Н холинорецепторлар никотинге сезімтал холинорецепторлар



Дата02.10.2023
өлшемі16,03 Kb.
#112386
түріҚұрамы

Холинорецепторларды зерттеу барысында холинорецепторлар мускарин және никотин заттарына таңдамалы белсенділік көрсеткен. Сондықтан холинорецепторларды сезімталдығына қарай ажыратады:

М -холинорецепторлар — мускаринге сезімтал холинорецепторлар.


Н — холинорецепторлар — никотинге сезімтал холинорецепторлар.


Мускарин — мухомор саңырауқұлақ өсімдігінің құрамында кездесетін алкалоид.


Никотин — темекі, махорка өсімдігінің құрамында кездесетін алкалоид.


Миметиктер — рецепторларға қоздырғыш әсер беретін немесе медиаторларға ұқсас әсер ететін дәрілер.


Блокаторлар (литиктер) — рецепторлардың қозуын тежейтін дәрілер.


Lyticus (грекшеден) — ерітуге бейім, босаңсытатын.


М — холинорецепторлар орналасқан: жүректе, қан- тамырларда, бронхыда, ішкі секреция бездерінде, асқазан ішек жолдарында, өтте, сілекей, тері бездерінде, көз бұлшық етінде.


Н — холинорецепторлар орналасқан: ганглилерде, бүйректің милы қабатында, қаңқа бұлшық еттерінде, сопақша мида.


Холинорецепторлардың медиаторы Ацетилхолин тез бұзылатын тұрақсыз зат болғандықтан дәрі ретінде қолданылмайды. Ацетилхолин зерттеу жұмыстарына зертханада қолданысқа ие.


М — холиномиметиктер: Пилокарпин, Ациклидин. Жүрек соғуын баяулатады, артериялық қысымды төмендетеді, бронхтарды тарылтып, асқазан бездерінің секрециясын күшейтеді, ішек пен қуықтың тонусын жоғарылатады.


Қолданылады: ішек және қуық атониясында және көз ішіндегі сұйықтықтың бөлінуін жеңілдететіндіктен глаукомада (суқараң) көз ішілік қысымды төмендетуге қолданады.

Қарсы көрсеткіштері: брох демікпесі, миокардтың өткізгіштігінің бұзылыстары, миокард инфарктысы, жүктілік, эпилепсия, гиперкинездер.


М- хлоиномиметиктерді тамыр арқылы енгізілгенде кенеттен жүрек тоқтауы мүмкін. Бронх демікпесі бар пациенттерде бронхтардың тарылуынан тұншығу болады.


Н — холиномиметиктер: Цититон, Лобелин. Тыныс алу орталығын рефлекторлы қуаттандыратын шектеулі қолданылатын аналептиктер болып келеді. Улануларда, асфиксияда, тыныс бұзылыстарында жедел көмекке 1%- 0,2-0,5мл ерітіндіні тамыр арқылы енгізеді. Аналептиктерді жасанды дем беру тиімсіз болған жағдайда ғана қолдануға болады. Н- холиномиметиктер тобына жататын Табекс, Лобесил таблетка және шайнама сағыз түрінде темекіден арылуға (20-25күн) қолданады.


Антихолинэстеразды дәрілер (Холинэстеразаға қарсы): Прозерин, Физостигмин, Галантамин, Оксазил. Ацетилхолинді жоятын фермент холинэстеразаға тежегіш әсер етеді. Жүйке — бұлшықет өткізгіштігін жақсартады
Қолданылады: глаукомада, ішек атониясында, бұлшық ет әлсіздігінде (операциядан кейін), миастенияда, полимиелит пен инсульттан кейін.

Қарсы көрсеткіштері: брох демікпесі, миокардтың өткізгіштігінің бұзылыстары, миокард инфарктысы.


Антихолинэстаразды заттарға қайтымсыз әсер ететін фосфорорганикалық қосылыстар жатады. Фосфорорганикалық қосылыстар инсектицид зат (хлорофос, дихлофос) ретінде қолданылады және әскери уландыратын заттар болып табылады. Әскери уландыратын заттар қолданылмайды, бірақ кездейсоқ уланулар болуы мүмкін.


М- холиноблокаторлар (М- холинолитиктер): Атропин,Платифиллин, Скополамин, Метацин.


Көз қарашығын кеңейтеді, көз ішілік қысымды жоғарылатады, жүрек соғысын жиілетеді, артериялық қысымды жоғарылатып, бронхтарды кеңейтеді. Асқазан ішек секрециясы мен жиырылуы төмендеп, сілекей бөлінуі азаяды. Сілекей бөлінуін төмендететін, бронхтарды кеңейтетін әсерін операция алдында премедикацияға қолданады. Гипотензияда қан қысымын жоғарылатуға да қолдануға болады. Спазмолитик ретінде асқазан, өт жолдары шаншуларында, бронхоспазмада қолданылады. Сонымен қатар Атропин М- холиномиметиктермен, антихолинэстаразды дәрілермен, фосфорорганикалық қосылыстармен (дихлофос, хлорофос) уланғанда антидот ретінде қолданылады. Атропин көз ішіндегі сұйықтықтың шығуын тежейді. Сондықтан глаукомада қолдануға болмайды. Платифиллин спазмолитик ретінде асқазан ішек, қуық шаншуларында спазманы басуға қолданылады.

Метациннің бронхолитикалық әсері Атропиннен жоғары және орталық жүйке жүйесіне әсер етпейді, асқазанда нашар сіңеді. Метацинді премедикацияға гиперсаливацияның алдын алуға және бронх демікпесінде, асқазан, бауыр шаншуларында спазмолитик ретінде қолданады.


Ипратропий (Атровент) ингаляция түрінде қолданғанда бронхтарды босаңсытып, спазманы басады, резорбтивті әсер көрсетпейді.


Пирензепин асқазан секрециясын төмендететіндіктен гиперацидті гастритте қолданылады.


М- холиноблокаторлардың қолданылуы: наркоз алдында премедикацияға сілекей және бронх бездерінің секрециясын төмендетуге, брадиаритмияда, бауыр және бүйрек шаншуларында, пилороспазмада, бронх демікпесінде, көз түбін зерттеуде, асқазан және он екі елі ішек ойық жарасында, м- холиномиметиктермен, антихолинэстаразды дәрілермен, фосфорорганикалық қосылыстармен уланғанда.


Қарсы көрсеткіштері: глаукома, тахикардияға байланысты миокардтың ауыр зақымдары, зәр шығуының қиындауы, қуық асты безінің (предстательная железа) гипертрофиясы.


Атропинмен улануда ауыз қуысының, терінің құрғауы, аккомодацияның бұзылуы, тахикардия, көз ішілік қысымның жоғарылауы, сөйлеу мен жұтынудың бұзылуы, температураның көтерілуі, галлюцинациялар, психозға ұқсас белгілер, фотофобия (жарықтан қорқу) байқалады.


Атропинмен улану белгілері байқалғанда асқазаннан сіңе қоймаса асқазан шайып (танин, белсендірілген көмір суспензиясымен), іш жүргізетін тұзды ерітінді береді. Форсирленген диурез, гемосорбция жүргізу қажет. Қозуларда Диазепам, тахикардияда β — адреноблокатор дәрілерінен беріліп, фотофобияда пациентті қараңғы жерге орналастырады.


Ганглиоблокаторлар: Бензогексоний, Пахикарпин. Артериялық қысымды төмендетіп, асқазан ішек бездерінің секрециясы мен жиырылуын тежейді. Ганглиоблокаторлардың әсерінен бүйрек үсті безінің милы қабатындағы Н- холинорецепторлар тежеліп, адреналиннің бөлінуі төмендейді және асқазандағы Н- холинорецепторлар тежеліп сөл бөлу мен жылжыту қызметі нашарлайды. Ганлиоблокаторлар артериялық қан қысымын жедел төмендетеді. Сондықтан қан қысымын жедел төмендету керек болған жағдайларда (бас, жамбас аумағына, тамырларға операция жасарда), гипертониялық кризде, жедел ми мен өкпе ісінуінде, артеиалды гипертонияның ауыр түрлерінде стационар жағдайында ғана өте сирек қолданады.


Жанама әсері: гипотония (систололық қысым с.б. 60-70мм), жіп тәріздес пульс, ортостатикалық коллапс, талма (обморок), емделуі қиын іш қату.

Н — холиноблокаторлар (Миорелаксанттар)- кураре тәрізді дәрілер:


А) деполяризацияға қарсы миорелаксанттар: Тубокурарин, Ардуан Диплацин.

Б) деполяризациялаушы миорелаксанттар: Дитилин (Листинон).


Дитилинді барбитураттармен (ұнтақ тұнбаға айналады) және қанмен (гидролиз жүреді) араластыруға болмайды.


Миорелаксанттармен жүйке- бұлшықет өткізгіштігінің тежелуі дамиды: бет-жақ бұлшық еттерінің босауы, ары қарай аяқ-қол бұлшық еттерінің босауы, дыбыс беру сіңір байламдарының босауы, кеуде бұлшық еттерінің босауы және диафрагманың босауы жүреді. Тыныс алу еттерінің салдануынан тыныс тоқтайды. Егер пациентке қатарынан жасанды дем берілмесе асфиксиядан өлімге барады. Жылдам әсер ететін миорелаксанттардың әсері 3-5минут.


Қолданылуы: интубация алдында, наркозға (қаңқа бұлшық еттерін босаңсытуға).


М — және Н — холиноблокаторлар: Спазмолитин, Циклодол.


Орталық жүйке жүйесі рецепторларын тежейді. Циклодол Паркинсонизм ауруында қолданылады. М-Н-холиноблокатор фенпивериний бромид спазмолитикалық әсерлі «Баралгин», «Максиган», «Триган» дәрілерінің құрамына кіреді.

Қолданылуы: спастикалық колит, пилороспазм, бауыр, бүйрек шаншулары, жүрек және ми тамырларының спазмасы, шеткері тамыр спазмасы (облитерирующий эндоартерит).




Қарсы көрсеткіші: глаукома.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет