Түсініктеме
«Мәтінді көркем талдау» элективті курсының бағдарламасы 8- сыныпқа арналған. Курс аптасына 1 сағат, жылына 34 сағатқа берілген. Бұл курс арқылы оқушылардың сөздік қоры, ой-өрісі дамып, көпшілік алдында еркін сөйлеуге дағдыланады. Оқушылардың әдеби мұраларға деген талғамын тәрбиелейді, рухани дүниесін кеңейтеді, ақыл-ойы мен ұлттық сана-сезімін дамытуға ықпал жасап, ауызекі және жазба тілде байланыстырып сөйлеуін дамытады. Оқушылардың қазақ тілі, әдебиет сабақтарына қызығушылықтарын арттырады. Сонымен қатар аталған курс оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы - әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы парасаттылыққа , имандылыққа , инабаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеуде таптырмас құрал болып табылады.
«Мәтінді көркем талдау» элективті курсының мақсаты:
Оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыра отырып, шығармашылық ізденістерін, өзіндік қабілеттерін және қоғамдық қарым-қатынасын қалыптастырып, өзіндік талдау, жинақтау, жұмыста шапшаңдық таныту, өз ойын әдеби тілмен өрнектей білуге машықтандыру.
Курстың міндеті:
- Оқушылардың оқу-тәрбие үрдісінде алған білімдерін әрі қарай дамытуға мүмкіндік жасап, қабілеттерін шыңдау;
- Көркем әдебиет жанрына байланысты өлең, шығарма жазу дағдыларын қалыптастыру;
- Оқушылардың қоғамдық белсенділігін дамыту;
- Оқушыны оқыған шығармаларын талдай білуге машықтандыру, дағды-іскерліктерін жетілдіру, әдеби талдауды үйрету.
Күтілетін нәтиже:
Оқушылар шығарманың мағынасын түсінуге, кейіпкерлерді бағалауға, адамгершілік қасиеттерді сипаттауға ниеттенеді;
Көркем туындыны жан-жақты, толық, тұтастай қарастырып талдайды;
Оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады;
Кейіпкерді талдап, тану барысында оқушы көркем шығармадағы кейіпкердің жүйесін нақтылайды, өзара байланысын, жазушының әр кейіпкерге қандай сипаттама бергенін, портретін, кейіпкерлердің диалогтары арқылы олардың мінезін ерекшелеп айқындап, негізгі орталық тұлғаны анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |