Педагогика пәні және оның міндеттері
Педагогика қандай пән?
Педагогика – жас ұрпақтар тәрбиесі туралы ғылым,
педагогика – адам тәрбиесі туралы ғылым,
педагогика – тәрбие туралы ғылым
педагогика – балалар мен жасөспірімдерге тәрбие, оқыту және білім беру туралы ғылым
педагогика – арнайы ұйымдастырылған оқыту мен тәрбиелеу жағдайында баланың, жасөспірімнің жеке-дара қасиеттерінің қалыптасуы мен даму заңдылықтары туралы ғылым.
Жоғарыдағы әртүрлі ақпарат көздерінен алынған анықтамалардың бәрі дұрыс, сондықтан педагогиканы біржақты қарауға болмайды. Педагогика – тәрбие туралы ғылым ретінде тәрбиенің мәнін, қоғамдағы қызметін, мазмұны мен ерекшеліктерін, оның жеке тұлғаға ықпалын анықтайды, түсіндіреді, дамытады.
Педагогика – қоғамның талабына сай өскелең жас ұрпақты әлеуметтік өмірге, еңбекке дайындау және оларға қоғамдық-тарихи тәжірибе беру процесі болып табылады.
Педагогика деген сөз, яғни термин, көне грек тілінен шыққан, ол балаларды ертіп жүруші, баланы жетектеп мектепке апарушы деген сөз. Анығырақ айтатын болсақ, «Педагогика» термині гректің екі сөзінен: «пайс» - балалар және «эгейн» - баланы басқару, тәрбиелеу, жетектеу, бағу ұғымдарынан шыққан.
Педагогика ғылымының негізгі қызметі:
Жалпы теориялық қызметі – педагогикалық процестің заңдылықтарын теориялық тұрғыдан талдау. Ғылыми пән ретінде педагогикалық фактілерді, құбылыстарды, процестерді сипатайды.
Болжам жасау қызметі – педагогикалық шындықтың даму жағдайына алдын ала болжам жасайды.
Практикалық қызметі –фундаменталдық білімдер негізінде педагогикалық тәжірибені, басқару құрылымдарын жетілдіреді, оқыту және тәрбиелеу жүйесінің жаңадан әдістерін, құралдарын, формаларын жасайды.
Педагогиканың негізгі категориялары:
Тәрбие - жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамнын алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс. Тәрбие – педагогиқалық кең мағынада қоғамның арнайы адамдары – мұғалім, педагог, тәрбиешілердің басқаруымен жүргізілетін мақсатты процесс. Олар арнайы тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жеке адамның қалыптасуына ықпал жасайтын жиынтық факторларды пайдалана отырып ерекше әдіс-тәсідерді қолданады.
Білім беру – табиғат пен қоғам жайлы ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке тұлғаның меңгеруін және оны өмірде тиімді қолдануын айтады. Білім беру – бұл адамның қоғамның және мемлекеттің қажетіне орай тәрбиелеу және оқытудағы мақсатты процесс.
Бұл ұғымды алғаш рет педагогика ғылымына енгізген швейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоцци. Білім беру ісінде жеке тұлғаның таным әрекеті жан-жақты дамиды, ой-өрісі кеңиді, мәдени дәрежесі артады. Бұл негізінен жекелеген оқу пәндерін оқыту арқылы жүзеге асырылады.
Оқыту – білім берудің негізгі жолы, мектеп оқушыларына біліммен қатар, біліктілік және дағдыларды меңгертетін, олардың санасы мен мінез-құлқына т.б. қасиеттеріне мақсатты түрде әсер ететін педагогикалық процесс. Яғни, мұғалімдер мен оқушылардың өзара әрекеттесу нәтижесінде білім беру жүзеге асырылады. Оқыту – тәрбиенің басты құралы. Оқыту процесі кезінде оқушылардың таным әрекетімен қатар тәрбие міндеттері де шешіледі, олардың өмірге деген көзқарастары, сенімі, түсінігі, әдет-ғұрпы т.б. адами қасиаеттері қалыптасады.
Педагогиканың негізгі ұғымдары – тәрбие, білім беру, оқыту өзара тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып отыратын бір-біріне тәуелді, біртұтас процесс.
Педагогиканың негізгі міндеті – ғылыми пән ретінде қоғам өмірінде тәрбие мәселесіне қатысты міндеттерді атқару болып табылады.
Бүгінгі таңда қоғамның жаңа сатыға көтеруіне байланысты педагогиканың міндеттері де жаңарып, жаңа деңгейде көтеріледі.
Олар:
Үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйесін одан әрі жетілдіру.
Оқу-тәрбие процесін интеграциялау, ізгілендіру, демократияландырудың ғылыми теориялық негіздерін жасау.
Озат педагогикалық теориялар мен тәжірибелерді таратып, оқу-тәрбие процесінде кеңінен пайдалану.
Білім беру мазмұнының ғылыми негіздерін мемлекеттік стандартқа сай үнемі жаңартып отыру.
Өздігінен білім алудың ғылыми-практикалық негіздерін жетілдіру.
Ұлттық тәрбиенің маңызы мен практикалық қызметін дамыту.
Оқу мекемелерін жаппай компьютерлендіру.
Достарыңызбен бөлісу: |