Тағам қабылдауымен байланысты құсу және іштің өтуімен сипатталатын аурулар ерте заманнан белгілі болған. Сырқат малдың етін қабылдағанда ауру дамитыны анықталған. Кейін ауруды қоздыратын шартты патогенді бактериялармен және олардың токсиндерімен залалданған тағамдар екені белгілі болды. П.Н.Лащенков (1901) алғаш рет стафилококкты токсикоинфекцияның клиникалық көріністерін жазып берген.
Тағамдық токсикоинфекция
Тағамдық токсикоинфекциялар — экзотоксин бөлетін шартты патогенді бактериялармен шақырылатын, асқорыту жолдарының жоғарғы бөліктерінің зақымдалуымен және су-тұзды алмасудың бұзылуымен өтетін жедел, қысқа уақыттағы аурулар тобы. Аурудың ағымы қоздырғыштардың және экзотоксиннің мөлшеріне байланысты өтеді.
Этиологиясы
Тағамдық токсикоинфекцияның қоздырғыштарына адам ағзасынан тыс, тағамда экзотоксиндер өндіре алатын қасиеттері бар, көптеген шартты патогенді бактериялар жатады. Экзотоксиндерге энтеротоксиндер (термолабильді, термостабильді) және цитотоксиндер жатады. Энтеротоксин өндіруші қасиеті бар, аурудың жиі кездесетін қоздырғыштарына Clostridium perfringens, Proteus vulgaris, Proteus mirabilis, Bacillus cereus, Klebsilla, Serratia, Enterobacter, Citrobacter, Pseudomonas, Vidrio жатады. Цитотоксин өндіруші қасиеті бар коздырғыштарға Klebsilla pneumoniae, Enterobacter cloacae, Clostridium perfringens, St aureus, Aeromonas hidrophila, Vibrio parahaemoleicus және т.б. жатады