Рымғали нұРҒалидың «драма өнері»



бет1/2
Дата06.01.2022
өлшемі23,93 Kb.
#13313
  1   2


РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИДЫҢ «ДРАМА ӨНЕРІ»
Тоқтыбекова А.Е. kaunaw@mail.ru

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана

Ғылыми жетекшісі – Л.Серғазы

Қазақ әдебиеті аз уақыт ішінде шапшаң дамып, кемелденген өнерге тән жанрлық салаларды тудырып, өрледі. Өркениетті елдерге тән жанрлық формалар қалыптасты. Соның бірі – қазақ драматургиясы. Драматургия туралы арнаулы еңбектерден С.Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі» (1964), Р.Рустембекованың «Қазақ совет комедиясы» (1975), М.Дүйсеновтің «Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі» (1977), Е.Жақыповтың «Дастаннан драмаға» (1979), Н.Ғабдулиннің «Ғ.Мүсірепов - драматург» (1982) зерттеулерін атап өтуге болады. Қазақтың драма өнері туралы келесі сүбелі еңбектердің бірі Р.Нұрғалидың «Драма өнері». Ғалым көп жылғы ізденістерінің арқасында іргелі зерттеу, қазақ драматургиясының төркіні, түрлері мен көркемдігін жан-жақты саралап шықты. Ғалым өз еңбегінде жоғарыдағы ғалымдардың еңбектерін, сонымен қатар тұжырымдарын да біраз саралап, салыстырып өтеді. Мысалы театр сыншыларының ішінен Ғ.Тоғжанов, І.Жансүгіров (1933), Н.Львов (1957), Қ.Қуандықов (1969, 1972), Б.Құндақбаев (1976), О.Қайдалова (1977), У.Садықова (1967), А.Тоқпанов (1976), Л.Богатенкова (1979), Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев еңбектеріндегі драматургия туралы айтылған құнды тұжырымдарға тоқталмай өтпейді. Ғалым ізденісінің негізгі нысаны – қазақ драматургиясының жанрларын жүйелі түрде зерттеу, идеялық-эстетикалық ерекшеліктерді айқындау, қазіргі жанрлық дамудың тенденцияларын ашып көрсету. Ғалым бұл туралы өз еңбегінде былай дейді: «Бұл мәселелерді тексеру, біздің ойымызша, бүгінгі әдеби-көркем процесс диалектикасына бойлап енуге, ұлттық және интернационалдық дәстүрлердің арақатынасын көрсетуге, белгілі кезеңдердегі әдеби даму заңдылықтарын ашуға мүмкіндік берсе керек. Мұның үстіне қазақ драматургиясының дамуындағы қалыптасқан дәстүрлер мен тұрақты байланыстарды анықтау, олқылықтар мен кемшіліктерді көрсету келешек өрістерді болжауға жағдайы жасары сөзсіз», - деп жазады [1, 6 бет]. Ғалым өз зерттеуінде Д.С.Лихачев еңбегінде көрсеткен талаптарды ерекше ескеруге тырысады. Яғни ғалымның: «Әдеби дамудың әр кезеңінде жанрлар түрлі өзгермелі факторлардың әсерінен қалыптасып, сан алуан қасиеттерге ие болғандықтан, әдебиет тарихы алдында ерекше міндеттер туады: жанрларды ғана емес, жанрлық саралауды тудыратын принциптерді зерттеу керек, жеке жанрларды, олардың тарихын ғана емес, әр дәуірдегі жанрлар жүйесін зерттеу керек» [2, 55бет]., - деген пікірі Р.Нұрғали еңбегінде ерекше назарға алынады.

Ғалым әсіресе қазақ драматургиясының жанрлық ерекшеліктерін, жанр проблемасын, жанр және олардың сан алуан түрлерін, жанр тудыратын элементтер туралы саралап, типологиялық жинақтаулар жасап, біраз көркемдік ізденістер ашты.

Ғалым драматургия жанрларының ішінен өмірге айрықша жақын түрі – трагедия деп көрсетеді. Оның себебін зерттеуші былай түсіндіреді: «Бұл формада тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен иедялар қақтығысы ерекше зор пафоспен, әрі реалистік тереңдікпен бейнеленеді», - деп жазады [1, 10бет]. Ғалым, трагедияны көрген адамның орасан зор тебіреніске түсуін, кейіпкер қайғысымен бөлісуін, қапалы ой құшағына енуін ерекше атап өтеді. Сөйтіп бұл идеялық-эстетикалық әсер ету ерекшелігін Аристотельдің – жан ашу, қорқыныш һәм қуаныш сәттерінің шарпысуынан туған ерекше күй – деген пікірімен нақтылайды. Трагедияның бірнеше ерекшеліктерін ескере отырып, оны: а) эпикалық трагедия; ә)тарихи трагедия; б)адамгершілік-тұрмыстық трагедия деп үш салаға бөледі.

Р.Нұрғали дүние жүзіндегі бірталай ұлы шығармалар халық аңызы негізінен туған дейді. Яғни халық қиялы оқшау жәйттерді, ерекше істерді уақыт өткен соң басқа бір қырынан көріп, жаңаша тірілтіп, жаңғыртып, ұмытпай жадына сақтайды, есіне тұтады. Солай ұрпақтан-ұрпаққа кете береді деп жазады. Мысалы Мұхтар Әуезовтің қолына қалам алдырған Еңлік пен Кебек жайлы халық аңызы десе, Гетенің «Фауст» трагедиясының сюжеттік желісі де халық әдебиетінде жатыр дейді. Әрі әр жазушы аңызды өз шығармасында өз творчествосында қалай пайдаланды деген мәселені айқындайды. Осылай дей келе ғалым, «Еңлік-Кебекті» әртүрлі жазушылардың өз шығармасында жеткізуі, суреттеуі, кейіпкерлердің келбетін құбылтуы секілді мәселелерді біраз зерделейді.

Зерттеуші өз еңбегінде жаңа туған драма өнерінің көшін бастаған таланттар туралы да айтып өтуді өз міндеті санайды. Әсіресе қазақ театрын құруға ерекше еңбек еткен актер, театр сыншысы, драматург Жұмат Шанин туралы тебірене жазады. Оның режиссурасымен қойылған «Жалбыр», «Қыз Жібек», Шекспирдің «Гамлет», А.С.Пушкиннің «Тас мейман», «Сараң сері», Б.Майлиннің «Майдан» спектакльдерінің шеберлікпен қойылғандығын айрықша атап өтеді. Ғалым драматургтың еңбектерін бағалай келе, эпикалық шығармаға жататын, қазақ фольклоры мен драматургиясы арасындағы күрделі байланыс мәселесін қарағанда ерекше тоқталып өтетін – «Арқалық батыр» трагедиясы деп атап өтеді. Эпикалық трагедияның ішіне ғалым, халық арасына кең тараған ғашықтық жыр – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясының да әртүрлі нұсқаларын мысалға келтіріп, драматургтың жасаған жаңалығын, еңбегін өзінше талдайды.

Ғалым қазақтың эпикалық трагедияларды талдағанда оны әлемдік драматургтердің бейнелеу әдістерімен салыстыра, салғастыра жазады. Мысалы, драмадағы тартысты күшейтіп, әсірелету үшін Шекспир фантастикаға баратынын айтса, қазақтың алғашқы драматургтері Әуезов, Кемеңгеров, Шаниндер өз шығармаларында фантастика элементерін эпостан алады дейді. Яғни, аруақпен, рухпен тілдесу.

Трагедияның екінші бір саласы ғалым көрсеткен– адамгершілік – тұрмыстық трагедия. Бұған ғалым қайшылықтар мен тартыстарды аз ғана адамның немесе бір семья мүшелерінің қым-қиғаш тіршілігі арқылы көрсетіп беретін көне грек әдебиетіндегі «Патша Эдип», ағылшын әдебиетіндегі «Король Лир», орыс әдебиетіндегі «Любовь Яровая» пьесалары мен М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» трагедиясын, «Ел ағасы» драмасын, Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина», «Бәйбіше - тоқалға» тақырыптық жағынан алғанда сабақтас Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармаларын жатқызады.

Ал тарихи трагедия туралы сөз қозғағанда ғалым Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясын – ең алғашқы қазақ тарихи трагедиясы деп атап көрсетеді. Яғни халық өмірінің ең бір күрделі, қиын, қанды кезеңін көрсететін шығарма дейді. Бұдан кейін халық өмірінен шығармаға арқау болған өзекті, тарихи оқиғалардың бірі «Исатай- Махамбет» өмірінен пьеса жазған Ілияс Жансүгіровтің еңбегін мысалға келтіреді. Драматургтың сахналық өнердің биік талаптарына жауап бере алатын шебер шығармасын ғалым ерекше ықыласпен талдайды. Ғалым: «Ілиястың «Исатай-Махамбет» трагедиясы әлі ешбір әлеуетті әдебиетші, сарабдал сыншы, орнықты зерттеуші назарына ілікпеген соң, шала-жансар, жүрдім-бардым, шикілі-пісілі пьесаларға үшкіріп дем салып, жан бітіріп, арсы – гүрсі спектакль жасап жүрген кейбір режиссерден не қайыр, не үміт?!» [1, 145бет] - деп өкініші мен өкпесін білдіргендей болады.

Ғалым қазақ драматургиясының негізгі қайнар көзі – ауыз әдебиетінің үлгілері, фольклордың сан алуан нұсқалары деп айтқан болатын. Осы орайда драматургия жанрларының бірі – комедияға ерекше тоқталып өтеді. Зерттеуші комедия жанрының ерекшеліктерін тізе келе, оның айрықшалығы тартыста ғана емес, тіл өрнегінде деп көрсетеді. Комедияда қолданылатын көркемдік құралдар гипербола мен гротеск яғни ұлғайту мен өсіру егіз, ұялас деп атап өтеді. Комедияның өзін сатиралық және лирикалық комедия деп бөледі. Сатиралық комедияларға Майлиннің «Шаншар молда», революциядан кейінгі сауатсыздықты жою жайын көрсететін «Ауыл мектебі» пьесасы, «Келін мен шешей», «Көзілдірік» комедияларын жатқызса, лирикалық комедияларға Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында», Ә.Тәжібаевтың «Той боларда», Қ.Сатыбалдиннің «Қабаған ит», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай» комедиясын талдауға салады. Зерттеуші Р.Нұрғали бүгінгі қазақ комедиясын халықтық, шеберлік принциптерін айқын нысана ете отырып, реализм арнасымен даму бағытында деп баға береді.

«Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді» , - дей келе ғалым әдебиеттің көп жылдар бойы жиналған фактілеріне, көркемдік процеске сүйене отырып, қазақ драмасын мынандай салаларға бөледі: а)қаһармандық драма; ә)саяси-әлеуметтік драма; б)тарихи-ғұмырнамалық драма. Сонымен бірге қазіргі әдбиетімізде көріне бастаған психологиялық, лирикалық, дикуссиялық драмаларды, түрлі инсценировка-пъесаларды қосу керек дейді.

Қаһармандық драма С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» драмасын жатқыза отырып, оның әр жылғы басылымдарын тексереді. Өзі атап көрсеткендей, ондағы мақсаты - драматургтың эволюциясын аңғару, шығармашылық ұстаханасына ену. Әрі қарай зерттеуші шығарманың мазмұнын талдауға көшеді. Сәбит Мұқанов «Қызыл сұңқарлар» қазақ драматургиясының тарихында саяси тақырыпқа бірінші рет жазылған пъеса» [3]. - деп баға береді.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет