Мамаева Айгүл Еркінқызы Қазақ тіліндегі дисфемизмдер


Адамның дене мүшелері мен ағзаларына, ауру-сырқауларына байланысты қалыптасқан дисфемизмдер



бет35/69
Дата31.12.2021
өлшемі0,92 Mb.
#21824
түріДиссертация
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   69
2.3 Адамның дене мүшелері мен ағзаларына, ауру-сырқауларына байланысты қалыптасқан дисфемизмдер

Қазақ тілінде, басқа дисфемизмдік атаулар сияқты, дене мүшелері мен ағзаларына, ауру-сырқауларға байланысты пайда болған дисфемизмдер де жиі қолданылады.

Мұндай дисфемизмдер жағымсыз эмоционалды-экспрессивтік мағына үстеп, ауру, дімкәс адамды кемсіту, менсінбеушілік реңкін беріп тұрады. Мысалы: -Манағы таскерең, үндемес төр алдында ұзынынан ұйықтап жатыр (Д. Досжанов). Таскерең. Бұл сөз құрылысы жағынан күрделі: Тас+керең. Тас сөзі керең сөзіне күшейтпелі реңк беріп тұр. Құлағының мүкісі бар, саңырау деген мағына береді. Аталған сөздің құрамындағы сыңарлары екі түрлі сөз табынан болғанына қарамастан, біртұтас лексикалық мағынаны білдіреді.

Дене кемістігін білдіретін дисфемизмнің бірі - Шойнақ. Бұл сөз тілімізде аяғының сылтымасы бар деген мағынада жұмсалады. Шойнақ сын. -Бір аяғы, бір аяғынан қысқа; ақсақ. Шойнақ деуші еді оны, енді екі теңеліп кетуге жақын (Ғ. Мүсірепов) (ҚТТС, Х т., 237). Бұл сөз адамның дене мүшесінің кемістігін әсерлей көрсетіп, жағымсыз мағына тудырады.

Оған ұқсас тіліміздегі Шолақ сөзі де дене мүшенің кемтарлығын көрсетеді. Мысалы:

Алыс жерден келіп ем,

Белі талды шолақтың,

Дәм бұйыртса бүгінше

Сіздің үйде болмақпын (Өлген қазан).

Шолақ сын. 1. Қол не аяқтың кемтарлығы, мүгедек. Біздің пәтерімізге кіріп алған шолақ қол комиссар барлық үй сайманымызды алып қойды (М. Әуезов) (ҚТТС, 10 т., 247). Бұл сөз негізінен халықтың күнделікті ауызекі тілінде жұмсалады. Көркем әдебиетте кейіпкерлердің тілінде ғана беріледі. Мысалы: -Қап мына қаңғыбас шолақтың көрсеткенін-ай маған (М. Қаназов).

Адам денесіндегі кем-кетікті білдіретін сөздердің бірі - Мықыр. Мықыр сын. Бойы қысқа, аласа, қортиған. - Дөңгеленген жирен мұрты бар мықыр шалдан бір қарыстай ұзын Ғайни кетіп барады (О. Бөкеев) (ҚТТС, 7 т., 279). Көбіне-көп кейіпкерлерді суреттеу үшін пайдаланады. Мысалы: -Емугановты төменгі шендер “мықыр” деп атап кеткен (Х. Есенжанов). Тура мағыналы аласа сөзінің баламасы ретінде қолданылып қоймай, жағымсыз эмоционалды-экспрессивтік мағына үстейді.

Әйел адамның физиологиялық өзгерісіне байланысты айтылатын дисфемизмнің бірі - Буаз сын есімі. Түсіндірме сөздікте мынадай анықтама берілген: Буаз сын. 1. Құрсағында төлі, баласы бар; туатын (мал, хайуан). Бүйірі салыңқы буаз қойлар бауырымен жер сызып, әрең қозғалып келеді (Ғ. Мүсірепов); 2. Қарап. Екі қабат, аяғы ауыр. -Сөйтіп Бозмұнай балаға зар болып жылап жүргенде, қатыны буаз болып, бір ұл табады (С. Сейфуллин) (ҚТТС, 2 т., 445). Негізінен бұл сөз малмен байланысты айтылады да, тура мағынада қолданылады. Ауыс мағынада жүкті дегенді білдіреді. Әрине, малға байланысты айтылатын сөзден адамға ауыстырып айтқанда жағымсыз эмоционалды-экспрессивті бояуды қоюлата түседі. Буаз сөзі күнделікті өмірде әйелге қатысты табиғи өзгерісті кемітіп, менсінбегенде айтылады.

Ындыны кебу. Мысалы: -Талап алсын ындыны кепкен сорлылардың (М. Қанаев). Осы сөз турасында жоғарыдағы аталмыш сөздікте былай делінеді: Ындын, ындыны кебу. -“Ындыным кеуіп, екінші самауырын еселенуін күттім (М. Сатыбалдиев). Өзге тілдерде де бұл сөз ауыспалы мағынада қолданылады. Мысалы: Қырғыз тілінде “ындын” көңіл-күй мағынасын береді. Монғолша “ундаан”, қалмақтарда “ундун”, біздің түсінігіміздегі “сусын” мағынасында.

Тунгус-манчужур тобындағы кейбіреуінде “уннун” сөзі - таңдай дегенді ұғындырады. Біздіңше осы монғолдарға, бертін келе түркі тілдерінің кейбіреуіне ауысып, мағыналық өзгерістерге ұшырауы ықтимал. Сонда “ындыны кебу” біздің түсінігіміздегі “таңдайы кебуді” білдіреді [45, 101 б.].

Адамның түр сипатына байланысты айтылған дисфемизмнің бірі - Сиық. Мысалы:

Күнде жылау, бөпем-ау, күнде жылау,

Иіс маймен денеңе бердім сылау,

Сен жыламай, бөјпем-ау кім жылайды,

Асырайтын әкеңнің сиқы мынау (Халық өлеңі).

Бұл сөз туралы Е.Б. Бекмұхаметовтың еңбегінде былай делінген: Сиық (п) (сияқ). Түр, нұсқа, бейне, кескін, сұрық, ұсқын, келбет (Вид, физономия, форма, образ, очертание), (черты лица, фигура, осанка). -Үйдің ішінде не сыртында қонақ түсер сиық жоқ (С. Мұқанов). Сиық. Қазіргі түсінігімізде түр-тұрпат, сұрық (Түсіндірме сөздік бойынша). “Бізде кісі қарайтын сиық жоқ-па еді” (Ә. Нұршайықов). Сиық-түр, нұсқа, бейне, кескін, сұрық, ұсқын, келбет. Сиық сөзінің парсы тіліндегі тура мағынасы өзгеше: сиғ-сұлу, өте әдемі. Бұл сөздің түпкі мағынасы біздің тілімізде -ты немесе -сыз жұрнақтары қосылғанда ғана анықтала түседі. Сиықты, көркем, сұлу, әдемі, сиықсыз, сұлу емес, көріксіз-ажарсыз [45, 250 б.]. Сиық сөзі ауыс мағынада қолданылғанда жағымсыз эмоция үстейді. Мысалы: -“Сиқың құрысын”, “сиқыңа болайын” деген тіркестер күнделікті ауызекі тілде жиі қолданылады.

Сонымен тіліміздегі адамның дене мүшелері мен ағзаларына, ауру-сырқауларына байланысты пайда болған дисфемизмдерді тура мағыналы сыңарларымен былайша топтастыруға болады:

1. Саңырау - керең, таскерең,

2. Ақсақ - шойнақ,

3. Кемтар - шолақ,

4. Аласа - мықыр,

5. Жүкті - буаз,

6. Шөлдеу - ындыны кебу,

7. Келбет - сиық.

Адамның дене мүшелеріне, ауру-сырқауларына қатысты дисфемизмдер жоғарыда айтылғандай, көбінесе ауызекі сөйлеу тілінде дертті, ауру, науқас адамдарды кемсіткенде жұмсалып, жағымсыз дөрекі мәнде қолданылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет