Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы



Pdf көрінісі
бет13/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,99 Mb.
#21082
түріЛекция
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   78
Қаңлылар — қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалар-
дың бірі. Олар туралы деректерді негізінен қытай жазбаларынан 
аламыз. Шығыстанушы Н. Аристов «қаңлылар — ежелгі түркі руы» 
деп көрсетеді. В.Востров олардың ежелгі тайпа жəне түркі тілдес 
екенін нақтылап берді. А.М. Бернштамның пікірінше де қаңлылар 
түрік тілді халық болған.  
Қаңлы мемлекеті (б.з.д. ІІ ғ.— б.з. V ғ.) — Оңтүстік Қазақстанда 
құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі. Қытай де-
ректері бойынша астанасы Битянь қаласы болған. Қаңлының 
билеушісіне 5 иелік бағынышты болды. Кангюй мемлекеті мен 
оның иеліктерінің орналасу мəселелерінің тарихы И.Бичуриннен 
басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік 
жағындағы далалар деп белгілеген. «Шицзи» мəтініне «Давань ту-
ралы  хикаяда»  берген  түсініктемесінде  ол  «Кангюй  иелігі  қазіргі 
қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзі көшіп жүрген Сырдарияның 
солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. 
«Шицзиде» кангюйдің орналасуы туралы былай делінген: «Кангюй 
Даванның солтүстік-батысында шамамен алғанда 2000 ли жерде 
жатыр. Бұл — əдетте 20 000 əскері бар юечжиліктерге ұқcайтын 
көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес жəне күшінің аз болуы-
на қарай оңтүстікте юечжилердің билігін, шығысында ғұндардың 
билігін таниды».
Б.з.д. ІІ—І ғғ. қаңлылар батыс өңірдегі белді мемлекеттердің бірі 
болды. Үлкен Хань əулетінің келесі хроникасы «Цянь Ханьшудың» 
«жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында кангюйге арналған 
бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: «Кангюй 
билеушісі Лоюень елінде, Уананнан 12 300 ли жердегі Битянь 
қаласын мекендейді. Ол наместникке тəуелді емес. Əміршінің жаз-
да болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 
120 000 отбасынан, 600 000 адамнан тұрады; əскер саны 120 000 
адам. Əдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Кангюй шығыс жағында 
ғұндарға бағынады...». Осы ғасырдың ортасына қарай олардың орна-
ласу мəселелері жөнінде негізінен екі көзқарас: 1. Кангюйлер Таш-
кент жазирасынан Хорезмге дейінгі қос өзен арасындағы кең-байтақ 
жерді алып жатты; 2. Кангюй иелігі Сырдария өзенінің сағасынан 
Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланған, ал байырғы жерлері Са-
рысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, Ұлытауға 
дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты.
Алайда кангюйлердің байырғы жерлері Сырдарияның орта 
ағысы бойындағы жерлер болған. А.Н.Бернштамның пікірі бойын-
ша, неғұрлым ертедегі тарихи ескерткіштер — Авестада, Махаб-
харатада, Пехлевилердің бундахишні мен эпикалық Шахнамада 
аңызға айналдырылған Кангха нақ осында орналасқан. Ол ежелгі 
түріктердің руналық ескерткіштерінің Кенгутарбант елін де осын-
да орналасқан деп көрсетуді ұсынған еді. Кейіннен бұл көзқарасты 
Қазақстан зерттеушілері мен ежелгі Орта Азия тарихының 
саласындағы басқа да мамандар негізге алды. С.Г. Кляшторный 
мен Л.М. Левинаның еңбектері кангюйлердің орналасу мəселелерін 
зерттеуге  қосылған  елеулі  үлес  болды.  Біріншісі  кангюйлер  тура-
лы жазбаша деректердегі хабарларды қорытып, кангюй жерлерінің 
орналасуы жөніндегі негізгі пікірлерге сын көзбен талдау жасады. 
Л.М.Левина сол кезге қарай жинақталған археологиялық деректерді 
жүйеге келтіру мен қорытуда көп еңбек етті. Ол кангюйлер 
заманындағы Сырдария алқабының негізгі үш мəдениетін сипаттап, 
оларды кезеңдерге бөлуді ұсынды. Жан-жақты талдау негізінде ав-
тор өзі қарастырған жетіасар, отырар-қаратау, қауыншы мəдениеті 
кангюй мемлекеті тұрғындары мəдениетінің нұсқалары болып та-
былады деген қорытындыға келді.        


32
33
Сонымен,  Кангюйлер  Сырдария  өзенінің  орта  ағысының  сол-
түстік жағын мекендеген жəне Кангха мемлекетінің ұйтқысы бол-
ған тайпалар одағы деп айтуға болады.
Егер б. з. б. II ғасырдың екінші жартысында қытай елшісі Чжан-
Цянь Кангюй жерлерінің оңтүстігінде юечжиге, ал солтүстігінде 
ғұндарға тəуелді екенін айтса, біздің заманымыздағы I ғасырда 
мұндағы жағдай өзгереді. Егер Чжан-Цянь юечжи əскерін 100—200 
мың, ал кангюй əскерін 90 мың деп хабарлаған болса, Цанб-Хань-
Шу енді кангюй əскерін 120 мың, юечжи əскерін 100 мың дейді. 
Бұл кезеңде Орта Азиядағы қос өзен аралығында юечжилердің 
негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол жағалаудағы Бактрияға ығысуы, 
жерге отырықшылық орын алып, жеке-жеке бес иелікке бөлінгенін, 
мұның өзі кангюймен салыстырғанда олардың əлсіреуіне əкеп 
соқпай қоймағанын, ал кангюйлердің алдынан оңтүстік пен батысқа 
басқыншылық жорық жасау үшін мүмкіндік ашылғанын атап өткен 
жөн. Сол кезде б. з. б.  II ғасырдың аяғы — I ғасырдың басы, сірə, 
кангюйдің жоғарыда аталған тəуелді бес иелігі пайда болса керек.
Б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи шаньюй бастаған 
ғұндар Оңтүстік-шығыс Қазақстан жеріне алғаш рет көшіп келе 
бастады. Осындай жағдайда Қаңлы мемлекеті Чжичжимен одақ 
құрып, оны үйсіндерге қарсы пайдаланбақ болды. Қаңлы билеушісі 
Чжичжиді  Талас  алқабына  шақырып,  оған  өзінің  атты  əскеріне 
қолбасшылық ету құқын берді. Бірақ, қаңлылардың үміті ақталмады. 
Чжичжи үйсіндерді бағындыра алмады. Енді ғұндар мен қаңлылар 
арасында қайшылық туды. Чжичжи қаңлы билеушісінің қосынынан 
қуылып, Таластың жоғарғы жағына кетеді, сол жақтан өзіне қала 
тұрғызады. Шаньюй құрлысқа қаржыны Ферғана мен Парфия 
билеушілерінен  алым ретінде алып отырды, сірə, ол құрылысшы-
шеберлерді  де  сол  жақтан  шақырып  алса  керек.  Екі  жыл  бойы 
салынған қала мықты бекітілді, ол екі қорғанмен қоршалды, оның 
сыртқысы ағаш, ал ішкісі мұнаралары бар қамкесектен тұрғызылған 
дуалдан болатын. 
Чжичжидің күшеюі, үйсіндерге шапқыншылығы Қытай импери-
ясын мазалады. Көп кешікпей қытай əскері жорыққа шықты. Ол Ұлы 
Жібек жолын бойлай екі бағытта жүрді. Үш отряд Қашғар, Ферғана 
арқылы, Шатқал жотасындағы Шанаш жəне Талас жотасындағы 
Қарабура асулары арқылы оңтүстік жолмен, үш отряд солтүстік 
жолмен — Шығыс Түркістаннан, сірə, усундердің Чигучэн ордасы 
орналасқан Ыстықкөл қазан шұңқырындағы Бедел асуы арқылы 
өткен болар, содан соң Шу аңғарымен Таласқа беттеді. Əскерлер 
Чжичжи қаласы қорғанының жанында қосылды. Шаньюйдің өзі 
қоршауға  дайындалған  еді,  ол  өз  əскерлерін  қабырғаларды  бой-
лай орналастырды, ал қала қақпаларының екі жағына «балық 
қабыршағы» сияқты етіп əдеттен тыс сап түзеген жаяу жауын-
герлер отрядын қойды. Алайда, қаһармандықпен қорғанғанына 
қарамастан, қытайлар сыртқа ағаш қорғанды өртеп, топырақ дуал-
ды опырып жіберді, қоршаудағылардың қарсылығын басып, қалаға 
басып кірді де қамалды басып алды. Чжичжи мен оның төңірегіндегі 
жақындары көптеген туыстарымен, балаларымен, əйелдерімен жəне 
атақты князьдарымен бірге 1518 адам тұтқынға алынды. Олардың 
бəрінің басы шабылды. Бір мың екі жүздей жауынгері Усун мен 
Ферғананың вассалдық князьдарына сыйға тартылды. 
Қытай-кангюй қатынастарының басқа бір жағы Шығыс 
Түркістандағы оқиғаларға байланысты. Біздің заманымыздағы 78-
жылы Бань Чжао басқарған қытай армиясы Шығыс Түркістан жа-
зирасына үстемдігін орнатады. Алғашқыда кангюйлер император 
наместнигіне одақтас болады да, көп кешікпей өзінің көзқарасын 
өзгертіп, біздің заманымыздың 85-жылы Бань Чжаоға қарсы 
көтерілген Суле (Қашғар) билеушісіне көмекке əскер жібереді.
Қаңлы тайпаларының негізгі кəсібі көшпелі мал шаруашылығы 
болған. Олардың бір бөлігі егіншілік жəне бау-бақша өсірумен 
айналысқан. Қолөнер едəуір дамыды. Олар Ұлы Жібек жолы арқылы 
көп елдермен сауда жасасқан, халықаралық саудаға қатысқанын 
археологиялық жұмыстар кезінде өзге елдерде жасалған заттардың 
табылуы дəлелдейді. Сол заманға сай қалалары да болды. Қаңлылар 
өрмекпен жүн мата тоқыған, алуан түрлі қыш ыдыстар істеген. 
Қоладан жəне темірден құрал-саймандар мен қару-жарақтар жасаған. 
Зергерлік бұйымдар мен əшекейлерді алтын, күміс жəне қоладан 
жасады. Ерте замандағы қаңлылардың жазу мəдениеті болған. 
Қаңлылар негізінен ата-аналарының аруағына, ал бір бөлігі отқа, 
айға, күнге табынған. 
Қаңлы ескерткіштерінің жарқын көріністерін қауыншы, оты-    
рар-қаратау, жетіасар мəдениеттерінен көруге болады. Олар Сырда-
рия сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған. Қауыншы мəдениеті 
Ташкент аймағын қамтиды. 1958—1963 жж. А.Г.Максимова 
жетекшілік еткен Шардара археологиялық экспедициясы Оңтү-
стік Қазақстаннан қауыншы мəдениетіне жататын бірқатар 
ескерткіштер ашты. Оның біршама толық зерттелгені Шардараға 
таяу, Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе қонысы. Отырар 
алқабында Отырар-Қаратау мəдениетіне жататын ескерткіштер 


34
35
көп шоғырланған. Арыс өзенінің сол жағалауында аумағы əртүрлі 
Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, 
Шалтөбе сияқты жиырма шақты қалашықтар бар. Олардың ең үлкені 
— Көкмардан. Бұлардың көбін 1969—70 ж. К.Ақышев жетекшілік 
еткен Отырар археологиялық экспедициясы тапқан. Жетіасар мəде-
ниеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала 
орындары біртектес. Қалалар мен обалардан Жетіасар мəдениетіне 
жататын түрлі бұйымдар табылды. Археологиялық қазбалар бары-
сында табылған əшекей бұйымдар, шаруашылық заттар қаңлылар-
дың егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнер кəсібімен, сау-
дамен айналысқанын жəне өз тұсындағы Қытай, Парфия, Рим жəне 
Кушан империясы сияқты ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық, 
мəдени байланыста болғанын дəлелдейді.  
ІІІ—V ғғ. қытай деректері бойынша кангюйлер өзінің Орта 
Азиядағы қос өзен аралығындағы, Арал өңіріндегі иеліктеріне 
үстемдік етуінен айырылып, бірқатар тəуелсіз иеліктерге бөлініп 
кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдер 
тізімінде ғана белгілі. Сірə, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пай-
да болған ұсақ иеліктер эфталиттер мемлекетіне тəуелді болса ке-
рек. Біздің заманымыздағы 1 мыңжылдықтың орта шенінен бастап 
ортаңғы жəне төменгі Сырдария ауданындағы этникалық-саяси 
жағдай өзгерді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кірді. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   78




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет