Мақсаты: Лирикалық туындының ерекшелігі, лирикалық кейіпкер түрлері туралы мағлұмат беру.
Лирикалық шығарманың ерекшелігі.
Лирикадағы ақындық «мен»
Лирикалық кейіпкер
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: лирика, ақын, ақындық «мен», лирикалық кейіпкер, лирикалық қаһарман, лирикалық тұлға.
Әдебиеттану ғылымының басты мақсаты – адамзат мәдениетінің ерекше құбылысы – сөз өнерінің тереңіне бойлау, тану. Сөз өнерінің басты ерекшелігі болмысты адамға көркемдік-танымдық тұрғыда жеткізу. Поэзия сөздің тереңдегін, көркемдік құпиясын, бейнелілік қуатын ашады.
Ақын М. Мақатаев:
Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алаурытқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан,
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған адамдардан,
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да ...
С.Торайғыров. Асыл сөз
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе,
Адамдықты көздесең,
Жат тоқып ал көңілге.
Лирикалық шығармада автор өзіне, өз cезіміне бойлайды, өзінің сезім кeңістігінде болады. Сыртқы әлeм автордың дербес қабылдауы арқылы көрінеді. Яғни «авторлық cубъективизмнің» басымдығы байқалады.
Орыс сыншысы В.Белинский лирикалық шығарманы «субъектілік патшасы» деп атаған. Лирикалық шығарма – автордың өзіндік ой-сeзімінің, көңіл-күйінің монологі. Қоршаған ортаның барша құбылысы автордың дербес қабылдауы арқылы танылады.
Мағжан. Пайғамбар
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренед: мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Cондықтан да лирикада көңіл-күй мәселесі басты орында. Сөздің мағыналық, дыбыстық, интонациялық, ырғақтық қасиет-сапалары лирикада ерекше мәнге ие. Лирикалық шығармада лирикалық кейіпкер болады. Лирикалық кейіпкер немесе ақын сыры «мен» арқылы ашылады. Әрине, лирикалық кейіпкердің тұлғасы кейде автордың өмірбаяндық деректерімен, көңіл-күйімен ұштасып та келетін сәттері болады. (Мәселен, Махамбет, Дулат, Абайдың заман жайлы айтқандары).
Достарыңызбен бөлісу: |