Республикалық референдум туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы N 2592 Конституциялық заңы. МАЗМҰНЫ Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық Заңымен.
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес республикалық референдумды тағайындау, әзірлеу және өткізу тәртібін белгілейді. Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.
I тарау Жалпы ережелер 1-бап. Республикалық референдум ұғымы 1. Республикалық референдум - Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру. 2. Референдум Республиканың бүкiл аумағында өткiзiледi. 2-бап. Республикалық референдум талқысына қойылатын мәселелер Референдумның талқысына: 1) Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу; 2) Республиканың мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылуы мүмкiн. 3-бап. Республикалық референдумның талқысы бола алмайтын мәселелер Мыналар: 1) адамның және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын;
2) мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту; 3) Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының; 4) сот әдiлдiгi, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғау; 5) бюджет пен салық саясаты; 6) рақымшылық пен кешiрiм жасау; 7) Республика Президентiнiң, Парламент Палаталары мен Үкiметiнiң қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату; 8) Республиканың халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды. Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.