құбылыс деп есептесе, екіншілері – транстарихи құбылыс, яки әрбір мәдени дағдарыс кезеңдерінде қайталанып отыратын жағдай деп түсіндіреді. Белгілі жазушы Умберто Эко өзінің бір еңбегінде әр дәуірдің өз постмодернизмі бар деп жазған болатын.




Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ поэзиясы ноқтадан басы босаған сәйгүліктей еркіндікті сезінуде. Сондықтан да кім нені жазады, кім нені қалайды ол әр қаламгердің танымы мен түсінігіне, ойының жеткен өресіне, көркемдік қиялына байланысты. Әр алуан тақырыптардың, әр қилы ұстанымдардың пайда болуы қазіргі кезең үшін заңдылық іспетті. Бірақ түбінде бәрінің де таразышысы уақыт болмақ.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет