Концептуалды оқытудың өзектілігі



Дата10.12.2023
өлшемі88,69 Kb.
#135815

2.4 үлестірме материал

Концептуалды оқытудың өзектілігі.
Қазіргі таңда экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда. Білім беру елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия болып табылады. Әлемдегі білім мазмұнын өзгерту бағытындағы негізгі аспекті оқушылардың алған білімін өмірде қолдана алуы. Тарих пәні де осы үдерістің бір бөлігі болып табылады. Ұлттық сананы қалып­тастырудың ең негізгі жолы – тарихи білім. Ол жүйелі түр­де мектептерде, ЖОО-да іске асады. Сондықтан тарих пәнін оқытудың маңыздылығын тү­сінудің маңызы ерекше.Тарих – шын мәнінде ұр­пақты отансүйгіштікке тәрби­елеудің негізгі қайнар көзі. Ел­басы тарих туралы сөзінде «Өркениетті алға бас­тырар ғылым десек, соның бірден-бір саласы жас ұрпақты дәл тарихтай отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, әділдікке тәр­бие­лей алмайды», – деген болатын. «Өткенді, тарихты білмей, осы күнді түсіну, болашақты болжау қиынға соғады» деп Әбу Насыр Әл Фараби атап көрсеткендей тарихты оқытудың маңыздылығы күн санап артып отыр. Қазақстан тарихы бүкіл адамзат тарихының толық мықты бір бөлімі, өйткені ол дүниежүзі тарихы, Еуразия тарихы, көшпенділер өркениеті, түркі халықтары тарихы, Орталық Азия елдерімен ұштасып жатады. Қазақстан тарихы - Қазақстанның территориясында ежелгі уақыттан бүгінгі күнге дейін болған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, процестерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, тұтас қарастыратын ғылым.Қазақстан тарихына қазіргі тұрғыдан қарау дегеніміз, оны дүниежүзілік тарихпен, Евразиялық контингент тарихымен, көшпелілер өркениетімен, түркі халықтарының тарихымен және Орталық Азия елдері тарихымен бірлікте қарастыру деген сөз. Бірте-бірте оның маңыздылығы мен көп функционалды рөлі де арта түсуде. Оның функцияларының ең бастысы, ол мемлекеттік маңызы бар оқу пәніне айналып отыр, мұның өзі оның Қазақстан қоғамын дамытудың маңызды міңдеттерін жүзеге асырудағы рөлінің арта түскендігінен. [2]
Дегенмен оқушыларға тарихи білімді қалыптастыруде кемшіліктер жетерлік. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты жолдауында: «Іс –жүзінде бүкіл оқу –тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделген. Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан»деп санайды» деп сынға алған болатын. Жолдау аясында тарих пәні бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарының талдауын жасауды, Қазақстан тарихын оқытудың пішінін өзгерту жөнінде тапсырма берілді. Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша отандық оқулықтарға берілген тапсырмалардың талдауына сүйенсек, олардың барлығы дерлік оқушылардан тарихи даталарды, оқиғаларды,тарихи тұлғалардың биографиясын мазмұндауды жай ғана жаттап алумен шектелетінін көрсеткен. [1]
Осыған дейін қолданыста болған оқу бағдарламаларында сыни ойлануға бағытталған проблемалық мәселелердің және оқушының өздік зерттеу жасауына тапсырмаларының болмауы, сондай – ақ оқушылардың бойында біртұтас тарихи сананы, тарихи ойлау дағдылары мен құндылықтарға баулуға бағытталған тапсырмалардың жетіспеушілігі, деректерге негізделген материалдардың жөнсіз үлкен көлемде берілетіндігі тарих пәнін жаңаша тәсілдермен оқыту қажеттілігін туындатты.
Репродуктивті оқыту азғантай уақытта көп ақпаратты меңгерту, оқушылардың үстіртін білім алуына, тақырыпты терең түсінбеуіне, зерттеу және тәжірибеге бағытталған дағдылардың қалыптаспауына алып келді. Тағы да бір тоқталатын кемшіліктердің бірі «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» оқулықтарындағы ақпараттардың бірдей қайталануы. Алайда, тарихты оқытудағы формациялық, өркениеттік және мәдени оқыту тәсілдерінің тарихи үдерісті жүйеге келтіру, адамзатың тарихын бірыңғай үдеріс ретінде түсінуге, қоғам тарихын терең ұғуға өзіндік ықпалы мен тиімділігі болды. Бірақ, тарихи үдерістің жалпы заңдылықтарын зерттеуге, адами фактор мен адамзат әрекеттерінің екінші деңгейге шегінуі көрініс табуы аталған тәсілдердің кемшін тұстары болып табылады.
Жоғарыда аталған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жаңартылған білім беру аясында «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» пәндерінің оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленіп, өзгерістер енгізілді.
Жаңартылған бағдарлама бойынша тарихты оқытудың жаңа тәсілі ретінде концептуалдық оқытуға ерекше мән беріледі. Тарих пәнін концептілер арқылы оқытудың ерекшеліктері мен оларды мұғалімдердің терең түсінуіне бағытталған. Концептуалды оқыту оқушыларда тарихи ойлау дағдыларын қалыптастырудың жаңа тәсілі болып табылады. Бұл тәсілмен табысты оқыту үшін мұғалімнің теориялық білімі терең болуы қажет. Мұғалімдер тарих пәнін оқытудаерте дәуірден бастап, бүгінге дейін негізгі кезендері туралы оның этногенезі, мемлекеттердің орнығуы мен дамуының үздіксіздігі мен сабақтастығын, ұқсастығы мен айырмашылығын, себебі мен салдарын, әрбір оқиғаның маңыздылығы мен өзара байланысын жақсы білуі тиіс. Оқушылар тарихты оқып қана қоймай, тарихтан сабақ ала білуі қажет. Ол үшін тарихи ойлау, тұжырым жасай білу өте маңызды.
Концептуалды оқыту мета-пәндік құзіреттілікті арттырып, пәндердің мазмұнын кіріктіруге, идеяларды, әдістерді, қағидаларды бір пәннен екіншіге таратуға, тарихи ойлауды дамытуға, оқушының функционалдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушының тарихи ойлау дағдысын дамытуға, зерттеуге негізделіп, пәнді терең оқуға қолайлы жағдай жасайды. Оқушылардың тұлғалық дамуына қолдау көрсете отырып, өзін-өзі оқыту нәтижесінде алынған әлем туралы ғылыми білімдерді бекіту және реттеуге, дербес оқушы болуға мүмкіндік береді. Концептуалды оқыту теориясы мұғалімдердің оқыту тәсілдемесін байытып қана қоймай, сабақтарды тиімді жоспарлауға, оқушының ойлау көкжиегін дамытуға ықпал етеді. Оқушының функционалдық сауаттылығын арттырумен бірге, танымдық қабілетін де дамытады.
Концептуалды оқыту неліктен маңызды?
Әрбір адам өзінің өткені мен өмір сүріп отырған ортасына оң баға беру, пайымдау үшін жастайынан қалыптасқан тарихи санасы болу керек. Қоғамда тарихи сана дұрыс қалыптаспай, ұлттық сананың жаң­ғыруы мүмкін емес. Өйткені, ұлт­тық таным­ның өзегі – тарихи сана. 1995 жылы Президенттің тап­сырысымен Президент жа­нын­дағы мемлекеттік саясат жө­ніндегі Ұлттық кеңестің «Қа­зақстанда тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы қабылданды. Мұнда тарихтың, әсіресе, қоғам дамуының өтпелі кезеңдерінің ерекше маңызы көр­сетілген, тарихи білімнің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының проблемалары, тарихи білім беру мен ағарту ісі­нің келешегі белгіленген болатын. [24]
Тарихи сана – тарихты білу, тарихи тәжірибе мен оның негізіндегі сабақтарды ұғыну, әлеуметтік болжау (бүгінгі күннің мәнін, өткеннің инварианттылығы мен болашақтың баламалығын түсіну негізінде), өз әрекеті үшін жауапкершілікті ұғыну. (Терминдердің қоғамтанушылық түсіндірме сөздігі Н.Е. Ященко.1999 )[4].
Ме­млекеттік хатшы М.Та­жин өз баян­да­ма­сын­да «Тарихқа арқа сүй­емесе, болашақ бұлдыр. Пла­нетада мән-мағына мен құн­дылықтардың мылтықсыз май­даны күн са­йын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы, өзіңді-өзің сақ­тап қалудың жалғыз жолы» деп тарихты оқытудың маңыздылығы жөнінде атап кеткен болатын. [25]
Мектептерде Қазақстан тарихын оқыту ерекше жауапкершілікті жүктейді. Өйткені кез келген мемлекеттің азаматы өз елінің, мемлекетінің, сол мемлекетті мекендеп отырған халықтардың, оның өзінде де алдымен сол елге аты берілген халықтың тарихын білуге міндетті. Өз халқының, елінің тарихын, мәдениетін сүйе білмеген адам, басқа халықты, оның мәдениетін сыйлай да, құрметтей де алмайды, оларды білуге ұмтылмайды. Қазақстан тарихының білімдік, тәрбиелік міндетін мектепте оқытылатын басқа пәндердің бір де біреуі атқара алмайды. Жаңартылған оқу аясында мұғалімдерге мемлекет тарапынан үлкен міндет жүктеліп отыр. Ол, «Қазақстан тарихы» пәнін оқытуды тиімді жүзеге асыру. Оқушылардың бойында тарихи сананы қалыптастыру үшін тарихи білім жеткіліксіз. Ол үшін оқушыларды тарихи ойлауға дағдыландыру керек. Ал тарихи ойлауды қалыптастырудың тиімді жолы оқыту үдерісін тарихи концептілер арқылы ұйымдастыру.
Тарихи ойлау дағдылары бірте-бірте алға ілгерілеу мен алған білімді кеңейтуді есепке ала отырып, әр сабақтың үстінде дамытылуы тиіс. Белгілі бір тарихи концептілерге баса назар аударуға негізделген оқыту нақты оқу материалының негізінде оқушылардың бойында тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға мүмкіндік береді. Тарих пәнін оқыту өзге пәндерге қарағанда ерекше әдістеме мен сабақты өткізу процедураларын қажет етеді. Бұл жай ғана өткен оқиғаларды, фактілер мен даталарды көрсетіп, айтып өтуден де көп нәрсені талап ететін пән. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша тарихты оқыту жаңаша форматқа көшуде. Жаңа бағдарлама оқушыларға тарихты жаңа және күрделі жолдармен ойластыруды талап етеді. Нақты тарих «жай болғанды білу» немесе өткеннен фактілерді еске түсіру мен жадыда сақтаумен ғана шектелмеуі керек. Бұл пәнді оқығанда оқушылар тарихшылар сияқты ойланып, жұмыс жасауы қажет. Оқушылар ақпарат пен дәлелдемелерді іздестіруді, кең көлемде оқып, құжаттарды, кескіндерді және артефактілерді тарихи дереккөздерін тексеруді, оқиғаның себебі мен салдарын, өзгеріс пен сабақтастықты, ұқсастық пен айырмашалықты зерттеп, зерделеп, талдай алуы керек. Сонымен қатар әрбір оқиғаның маңыздылық деңгейін ажыратып, тарихи тұлғаларға баға бере алуы құнды болып табылады. [2]
Ол үшін оқушылардың тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру қажет. Ең бастысы, тарих сабағында оқушылар күрделі сұрақтар қоюға және сыни ойлауға дайын болуы керек. Сонымен қатар оқушылар дәлелдердің сенімділігіне күмәндануға, бар білімді сынауға және басқа адамдардың дәлелдерін бағалауды, тарихшы сияқты ойлаудың алғашқы қадамдарының бірі - тарихи маңызды түсініктерді білуі қажет. Көптеген басқа пәндер сияқты, тарих пәнінің де өз тұжырымдамалары, дағдылары, терминологиясы және ойлау тәсілдері бар. Тағы бір маңызды нәрсе тарих пәні бойынша оқу бағдарламасының мазмұны, оқыту үдерісі және оқыту әдістемесі бір-бірінен бөлек емес, біртұтас біріккен жүйе болуы керек. Ал осы тұста оқушылардың тарихи ойлау дағдысын қалыптастыру үшін концептуалды оқыту ең тиімді тәсіл болып табылады.


Қолданылған әдебиет:

  1. Концептуалды білім беру арқылы оқушылардың тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру/ Формирование навыков исторического мышления через концептуальное обучение/Б.К. Дильманов, А.З. Зейнулла, Н.А.Кенбаева, С.Уайсова, Г.Ж.Тұтқышбаева- әдістемелік құрал - Астана "Назарбаев зияткердік мектептері" ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2018 жыл. -90 бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет