Орындаған: Нұрсалимова Д. Е қабылдаған: Жантаева А. К астана, 2023ж



Дата15.12.2023
өлшемі19,94 Kb.
#139610

А.К.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

БАЯНДАМА
Тақырып: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның басты басымдығы және ондағы діни бірлестіктердің рөлі




Орындаған: Нұрсалимова Д.Е
Қабылдаған: Жантаева А.К

Астана, 2023ж.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа сатысы және ең алдымен, мемлекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларында осы қауіптің пайда болуы себеп-салдарының алдын алу бо­йынша бағдарламалық құ­жат болып табылады. Ол мемле­кеттік билік органдарында, сон­дай-ақ, жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру кешенін көздейді, және де қазақстандық азаматтардың оған төзімсіздік көз­қарасын қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілді. Стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне "мүлдем төзбеушілік" ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Қазақстанның қағидаттық ұстанымын көрсететін еліміздің басты стратегиялық құжаты, сондықтан маңызды мәселе мемлекеттің алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылады.
Стратегияда айқындалған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың түйінді бағыттары: мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; қоғамдық бақылау институтын енгізу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес: баршаның заң мен сот алдындағы теңдігі, мемлекеттік органдардың қызметін нақты құқықтық регламенттеуді, мұндай қызметтің заңдылығы мен жариялылығын, оған мемлекеттік және қоғамдық бақылауды, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, ұйымдық-басқару жүйелерін қорғау басымдығын қамтамасыз ету; жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық құқық; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы күреске жәрдем көрсететін азаматтардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды көтермелеу; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың және оларға теңестірілген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттің қорғау, аталған адамдар мен олардың отбасыларына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін жалақы (ақшалай қамтылым) мен жеңілдіктер белгілеу жолымен қамтамасыз етіледі; осындай қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге, сондай-ақ оған бақылау мен қадағалауға өкілеттіктер беруге жол бермеу.
Жемқорлық - мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды қызметкердің өзіне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке басының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасаған қоғамға қауіпті қылмыстық іс-әрекеті. Оған қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа дәнекер болу, қызметке жақындарын тағайындау, сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену және ысырап ету, сарапшылардың жалған қорытындысы, жалған сөз жеткізу, қарапайым азаматтардың ақысын жеп, елдің дамуына үлес қосуға мүмкіншілік бермеу және т.б. қылмыстарды жатқызуға болады.
- Жемқорлықтың ислам дініндегі үкімі қандай?
- Әлемдік деңгейдегі көне заманнан келе жатқан мерез - жемқорлық мәселесі мұсылман елдерінде де белең алып отыр. Ислам діні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жеке тұлғалық және ұжыммен бірлесе жүзеге асырған. Шариғаттағы жемқорлықтың үкімі - харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған. Асыл дінімізде жемқорлық үлкен күнәлар қатарына жатады.
Жалпы, Ислам шариғатында кез-келген мәселенің үкімі - Құран аяттары мен хадиснама деректеріне жүгіне отырып шығарылады. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Мәида сүресі, 42-аят): «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүзіңді бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбір зиянын тигізе алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашылдарды сүйеді»,-деген. Аяттағы «арам жеушілер» дегені - өзгенің мал-мүлкін иемденіп, ақысын жегендер. Ал тәпсірнама деректеріндегі Сағид Бин Жубайр: «Мұнда жемқорлық турасында айтылған»,-деп түсінік берген.
Енді бір аят жолында Алла Тағала (Бақара сүресі,188-аят):
«Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар»,- делінген. Мінеки, Алла Тағаланың сыбайлас жемқорлыққа тыйым салғанына бірден-бір дәйек - осы аяттар болмақ. Сол сияқты парақордың тапқан табысы - арам екендігін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисінен анық көруге болады. Әбу Хумайда әл-Сағидия (р.а) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Лауазымдық қызметтегі тұлғаға берілген сыйлық - арам жолмен табылған жалақысы», - деген екен. Ибн Бурайда (р.а) әкесінен жеткізген келесі бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үш түрлі қазы болады, олардың екеуі тозақта, ал біреуі жұмақта. Өз дегенін орындаймын деп үкім шығарған және білімсіз бола тұра үкім шығарған қазылар - тозақта. Ал, әрдайым шындыққа жүгінген қазы - жұмақта», - деген.
- Тәпсір дереккөздерінде Абдулла Ибн Омар (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген»,-деп тұжырымдайды (Ат-Тирмизи). Сондай-ақ, параны талап етіп, оны қабыл алып, сондай-ақ қолдау көрсеткен пара алушы мен беруші арасындағы тасымалдаушы дәнекердің ісі де қарғысқа ұшырағандардың әрекетіне жатады. Демек, сыбайлас жемқорлық барысында пара беруші мен алушы арасында делдал болуға да тыйым салынған.
Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде мынадай жағдай айтылады. «Аллаға серік қосу, адам өлтіру және ата-анаңның алдындағы борышты орындамау сияқты ауыр күнәлардың санатына жататын тағы бір үлкен күнәні айтайын. Ол - жалған мәлімдеме жасау және жалған куәлік беру», - деген екен расулалла (с.ғ.с.).
Қазақтай текті де турашыл халықта осынау жаман қылықтан тыятын, әділдікке шақыратын адамдар аз болған жоқ.
Мұны дана халқымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлағатты сөздерінен-ақ байқауға болады. Олардың әділдік пен туралықты ту еткендігіне қазақтың үш тұғыры - Төле, Қазыбек және Әйтеке бидің, одан басқа да би-шешендердің өнегеге толы өмір-ұстанымдары бірден-бір дәйек болмақ.
Осы орайда қазақ даласының ақыны Шортанбай Қанайұлының өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырған мына бір өлең жолдарын келтіре кетейін:
Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі халқын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Біздің бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын,үлкендер,
Құдайдан ғапіл өтпеңдер.
Әлің келсе Мекке бар,
Артық дәулет біткендер!
Парақордың халі о дүние ғана емес, осы дүниеде де қиынға соқпақ. Көп жағдайда пара алуға құныққан жанның арам жолмен тапқан дүниесінің өтеуі ауыр болады. Оны ел аузында жүрген мысалдар мен жемқорлыққа қарсы әзірленген бейнероликтерден жиі байқауға болады. Қай мысалды алып қарасаңыз да, жемқорлықтың түбі - қорлықпен аяқталып жатады.
Сондықтан да Ислам діні сыбайлас жемқорлық пен пара берудің қандай да бір түріне Құран мен сүннет дәйектеріне сай қатаң тыйым салып, тіпті, ауыр күнәлар санатына жатқызған. Шариғат шеңберіндегі тыйымдардың барлығы адам мен қоғамның дамуына негізделген. Аллаға шынайы құлшылық-ғибадат жасап, айтқандарын бұлжытпай орындауға ден қойған жанның үйіне құт-береке ұялайды. Кез-келген жан сыбайлас жемқорлық сынағына ұшыраған сәтте лезде Алланы еске алып, қиямет күніндегі халін ескерсе, отбасындағы Алланың берген берекесін ұмытпай, әрдайым шүкіршілік қылса, оған да Алланың төгер мейірімі шексіз.


Пайдаланған әдебиеттер:
1. Телебаев Ғ. Т. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері. Астана, 2016ж.
2. Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы: Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығымен бекітілген.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет