Оңтүстік Қазақстан облысының әдістемелік орталығының
«Менеджмент және жаңартылған білім беру мазмұны» бөлімінің шағын жинақты мектептер әдіскері
Орынбасар Данияр Шәріпұлы
Шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында пәндерді кіріктіре оқытудың тиімділігі
Қазақстан Республикасының барлық аймақтарының ауылдарының көбінде шағын жинақталған мектептері қазіргі уақытта ең өзекті әлеуметтік мәселелердің және білім беру саласының басты ерекшелігінің бірі болып отыр.
Бүгінде бұл мектептер көптеген проблемаларды бастан кешіп отыр. Материалдық-техникалық базасы төмен, қаржыландыру жағы жеткіліксіз, білікті педагогикалық кадрлар жоқтың қасы.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасында шағын жинақты мектептердің арнайы дидактикалық базасы жасалмаған. Бұл мектептегі оқытудың ерекшеліктері - оқу-әдістемелік кешендер құрылымы мен мазмұнында ашылмайды. ШЖМ оқу жоспарларының дәстүрлі құрылымы, дәстүрлі оқу бағдарламалары басымдылық танытады. Барлық пәндер бойынша білікті мамандар жетіспейді. Мұғалімдерге бірнеше пәндерді жүргізуге тура келеді. Бұл оқушылар білімнің сапасын төмендетеді.
Бүгінде ШЖМ білімділік үдерісті ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірбиесі бар. Бұл – оқу үдерісін дәстүрден тыс құру. ШЖМ ерекшелігін ескеру.
Алайда, мұның бәрі тұжырымдамалық өңдеуді қажет етеді. Нақтырақ айтсақ, ШЖМ сабақ қандай болуы керек, педагогикалық «жалғыздық» жағдайында қалай жұмыс істеуге болады, балалардың демалысы мен тәрбие жұмысын қалай ұйымдастыруға болады, мектептің оқу-материалдық базасы қандай болуы керек, бірнеше пәнді бір уақытта жүргізетін мұғалім қандай болуы керек және т.б.
ШЖМ практикасында оқу құралдарын қолдануда негізгі қарама-қайшылық – толық, тұтас сыныпты оқытуда қолданылатын оқыту әдістемесінің шағын мектепте оқытуда қолайсыздығы. ШЖМ өзіндік ерекшелігін ескеріп, онда қолданылатын оқу құралдары мен дидактикалық материалдар ауыл балаларының тәжірибесіне бейімделіп, бастауыш сынып балаларының өз бетімен жұмыс жасауына мүмкіндік берілетіндей етіп ұйымдастырылуы керек. Бірақ қазіргі қолданылып жүрген оқулықтардың ШЖМ-да балалардың өз бетінше жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін әдістемелік мүмкіндігі аз. Сондықтан да мұғалімдер, практик-әдіскерлер арасында шағын жинақты мектеп ерекшеліктерін ескере отырып, мектептің осы типіне арналған арнайы оқулықтар мен жұмыс дәптерлерімен қатар арнайы оқу-әдістемелік кешен болуы керек деген ұсыныс-пікірлер жиі айтылуда.
ШЖМ оқушылардың оқу-танымдық әрекетін басқару – мұғалімнен зор интеллектуальдық қабілет пен физиологиялық күш-қайратты қажет ететін өте күрделі міндет. Бір уақытта екі-үш сыныпқа қатар сабақ беру мұғалімнен кәсіптік шеберлікті, оқыту мен тәрбиелеуде әдіс-тәсілдерді қолдануда икемділікті талап етеді. Мұғалім сабақтың әрбір кезеңін тұтас және жекелей басқара білуі керек, бір мезгілде бір сыныпқа сабақ жүргізе отырып, екінші бір сыныптың өз бетінше жұмысын бақылай алуы керек. ШЖМ-тің мұғалімі екі-үш сынып балаларына бірдей 2-3 сабақтан екі есе артық дайындалады, сонымен бірге бұл сабақты шашыратпай жүргізіп, жүйелі болуы үшін біртұтастықты сақтауы тиіс.
Демек мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, уақытты үнемдеу үшін ШЖМ-ның бастауыш сынып оқушыларына пәндер бойынша балалардың өздік жұмыстарын ұйымдастыруға негізделген арнайы оқу-әдістемелік кешен дайындалуы қажет. Мысалы, математика пәнінің оқу-әдістемелік кешеніне оқулық, оқу дәптері, үлестірмелі материалдар, балалардың ойын әрекетін қамтамасыз ету үшін ауызша есептер жинағы жазылған аудиоқұралдар, математикалық диктанттар т.б. кіреді.
Сонымен қатар ШЖМ-ға арналған оқулықтардың орта мектепке арналған оқулықтан айырмасы бастауыш сынып оқушыларының өз бетінше істейтін әрекетін ұйымдастыруға құрылуы тиіс. Оқулық алгоритмдік жүйелердің нұсқамаларын жанына жазып қою, сілтемелер беру, өз бетінше орындайтын бақылау жұмыстарын беру, өзіндік бақылау, бағалауға түзетулер енгізу т.б. тапсырмалар балалардың ақыл-ойын дамытуға, яғни талдауға, салыстыруға, топтауға, берілген есептің шешімін табуға үйретуге бағытталуы тиіс.
Оқу материалының мазмұнын таңдауда әрбір баланың жеке тұлғасын дамыту арқылы тұтас дамыту тұжырымдамасына сүйенуге болады. Ал бұл баланың ақпараттық, қызығушылық, бейімділік әрекетін белсендіретін иллюстративті материалды кеңінен қолданған жағдайда жүзеге асады. Геометриялық материалдар баланың қоршаған ортамен байланысын табиғи жағдайда қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Математика тарихынан алынған қызықты деректер мен математикадан иллюстративті-анықтамалық материалдар шағын жинақты бастауыш сынып оқушыларының қолдануына тиімді әрі қолайлы.
Сондай-ақ ШЖМ-ның мұғалімдеріне математика жұмыс дәптері бастауыш сынып оқушыларының өз бетінше жұмыс жасауына, сыныпта немесе үйде оқу матералын толық, жан-жақты меңгеруге көмектеседі. Жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар екі деңгейден тұрады: біріншісі – стандарт бойынша белгіленген міндетті деңгей, екіншісі – шығармашылық-ізденіске құрылған жоғары деңгей бағдарлама талабына сәйкес келеді. Дәптердегі тапсырмалар балаларды басты мәселені табуға, оны шешуге қалыптастыруы қажет. Берілген алгоритм бойынша (үлгі бойынша) жүйелі түрде жұмыс жасай алуға, өзін-өзі бақылай алуға, өзінің оқу әрекетін басқарып, бағалауға дағдыландыруы қажет.
Оқушылардың кестемен жұмыс жасауы тақтаға немесе плакатқа жазылған арнайы тапсырмалармен қамтамасыз етілуі қажет. Мұғалімнің жай кезде қолданатын әрекеті, яғни ауызша түсіндіретін материалдары кесте түрінде көрсетіледі. Осы демонстрациялық кестелерге (алгоритмге) қарай отырып, оқушылар өз бетінше жұмысын жасай алады және мұғалімге де өз бетінше жұмысты басқаруға жеңіл болады.
ШЖМ-ның оқу үдерісінде интеграциялық сабақтарды қолдану әдістері мен тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар.
Интеграция – пәндік білімдердің тоғысуынан жаңа түсінік қалыптастырудың құралы. Интеграция – оқушының мектептегі алғашқы қадамынан бастап әлемді тұтас деп тануға, ондағы барлық дүние бір-бірімен тығыз байланыста деген көзқарас қалыптастыру мақсатын көздейді.
Ауыл балаларының білім құзыреттілігін арттыру үшін, қаладағы өз құрбыларынан, қатарынан қалмауын қамтамасыз ету үшін, шалғайдағы балаларды оқытуды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін шағын жинақты мектептерде кіріктірілген сабақтар қажет. Шағын жинақты бастауыш мектептерде кіріктірілген сабақтар оқушылардың пәннен алатын білімін ғана көтеріп қоймайды, топта жұмыс істеуге, топ ішінде бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуге, бір-бірінің пікірін тыңдауға, көптеген құбылыстарға кешенді түрде қарауға, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кіріктірілген сабақтар оқушының шығармашылық белсенділігін арттыруды міндеттейді. Бұл сабақтарда барлық пәндерінің мазмұнынан, ғылымның барлық саласынан, мәдениет, өнер, жалпы қоршаған өмір жайлы ақпарат беріледі. Кіріктірілген сабақтар басқа жеке пәндерден алған білімдерді байланыстырып, бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Кіріктірілген сабақтарды ұйымдастырудың бірнеше себебі бар:
Біріншіден, қоршаған өмірді балалар тұтас қабылдайды, ал мектепте көбінесе әлем жайлы тұтастықты жеке пәндер арқылы оқып танысады.
Екіншіден, кіріктірілген сабақтар оқушының өзіндік әлеуетін дамытады, әлемдегі өзгерістер мен құбылыстардың себеп-салдарын түсінуге, ақыл-ойы мен ойлау, сөйлеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Әдістемелік және теориялық әдебиеттерді талдай барысында қазіргі кезде кіріктірілген сабақтарды ұйымдастыру шағын жинақты бастауыш мектептерде оқытуды жақсартудың бірден-бір жолы деп тұжырымдауымызға болады.
Жоғарыда айтылған мәселелердің мысалы ретінде шағын жинақталған мектептерде үш сыныпты (1-2-3) біріктіре жүргізген сабағының жоспарын ұсынбақпын. 1-СЫНЫП Әліппе, 2-СЫНЫП Қазақ тілі, 3-СЫНЫП Қазақ тілі.
Достарыңызбен бөлісу: |