Нұрсапа/Мади Тарих толқынында



Дата25.11.2023
өлшемі25,57 Kb.
#126341

Нұрсапа/Мади

Тарих толқынында


Азаттық жолында жан қиған


Халқының қамы үшін тіршілік кешіп, алған білімін елінің өркендеуі мен өсуіне арнаған азаматтар қазақта жетерлік. Олардың бәрінің аты-жөнін, тегі мен қайраткерлігін білмей кетуіміз бек мүмкін. Алайда жасаған жақсылығы ел аузында жүретін, қылған қайыры ұмытылмайтындар бар. Солардың қатарында 1894 жылы Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген Нұрсапа Сайбырұлының есімі ерекше аталады. Өйткені қызылдың қысымынан қашқан жұртқа қолынан келген көмегін аямаған айтулы тұлғаның атқарған қызметі ұшан-теңіз.


Ұлы жүз Албан тайпасының Бозым баласынан тарайтын Шобал (Таз) руының Сәрмәмбет тармағындағы Айтқұл атасынан шыққан Нұрсапа 1901 жылы Тоғызбұлақта әйгілі ұстаз, Қапез сал Байғабылұлының бастамасымен салынған бастауыш мектепке барып, білімнің нәрімен сусындайды. Одан кейін 1905-1912 жылдар аралығында Түргендегі орыс гимназиясында білімін жалғастырып, орта мектептің бағдарламасын меңгеріп шығады. Содан соң Алматыдағы Заң институтына түсіп, төрт жылдық заңгер мамандығының дипломын үздік бағамен еншілейді. Бұл ақ пен қызылдың қақтығысы артып, большевиктер басым түсіп жатқан қанқұйлы кезең болатын. Институтты 1917 жылы жаңа бітірген жас маман мемлекеттік қауіпсіздік мекемесіне жұмысқа орналасып, Шелек, Нарынқол өңірлерінде жауапты қызмет атқарады.
Ақ патшаның таусылмас алым-салығы мен Бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына 18 бен 45 жас аралығындағы жігіттерді алмақ болған патшалық Ресейдің қысымын көрген қазақ халқы жаңа орнаған коммунистік режимге еріксіз бойұсынып жатты. Міне, осы кезде Нұрсапа Сайбырұлы алған білімінің жемісін көріп, жоғары лауазымға ие қазақ зиялыларының біріне айналды. Бұл кезде патша үкіметінің жарлығынан қашып, атамекені Тоғызбұлақ пен Жалаңаш өңірінен Қытайға ауған Шобал руы тарыдай шашырап кеткен еді. Жаңа өкіметтің ісіне араласып, мансап иесі атанған Нұрсапа тіршіліктің тауқіметімен тентіреп кеткен аталастарын жинау жөнінде ойланады. Ақырында төрт тарапқа тараған Шобал руы кір жуып, кіндік кескен атамекеніне қайта жиналып, мал мен басы өркен жаяды. Осыдан бастап, елім деп туған ер азамат Нұрсапа Сайбырұлының аты бүкіл албанға таралып, абыройы көтеріледі.
Сол тұста орын алған «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген кесірлі ұранның салдарынан Қазақстанда 1928-ші жылдан 1936-шы жылға дейін ел есінен кетпейтін ауыр күндер өтті. Қалың қазақты ашаршылық баудай түсірсе, елдің сүт бетіне шығар қаймақтай азаматтарын кеңестік қанішер режим атты, асты, итжеккенге айдады. Күнін әрең көріп отырған халыққа ет, астық, жүн, сүйек салығы салынып, көптеген тағдыр аштықтан үзілді. Жаңа өкіметтің осындай оспадарсыз әрекетінен қашқандар қайтадан шекара асып, көршілес Шыңжаң өлкесіне қоныс аударды. Өйткені, қысылтаяң шақта елдің бетке ұстар азаматтары мен ақсақалдары төтеннен келген ажалдан құтылудың жолы ежелгі бабалары Үйсін патшалығының мекені Іле өңіріне қоныс аудару екендігін ұғынған болатын. Соған орай 1930 жылы жазда Шобал руының Мақажан, Бақмолда, Әміре сияқты ақсақалдары мен ел ішінде ықпалы бар азаматтары шекарадан өтіп, Шапшал, Құлжа, Нылқы, Күнес жерін мекендеген елді аралап, жер жағдайымен танысады.
Алғашқы қаш-қаштың тұсында ауғандардан: «Іленің үш Жырғалаң деген жеріне барған кезімізде, Қызайдан тарайтын Есіркеп пен Жарылқап руының ақалақшысы Дарубай Сөртіұлы: «Бәріміз бір қазақтың ұрпағымыз!» – деп өріс-қоныстық жер беріп, ес жиюмызға көмектесті» – деген әңгіме естіген Нұрсапа сол сапарда жергілікті тұрғындардан Дарубай ақалақшының жайын сұрап, адамгершілігіне қанығады. Сөйтіп, Тоғызтараудың Шашы жайлауында отырған ақалақшының ауылына тартады. Жолай Үйсін тауын бойлап, Жырғалаң өзені мен Текес өзенінің бойына орналасқан Жарылқап еліндегі Мөңке, Нияз, Қожағұл руларын аралай жүріп, жергілікті елдің ықылас-пейіліне, меймандостығына риза болады. Алыстан ат арытып келген қонақтарды жас шамасына қарай төрге оздырған Дарубай ақалақшы үш ағасының аяқ жағынан орын алған Нұрсапаны: «Кел жігітім, төрлет! Жасың кіші болса да, еліңнің басшысы сен екенсің» – деп жанына отырғызады. Қонақтар ақалақшының көрегендігіне іштей таң қалады. Дастарқан басында Қазақстандағы елдің жағдайын, қоғамның ауысуын сұрап білген Дарубай қарапайым халықтың басына түскен қиын күндерімен танысады. Ақырында Дарубай ақалақшы: «Ат айналып қазығын табады, ел айналып жазығын табады» – деген, бізде басымызға аянышты күн түскенде Үйсін бабамыздың ежелгі ата жұрты Ілеге келіп ірге тептік. Сендер де жат емессіңдер, Үйсін мен Найманның ұрпағымыз, сендер Бәйдібек бидің ұлынан тусаңдар, біз қызынан тарадық. Келіңдер, ынтымақ болса Мұқыр мен Жырғалаңға бәріміз сиямыз», – деп сый-құрметін көрсетеді. Келген қонақтар ақалақшының пейіліне, адамгершілігіне дән риза болады. Нұрсапа Дарубайдың үлкен ұлы Әбдімүтәліппен достасып, астындағы жүйрік ақбоз атын тарту етеді. Шобалдың ақсақалдары осылайша Шашы жайлауындағы мыңғырған мал мен сауықшыл елді көріп, қосылуға бел байлап қайтады.
Уәде бойынша Тәкей бастаған Шобал руының жеті түтіні 1932 жылы шекарадан өткен соң Шапшалды бір қыстап, келер жылы Үйсін тауынан асып, кең Текесті бойлаған күйі үш Жырғалаңды бетке алады. Сөйтіп Шашыдағы Дарубай ақалақшының ауылына қосылады. Содан бастап Нұрсапа ауылының көшіне ілескен Албан тайпасының басқа да руларының көші Мұқыр мен Жырғалаңға келе бастайды. Оларды қол астындағы зәңгілерге бөліп орналастырған Дарубай ақалақшы келгендерге жайлау мен қыстау беріп, жақын араласады. Кіші Мұқырдағы Теректі сайдың аузы қыстауға, Шыбынды мен Орталаңды жайлауға алған Нұрсапа Сайбырұлы жайлы қоныс тапқан соң рулар арасындағы, ұлттар арасындағы ынтымаққа ерекше назар аударады. Дарубай ақалақшыға Кеңес одағындағы жер игеру, зауыт құру, мал тұқымын асылдандыру, халықты оқу-ағарту арқылы көркейту сынды аса қажетті тетіктерді жеткізіп, елді жаңалыққа бастайды. Ауып келген қазақ, орыс, қырғыз, ноғайдың зиялыларын, өнерпаздарды, кәсіпкерлерді жинап, оқу-ағартуды, мәдениетті, өндірісті, қоғамды дамытуға кіріседі. Оқығаны заң саласы болғандықтан ұрыға дүре соғу, зинақорлықты таспен ату сияқты ертеден қалыптасқан жазаның орнына өтірік айту, ұрлық істеу, кісі ақысын жеу, зинақорлықтың – зор күнә екендігін түсіндіріп, халықты тура жол, дұрыс идеяға шақырады.
Нұрсапа Сайбырұлының осындай ерекше қарым-қабілетін, алғырлығын байқаған Дарубай ақалақшы 1935 жылы Тоғызтарау ауданына қоныстанған Албан тайпасының ақалақшысы етіп бекітуге күш салып, жергілікті Үкіметке заңдастырады. Осы күннен бастап Нұрсапа Үйсін мен Наймандағы екі рулы ел – Албан мен Қызайдың ынтымағы мен береке-бірлігі жолында аянбай тер төгіп, іргелес жасап жатқан ханзу, ұйғыр, қырғыз, сібе, мәнжу, орыс, хұйзу, өзбек, татар сынды ұлттармен тығыз қарым-қатынас орнатып, қалыптасқан ынтымақты бекітуге үлес қосты. Тоғызтарау ауданының Мұқыр ауылына мектеп ашу ісін қолға алып, құрылыс жұмысының жүруін қадағалайды. 1935 жылы Мұқырда мектеп үшін алты бөлмелі ағаш үйдің құрылысы басталып, 1936 жылы пайдалануға берілген. Құрылысқа албан-қызайдың жігіттері таудан қарағай түсіріп, орыс, ноғай шеберлерінің мектеп салуына көмектеседі.
«Туыстан жүріс жақын» дегендей Мұқырдағы Албан мен Қызай торқалы той, топырақты өлімде, қайғы мен қуанышта бірге болып, ынтымақтың көрігін қыздырды. Дарубай ақалақшы мен Нұрсапа Сайбырұлының өзара сыйластығы көпшілікке үлгі-өнеге болып, береке-бірлік пен ынтымақтың тірегіне айналды. Осындай ірге ажыратпас бірліктен күдіктенген Шың Шысай: «Күндердің бірінде Нұрсападан басымызға қауіп төнеді» – деп Іледегі генаралға тұтқындау туралы бұйрықты жасырын түсіреді. Содан бастап, Гоминдаң үкіметінің тыңшылары Нұрсапаның ізін аңдып, жүріс-тұрысын бақылап: «Кеңес одағы жасырын кіргізген шпион» – деген жаламен тұтқындап, абақтыға жабады. Осы қысылтаяң жағдайда Дарубай ақалақшы Іледегі қызай мен албанды ұйымдастырып, ел үміт еткен азаматты түрмеден құтқарып қалады. Осыдан кейін Нұрсапа Сайбырұлы сақтықты күшейтіп, халықаралық коммунизм қозғалысы мен Қытай коммунистік партиясының көмегімен Гоминдаң үкіметін құлатып, халықты азаттыққа жеткізу жолындағы күреске астыртын қатысады. Шың Шысайдың Шыңжаңдағы үстемдігі жойылмаса ұлттар арасындағы тыныштық жоқтығын сезген ол Қытай коммунистік партиясы бастаған демократиялық төңкерістің жалғасы ретіндегі Үш Аймақ көтерілісін қолдап, көмек көрсетеді. 1944 жылы Үш Аймақта уақытша үкімет құрылған тұста Нұрсапа Сайбырұлы әскерге қабылдау комиссиясының жауапты хатшылығы қызметін атқарып, Тоғызтарау, Күнес, Нылқы, Текес, Мұңғылкүре аудандарынан әскер алу міндетін ойдағыдай орындайды. Осылайша Қытай мен Кеңес одағы арасындағы достық қарым-қатынасты қолдап, Екінші Дүниежүзілік соғыстың тұсында Шыңжаңның бейбіт жолмен азаттық алуына үлес қосты.
Өмірінің соңғы кезінде Құлжа қаласындағы Кеңес одағының консулдығында жауапты қызмет атқарып, елге қайтам деген қандастарына КСРО-ның қызыл паспортын алуға көмектескен Нұрсапа Сайбырұлы Шыңжаң Іле қазақ облысындағы халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек ете жүріп, 1950 жылы Құлжа қаласында қайтыс болады. Сүйегі Тоғызтарау қалашығының батыс жағындағы жол бойына жерленіп, басына күмбез тұрғызылған. Кейін 2003 жылы қала ауқымының ұлғаюына байланысты Тоғызтарау аудандық әкімдігі: «Нұрсапа Сайбырұлының күмбезін қабірстаннан көшіру» туралы қаулы шығарып, ондағы мүрделерді Сары Буыршын сайының аузындағы Ақмазарға көшіреді. Сол жылы жазда Нұрсапа Сайбырұлының басына темірден қазақ үй формасында күмбез қойылады. Әлі күнге ҚХР-дың мемлекеттік «Бостандық мейрамында» бейітіне құрметті күзетші тұрып, тағзым жасалады.
Нұрсапа Сайбырұлы Дінмұхамед Қонаевпен жастайынан таныс, біліс болса керек. 1969 жылы жазда Кеген ауданына ресми сапармен барған Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы аудан басшысы Үмбетжан Нұрғазиевтен сөз арасында: «Қытайдан Нұрсапаның балаларынан кім келді?» – деп сұрапты. Ауданға жаңа барған Нұрғазиев жарытып ештеңе айта алмапты. Шынында елге оралған екі ұлының үлкені Мұқаш Алматы халық шаруашылық институтын (Нархоз) бітіріп, жұмысқа енді араласып жатқан. Дінмұхамед Қонаевтың сұрағанына қарағанда Нұрсапаны ертеден білгені, жақын таныс болғанын байқау қиын емес.
Одан бөлек ел ішінде Нұрсапа Сайбырұлы туралы: «Кеңес одағының тыңшысы болған» деген әңгіме айтылады. Анығын бір Алла біледі, дегенмен бізге белгілісі ел мен жерге сіңірген еңбегі мен қайраткерлігі ғана.


Мәди Алжанбай

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет