Прозадағы лиризм



Дата31.12.2021
өлшемі55 Kb.
#23208
Байланысты:
5fan ru ПРОЗАДАҒЫ ЛИРИЗМ



ПРОЗАДАҒЫ ЛИРИЗМ

Әдебиет тарихының дамуында лирика ерекше орын алады. Бұл ұғым тікелей адамның өзін-өзі тануының дамуымен байланысты. Тұрмыстың терең мәніне жетуге талпынған адам түйсігі зерттеудің негізгі нысанына айналды. Гегель басқа өнер түрлеріндегідей емес, лирикада «мазмұн мен форма дәуір және ұлттық колоритпен анықталады» деген болатын. Мұнымен қатар лирикалық туындының жалпы табиғатын да анықтауға болады: ол адамның ішкі, рухани құндылықтарына негізделген, жеке және сонымен қатар әрбір тіршілік иесі үшін жақын туынды.

Лирикалық шығармада шын мәнінде ой, сезім, көңіл-күй, эмоциялар, яғни адам жанының кез келген нәзік күйі бейнеленуі мүмкін. Демек, лиризм әдеби тәсіл немесе ағымдық құбылыс ретінде лирикалық прозаның алтын діңі екені даусыз. Өйткені мұндай туындыларда басты идея кейіпкердің іс-әрекеті, әлеуметтік тіршілігі арқылы ғана емес, толғанысы, қуаныш-сүйініші, өмірге көзқарасы, күмбірлеген көкірек күйін шертетін шуақты сезімі арқылы келісім табады.

Лирикалық проза лирикаға қатыстылықты, эмоциональдықты сақтай отырып, оған қарағанда күрделірек, көп жақты, эпосқа тән «лирикалық көңіл күйдің динамикалық образын, ал көбіне тұтас көңіл күй тобын» білдіреді [1, 176].

Сол сияқты егер эпикалық шығармада автор өз кейіпкерлерімен қарым-қатынасқа түссе, лирикалық прозада автор өз кейіпкеріне қарсы тұра алмайды, мұнда бір ғана көзқарас, бір ғана мақсат болады. Мұнда лирикалық кейіпкерге қарсы тұру, тіпті тең түсу деген түсінік жоқ. Лирикалық кейіпкер шығарманың ең құнды өзегі болып табылады. Лирикалық проза суреттеу және бейнелеу құралдарының күрделі құрылымын көрсетеді. Олар лирикалық көңіл-күйді көрсету үшін эпикалық тәсілдерді пайдаланады. Мұндай туындыларда оқиға ойлар мен сезімдердің дамуының көлеңкесінде қалады.

Оқиғалар мен детальдар сезімді анық бейнелеуге қажетті құрал ретінде қолданылады. Осыдан лирикалық кейіпкер тап болатын уақыт шексіздігі, хронологиялық реттіліктің сақталмауы, характерді толық ашуға көмектесетін «жанама» кейіпкерлер орын алады.

Зерттеушілердің айтуы бойынша лирикалық прозаның эпикалық шығармадан басты айырмашылығы – ойдың талқылауға көнбейтіндігі. Мұнда бірінші орында семантикалық мән емес, сөздің әуені тұрады. Мұнда сюжет айтарлықтай рөл атқармайды, лирикалық жазушының шеберлігі неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым оның әңгімелерінде сюжет белгісіз болады. Лирикалық прозада бастан-аяқ үзілмей дамып отыратын сюжет кездеспейді. Алайда кейіпкерлердің бүкіл бастан кешкен көңіл-күй әсерімен белгілі бір желі пайда болып отырады. Оны лирикалық желі деп атауға болады. Лирикалық прозаның қаһарманы эпостық шығармалардағы секілді күрделі, желілі оқиғаларға, іс-әрекеттерге негізделмейді, қайта ойламаған жерден күтпеген жағдайды, өзгерістерді бастан өткеріп отырады.

Лирика прозада орын алғанымен, мінезді жан-жақты ашып көрсетуді мақсат етпейді. Ол кейде тіпті бір характердің қалыптасуын да көрсетпуі мүмкін. Лирикалық шығармаларда іс-әрекет сюжеті көңіл-күй сюжетімен сабақтаса беріледі. Характерлер арасындағы қақтығыс емес, әртүрлі әсерлердің, толғаныстардың ауысуы лирикалық шығармалардың құрылымын анықтайды. Оның сюжеті кейде сезімнің жан-жақты ашылуымен, кейде оның дамуын, сезінуін көрсетумен байланысты. Бұлардың біреуі бір шығармада, енді бір бір шығармада көрініс тапса, кей шығармаларда осының бәрі қабаттасып келіп жатады. Алуан түрлі көңіл-күйдің, алаңдаушылықтың, толқулардың араласып келуі, сонымен бірге олардың сезімнің пайда болуын көрсетуге, рухани ізденістердің негізгі мәнін, олардың мағынасын тереңнен түсінуге арналған қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасы лирикалық шығарманың композициялық құрылымының негізін құрайды.

Мұндай шығарманың композициялық құрылысы лирикалық кейіпкерге, соның тебіреніс-толғаныстарына сәйкес қалыптасады. Ӛмір көріністері лирикалық кейіпкердің көзімен суреттеледі.

Сонымен, поэзиядағы сияқты лирикалық прозаның да бейнелеу құралы жазушының сезімі мен ой толғамы. Дегенмен поэзияға қарағанда лирикалық проза қаламгердің жан әлемін ашуда лирикалық қана емес, әңгімелеудің барлық эпикалық тәсілдерін емін-еркін пайдалана алады.

Лиризмнің әдеби құбылыс ретінде дамуы XVIII-ші ғасырдың екінші жартысынан басталады. Зерттеушілер лиризм туралы айтқанда, оның Руссо, Стерн, Карамзиннің шығармаларымен, сол дәуірдегі, қоғамдағы тарихи-әлеуметтік өзгерістермен байланыстырады. Осыған байланысты, әдебиетте жаңа принциптер, жаңа критерийлер, жаңа эстетикалық идеялар шыға бастады. Әр түрлі бағыттағы және әр түрлі әдістерді қолданатын суретшілердің, көркемөнершілердің, жазушылардың шығармаларында «лиризм» ұғымы орныға бастайды. Алайда әдабиетте лиризмнің теориялық жағынан гөрі, практикалық жағы әлдеқайда тез дамыды.

«Лиризм» ұғымы жайлы алғаш Гегельдің еңбектерінен көре аламыз. Гегельдің ойынша, романтикалық шығармалардың мазмұнының артықшылығы - жеке адамның ішкі рухани өмірін, сезімдердің әр алуандылығын бере алуы. Бұл тұрғыдан алғанда, ішкі толғаныстар сырттай беріле алмағандықтан, күрделенеді. Осыдан келе, жазушы кейіпкердің ішкі әлемін беру үшін лирикаға жүгінеді. Дәл осы жерде Гегельде «лиризм» ұғымы жайлы сөз болады. Оның айтуынша, «лиризм – романтикалық өнердің негізгі стихиялы ерекшелігі болып табылады» [2,506].

Ал Белинский лиризмнің поэзияның ерекше бір түрі екенін, оның ағылшын әдебиетінде тұнып тұрғанын сөз етеді. Ол: «Лиризм болмаса, эпопея мен драманың прозалығы күшті болар еді», - дей келе, лиризм көркем шығармаға нәзіктік, сұлулық, шынайылық дарытатынын айтады [3,296].

Белгілі орыс ғалымы Г.Н.Поспелов өз еңбегінде: «Лиризм - әдеби шығармалар мазмұнының «түр» аспектісіне жататын құбылыс емес, оны шығарманың пафосы дей аламыз, ал пафос дегеніміз, жазушының шығармадағы белсенді идеялық-эмоционалдық тұрғыдан берген бағасы», - дейді [4,119].

«Лирикалық өнер әрі романтикалық, әрі реалистік негіздерде өмір сүреді», - деген С.А.Липин лиризмнің белгілі бір көркемдік әдістер мен бағыттарға тәуелсіздігін, психологизм сияқты әдебиеттің «тектік» қасиетіне бейім екенін аңғартады [5,132].

Зерттеуші Б.А.Ахундов: «Лирикалық романда идеялық салмақ «эпикалық» емес, лирикалық бөлімге; кейіпкер істері мен әрекеттерін сипаттауға емес, оның толғаныс, әсерлену, сыр ашу сәттеріне түседі»,- деп жазады [6,278].

Бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде «сыршыл» деген сөз көп кездеседі. Лирикалық проза – ең құнды нәрсе туралы оқырманмен сөйлесу дегенді білдіреді. Алайда кез келген «сыр» лирикалық сипатқа ие бола алмайды. Мәселен, 60-жылдардың соңында «лирикалық проза» мен «сыршыл проза» ұғымдары қатар қолданылып, әр түрлі мағына берді. Кейде екеуі бір топта қарастырылып, лирикалық шығармалар деп аталды. Нақты зерттеулердің болмауы лирикалық прозаның айналасында осындай түрлі пікірлер тудырды. Зерттеушілердің әрқайсысы өз ұстанымдарын дәлелдеуге тырысты. Осылардың бәрі лирикалық прозаға тән ерекшеліктерді анықтауға септігін тигізеді.

Қазіргі әдебиеттануда «лиризм» ұғымы лириканың синонимі ретінде де қолданыла береді. «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» лирикалық прозаға мынадай анықтама берілген: «Лирикалық проза – қара сөз жанрындағы автордың нәзік көңіл-күйімен, сезім әсерімен суарылған шығармалар. Лирикалық проза өз алдына жанр болып саналмайды, тек прозаның стильдік бір түрі ретінде қарастырылады». Мұндай шығарманың композициялық құбылысы лирикалық кейіпкерге, соның тебіреніс-толғаныстарына сәйкес қалыптасады. Өмір көріністері лирикалық кейіпкердің көзімен қаралып суретеледі.

М.П.Князева лиризм ұғымын үш аспектіде қарастырады: «Біріншісі – көркем шығарманың лирика түсінігімен байланысты тектік сипатының мәні; екінші – шығармада автор ұстанымы айқын көрінетін көтеріңкі эмоционалды, субъективтіленген баяндаудың түрі; үшіншісі – жазушының шындыққа идеялық-эмоционалдылық қатысын, оның ұстанымын ашып көрсететін көркемдік пафостың жеке түрі» [7, 156].

Рухани проза шындық, жақсылық, сұлулық туралы ұғым қалыптастырады. Лирикалық прозада «ассоциативтік» құрылым мен ерекше эмоциональдық «атмосфера» бар.

Көркем құбылысты суреттеу құралдарының, көркемдік тәсілдердің жүйесі арқылы ғана анықтауға болмайды. Сонымен қатар мұнда мазмұндық негіз бен жалпыэстетикалық тенденциялардың ықпалы да маңызды рөл атқарады. Оның себебін дәуірден, адамзат тұрмысындағы «мәңгілік» сұрақтардан іздеу керек.

Лирикалық прозада көптеген мәселелер өзіндік тұрғыдан ашылады. Мәселен, мұндай шығармаларда автор тұлғасы ерекше көрінеді. Кей шығармаларда автор өзі басынан өткізген, сезінген, ойлаған жағдайларға баса назар аударады. Мұнда автор тұлғасы авторлық «менінің», яғни ғұмырбаяндық әңгімелеушінің аясында қалыптасады.

Лирикалық жазушыны да өзекті мәселелер толғандырмай қоймайды, ол да қайғырады, мұңаяды, қуанады. Онсыз ол мұндай шығарма тудыра алмас еді.

Әдебиетте шындықты бейнелеудің әртүрлі формалары болғанымен, белгілі стильдік біртұтастық байқалады. Яғни, шебер қаламгердің өзіндік бір даралығы, әр шығарманың өзіне тән стильдік ерекшелігі болғанымен, барлық шығармаларына ортақ стилі де байқалады. Сондықтан әр жазушының шығармалары өзіндік бояуларын сақтай отырып, стильдік белгілерінің ұқсастықтары жағынан үлкен бір стильдік ағымды құрайды.

Шығармашылық бірігудің әдісі болатын стильдік құбылыс қаламгерлердің белгілі бір ауқымын қамтиды. Ол әдіс негізінде бой көтеріп, әдістің өзіндік ерекшеліктерін сақтайды.

Әдебиеттегі стильдік ерекшеліктерді қарастырғанда зерттеушілер жеке стильдік бірліктің ортақ жақындығын атап көрсетеді.

М.М.Бахтин: «көркем стиль сөзбен емес, әлем және өмір құндылықтарымен жұмыс істейді; оны адам мен оның әлемінің қалыптасу және аяқталу тәсілдерінің жиынтығы ретінде анықтауға болады, ал бұл стиль қарым-қатынасты түсіну үшін білу қажет дерекке, сөзге, табиғатқа деген қатысты білдіреді»,-дейді [8, 169].

Лиризм ағым ретінде пайымдасақ, ол адамның жан әлемінің нұрлы шуақпен асқақ бейнеленуі, қуанышы, шаттығы, дархан мінез құбылыстары, терең жан сезімі, күйініш-сүйініші, алдағы таңға үмітпен, сеніммен қараушылығы, яғни өмірдегі шындықты шығарманың мазмұны мен түп бірлігін сақтай отырып, үлкен танымдық көркем дүниеге айналдыру тәсілдері деуге болады. Бұл - дәуір тынысын бейнелейтін қыртыс қатпары мол алуан мінез, күрделі болмыстың жасалуы, қимыл-әрекет өрісінің кеңеюі деген дұрыс. Сол сияқты лиризм табиғаты жазушының мол ізденісін, суреткерлік парызын байқататын құбылыс.

Қазақ әдебиетіндегі лирикалық прозаның бастауы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы», «Ақбілек», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» атты шығармалары болып табылады.

Лиризмнің жемісті бағдар айшықтарын М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, М.Иманжанов, Т.Әлімқұлов, Ә.Әлімжанов тәрізді қазақ қаламгерлері де дәстүрді жалғастыра отырып, орнымен пайдалана білді. Бұл қаламгерлердің шығармаларында лиризм психологизмнің, психологизм лиризмнің ажырамас өрімі ретінде стиль түзушілік қызмет атқарысты.

Әсіресе 60-жылдардан бастап қазақ прозасы лиризм өрнектеріне бай, идеялық бағыты айқын туындылармен толыға түсті. Олардың қатарына С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Ж.Молдағалиев, Т.Жармағамбетов, Ә.Кекілбаев, Ж.Түменбаев, Т.Нұрмағамбетов, О.Бөкей т.б. көптеген қаламгерлерді жатқызуға болады. Қаламгерлердің ізденістері лирикалық прозаның композициясына өзгерістер енгізуге итермеледі және ол қадамдар ежелгі озық әдеби үрдістерді өнерпаздықпен пайдалана білуге жетеледі. Фольклорлық сарындар, тарих пен бүгінгі таң оқиғаларын салыстыра бейнелеу, көне аңыз, әңгімелерде түйінделген өмір ақиқаттарына қазіргі шындықтан үндестік іздеу арқылы психологиялық толымдылыққа қол арту- прозаның барлық жанрында бел алған стильдік тенденция.

Алпысыншы жылдардағы лиризмнің негізгі ерекшелігі туралы сөз болғанда, бір зерттеушілер лиризмнің негізгі ерекшелігі – «кейіпкерлердің ішкі дүниесіне нәзіктікпен қарау» десе, енді біреуі – автобиографиялықты, үшінші біреуі – баяндаудың эмоционалдылығын атап көрсетеді. Әрине, бұлардың бәрі де лиризмнің негізгі ерекшелігі бола алады.

Лирикалық прозаның даму өрісін талдағанда, оның бүкіл композициясынан, түр мен мазмұн бірлігінен, стильдер ерекшелігінен, сезім күші мен жарқындығынан, ішкі драма қуатынан, сөздердің пәрменділігі мен өткірлігінен, реалистік шындығынан толып жатқан көркемдік қасиеттер табамыз.

Лирикалық прозаның мүмкіндіктерін асыра бағаламау және оны көркемдік бейнелеудің басқа формаларына қарсы қоймау жағын қатаң қадағалай отырып, лиризм қаламгердің өмір құбылыстарын кеңірек, молырақ бейнелеуіне бөгет болады, кедергі келтіреді деген пікірдің шындыққа сәйкес еместігін де ескеру керек. Себебі лиризмнің қамтитын аясының қаншалықты

кең екені бірталай факторларға тығыз байланысты. Мәселен, ол жазушының жеке басына да, өмірдің қай жағын суреттейтіндігіне де, оның мақсат-мұратына, ой-сезіміне де, яғни дүние танымына тығыз байланысты.

Жалпы, прозалық шығармалардың міндеттерінің бастысы - кейіпкер мінезін ашу, характер жасау. Бұл тұрғыда лирикалық шығармаларда бір немесе бірнеше типтендірілген характерлердің сәтті сомдала түсетінен айтуға болады. Шығармалардың ортақ бір сюжетке немесе бірнеше сюжеттерге құрылатындығы лирикалық шығармалардың дүниеге келуі үшін аса қолайлы алғы шарттар болып есептеледі. Сондықтан да бұл шығармалардың өзіндік ерекшелігі оның көлемінде ғана емес, мазмұн тереңінде жатыр.

1. Словарь литературоведческих терминов. / Редакторы-составители Л.И.Тимофеев и

С.В.Тураев. –М., 1974.

2. Гегель Г.В. Эстетика: В 2-х томах. – М., 1999. - Т.2.

3. Белинский В.Г. Разделение поэзии на роды и виды. – М., 1978.





Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет