Л. Н. Гумилев – аса талантты шығыстанушы



бет2/4
Дата27.09.2023
өлшемі35,16 Kb.
#110810
1   2   3   4
Арыстандай айбатты...

1992 жылдың маусымында Лев Николаевич көз жұмды. Оны жерлеу кезінде бір кісі Эйнштейннің қазасы кезінде айтылған: - "Өзінің туған үйіне қайтып кеткендей-ақ" ол Әлем тұңғиығына батып көрінбей кетті" – деген сөзді есіне алады. Шынында да ол Жер-анаға сексен жылдық экспедиция жасап, артына қорқуды білмейтін ақыл-ойының зәулім ескерткішін қалдырып, ғайып болды. Замандас тарихшылары оны тыныштықты бұзушы, бүлікшіл деп атады. Сонда ол қандай тыныштық еді? Бұл идеологиялық террордан тәуелсіз тентектердің бәрі дер кезінде жойылып, ал аман қалғаны "аязы - әлін, құмырысқасы – жолын білетін" және тыйым салынған нәрсені ойлауды да қойған қорымның өлі тыныштығы болатын. Ал Гумилевтің оққағары бар ма, әйтеуір, құдай оңлап, қартайғанша қаламын тебірентіп ұзақ ғұмыр кешті, өмірінің соңғы кезінде атақ-даңқы бұрынғы Совет Одағына түгел жайылды. Ал оның қаншама тұрғылас-тустастары қатыгез өкіметтің тақалы табанына тапталып, нағыз кемел шағында, қыршынынан қиылып кеткен еді.


Ал, "Дамокл семсеріне" түспеген азғантай алыптар тобын кейінгі ұрпақ "Зубрлар – қодастар" деп атап кетті. Олардың қатарына Капица, Тимофеев-Ресовский, Лиха­чев, Гумилевтер жататын. Олардың бәрі де абақтыда отырып, тұтқын лагерлерінің қара жұмысы сынағынан өткен-ді. Лев Гумилев осынау Сталин лагерін этнограф пен этнолог ғалымның далалық лабораториясы ретінде пайдаланады. Ол ғұмырында пәлен рет қамалып, он төрт жыл айдауда жүреді. Құдай-ау, о жақта Ресейдегі күллі халықтардың өкілі болады. Бәрі де қайғы ортақ, қасырет ортақ, көрген азап пен жәбір-жапа ортақ мұңлы жандарұғын.
Бірде одан көп шәкірттерінің біреуі: лагерде сіз көрмеген, бақыламаған халық өкілдері болды ма? – деп сұрайды. Сонда ғалым біраз ойланып тұрып, күмілжи тіл қатады: "Индустар ғана болмаса, қалғандары – ағылшындар, американдар, түріктер, парсылар, көрейлер мен қытайлардың бәрі де болды... Орыстар арасынан – казактарды, баптистерді, власовшыларды, коммунистерді..." кездестірдім деп жауап береді. Барша халықтардың өкілдері көз алдыңда және ешкім өзінің жан сырын жасырмайды.
Міне осындай көп тілді, көп ділді, көп дінді ала-құла қалың жұртпен етене араласуы, солардың мінез-құлқын зерттеуі орыс ғалымын Ресей мен Дала қарым-қатынасына, ең алдымен көшпелі халықтар өмір-тіршілігіне жіті назар аударуына түрткі болса керек. Мұның үстіне Лев Николаевич те, сан мыңдаған балалар сияқты, мектепте индейлер туралы кітапты бас көтермей көп оқиды, Ал Ресейдің өз индейлері де жетіп жатыр және оларды бірде-бір тарихшы ден қонып зерттемеген. Ендеше Ұлы Даланың тарихын сонау хұндардан бастап, моңғолдар мен ойраттарға дейін қуалай отырып баяндап шығуға болады. Оның бұл ойы тым жас күнінде, шамамен, 1935 жылы көкірегіне ұялайды. Бірақ ғұмырының ең бір жеміс берер үлкен бір белесі тағдыр талқысына түсіп, көп жылы – ла­герде, бір жылдан астамы Отан соғысында өтеді. Осынау жылдары, жас күнінде пайда болған көңілдегі күдігі күшейе түседі.
Мәселен, римдіктер мен пунийліктер өзара көп соғысып, ұдайы тең түсіп отырған, ал оны біз римнің жазба деректерінен білеміз. Сонда олардың әділ жазылғанына кім кепілдік бере алады, Ресей тарихын оқысаңыз, ежелгі қыпшақтардың орыс қалаларын талап-тонағаны жәйлі өте көп жазылады. Ал, Владимир Мономах қыстың көзі қырауда, қалың қарға омбылап, панасыз да шарасыз қалған көшпелілерге жортуыл жасамады дейсің бе? Міне, осы жолменен Гумилевтің тарихи бастаухаттарға деген көзқарасы қалыптасады: ғалым оған сене отырып, сенбейді. Өйткені шежірешінің өзі де, сіз бен біз сияқты, құмар-құштарлықтан, сезім-түйсіктен тұратын ақылды да білімді адам, ол белгілі фактілерді өз көзқарасына, ұғым-түсінігіне бейімдеп, бір жүйеге түсіреді, оған сәйкес келмегендерін көзге ілмейді ғой.
Міне, тап осы мәселеге келгенде Гумилев пен оның көптеген бастаухаттанушы әріптестерінің ара жігі ашылады. Гумилев бастаухатқа көзсіз табынбай, күдіктене қараса, аналар заманның үстем идеясының ығына жығыльш, жазба деректердің әрбір әрпін құдайдың ақиқатындай көреді де, өз ой-пікіріне де, тұрғыластарының пікіріне де сенбей шүбәлана қарайды.
Лев Николаевичтің кітаптары мен ғылми еңбектеріне қарсыластардың пікірі мынадай бір дәлел-дәйекке сүйенетін: "Цзин-шудың авторында бұл басқаша жазылған; ендеше Гумилев қателеседі!" Ал, неге керісінше емес. Қытай сарайының тарихшысы, әлбетте, "теріскей тағыларына қарсы жүргізілген қанды соғыстың егжей-тегжейін жете біледі; оның со бір соғыстың себеп-салдары, әділеттігі жөнінде өз пікірінің болуы да мүмкін. Бұл пікірдің тіпті Көк Перзентінің пікірінен өзгеше болуы да ғажап емес. Бірақ оның сол пікірі ресми тарих мәтініне енгізілді ме? Міне, гәп қайда жатыр. Фин, көрей соғысы, тіпті ¥лы Отан соғысының бірқатар жәйіттерінің совет тарихшылары еңбегінде қалай түсіндіріліп жазылғанын еске алайықшы.
Өзімен тұрғылас басқа авторлар арасьнан Гумилевті айрықша бөліп көрсететініміз, оның – Лев – Арыстан деген аты мен өмірбаяны ғана еместі. Ғалымның еңбектерін оқудың өзі қызық, өйткені оның өзі де айналысатын ісіне жан-тәнімен құмарта беріледі. Бірақ о заманда гимназия оқулықтары Еуропамен ғана тұйықталады екен. Сол оқулықтарда оның әкесі жанындай жақсы көретін Афри­ка мүлде ұмыт қалса, Азия мен Америка жөнінен де жарытып ештеңе айтылмайтын болған. Ғылымға деген құштарлық, ынта-ықылас оны кітаптан бас көтертпей қойғаны былай тұрсын, кез келген ұлттың әр алуан адамдарымен етене сөйлесіп, жөн-жосықты сұрасып, әңгіме-дұкен құруға жетелейді, Ол расында да елгезек оқырманға б. з. дейінгі І-ІІ ғғ. бастап, біздің заманымыздың ІІІ-ІҮ ғғ. дейін ғұндар мен түріктер қандай болғаньн, Хазарияның қайда жоғалып кеткенін, XIII ғ. моңғолдардың не істеп, не қойғанын кемеліне келтіріп айтып беруге шын көңілмен ұмтылады. Құштар көңілден шыққан татымды жазылган тарих кісіні жетелей жөнеледі ғой.
Әлбетте, Л. Н. Гумилевтің тарих ғылымына қосқан соны терминдері бірден қабылданып, жатталып кетпеген болуға тиіс, өйткені совет қауымының салт-санасына сіңіп кеткен ел-жұрт, халық, ұлт деген, қайта қаралуға жатпайтын сталиндік анықтауыштардан арыла қою оңай еместі. Ал, мына автор гректің "этнос" – халық деген сөзін, оған ешқандай әлеуметтік, марксистік мән бермей, құлағынан сүйреп әкеп кіргізе салады. Сол сияқты "пассионарлық" (құштарлық) термині де құлаққа тосын естіледі. Біздер Долорес Иббаруридің пассионарлығын білетінбіз, ғашықтардың махаббат құштарлығынан да хабардар болатынбыз, бірақ жасырып қайтеміз, полюске ұмтылған Амундсеннің, Сент-Экзюперидің құштарлығына, Александр Македон­ский мен Ганнибалдың құштарлығына онша мән бермеппіз. Тек осы бір от жігерлі құштарлық, мүлде басқа жаңа, үлкен өмірге ұмтылу, күнделікті дағдылы тіршілік ағымында тіпті де қажеті жоқ, күш-жігер көрсететін қабылет-дарын ғана адамзат тарихын жасайтын қозғаушы күш болып табылады ғой.
Гумилевтің айтуына қарағанда, со пассионарлык, теориясының өзі ол Кресты түрмесінің нары астында, құжынаған тұтқындардан мезі болып, темір тордан күн шұғыласына ойлана қарап отырғанда туған тәрізді.
Ал, пассионарлық дегенніц өзі не? Мұны қарапайым қазақ тіліне аударсақ - "құштарлық" немесе "құштарлыққа берілу". Бұл бірақ ер мен әйел арасыидағы махаб­бат құштарлығы емес. Гумилевтің айтуынша, ол іс жүзінде барды місе тұтпайтын қанағатсыз құштарлыққа саяды. Мәселен, Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын жер шетіне жетуді, шартарапқа өз билігін жүргізуді, Шығыс пен Батыс арасын қосуды аңсап, армандап өткен. Бүл баяғы "герой" мен "тобыр" жөнінде Т. Карлейль жазатын гәп те емес. Л. Гумилевтің түсінігіне жүгінсек, қанша күшті-қайратты болып, табанымен жер тіреп тұрса да, жалғыз адам аз. Этноста, халық арасында ерекше жаратылған, идеямен қанаттанып, шабыттанып шыға келетін тұлғалар жеткілікті болуға керек. Этностық қауымдастықты құратын да осындай адамдар. Бұларға қоса күнделікті жұмысын істеп, салығын төлеп, бала-шағасын өсіріп отыратын қара халык, және тіршіліктің ас ішіп, аяқ босату, шарап гәйпі, тән ләззаты сияқты жабайы рахат-қызығына бола кез-келген идеяға қызмет етуге әзір тұратындар да (субпассионарлар) болады.
70-80 жылдары кеңестік этнография ғылымы жаңа белеске көтерілді. Осынау ғылымның этникалық қауымдастықтың тарихи типтері жөніндегі келелі бір тақырыбы төңірегінде қызу айтыс болады. Лев Николаевич те бұл айтыстан қағыс қалмайды, қайта оның қалың ортасында жүреді. Гумилевтің "Жердің этногенезі мен биосферасы" атты әйгілі еңбегіне жүгінсек, кез келген этнос, ең алдымен, биологиялық-географиялық феномен, ал әрбір этностың түпкі тегі "жақын космостан" қайрат-жігер алатын "пассионарлык," күштердің ықпалымен қалыптасады. Ака­демик Ю. Бромлей бастаған Ленинградтағы этнография ғылми-зерттеу институтының ғалымдары, әрине, оның бұл пікіріне қарсы шығады. Тарихи материализмнің мызғымас тұғырына арқа сүйеген мамандар этникалык, қауымдастықты тарихи-табиғи жолмен қалыптасқан әлеуметтік ка­тегория деп біледі ғой. Ендеше, Гумилев сияқты "еретиктің" этносты био-географиялык, категория дегенін қайдан мойындасын.
Л. Гумилевтің ғылми қағидасы бойынша, кез келген эт­нос "піл сауырлы қара жердің" тау мен дала, шөл мен көк орайлы алқап, дала мен тау тәрізді әртектес ландшафтары тоғысқан өңірлерде өсіп өнеді. Осындай өңірлерде өмір сүріп, тіршілік еткен адамдарға "жақын космос" қуаты әсер етеді, соның игі әсерінен от жігерлі, қайратты пассионер тұлғалар өсіп жетіледі, Еті тірі, өзі пысық осынау пассионар адамдар қалың халықты соңынан ертіп, субпассионарларды – қарсыластарын аузына қаратып, өзіне дейінгі "мәдени жаралымды" жойып, "этнос" – халык, деп аталатын жаңа қауымдастықты құрып қалыптастырады. Жоғарыда айтқанымыздайын, әрбір этнос ең алдымен био-географиялық құбылыс, ендеше олардыц өлшеулі жасы болмақ керек. Әрбір этностың өмір жасының ұзақтығы 1200 жылдан аспайды. Осындай өлшеулі уақыт аясында этностың дүниеге келіп, өсіп-өніп, өркендеп дамып, құлдырап барып құритын үрдісін этногенез деп атайды.
Лев Николаевичтің өмір жолы және этностың қалыптасуы жөніндегі ой тұжырымдары міне осындай. Енді оның түркі тектес елдер, халықтар жөніндегі трилогиясы және оның "Хазарияны тану" (1966) атты кітабын қыскаша шолып шығалық.
Автордың хазарлар жөніндегі шағын кітабы кезінде көп айқай-шу туғызды. Өйткені Еуразияны ертелі-кеш мекен еткен халықтар ішіндегі ең жұмбағы мол халык, осы хазарлар. Олар ежелгі орыс және византия-рум тарихында өз ізін қалдырған, Тіпті Византияның бір императоры Лев Хазар деп аталған. Бір ғажабы күллі иудаизм тарихында еврей дінін жаппай қабылдаған да осынау халық болады. Бірақ Л. Гумилев мәселенің бұл жағына онша көңіл бөлмейді. Сол елдің құпия сырын бүгіп, жоғалып кеткенін анықтауға көңіл бөледі. Жұрттың көбіне Гумилев қорытындысы тосып болып көрінеді. Хазарияның түбіне жеткен саяси-әлеуметгік апат та, эскери-соғыс апаты да емес, табиғаттың зұлмат күші болып шығады.
Кітапта Каспий мен Арал теңіздері өңіріндегі табиғи жағдай өзгеруінің үш варианты беріледі. Хазарияның гүлденген шағы Каспийдің деңгейі Әлемдік мұхиттан 36 метр төмен болған кезіне тура келеді. Сосын су тасып қағанат жерін түгелдей басып қалады. Экология дерті онша басталмай тұрған со бір кезде теңіз суының тасуы мен қайтуы сияқты уақ-түйекке мән беру байсалдылық белгісі болып саналмайтын. Сол себепті де авторды географиялық және биологиялық детерминизмге ұрынды – соңғы екі фактордың рөлін тым асыра бағалады – деп айыптады.
Лев Николаевич те қарап қалмады, айтыс-тартысқа белсене араласып, өзінің ешқандай да детерминист емес екенін, бірақ та адамзат тарихын дамытуда табиғи фактордің белгілі рөл атқаратынын айтып, дәлелдеумен болады. Ал со жылдары автор ойын қуаттағандай-ақ Каспий қайтадан тасып, Арал суы тартыла бастайды. (Хазария жөніндегі кітапта бұл вариант та қамтылған). Қанша айтқанмен отандық тарихшылар назарын табиғи факторға аударуы Гумилев-зерттеушінің еңбегі екеніне ешбір дау жоқ. Кейінірек хазар тақырыбы автордың "Байырғы Русь және Ұлы Дала" кітабында жалғасын тауып дамытыла тусті.
"Дала трилогиясы"

Автордың хұндар туралы кітабы "Дала трилогиясының" бірінші бөлімі болып табылады. Батыс және шығыс тарихы жазба деректерін мейлінше молынан пайдалана отырып, оқуға жеңіл бедерлі тілмен жазылған осы бір еңбекті ғылми жұртшылық оң қабағымен қабылдады. Әуелден-ақ халқының қыруар көптігімен және бейнетқорлығымен әйгілі болған Қытайдың солтүстік жағындағы беймаза, көшпелі көршісі ретінде танылған және адамдарының саны олардан 30 есе кем болса да, ұлы көршісінің тынымсыз шабуылынан өзінің дербестігі мен тәуелсіздігін сақтап қалған шалымды да шақар халық хұннудың қиын тіршілігін, тағдыр-талайьш, олардыд мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық, саяси құрылысының ерекшеліктерін бай материалдар негізінде қызғылықты баяндайды.
Әсіресе қатыгез көршісінің залымдық усойқы саясаты мен жортуыл-жорықтарының салдарынан алты бақан алауыз болып бөлініп, ең соңында әлсіреген хұндардың туған ел-жұртын тастап, казіргі Қазақстан жерінің Арқа жағын басып өтіп, Еділ-Жайық аймағына барып қоныстанып, жергілікті халық угорлармен араласып кететін қасыретті тарихы оқушыны катты тебірентеді. Олар сол арада екіжүз жыл тұрып, нығайып алғаннан кейін қуатты сарматтар мемлекетін талқандап, Қаратеңіздің теріскейі арқылы қаптай шауып Еуропаға ауыз салады. Сөйтіп сол көне құрлық тарихына жан бітіріп, батырлығымен, қаһарлы да қанішер қаталдығымен бүкіл батысты жанын түршіктіре жаулап алған атышулы ғүндар эпопеясын бастайды.
Л. Гумилевтің өз сөзіне қарағанда, байырғы түріктерге арналған кітабын 1935 жылдың 5-желтоқсанында бастай­ды. "Көне түріктер" кітабы 1967 жылы басылып шықты. Кітапта қамтылған тақырып аса маңызды еді. Өйткені ежелгі түріктер қысқа уақыт ішінде әлемдік мәні бар мемлекет құрып, Батыс пен Шығыс арасын қосады, Түрік мемлекетінің пайда болуы "белгілі бір дәрежеде адамзат тарихының бетбұрыс кезеңі болады, өйткені сол уақытқа дейін Жерорта теңізі мәдениеті мен қиыр шығыс мәдениеттері бір-бірінің өмір кешіп жатқанын білсе де аралары қосылмаған еді", - деп жазады автор. Түріктердің далалық империясы кемеліне келіп, толысып тұрған 580-жылы Қағанат қарауындағы жерлер батысында Кавказ теріскейі арқылы Византиямен, түскейінде Иран, Үндістанмен шектесіп жататындағы, шығысында Қытай шегіне тереңдей еніп кеткен еді. Сол себепті де "Орхон ескерткіштерінің текстіндегі" мына төмендсгі асқақ сөздер тегіннен тегін жазылмаған болуға тиіс:
- Биікте көк Тәңі і,
Төменде қа а же жа алғанда,
Екеуінін, а асында адам баласы жа алған.
Адам баласы үстіне ататегім Бумын
қаған, Істеми қаған оты ған,
Оты ып, ту ік халқынын. ел-жұ тын
Қалыптасты ған, иелік еткен.
Тө т бұ ыштын, бә і дұшпан екен,
Са базда ымен аттанып,
Тө т бұ ыштағы халықты
Көп алған, бә ін бейбіт еткен,
Бастыны – еңкейткен,
Тізеліні – бүкті ген...
Ұлы түрік қағандары ерлік эпосын осылай тасқа бәдіздеп қалдырып отырған. Жарау атты, ұзын найзалы түрік сарбазы жортуылда шөл дала, құба түзді басып, асқаралы таудан асып емін-еркін жүре берген. Шығыс пен Батыс арасындағы, Ұлы Жібек жолы деп аталатын керуен жолы негізінен түріктер қол астына қарайды. Сөйтіп Түрік Қағанаты әлемдік саясаттың аса маңызды тұрақты факторына айналады. VI және VII ғасырлар тоғысар кезеңде қағанат Батыс және Шығыс қағанаттары болып, екіге бөлінеді. 625 жылы "екі орасан зор коалиция құрылады. Бірінші жағында – Қытай, Батыс түрік қағанаты мен Ви­зантия империясы, екінші жағында – Шығыс түрік қағанаты, Иран мен аварлар мемлекеті" болады. Олардың арасындағы соғысты автор дүниежүзілік соғыс деп атайды. Осы алапат соғыстың кесірінен екі қағанаттың екеуі де талқандалады. Сонда Батыс қағанаты біржолата жойылса, Шығыс түріктері Ордосқа көшіп барып, көк түрік атын алып, 679 жылы қағанатты қалпына келтіреді. Кейін Ұйғыр қағанаты оның мұрагеріне айналады.
Лев Гумилев осы кітабында: - Сібір мен Орта Азияның байырғы халықтарын Қытай мен Иранның көршілері ретінде ғана қарауды тоқтату керек. Олардың тарихы мен мәдениеті өз бетімен дербес дамыды деген даусыз қағидадан практикалык, қорытынды жасайтын уақыт жетті... Бүгінгі күнніц, тіпті болашақтың да қайнар көзі өткен заман қатпарларында жасырынып жатыр, ал байырғы түріктер Совет Одағының көптегеп халықтарының арғы тегі емес пе!? – деп әділін айтады. Рас, одан бері Со­вет Одағының өзі ыдырап кетті, бірақ одан түркі елдері тарихтың маңызы кемімейді. Әсіресе "түріктердің қоғамдық тұрмысы мен әлеуметтік институттарының маңызы зор: ел, еншілік-таспихтық жүйе, шендер иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік үрдісі, сол сияқты көрші елдердің идеологиялық жүйелеріне қарама-қарсы қоятын мүқият әзірленген дүниетанымның болғандығы таң қалдырады.
Гумилевтің ой-пікірінше, орда мен тайпалардың қатар өмір сүруінің бір түрі. Бұл жүйе қағанаттың күші мен әлсіздігінің өлшемі сияқты еді. Еншілік-таспихтық жүйе дегеніміз билікті әкеден балаға мирас етіп қалдыру емес, ағадан ініге қалдыру, оның айрықша назар аударатыны – ол түріктермен тектес көптеген халықтарға тарайды және печенегтер арқылы оны Байырғы Русьтер де қабылдайды. Автор көне түріктердің қоғамдык, құрылысьн "әскери демократия" деп атайды. Бұл термин ақылға қонымды, бірақ өзіңдік ерекшеліктеріне орай, ол германдарда, терістік америка индейлері мен Азияның көшпелі халықтарында әртүрлі болып келеді. Десек те, сарбаздар қоғамның негізін құрайтын болған.
Гумилев түріктердің идеялық жағынан өздерін – айналасын қоршаған еддерге қарсы қойып отырғанын бірнеше рет атап өтеді. Бәрінен бұрын Қытай мәдениетінің қысымы қатты еді, мақсаты – Даланы өз ықпалына келтіру; Екінші Қағанат кезінде айбынды пассеиз – өткенді аңсау идеясы басым болды. Мұның үстіне ислам факторы да елеулі рөл атқарды. Таң империясы мен арап халифатының Орта Азияға өз ықпалын жүргізу жолындағы бақастығы күшейеді. Әуелі түріктер, сосын олардың орнын басқан түргештер араптарға жанқиярлықпен қарсы тұрды. Хош, сонымен түрік халықтарын ислам аясына алу әрекеті VIII ғасырда жүзеге аспайды. Мәселен, түргеш ханы Сұлу халифтың елшісіне: менің бодандарым – шаштараз да, ұста да, тігінші де емес, жауынгерлер, сол себепті де ислам оларға лайықсыз, - деп мәлімдейді.
Гумилев оның сөзін өз еңбектерінде бірнеше мәрте келтіріп, мұсылман дінінің көшпелі халықтар заңы мен биоритміне сәйкес келмейтінін білдіреді. Ал, сонда күллі түрік халықтарының түгелдей мұсылман болғаны қалай? – деген сұрақ туады. Автор бұған тікелей жауап бермейді, бірақ ел билеуші хандардыц қалауы, талғап-таңдауы мәселесін алға тартады. Мұның үстіне түріктер көрші халықтармен тіл табыса білген. Байырғы түріктер туралы кітап манихей дініне табынған Ұйғырстанның күйреуімен аяқталады.



Дала трилогиясының қорытынды бөлімі "Қиял патшалығын іздеу" деп аталады. Сөз болып отырған патшалық – пірәдар Иоанның Шығыстағы қиялдан туған қуатты мемлекеті, орта ғасырдағы еуропалықтар сол патшалықтан көмек аламыз деп дәметеді. Кітапта осынау аңыздың тууы Шыңғысхан мемлекеті мен моңғол жаугершілігінің пайда болуын баяндау арқылы анықталады.
Аңыздағы рас нәрсе, ХІ-ХІІІ ғғ. Орталык, Азияда хри­стиан дінінің несториандық тармағы кеңінен жайылғандығы. Лев Николаевич пірәдар Иоанның образы қидан ханзадасы Елуи Дашиден (1087-1143) алынған дейді, ол ханзада XII ғ. казіргі Жетісу жерінде үлкен қуатты мемлекет орнатады, оның негізгі діні – несториан діні болады. Найман ханзадасы Құшлық та әуелде несториан дінін қабылдаған, еуропада аңыз болып кеткен Давид ханзаданың түп-төркіні, бәлкім, сол болуға керек. 1007-1008 жж. керейттер де несториан дініне өтеді. Ал XII ғ. аяқ кезінде Оң-хан деп аталған Тоғрыл керейттер көсеміне айналады және Темучин-Шынғысханның одақтасы, әрі оның өкіл-әкесі болып есептеледі. Кейін олар өзара келіспес жау болып кетеді. Рас, батыстың бірсыпыра авторлары Оң-ханды пірадар Иоанның нағыз прототипі деп біледі. Шыңғысхан мен Оң-ханның байланысы жөніндегі мәліметтерге қарап, олар моңғолдар қолбасшысының өзін батыс христиандарына көмектесуге келе жатқан хан­зада Давид не шығыс христиандарының елшісі деп ойлап қалады.
Алайда Л. Гумилев пірадар Иоанның патшалығы туралы және ол жіберген әскердің келе жатқаны туралы аңыз, хат-хабардың аздығынан немесе көкейіндегі нәрсені шын екен деп ойлап қалудан туған құр дақпырт қана емес деп шамалайды, Оның пікірінше, бұл елді адастыру үшін әдейі, саналы түрде ойдан шығарылған жалған сыбыс. Си­рия мен Иерусалим королдігінде орналасып алған крест-тағушылар Еуропадан қосымша әскери күш келуіне мүдделі болатын, бірақ олар жаңадан келушілерге жаулап алған жетістіктерін бергісі келмейді. Ендеше олар Құдай табытын қорғау жолына түскен жаңа жауынгерлерді алысырақ, қиялдан туған одақтас-қаруластарына қарай жөнелтуі қажет еді. Орталық Азиядағы христиан патшалығы туралы аңызды ойдан шығарылған саналы өтірік деп жариялайды да, Л. Гумилев несториан дінінің қалай қанат жайғанын келістіре баяндайды. Моңғолияда тіпті Шыңғысхан қолдайтын тұтас бір несториандық партия болған, бағзы бір кездері оны Шыңғысханның өзі де қолдап отырған.
Егер кресттағушылар Азиядағы христиан патшалығын саналы түрде ойлап тапса, олар шын мәніндегі көмекті моңғолдардан алады. 1275 жылы Хулағу хан Месопота­мия мен Сирияны жаулап алуға қалың қол аттандырады. Хулағудің өзі бұддашы болса да, оның айналасында христиандар көп еді. Солардың бірі найман Кетбұқаны Л. Гу­милев "крестің нағыз қорғаушысы" деп атайды. Осынау сабаз Батыс кресттағушылармен келісе алмайды. Мөңкенің қазасынан кейін, Хулағу әскерін кейін қайтарады, тап сол кезде Рим патшасы моңғолдарға қарсы жорық командирлерін орындарынан тайдырады, Сидон мен Бейрутта тұрған рыцарлар әтрәттарының командирлері бұны пайдалана қояды. Олар моңғолдар қоластындағы Газыға шабуыл жасап, оны талап-тонап, Кетбұқаның немересін өлтіріп кетеді. Бұның есесіне Кетбұқа Сидонды ойсырата шауып ойранын шығарады.
Әрине, мұнан кейін одақ өзінен-өзі құриды. Сөйтіп Таяу Шығыста христиан патшалығын орнату жөніндегі идея жүзеге аспай қалады. Л. Гумилевтің айтуына тоқтасақ, өздерінің опасыздығын ақтау үшін, моңғоллардың кандыбалақ қаталдығын кресттағушылар қасақана ойлап тапқан. Кейінірек еуропа тарихшылары осынау идеяны тірілтіп, түріктерден өткен жабайы моңғолдармен мәмлеге келу мүмкін еместігін сан саққа жүгіртіп, байбалам салады. Бұған Лев Николаевич: - Висланың шығысында жатқанның бәрін түгелдей тағылық пен күйкілік деп ұғатын мәдениетті еуропалықтың мардамсыған паңдығын түсінуден гөрі, венециялықтардың құлқынқұмарлығы мен тамплиерлердің опасыздығын түсіну әлдеқайда оңай! – деп жауап береді.
Л. Гумилевтің "Қиял патшалығын іздеу" кітабы Ресейде үлкен дау-шарға ұшырады. Өйткені автор мұнда тұңғыш рет Моңғол бұғауы дейтін мәселеге өзінің қалай қарайтынын білдірді: ол моңғол басқыншылығы орыстар үшін ұлттық апат болмағанын ашып айтты. Қираған қалалар мен құрбан болған адамдар сапы орыс кінәздарының іштей, өзара қырқысуларынан артық болмаған. Ал моңғолдар рақымсыз қатыгездікті тек нақты қылмысы үшін, мәселен, елшілерді өлтіргені үшін жасаған. Дінге, оның ішінде Православие дініне төзімді кеңпейілдік танытқан, сол себепті де орыс кінәздары моңғолдармен еркін қарым-қатынас орнатқан. Сартақ хан – христиан, Берке хан – мұсылман болған, бірақ олар дінге араласпаған.
Алым-салықты жан басынан емес, қоныс-тұрақ санына қарап жинаған. 1262 жылдан бастап Берке хан орыс жерінен алынған салық ақшасын Қарақұрымға жібермейді. "Бұл хандар туы астында жүріп жасалса да, Шығьтс Еуропаны моңғол езгісінен азат ету болатын". Л. Гумилевтің пайымдауына қарағанда, 1275 жылдан бастап, бұрын өзара жауласып келген православие мен несториандардың ара қатынасы жақсара бастайды. Хан ордасында христиандық орта болған, бұл орыс адамдарының мұндағы қызметін, әскери міндеттерін орындауға қолайлы болған. Бұл-бұл ма, тіпті хан жарлығы бойынша, орыс шіркеулері мен монастрлері алым-салықтан босатылады.
Хандық астанасында православие ғибадатханалары болады, Сарай мен Дон бойы эпископтарының құрылуы Орда жерінде христиан қауымының тұтас бір жұрты болғандығьшың дәлелі іспетті. Гумилев осынау еңбегінде Орда жеріне тек жұрт пұтқа табынушылар деп шүбә келтіретін адамдар ғана ауып кеткенін жазады. Кейін Орда толығынан ислам дініне өткен кезде христиан-татарлар орыс жеріне қайта ағытылады. Енді олар жаңа ортаның керші-қолаңы болып, орыс қызметін атқарады. Орыс жерін өзгелердің жортуыл-жорығынан, оның ішінде татарлардың да жортуыл-жорығынан қорғайды. Қорытып айтсақ, сонау Александр Невский заманынан бері Батыстыц басқыншылығына қарсы құрылған екі елдің әскери одағы өзек болған өзара қарым-қатынасы тым күрделі де қиын болған.
Автордың "несториандық фактордан" өзге ой-пікірлерінің бәрі еуразия тарихшылары қағидасын қайталайтын еді. Бірақ бұрынғы Совет Одағының қалың оқушы қауымын былай қомғанда, тарихшы мамандардың өзі ол ағымдағы әдебиетпен мүлдем таныс емес еді. Сол себептіде Гумилевтің мектеп қабырғасынан жатталып қалған татар-моңғол езгісін жоққа шығаруы – қалың көпті аң-таң етіп, ақырында олардың ашу-ызасын тудырады.
Алайда бұл кітаптың "Игорь жасағы туралы жырға" қатысты тараулары, моңғол қысымы мәселесінен де өткен үлкен жанжалдың ошағына айналды. Орыс әдебиетінің осынау бірегей туындысының тағдыры айрықша екені қалың жұртшылыққа көптен мәлім. Бұл ғажайып туындының тұпнұсқасы XVIII ғ. аяғында ғайыптан пайда болады да, Мәскеудегі өрт кезінде жанып кетеді, сөйтіп зерттеушілердің шетсіз-шексіз болжамдар мен жорамалдар жасауына жол ашады және әрбір соны болжау мен жорамал айтылған сайын, ғылми және әдеби жұртшылық оған қатты қобалжып, толқып, тебіреніп отырады. Бұдан шығатын басты қорытынды - "Игорь жасағы туралы жыр" нағыз әдебиеттің жанды туьндысы, қатып-семігі қалған тарихи мүрде емес.
Л. Гумилевтің бұл кітабы шығар алдында орыстың аса көрнекті тарихшысы А. Зимин "Жырдың..." шығуы туралы өз концепциясын ұсынады. Толып жатқан жазба деректерге келе, атақты ғалым "Игорь полкі туралы сөз", қанша айтқанмен, XVIII ғасырда жазылған, оның нағыз авторы, әсілі, Иоиль Быховский болуға тиіс – деген қорытындыға келеді. А. Зиминнің басына, опырыльш түскен таудай болып, сын көшкіні құлайды, оның жойқын болғаны сондай, ғалымның еңбегі ротапринтпен басылғаны болмаса, шықпай қалады. Беделді ғалымдар мен ресми орындардағы әкімдер "Игорь жасағы туралы жыр" XII ғ. тарихи оқиғаның ізін суытпай шығарылған, орыс кінәздарын қыпшақтарға және басқа жауларға қарсы қойындаса күресуге шақыратын патриоттық туынды деп кезекті мәлімдемелерін жасайды.
Осы дүрбелең басылмай жатып, "Жыр..." туралы тағы бір "дінбұзар" сөз айтылады. Л. Гумилев бұл туындыны XVIII ғ. жатқызбайды. Ол "Жырды..." XIII ғ. мұрасы деп есептейді. Бірақ автордың көне дастан мазмұнын талдауы ғылымда қалыптасқан тұжырымнан аулақ еді. Лев Нико­лаевич 1249-1252 жылдары туған поэманың сол дәуір оқиғаларын тұспалдап баяндайтынын, "Жыр..." авторының батысшыл ағымдағы ақын ретінде, моңғол басқыншыларымен тіл табысып қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталған Александр Невский саясатын айыптайтынын ашық көрсетеді. Сонда "Жырдағы..." қыпшақтар дегенді моңғолдар деп түсінген жөн, ал Трояна соқпағы деген сөзді Троица туралы (Үштік туралы – Құдай, Ұлы және Киелі рух) ілім деп ұққан дұрыс, өйткені бұл арада несториандармен ымыраласуға болмайды.
Міне, осыдан кейін авторға академик Б. А. Рыбаков бастаған сыншылар тобы бас салады. "Вопросы Истории" журналында (1971, №3) шыққан мақаласында академик Рыбаков автордың өзіне де, оның ғылми талдау әдістеріне де тіл тигізіп қорлауға дейін барады. Бұл ғылми айтыстан гөрі кітап авторын құстаналайтын айыптау актісі сияқты мақала еді. Л. Гумилев оған арнайы жауап беріп, көркем туындының бір ерекшелігі оны тарихи бастаухат ретінде де пайдалануға болатынын дәлелдейді. Осынау айтыс-тартысқа қатысып, өз пікірін айтқысы келген Я. С Лурьеге тек Л. Гумилевті ғана сынауға болатынын білдіреді, ал Б. А. Рыбаковты сынауға рұқсат етілмейді...
Лев Николаевичтің кітабынан туған дау-жанжалдың шаңы басылмай жатып, "Игорь жасағы туралы жыр" төңірегіндегі айтыс-тартыс қайта басталады. Бұ жолы оған Олжас Сүлейменовтың "Жазушы" баспасынан 1975 ж. шыққан „Аз и Я" кітабы себеп болады. Олжас "Жырдың" XII ғ, жататынына ешбір күмән келтірмейді, бірақ оның авторы түрік тілін жақсы білетін және орыстар мен қыпшақтар арасында достық қарым-қатынас орнатуды жақтайтын кісі болуға тиіс деп есептейді. Олжастың пікірі Л. Гумилевтің пікірімен қайшы келіп жатса да, бұл көзқарас бұрынғыдан әлде қайда күшті талас-тартыс, ашу-ыза тудырады. Оның себебін О. Сүлейменов „Аз и Я"-ның қазақша 1992 ж. шыққан басылымына жазған алғысөзінде әдемілеп түсіндіреді:
"Кейбір еркөкірек, ұлттық намысы қозғыш шамшылдарға қатты батқаны: көне орыс ескерткішіне басқа ұлт өкілінің талдау жасап, пікір айтқаны. Олардьщ ойынша мұндай зерттеу, мұндай пікірді, әсіресе славян-түрік халықтарының көне мәдениеті және олардыц өзара қарым-қатынасы туралы әуелгі пікірді басқа ұлттың өкілі емес, тек орыс халқының өкілі ғана айтуы тиіс болатын. Ал "Игорь жасағы туралы жыр" хақында "бөтен" ешкімнің сөз айтуы мүмкін емес, бұл ұлы орыс халқының мұрасы болғандықтан, тек орыстар ғана зерттей алады деген дүмбілез сенім мықтап қалыптасқан еді. Сондықтан әлгідей намысқой шамшылдардың: "Қазақстанның бұл кітабын Ресей ешуақытта кешіре алмайды" – деуі тегін болмаса керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет