Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)


ІІІ.  ЖІГІТ ШӘКӘРІМНІҢ  БИЛІККЕ АРАЛАСУЫ



Pdf көрінісі
бет6/29
Дата10.01.2017
өлшемі1,63 Mb.
#1586
түріӨмірбаяны
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

ІІІ.  ЖІГІТ ШӘКӘРІМНІҢ  БИЛІККЕ АРАЛАСУЫ 
 
Болыс, би болған кезеңінен         
         
20  мен  40  жастың  арасы  жігіт  Шәкәрімнің  өмір  айдынында  еркінше 
малтып, партия қырқысы мен талас-тартыстың бел ортасында жүрген шағы 
ретінде  дәйектеледі.  Мәселен,  мұны  «Абай  жолы»  эпопеясындағы  Шұбар 
бейнесінен  де  жақсы  білеміз.  “Мен  жетпіс  екі  жасқа  келгенше  өмірде 
болатын неше алуан қилы оқиғаларға, түрлі жамандық, жақсылыққа кездесіп, 
солардың  көпшілігін,  керекті-керексізін  өзім  де  істеп,  басымнан 
өткізгендерім көп”, -  дейді ақынның өзі. Осы айтып отырған өмір тезі мен 
заман  талқысының  бір  парасы  биліктегі  қызметіне  қатысты  екені  анық. 
Сондықтан кемеңгердің тұлға ретінде қалыптасу жолы мен жан дүниесіндегі 
өзгерістерді  зерделеу  үшін,  сондай-ақ,  40-тан  соңғы  азаматтық  лирикасына 
негіз болған әлеуметтік жайларды ашу, түсіну үшін жігіт Шәкәрімнің әкімдік 
жүйедегі қызметіне арнайы тоқталмай болмайды.  
      
Бұрынғы  қазақта  ел  билеу  жұмысы  халықтың  өзі  сайлап  алған  билер 
арқылы  атқарылып  келгені  белгілі.  Ал,  Ресей  патшалығына  толық  қараған 
ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан жаңа болыстық қызмет пайда болды. Осыған 
орай билер қызметінің мәнісі де өзгеріске түсіп, кейінгі заманда бұрынғыдай 
“билік құру” деп емес, жай ғана “ел жұмысы” делінетін-ді.   
      
Бірден  айтқан  жөн  -  Шәкәрімнің  болыс  болған,  би  болған  қызметтерін 
ағасы  Абайдан  бөлек  сөз  қылу  қиын,  яки  тіпті  мүмкін  емес.  Сондықтан 
төменде  билік  қызметіндегі,  ел  жұмысындағы  Абай  мен  Шәкәрімді  бірге, 
қатар қарастырмақпыз.  
     
Иә,  Абай  ат  жалын  тартып  мінгеннен  ел  жұмысына  араласып,  беделді  
басшы  болған.  “27  жасында,  -  дейді  Турағұл  өз  естелігінде,  -  біздің  елдің 
Бұғылы  жақ  шетіндегі  Оразбай  Аққұлы  баласының  ауылындағы  сайлауда 
қасында жақын туған-туысқаннан адам жоқ, жалғыз барып, елді жеңіп алып, 
інісі  Ысқақты  болыстыққа  сайлатып  қайтыпты”.    Бұл  Шыңғыс  болысында 
1872 жылы болған оқиға. Ал, 1874-77 жылдары Абайдың өзі назначениемен 
Мұқыр  болысына  болыстыққа  тағайындалыпты.  Осы  үш  жыл  келешек  ұлы  
ақын өмірінің ең мазасыз, ең ауыр шағы болды. Осы кезде Абайға қарсы он 
екі іс қозғалып, оларды тергеу-тексеру тым ұзаққа 1877 жылдан 1884 жылға 
дейін созылған-ды.   
      
Анық  бір  нәрсе  -  Абай  1877  жылдан  соң  болыс  болмаған.  Оған  Семей 
уезінің  начальнигі  К.С.  Навроцкийдің  мынадай  дерегі  дәлел.  Ол  Семей 
облысының  генерал-губернаторына  жазған  рапортында  Абай  туралы  былай 
дейді: “Человек он весьма развитый и умный, служил 2 трехлетия бием и 3 
трехлетия  управителем  в  Чингизской  волости,  затем  одно  трехлетие 
прослужил  управителем  Мукурской  волости  по  поручению  правительства” 
(ҚР ОМА, 15-қор, 1-тізбе, 399-іс).  
       
Көріп  отырмыз,  рапортта  Абайдың  жиыны  12  жыл:  9  жыл  Шыңғыс 
болысында (1865-74 жылдары), онан соң үш жыл Мұқыр болысында (1875-77 

 
57 
жылдары)  болыс  болғандығы  тайға  таңба  басқандай  айтылған.  Демек,  ұлы 
ақынның 1877 жылдан кейін болыстық қызметті атқармағаны талассыз 
     
1878  жылғы  Шыңғыс  болысының  сайлауы  алғаш  рет  талас-тартысты 
жағдайда өтеді. Соның нәтижесінде  болыстық қызмет 20-ға енді ғана іліккен 
уыздай жас Шәкәрімге бұйырады. Бұл ешкім күтпеген Олжай ішіндегі тосын 
оқиға болғаны жөнінде Шәкәрімнің өзі баласы Ахатқа былай деп әңгімелеген 
екен:  “Бір  жылы  қиян-кескі  партияда,  Олжай  екі  бөлініп,  болыстыққа 
қырқысады. Болыс сайлауында жеті старшын (Сақ,Тоғалақ және Әнет, Бәкең 
деген  аталар  –  А.О.)  бөлінген  екі  партияға  да  шар  салмай  отырып  алады. 
Келген  ояз  шар  түгел  болмаған  соң  болысты  сайлай  алмай:  “Бұлай  болса, 
назначениямен  басқа  болыс  сайланады!”  дейді”.  Осы  қысылтаяңда  Абай 
өзінің жақын айналасымен кеңесе отырып, жас та болса әр қырлы өнерімен 
көзге түсе бастаған Шәкәрімді құп көреді. Абай оны шақыртып алып: “Сен 
болыс боласың!” депті.   
    
Міне, Шәкәрімнің: 
                     
“Өнерлі, шебер, тіл-жақты
                      
Алады – деп – бұл бақты” – 
                      
Еріксіз маған ел жапты 
                       
Болыстықтың тоқымын, - 
деуінің астарында осы оқиға бар.  
      
Әрине,  бұл  арада  “апырмау,  Ырғызбай  тұқымының  иелігі  есепті 
Шыңғысқа Абайдың өзі неге сайлауға түспеген немесе ересек әрі пысық жігіт 
Ысқақ неғып сайланбаған” деген сұрақтың тууы заңды. 
      
Жоғарыда айтылғандай, Мұқырдағы қызметі кезінде қарша бораған арыз-
шағымдар Абайға қарсы іс қозғауға негіз болады. Ал, ол кезгі заң бойынша 
істі болған адам сайлауға түсу құқымен қош айтысатын. Жә, тете інісі Ысқақ 
ше?  Бұған  дейін  қатарынан  екі  мәрте  болыс  болып  (1872-78  жылдары) 
үлгерген  ол  мәнсап  буына  мастанып,  елді-ел,  жұртты-жұрт  деуді  ұмыта 
бастаған-ды. “Бір күні Ысқақтың ауылына елдің бір жиылысы тобына менің 
әкем  келсе,  -  дейді  Турағұл,  -  Ысқақ  төсектен  тұрған  жоқ,  түске  шейін 
отырған  елдің  ақсақалдары  жалығып  тарқап  бара  жатыр  еді.  Сонда  менің 
әкем, Ысқақты шақырып алып, айтыпты: - Сонау Жиреншенің не ойлап бара 
жатқанын білесің бе? – деп. Ысқақ айтыпты: - Жоқ, - деп.  Ендеше сені келесі 
сайлауда боғымды болыс сайлармын деп барады депті”. 
      
Өстіп,  қызық  болғанда,  болыстық  Шәкәрімді  өзі  іздеп  тапқан.  Әсілі, 
сайлаушы қауымның оның әмірші болуын теріс көрмей, ат тұяғын тай басар 
деген  Абайдың  уәжіне  тоқтауы  бекерден  емес.  Ол  болыстық  қызметін 
әділетпен атқарып абырой алған, осы қызметте жүріп мезгілсіз қайтыс болған 
кешегі Құдайбердінің баласы.  
      
Осымен,  келешек  философ  Шәкәрім  1878  жылы  үлкен  мәнсап  иесі 
болады: “назначение”-мен болыстыққа тағайындалады. Әрине, бұл қызметті 
Шәкәрімнің  ақылшы  туыстары  -  Абай  мен  Ысқақтың  көмегімен  атқарғаны 
айтпаса  да  түсінікті.  Зерек  һәм  сөзге  ұста  Шәкәрімді  екі  немере  ағасының 
жасынан  ел  жұмысына  баулып,  ертіп  жүргені  жайлы:  “Құдайберді  баласы 

 
58 
Шәкәрім 19 жаста атқа мініп, Абай мен Ысқаққа еріп ел басқару жұмысына 
көзі қанған екен”, - деп жазады Әрхам Кәкітайұлы. 
      
Шәкәрім  болыстығының  кесікті  мерзімі  (үш  жыл)  өткен  соң,  келесі 
сайлауда  (1881-83  жылдарға)  болыстық  қызметті  Ысқақ  қайтадан  алады. 
Осымен тағы үш жыл тыныш өтіп,  1884 жылғы сайлау да тақап келеді. 
      
Осы сайлау қарсаңында арты үлкен өртке айналған пәле-жанжал тұтанған 
еді. Мәселе сонда,  бұл жолы кезек Оспанға келеді. Кезек сонікі деп, Абай, 
Ысқақ, Шәкәрімдер келіседі. Бірақ атқамінер шаршы топтың ұғымы басқадай 
еді.  Оларша  Оспан  билікке  жарамсыз  ожар  мінезді  адам  саналатын.  Осы 
осалдықты  тегершік  еткен  Ербол,  Жиренше,  Оразбай,  Күнту  бастатқан, 
барлығы  он  бес  басшы  кісілер,  билік  тізгінін  тәуекел  деп  Құнанбай 
ұрпағынан тартып алмаққа ұйғарады. Сөйтіп, Абайдың сыртынан баталасады 
(шыны  керек,  бұл  ойда  жоқта  пайда  болған  баталасу  емес-ті.    “Ырғызбай 
әбден  жуандап  алды”,  “болыстық  неге  бір  ғана  тұқымның  мирасы  болуы 
керек”  дегенге  саятын  наразылық  ел  жуандары  ішінде  көптен  кеу-кеулеп 
алған болатын).  
        
1884  жылғы  сайлауға  Шәкәрімнің  белсене  ат  қосқаны  жайлы  Әрхам 
былайша әңгімелейді: “Шәкәрім Ерболдың сайлап жатқан елу басыларының 
Құнанбай  тұқымына  жат  адамдар  екенін  байқайды  да,  әкесі  Құдайбердімен 
көптен дос болып келе жатқан жуантаяқ Байқұлақ деген кісіге келіп: - Бәке, 
сіз білесіз бе, мына Ерболдың істеп жатқаны бізге жаулық па, жоқ қателесіп 
жүр ме?,  - деп сұрайды. Сонда Байқұлақ  сасып қалып аз тұрады да, балам, 
мен сенің әкең Құдайбердімен ақыреттік дос едім, мына сұрағың маған өте 
қиын болды. Өтірік айтсам, иманыма қас, шын айтсам уәдем мен антыма қас, 
бірақта өзің сезген көрінесің, бұл істің жәйі мынадай деп бастан-аяқ болған 
істі баяндап береді”. 
      
Осы  сөзден  Күнтуды  болыс  сайлауға  бағытталған  астыртын  әрекетті 
әшкерелеген кісі Шәкәрім екенін көреміз. Әрхамның айтуынша, “Болыстық 
біздің тұқымның мирасына тиген нәрсе ғой деп сеніп жүрген жас Шәкәрімге 
мына  сөз  сұмдық  көрініп”,  ол  Ысқақ  пен  Абайға  асыға  жетіп,  істің  мән-
жайын баян етеді. 
    
Содан Ерболды өзіне шақыртып Абай: - Әй, Ербол, сен көппен баталасып, 
Күнтуды болыс қоямын депсің ғой, рас па?, - десе, Ербол: - Әй, Абай-ай, мен 
осы  жұмысқа  араласпайын  десем  өзің  болмайсың.  Сайлағалы  отырғанымыз 
жалғыз болыстық. Оған Ысқақ мені қой дейді, мына Шәкәрім мен болайын 
дейді,  сен  Оспанды  қой  дейсің,  бұл  қайсыңа  жетеді,  маған  біреуін-ақ 
ұстатшы, - депті. Сонда кісіге нанғыш Абай досы Ерболды жамандыққа қия 
алмай: - Е, солай ма, жұмысыңа бара бер!, - деген екен.  
      1884 
жылы  өткен  аты-шулы  сайлаудың  бір  эпизоды  Әрхам  естелігінде, 
міне осылай баяндалған. 
      
Ұзын сөздің қысқасы, 1884 жылғы сайлау жұртшылықты жаздың күні қар 
жауғандай  таңырқатқан.  Өйткені,  Шыңғыстауда  болыстықты  алғаш  рет 
Құнанбайдың  ұрпағы  емес,  қарсы  партияның  адамы  Күнту  алады.  Бірақ 
мұнымен  партия таласы бәсеңсімейді де әрі жаңағы қарсы жақтың Абайды 

 
59 
ықтырып, Ырғызбай нәсілін тәубесіне бір келтірсек деген үміті де ақталмай 
қалады.  
      
Мынаған  қараңыз,  1884  жылғы  сайлаудың  дүрбелеңі  1886-87  жылғы 
сайлауға дейін толас таппаған. 1933 жылғы “Абайдың туысы мен өмірі” атты 
еңбегінде Мұхаң: “1884-85-86 жылдар Абай өмірі түгелімен алыспен өтеді” 
деп жазады. Абайдың белгілі өлеңінде өзі туралы: “Айлаға, ашуға да жақтым 
шырақ” деуі де, әсіресе, осы жылдарға  қатысты сияқты.   
      
Осы  ретте  архив  деректеріне  жүгінелік.  Семей  әскери  губернаторының 
1887  жылы  14  желтоқсанда  Дала  генерал-губернаторы  канцеляриясына 
облыс көлемінде болып өткен болыстық сайлау туралы жолдаған есебі бар. 
Онда  төрт  болыс  Тобықты  елінде  1886  жылы  өтуге  тиісті  сайлау  партия 
таласына байланысты 1887 жылы да аяқталмай қалды делінген. Оның себебін 
түсіндіре  келе,  әскери  губернатор  өзінің  ресми  есеп  беруін  былайша 
қорытады: “…В конце августа, сопровождая Его высокопревосходительство 
господина  генерал-губернатора  по  области,  я  имел  случай  говорить  с 
представителями  означенных  волостей  и  путем  серьезных  внушений 
старался  устранить  интриги  и  окончить  возможно  скорее  выборы. 
Результатом всего этого было то, что в начале сентября месяца Тобуклинская 
волость  была  умиротворены  и  выбора  там  окончены”  (ҚР  ОМА,  15-қор,  1-
тізбе, 386-іс).     
      
Сөйтіп, Семей облысы губернаторының жазбасынан Тобықты ішінің 1887 
жылдың  қыркүйек  айында  ғана  тынышталғанына  куә  боламыз.  Екі  жылға 
созылып,  сайлауды  уақытында  өткізуге  мүмкіндік  бермеген  үлкен  партия 
таласының  бел  ортасында  29  жастағы  Шәкәрім  де  жүреді.  Өстіп  келешек 
ойшыл ақын әкімдік жүйенің қыр-сырына, саясат пен атқамінер адамдардың 
бір-бірімен қатынасына қанығуға мүмкіндік алады.   
     
Хош,  1886-87  жылғы  айтулы  айтыс-тартыс  пен  алыс-жұлыстың  салдары   
қандай? 
     
1886 жылы Семейге корпусной генерал-губернатор келгенде, тағы да істі 
болып  жүрген  Абайға  оған  жолығудың  сәті  түседі.  Бұрынғы  уезной 
Лосовскийдің  көмегімен.  Сөйлесе  келе,  корпусной  Абайдың  ақыл-
парасатына көңілі толып: “Сен заманыңнан басың асқан адам екенсің” десе 
керек.  “Сол  жерде  оязнойға  тапсырып,  Күнтуді  түсіріп,  -  дейді  Турағұл  өз 
естелігінде, - қызметті Шаһкәрімге тапсырмақ қылыпты. Біздің жау жағымыз 
мұндай  төңкеріс  болып  қалғанын  білмей,  Абай  айдалатын  болды  деп, 
Тәңірбердінің жылқысын алған. Сол жерде Күнту түсіп, қызмет Шаһкәрімге 
тиіп, жылқыны алып, қырып салған ел қатты қазаға ұшырап, берекесі кетіп 
қалған”. 
      
“Күнту  түсіп,  қызмет  Шаһкәрімге  тиіп”  деуімен  Турағұл  бізге  Шыңғыс 
болысына болыстық қызмет Шәкәрімге тигенін жеткізіп отыр.   
      
Сөйтіп,  1886-87  жылғы  қысылтаяңда,  атап  айту  керек,  екінші  рет 
сайлаусыз  (яғни  алдыңғы  жолы  сияқты  “назначение”-мен)  Шаһкәрім  болыс 
болып тағайындалады. Бақсақ, он жылдай бұрынғы (1878) сайлауда сияқты 
бұл жолы да оның кандидатурасын Абай ұсынған.   

 
60 
       
Шәкәрімнің  болыстық  қызметі  жайлы  сөзіміздің  жиынтығы:  ол  1878—
1880  және  1887-88  жылдары  қызметінен  мерзімінен  бұрын  түсіп  қалған 
Күнтудің орнына болыс болған. Яғни соңғысы толық мерзімді емес. Демек, 
Шәкәрімнің  ел  билеген  уақытының  жиыны  4-5  жылдың  айналасынан 
аспайды.    Айта  кетелік,  Шәкәрімнің  1888  жылдан  соң  болыс  болғанын 
растайтын дерек көздері кездескен жоқ. 
 
х   х    х 
       
Көп жылдардан соң, 1917 жылдың соңында Шәкәрім Құдайбердіұлының 
жаңа  құрылған  Алашорда  үкіметінің  соты,  қазысы  болып  сайланып,  бұл 
қызметті келесі 18 жылдың күзіне дейін абыроймен атқарғаны аян. Ол кезде 
ділмар  билер  де,  қажылар  да  баршылық.  Ал,  таңдаудың  Шәкәрімге  түскені 
кездейсоқтық  емес.  Ол  қызыл  тілдің  шешені  әділ  би  ретінде  де,  “екінші 
Абай”  ретінде  де  жалпақ  елге  танымал  еді.  Алаш  басшылары  міне  осыны 
ескерген.       
      
Сондықтан  Шәкәрімнің  шешен  болған,  би  болған  кезеңін  арнайы 
қарастырайық.  Бұл  өзі  бір  үлкен  кезең.  Ол  1887  жылдың  күзінде  өткен 
“Базаралы,Тәкежан  дауы”  деп  аталған  үлкен  даудан  бастау  алады  деп 
есептейміз. Осынау дүбірлі оқиға “Абай жолы” эпопеясының “Кек жолында” 
тарауында  кеңінен  суреттелген.  Турағұл  да  жоғарыдағы  сөзінде  жау  жағы 
Тәңірбердінің  “жылқысын  алып,  қырып  салған  ел  қатты  қазаға  ұшырап, 
берекесі кетіп қалған” деп бір ояз елдің атқамінерлерін дүр атқа қондырған 
осынау айтулы шиеленіске сілтеп отыр.  
      
Бір  сөзбен  айтқанда,  30  жастағы  Шәкәрімнің  шешен,  би,  былайша 
айтқанда, ел құтқарушы атағы осы оқиғадан бастау алған болатын.   
 
Ел құтқарған топаннан... 
      
Семей  оязының  болысы  мен  жуандары  белсене  атсалысқан  Базаралы-
Тәкежан дауының тергеуі мен бітімі Семей қаласында Көкен елінің болысы 
уақ Нүрке байдың үйінде өткен екен. Абай мен ағасы Тәңірберді (Тәкежан) 
салқын  қарым-қатынаста  болғаны  белгілі.  Сондықтан  Тәкежан  Базаралы 
бастатқан Жігітектің қырық  жігітінен бір қос жылқысының құнын дауламақ 
жүгініске немере туысы жігіт Шәкәрімді шығарады. “Базаралылар келген соң 
істің  тергеуі  тез  басталуға  айналды,  -  деп  жазады  ұлы  суреткер.  –  Сарбас 
көлденең кісілер арқылы жүгіністе Құнанбай жағынан кім сөйлейтінін біліп 
келіп,  Базаралыға  мәлім  етті.  Бұнымен  дауға  түсетін  Шұбар  екен.  Өзге 
Құнанбай  балаларының  ішінен  тілі  орамды,  айтқышы  және  Абайдан  соңғы 
білгірі осы болып жырылып шыға бастаған” (“Абай жолы” эпопеясы. Екінші 
кітап. -Алматы. –1990. – 97 б.).  
     
Көріп отырмыз, Мұхаң “Абайдан соңғы білгір” деп Шәкәрім туралы үлкен 
шындықты  бүкпесіз  айтқан.  Жаңағыдай  үлкен  дауда  жүгініске  түсуі  де 
осының  айғағындай.  Бір  жағынан  Абайдың  өлең  сөзіне,  аға  айтқан  өсиетке 
адал  болғысы  келген,  екінші  жағынан  Тәкежаннан  қаймыққан  Шұбар-
Шәкәрімді Тәкежан былай деп қайрап салады: 

 
61 
     - 
Дәл  осы  жолғы  дауға  менің  малымның  жоқшысы  етіп,  сені  саламын. 
Шебер  тіліңді,  шалымды  ойыңды  осы  жолым  үшін  жалдап  алдым!  Әрі 
Құнанбай  баласының  намысы,  әрі    менің  басымның  кегі!  Бәрі  де  бір  сенің 
қолыңа беріледі. Даугерім сен боласың! 
       
Ырғызбайдың  дауын  жалғыз  ұстап  шығу  кім  кімге  үлкен  атақ  әперіп, 
даңқын асырады. Сондықтан бір жағынан ағасы Тәкежан міндеттесе, екінші 
жағынан  жүгініске  шығуға  отыз  жастағы  Шәкәрімнің  өзі  де  іштей  қарсы 
болмайды.  “Абай  емес,  одан  да  өтімді  болғандықтан  дауға  осыны  салыпты 
деген лақап тарайды, - деп жазады Мұхаң. – Мәнсапқұмар Шұбарды бұл жай 
әсіресе қызықтырған болатын” (сонда, 99 бет).  
       
Жазушы  Тәкежанның  Шәкәрімді  ызғар  тастап  ықтырумен  де,  арбаумен 
де сөзін өткізу себебін былайша түсіндіреді: “Шұбар болса, бұндай жыланша 
арбаудың  салмағын  сезбей  қалған  жоқ.  Ұлжан  баларына  қарағанда,  бұлар 
жастан  жетім  өскен  немере.  Әзір  бір  Шұбардың  өзі  қатарға  ілініп  келе 
жатқаны  болмаса,  мынау  отырған  үш  туыстың  (Тәкежан,  Ысқақ,  Оспан  – 
А.О.)  алдында  оның  әлсіз  екені  рас.  Сөз  былай  айтылса,  Шұбар  бұларға 
қарсы  баса  алмайды.  Тіпті,  Абайдың  айтқанынан  кетсе  де,  Шұбардың 
тақыстық  тәсілі  оны  дәл  мыналарға  қарсы  бастырмайды.  Үйткені,  Абай 
жағынан кәр-зәр болмайды. Мыналар болса, зорлығы мен көптігін, күші мен 
кәрін қолымен де батырып жібере алады. Абай жағынан азар болса, көретін 
жазасы “ұят, ар, адамгершілік” деген жөнде” (сонда, 98 бет).  
      
Мұхаңның  романды  жазғанда  көбіне  көп  нақты  фактілерге  иек  артып, 
әсіресе,  Құнанбай  балаларының  күрделі  қарым-қатынасын  мұқият 
зерделегені мәлім. Романға деректер көзі есебінде қол артуымыз да содан.     
      
Осымен даугері болған Шәкәрім Тәкежан үмітін толықтай ақтап шығады. 
Айыпкер елге үлкен салық салынады. Билер кеңесі: “Тәкежанның сегіз жүз 
жылқысы үшін Жігітек жағы сол жылқының тұяғына екі бестіден, мың алты 
жүз бесті береді!” – деп кесік  айтады.  
      
Осы  жүгініс,  осы  кесік,  бір  жағынан,  Шәкәрімге  шешен,  би  деген  атақ 
әкелген, екінші жағынан, ол арына азап, жанын жара салған жағдаяттың бірі 
деуге  керек.  Өйткені,  осы  кесіктен  соң,  Жігітек  елі  қатты  жұтап,  тұралап 
қалады.  
       
Құнанбай  қажының  Бердіқожа  әулетін  (М.Әуезовтың  бабасы)  найман 
ішінен көшіріп әкеп, Қызылшоқы маңынан орын бергені белгілі. Қажы дүние 
салған соң, келер жылы (1887 ж.) оның ұрпақтары Бердіқожа баласы Әуездің 
ауылдарын  Шыңғыстаудан  Бауырдағы  Бөрлі  деген  жерге  қоныс  аударуға 
мәжбүр етеді. “Кейін қажының ұрпақтары арасында үлкен дау-дамай туыпты, 

деп әңгімелейді бұл жайында Разақ  Самарханұлы (М.Әуезовтың ағасы).  – 
Абай жағдайды түсініп, Әуезбен ақылдаса отырып, әділ билікті өзі айтыпты. 
Әуездің  тілегі  бойынша,  қожалар  Семейден  250  шақырым  жердегі 
Қызылшоқыдан  Бөрліге  түпкілікті  қоныс  аударыпты.  Сонымен,  әрі  қалаға 
жақын әрі тыныш, кең ерен көрікті жерге олар қыстау салыпты”. 
      
Жерді  кеңейту  үшін  болған  күрестердің  бел  ортасында  Тәкежан, 
Әзімбайлармен бірге Шәкәрім де жүреді.   
     
“Мұтылғанның өмірі” атты өмірбаяндық жырында: 

 
62 
               
Қарасам мақтау айнадан  
               
Әлемнен озған мен бір жан: 
               
Ел құтқарған топаннан 
                      
Тобықтының мұқымын. 
               
Балалық-жастық аралас, 
               
Көрсеқызар, мисыз бас. 
               
Мақтанқұмар мен бір мас, 
                      
Ғылымның сезбей көп нұрын, - 
деп өзін-өзі сөгуі-әшкерелеуінде үстідегідей оқиғалар сызы тұнғаны анық.   
       
1888  жылдың  қысында  Семей  қаласында  өткен  ояз  билері  кеңесіне 
Шәкәрімнің  ел  билеу  жүйесіндегі  қызметі  бүгінгі  оқырманға  түсініктірек 
болуы үшін тәптештей тоқталдық. Жалпысында тілін безеген шешен ретінде 
ерте  танылған  Шәкәрім  әр  түрлі  старшын,  болыс  деңгейіндегі  дау-дамайға  
көп  түскен  адам.  Жасыратыны  жоқ,  бұл  қиын  қызмет  дәулет  құраудың  да 
көзі еді. Ел жұмысына қалай кіріскені жайында ақынның өзі “Шын бақтың 
айнасы”  атты  мақаласында  былай  деп  жазады:  “Оның  да  неше  түрлі  ақыл-
әдісін біліп алсам да, мына жақтағы “дәулет” деген бір тіпті керегіңдей “бақ” 
шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жолы да 
болмайтұғын болды. Ой, Тәңірі-ай! Адам қылғанды адам қылмайтұғын несі 
бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым”. 
      
Тұжыра  келгенде,  отыз  бен  қырықтың  арасындағы  жігіт  Шәкәрімнің 
қоғамдық қызметі билік жүйесіне би сапасында араласуымен ерекшеленеді. 
Яғни бұл кездері Шәкәрім әрі ақын, әрі би. 
      
1868  жылы  патша  үкіметі  бекіткен  “Уақытша  ереже”  немесе  “Жаңа 
низам” бойынша бұрынғыға қарағанда әр болыстағы бидің саны өсіп, 4-тен 8-
ге  дейін  би  сайлануға  тиісті  болды.  Бұған  дау-жанжалдың  молайып,  билер 
иығына  түсер  жүк  арта  түскендігі  де  себепкер  шығар.  Бірақ,  билердің  бәрі 
тең  емес  еді,  дәрежесі  жоғарысы  должностной  би  (қазақша  -  долынжы  би) 
атанған.  Мәселен,  Оспан  болыс  болғанда  Шәкәрімнің  тете  ағасы  Шәке 
долынжы  би  екен.  Долынжы  би  болыстың  екі  орынбасарының  бірі  болған. 
Сондықтан Оспан тосыннан дүниеден қайтқанда болыстықты Шәке алады. 
     
Балалары  билікке  араласа  бастаған  1865-66  жылдары  Құнанбай  өзі  де 
биліктен қол үзбей, балалары басқарып отырған Кішік тобықты болысының 
штат  бойынша  сайланған  билерінің  бірі  болып  қызмет  атқарғаны  архив 
деректерінен мәлім. Тіпті бұл Өскенбайдан бергі дәстүр. Абай да арғы атасы 
Өскенбай мен әкесі Құнанбай үрдісін үзбей жалғап, 1885-90 жылдары 6 жыл 
жаңағы  айтылған  долынжы  (яки  штаттағы)  би  болғаны  құжаттарда 
көрсетілген. Қосымша дәлел: 1890  жылы генерал-губернатор Барон Таубенің 
Абайды  аңшының  қос  ауыз  мылтығымен  марапаттауы.  Сөйтіп,  Абайдың 
болыстыққа  інілерін  сайлатып  алып,  ал,  өзі  би  ретінде  сырттай  басшылық 
қылғанын аңдаймыз. 
       
Рас. Шәкәрімнің долынжы би болғаны жайлы іс-құжат әзірге қолымызға 
түспеді.  Бірақ  жанама  деректер  1890-98  жылдар  аралығында,  онан  кейін  де 
Шәкәрімнің атқарушы билердің бірі болғанына сілтейді.  “91 жылғы жаулық 
тағы  да  ұзаққа  кетеді,  -  дейді  Мұхаң.  -  Осы  тартыс  бір  ел  емес,  әлденеше 

 
63 
түрлі  жұмыстардың  тұсында  бола  келіп,  98-ші  жылға  шейін  созылады” 
(Жиырма  томдық  шығ.жинағы.  –Алматы,  1984.  -15-том,  187  б.).  Көзі 
көргендердің  айтуынша,  осы  жылдары  епті  жігіт  Шәкәрім  ел  жұмысы,  исі 
Тобықтының дау-шары ортасында жүрген. 
      
Ахат  әкесінің  ел  жұмысына  араласып,  би  болғаны  жайлы  үлкендердің 
мынадай  сөзін  келтіреді:  “Шәкәрім  кісі  қағуға  жүйрік  еді.  Ұры  мен 
айтушыны  қаққаны  ешбір  билердің  қаққанына  ұқсамайды.  Айтушысы  жоқ 
жұмысты  тексергенде,  демек,  жеке  ұрының,  айыпкердің  өзін  қаққанда  да 
шындығын  табатын.  Және  Шәкәрімге  келген  адамдардың  наразы  болып 
кеткенін көргеміз жоқ”. Сондай-ақ, 1907 жылы Ақылбай баласы Әубәкірдің 
Шәкәрімге  арнап  шығарған  бір  ауыз  өлеңінің  “Ассалаумағалейкум,  қажы-
биім” деп басталуы да осы қатарлы жанама деректің бірі. 
      
Тегінде  ақынның  араағайындық  дауды  шешуге  ат  салысып,  әртүрлі 
жағдайда мәмлегер болған  істері өз алдына бір төбе. Мысалы, Оспан өлгенде 
“әмеңгерлік”  мәселесі  күрделі  түйінге  айналады.  Оны  тарқату  үшін  де  
елшілікке арада 33 жастағы Шәкәрімнің жүргені  “Абай жолы” эпопеясының 
246-
252  беттерінде  суреттелген.  Өзге  әйел  емес,  мал-жанның  иесі  Еркежан 
зорлыққа  көне  алмайды.  Ал,  әмеңгерлер  -  Ысқақ  пен  Тәкежан  “Еркежанды 
көндіру  керек,  көнбесе  де  тигізу  керек”  деп  шешеді.            “Абайдың  ойы, 
айтпаса  да  мәлім,  -  деп  жазады  қаламгер.  –  Сондықтан  Шұбар  да  дәл 
Еркежанды  олай  етіп  алуға  болмайтынын  айтты.  “Бұрын  бұндайда  зорлық 
болса,  ол  жас  келіншек  басына  істелетін.  Ал,  өзі  бір  ауылдың  және 
қарашаңырақтың,  үлкен  үйдің  иесі  болып  отырған,  бауырына  бала  басып 
отырған, ел анасы боп қалған әйелді оңай қоржын көруге болмайды”, - деді”.  
Осы сөзден дау кесігін айтуды Мұхаңның Шұбар-Шәкәрім аузына салғанын 
көреміз. Яғни жазушы Шұбарды сырттай жағымсыз кейіпкердің бірі ретінде 
ала  отырып-ақ  екі  нәрсені:  Шәкәрімнің  қазақтың  ескі  салтына  жүйріктігін 
және әділетті би, парасатты адам болғанын әркез шеберлікпен әркім байқай 
бермейтін нәзіктікпен аңдатып отырған.        
       
Шәкәрім 1888 жылдан соң болыс болмаған, ел жұмысына би ретінде ғана 
араласқан  деген  пікірімізді  сақтау  үшін  енді  1890  жылдардан  соң 
болыстықтың тізгінін Құнанбай ұрпағынан, дәлдісінде немерелерінен кімдер 
алғанына назар аударайық. Жоғарыда айтылғандай, 1891 жылы Оспан өлген 
соң,  оның  орнына  болыстық  қызметті  аз  уақыт  Құдайберді  баласы  Шәке 
жалғастырады.  Ал,  кезекті  сайлаудан  бастап,  яғни  1892-94  жылдары 
Тәңірберді  баласы  Әзімбай  болыстық  тізгінін  қолына  алады.  Бұл  жылдары 
болыстың    кандидаты  бірде  Кәкітай,  енді  бірде  Мағауия  болса  керек.  Ал, 
1898  жылғы  сайлауда  Абай  Шыңғысқа  Мағауияны  болыс  қылмақшы  екен. 
Бірақ  Тәкежан  баласы  Әзімбайдың  азғыруына  ерген  Ақылбай  “жол  менікі, 
мен  болыс  болам”  деп  килігеді.  Мағауия  да  оны  қостап:  “Әке,  біз  жақсы-
жаман болса да Ақыл ағамнан құтыла аламыз ба. Жол сол кісінікі екені рас 
емес  пе.  Болыс  болғанымен  ол  не  бітіреді?”,  -  деп  Абайды  көндіріп, 
Ақылбайды  болыстыққа  сайлатады  (Ұлы  Абайға  адалдық  //  Әрхамның 
естелігі. –Семей, 2005.–193 б.).  

 
64 
      
Бірақ  Абайдың  қаупі  расқа  шығады.  Өйткені,  Әзімбай  Бауырда  елден 
жырақта жатқан құрдасы Ақылбайды болыстық кеңсесімен бірге өз ауылына 
көшіріп  алады  да,  сайланған  кісі  Ақылбай,  ал  іс  жүзінде  елді  бұрынғыша 
Әзімбайдың  өзі  бағындырған  екен.  1900-01  жылғы  сайлауда  билікке 
Шәкәрімнің кенже інісі Ырызықбай келеді, Турағұл оның кандидаты болып 
бекітіледі.  Мағауия,  Абай,  Ақылбай  қайтыс  болған  1904  жылы  болыстық 
қызметті Турағұл алады.  Өстіп, билікке кез-кезімен келген артқы толқын -  
інілер, яғни Құнанбай немерелері ішінен Шәкәрімді көре алмаймыз. 
      
Әрине, Шәкәрім болыстық қызметтен билікке ыңғайы жоқтықтан емес, өз 
еркімен бас тартқан. Ахат ақсақал естелігінде: “Мені болыстық, әкімшілікке 
құмар қылмай, одан құтқарған Абай!” деген әке сөзін келтіреді. 
     
Шамасы 1922 жылы жазылған “Мұңлы шал” деген өлеңінде ақын кезінде 
болыс, би болып ерегес пен талқыға көп түскенін былайша айтады:  
                                  
Жасыңда араластың малтымаға, 
                                  
Қызығып есер елдің салтына да. 
                                  
Би, болыс, епті жігіт атанам деп, 
                                  
Көп түстің ерегес пен талқыға да.   
      
Қалай десек те, Шәкәрім жасынан болыс боп әмір жүргізіп те, би болып 
билік құрып та, тілін безеген шешен боп та ел жұмысының  дәмін еркінше 
татып, “қызығын” бір кісідей көреді. Ақынның биліктен ертерек бой суытып, 
іргесін аулақ салуына бір себеп осы шығар-ау.  
      
Қорыта  айтқанда,  Шәкәрімнің  жасынан  болыс,  шешен,  би  болып  ел 
жұмысына араласуы кейіннен қырықтан соң жазылған азаматтық лирикасына 
нәр  берген  бастаудың  бірі.  Сондай-ақ,  1924-25  жылдары  Абайға  қатысты 
материалдарды  шындап  жинауға  кіріскен  М.Әуезовке  Тәкежан,  Оразбай, 
Жиренше,  Майбасар,  Әзімбай  секілді  атқамінерлер  жайында  екінің  бірі 
білмейтін  нақты  деректерді  жеткізген  адам  Шәкәрім  болғанын  атап 
айтқымыз келеді.    
       
Осы  ретте  1898  жылы  болған  аты-шулы  Мұқыр  оқиғасын  айналып  өту 
қиын.  Өйткені,  бұл  Шәкәрім  санасына  сілкініс  әкелген,  жаңашыл 
демократтық бағытты таңдауына түрткі маңызды жайдың бірі сияқтанады.  

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет