Кіріспе 1.Аумағы
2. Тайпалар
3. Мәдениеті
4.Қағанатта қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамуы
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
КІРІСПЕ Түрік қағанатындағы өзара қырқыс кезеңі (582-593 ж.ж) 603 жылы Батыс Түрік қағанатының бөлініп шығуымен аяқталады, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарынан бастап Амударияға, Еділ өңірі мен Терістік Кавказ далаларына дейін созылып жатқан байтақ жер Қағанат қарауына көшеді.
1.Аумағы Батыс Түрік қағанаты - Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті (603 - 704). Түрік қағанатында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді. Батыс Түрік қағанатының негізін Торэмен қаған қалаған деген ғылыми дерек те бар. Аумағы Алтай, Сібір жерінен бастап, Әмудария мен Еділ өзендерінің төменгі ағысына дейінгі аралықты қамтыған. Шегуй қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығы менПамирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген. Шегуйдің інісі Түн жабғу қаған мемлекеттің батыстағы шекарасын кеңейту саясатын жалғастыра отырып, өзінің қысқы тұрағын Суябқа көшіріп, ал Мыңбұлақ деген жерді жазғы қонысына айналдырған. Жаңа жорықтар қағанат аумағын Әмударияның жоғарғы ағысы мен Гиндукушқа дейін жылжытуға мүмкіндік берген. Мұндай кең байтақ жерді берік ұстап тұру үшін Түн жабғу әкімшілік басқару реформасын жүргізген. Шығыс Түркістан мен Орталық Азиядағы жергілікті билеушілерге түркілік лауазымдар беріп, оларды өзінің орынбасарлары етіп тағайындаған. Сондай-ақ, қағанатқа бағынышты елдерге қатаң саяси бақылау орнату мақсатында қағанның қазынасына түсетін алым-салықты жинайтын өзі бекіткен бақылаушыларды (тудундарды) жіберіп отырған. Орталық Азияда өз ықпалын арттыру үшін Самарқан билеушісіне өз қызын тұрмысқа берген. Тохарыстанға өзінің ұлы Тарду шадты билеуші етіп қойды. Белсенді сыртқы саясат жүргізіп, 625 жылы Парсы еліне қарсы Византиямен келісімшартқа отырған. Түн жабғу император Ираклийдің Кавказға жасаған жорығына (628 — 29) қатысып, жаулап алған жерлерден Горе (Дербент) менТбилиси сияқты қалаларды өз үлесіне алады.
Түн жабғудың әскери жетістіктеріне риза болған Ираклий Тбилиси қаласы түбінде оған өз тәжін кигізіп, қызы Евдокияны тұрмысқа беретінін мәлімдеген. 630 жылы түріктер Арменияға басып кірген. Бірақ қағанаттағы ішкі қайшылықтарға байланысты Кавказда көп тұрақтай алмай, кері қайтып кеткен. Толассыз жүргізілген жорықтар мен алым-салықтардың ауыртпалығына наразы болған халықтың бой көтерулерін сыртқы жаулар өз пайдасына пайдаланып отырған. Кейбір тайпалар Таң империясы қол астына өтіп кетіп отырған. Таң империясы оларға барынша қолдау көрсетіп, басшыларына шен-шекпен, мансап беріп, әскери күшке айналдырып, қағанатқа қарсы жұмсады. Шығыс түрік қағанаты Бесбалық қаласын басып алған соң, Ертіс бойындағы қарлұқтар, іле-шала дулулар орталық билікке қарсы көтеріліске шықты. Осы ахуалды пайдаланып, иеліктер арасындағы соғысты тоқтату керек деген желеумен ықпалды әскербасы Күлбагатур (Сыбихан Мохэду) 630 жылы Түн жабғуды өлтіріп, өзін қаған деп жариялайды. Көп ұзамай, 631 жылы дулу мен нушеби тайпаларының билікке таласы кезінде Күлбагатур өлтірілген. 630-34 жылдары қағандық Орта Азиядағы, Сырдария аймағындағы иеліктерінен айырылды. Дулу мен нушебилер арасындағы 638 жылғы қантөгістен соң, олардың арасындағы шекара Іле өзені арқылы өтіп, қағанат оң және сол қанатқа бөлінді. Тайпааралық соғыстар 17 жылға (640 — 657) созылды, бұл қытай әскерлерінің баса-көктеп кіруіне қолайлы жағдай туғызды. 656 жылы Ашина Хэлу қаған қытай әскери қолбасшысы Су Динфаннан жеңілгеннен кейін Батыс Түрік қағанаты Таң империясының ықпалына түсті. Бұдан кейінгі жерде Батыс Түрік қағанатын Таң империясы әкімшілік аймақтарға бөліп, бұрынғы түрік қағандарының қытайланған ұрпақтарынан басқақтарды — “қуыршақ қағандарды” тағайындап отырды (қ. Ашина Буяжен, Ашина Мижелі, Ашина Суйцзы). Дегенмен олардың ішінде Дучжы(Дучжи хан, Ашина Дучжы) қаған (басқақ) отарлық езгіге қарсы шығып, елді бостандыққа жеткізуге ұмтылды, бірақ мақсатына жете алмады, 679 жылы қытайлықтар оны алдап қолға түсіріп, қорлап өлтірді. Батыс Түрік қағанатының соңғы 23-қағаны Синь (Ашина Синь) 704 ж. Құлан қаласында түргештердің басшысы Үшлік (Учжилэ, Үшелік) қолынан қаза тапты. 704 жылы Батыс Түрік қағанатының орнына Түргеш қағанаты құрылды.Батыс Түрік қағанаты Шегуй (610—618) мен Түн жабғу (618—630) қағандар тұсында күшейіп, мемлекеттің шекарасы кеңейе түскен. Шегуй қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығы мен Памирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген.