Ауыл дегеніміз салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, мәдениетіміздің, тіліміз бен діліміздің, басқа да көптеген ұлттық құндылықтарымыздың сақталып, дамып отырған мекені, ошағы емес пе еді?!
Талантты балалардың да ауылдан шығатыны содан. Өйткені олардың дүниетанымы, ойлау қабілеті ұлттық тамырдан нәр алады. Мұндай ортада ер жеткен адамның таланты мен қабілеті де жыл санап шыңдалып, ашыла береді. Қалалық өмірдің өзі кісіні белгілі бір шеңберге салып қоятындай. Адами қарым-қатынас азаяды, уақыт жағынан шектеулілік, тақ-тұқ сөйлеу, ойды қысқа қайыру, үстіртіндік, т.б. түрліше қалалық сипаттар ауылдың сипатынан, ауылдың болмысынан бөлектеу болатыны белгілі. Ауыл баласы мен қала баласын қатар қоятын болсақ, екеуі екі түрлі мәдениеттің, екі түрлі дүниетанымның өкілі екенін бірден байқайсыз. Өйткені қалада шарттылық көп. Ауылда табиғилық басым. Ауыл баласына ұстамдылық, сабырлылық, ұяңдық, салмақтылық тән болса, қаланың баласына ұшқалақтық, сабырсыздық тән. Әрине, бұдан бәрі де сондай екен деген ұғым тумаса керек. Өйткені әр адамның өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол кейде өскен ортаға да, тәлім-тәрбиеге де байланысты. Бірақ жағымсыз әдеттерге қала баласы ең алдымен үйірсек келетіндей көрінеді. Өйткені күнделікті өмірде, жүрген ортасында солардың бәрін көріп өседі. Былайша айтқанда, көз алдында дайын үлгілер көп. Соларға еліктейді, көкейіне қондырады. Ауыл баласының алдында қалай дегенмен ел бар, елдің дәстүрі, салт-санасы бар. Ұлағатты сөз айтар үлкендер, ақсақалдар, әжелер бар.