Құрметті жарысқа қатысушы оқырман!



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата25.04.2023
өлшемі268,71 Kb.
#86742
  1   2


 
 
Құрметті жарысқа қатысушы оқырман! 
Мұрат Кенжебаевтың «Боямасыз махаббат» әңгімесінің осы 
электронды нұсқасын таратуға рұқсат бермеймін. Бұл шығарма kitapjaris 
ұйымдастырған кітап сайысында оқытылды. Өзіңіз ғана оқыңыз. 
Еңбегімді бағалаңыз. Аманатқа қиянат жасамайсыз деп сенемін. 
Әңгіме сіздерге автордың арнайы рұқсатымен ұсынылып отыр. 
– Сен бала өзің қызық бала екенсің, танымайтын адамды шекараға тегін 
апарып тастаймын, ақша орнына өміріңді айтып бер дейтін, – деп бастады, көлікке 
отырып амандық саулық сұрасқасын жасы біразға келсе де, денесін тік ұстап 
жүрген қайың тарамыс денелі ақсақал.
Иә, бұл ақсақалды өткенде Ақтаудан пойызбен қайтып келе жатырған 
сапарымда кездестірген едім. «Өзбекстанға өлуге бара жатырмын, кемпірім сонда 
қалды. Соның қасына барамын. Он сегізінде бар қарсылықты жеңіп маған тиіп, 63 
жыл мені тастамай, қас-қабағыма қарап жанымда болған жарымды енді ол жақта 
жалғыз қалдыра алмаймын» деген сөзінен соң құлағым елең еткен.
– Ой, ақсақал сізде айтады екенсіз, өлу несі? Әлі үйленер жағдайыңыз бар 
сияқты ғой. Жасыңыз сексеннен асса да махаббат сезіміңіз жиырмадағы жігіттің 
сезімін секіртіп кетердей екен, – деп арзан қолпашты қойып қалдым. Ол вагонның 
төрт адамдық купе жағындағы төменгі орыннан, қапталдағы орында отырған маған 
бір түрлі сынай қарады, қарағанда да көзі мені тесіп өтіп көздері вагон сыртындағы 
дүниені кезіп кеткендей сезіндім.
– Еее, бала үйлену дейсің бе, маған тисе жасы 70-тен асқан шалы жоқ кемпір 
тимесе басқа кім тисін. Ондай кемпір маған қарап, менің көйлек дамбалымды 


жумақ былай тұрсын өзін алып жүрсе олжа. Құрсын, өзіммен өзім тыныш жүрейін, 
осыдан екі жыл бұрын кемпірім қайтқан, соған бармақшымын. Құдай берген төрт 
ұл, екі қыз бар. Бәрі үйлі баранды, бір-бір отбасының иелері. Қыздың біреуі, ұлдың 
екеуі отбасыларымен Өзенде, бір қыз Ақтауда Басқұдықта, бір ұл Бейнеуде, бір ұл 
сол Өзбекстанда қалды. Ол таза дихан, егіншілікпен айналысады. Еңбегі адал, 
маңдай терімен тапқан нанын жеп, артылса жақын жуықпен көрші көлеммен 
бөліседі. Сонысына қарай өзбек, қарақалпақтың бәріне сыйлы, – деді де, орнынан 
тұрып пойыздың ақжаймасын төсей бастады. Төсек орнын реттеп болғасын 
сыртынан киген қалың көкшіл қара драп пальтосын шешіп, аяғындағы 44-45 
размер етікті шешіп төсекке жайғасты. Кәдімгі қазақы шал. Шимақпал дамбал, 
қойтерісінен тігіліп сыртын қара барқытпен қаптаған жеңсіз кеудеше ішінен 
қызғылт қоңыр көйлегі көрініп тұр. Кеудешесінің жанында алтын сағаттың бауы 
салбырап тұр. Басында қазіргі пасонда тігілген құндыз шәпкі, иә бөрік емес шәпкі. 
Артық еті жоқ келіскен шал.
– Ақсақал, байқаймын біраз көргеніңіз бар сияқты. Былай келісейік мен ауыл 
ішінің таксисімін, границаға қатынамаймын бірақ өміріңізді айтып берсеңіз тегін 
апарып тастаймын. Сөзіңізде ірілік бар, бос сөз бен айналысатын ақсақалға 
ұқсамайсыз. Айтқаным айтқан жалғыз өзіңіз кең отырып жылы барасыз, – деп 
өтінгендей рай білдірдім.
Күлімсіреген кейіппен: 
– Әй, бала өздерің айтпақшы жау табынның жаман бір шалын қаңғытып 
кеткелі отырған жоқсың ба? Ол неғылған тегін дүние, әлде көлігің ауамен жүре ме? 
Құдайға шүкір балдар жол ақшаңды төлер. Кең отырып барасың дегенің жағып 
отыр, – деді.
– Ақсақал, Табын екенсіз ғой. Жүдә жақсы. Құдам болдыңыз. Ал жаулыққа 
келсек, қазақтың бір ертегісінде сөз бар еді, «көргенімді айтайын ба, естігенімді 
айтайын ба дегенде естігенің өтірік болар, көргеніңді айт» дейтін. Сол айтқандай 
естіген құлақ жазықсыз болса да кез келген әңгімені іліп қалар құлақ сорлы аңқау 
болады. Менде сол көргенімді айтайын.
Мен Табыннан жаулық көргенім жоқ. Табынның жау екеніне дәлел көргенім 
жоқ немесе осы сөз пәленше деген би айтыпты, немесе пәлен батыр айтыпты 
дегенді естіген жоқпын. Сондықтан ондай қыршубай әңгіме емес көзіммен көріп 
отырғанымды айтайын.
Өзімнен кейінгі тумалас ағайын екі інім Табыннан қыз алып өсіп-өніп отыр, 
үйлеріне бара қалсам келіндерім ақкөкелеп астыма төсек салып, алдыма тәттілеп 
шәйін қояды. Қазанына ас салуға жүгіреді. Сол құдаларымның үйіне барсам қыз 
алған құда деп емес, құрметті құда деп төрінен орын сайлайды. Сөйтіп 
отырғандарды мен қалай жау демекпін.
Жалпы Табын ағайынымен қыз алысып, қыз берісіп отырғасын бұндай 
құйтырқы әңгіме әзіл болсада ауыр тиеді, – деп сөзімді аяқтап жатыр ем, келесі 
купеде отырған өзім қатарлас ер адам орынынан тұрып қасыма келді де:


– Аға, жаңағы әңгімеңді қайта айтшы, менде Табын едім, жұмыстастар, 
жиендер, құрдастар жау табын деп зықымды шығарушы еді. Соларға қайтарар сөз 
үйретші, – дегенде мен еріксіз күліп жібердім. Бұл кезде менде төсек орнымды 
салып жатуға ыңғайланған едім. Жарайды деп екінші жігітті ертіп тамбур жаққа 
барып, Әйтеке, Мәтжан билерден қалған ондай сөз естімегенімді, ел бастаған 
батырларда ондай сөз қалдырмағанын, әлемге әйгілі Бөкенбай, Барақ, Асау 
барақтары туралы өзім білетінімді айтып түсіндіріп, соңын отаршыл орыстың 
сасық жалған саясаты болуы мүмкін екенін, қазақты қазаққа жау ету үшін істелген 
тарихи бұрмалау болуы екенін айтып қайтып келсем ақсақал қалғып кеткен екен. 
Содан таңертең пойыздан баласы ма, немересі ме біреу күтіп алды. Мен телефон 
номерімді беріп, бір күн бұрын хабарласуын сұрадым да кетіп қалғам.
Енді міне сол уәде бойынша ақсақалды шекараға, Озиске әкеле жатқан бетім. 
Асфалть жолмен бір қалыпты жүріп келем, әңгімеге құлағымды түріп келем.
– Мен 1938 жылы соғыстың алдында дүниеге келіппін. Мен үш жастан 
асқанда соғыс басталғасын үш төрт ай салып әкем майданға ма, жоқ тыл 
жұмысына ма кеткен. Сол кеткеннен мол кеткен із-түссіз. Жақын ағайын тумаға 
әуелден жарымаған екенбіз, әкем кеткесін олардан мүлдем ажыраппыз.
Жесір қатын, жетім бала ашқұрсақ күй кешіп, шешем байғұс тапқанын менің 
аузыма тығып өсірді ғой. Жеті жасымда ноябрьде суға түсіп кетіп өлімнен бір 
қалдым. Содан аурушаң болдым, күз болса күрк-күрк жөтелем. Әйтеуір үй 
шаруасына септігім тиеді, су тасып отын жарып, ошаққа от жағып шешем 
жұмыстан келерде шәйға су қайнатып қоям. Сөйтіп жүріп өстік қой.
Әскерге алмады, өкпең тесік жарамайсың дегесін трактористің оқуын оқыдым.
Мен он сегізден асқанымда шешем аяқ асты құлаған жерінде қайтыс болды. 
Жұмыстастары бар, бір жар әкемді білетіндер бар әйтеуір өйтіп-бүйтіп жерледік. 
Ол кезде соғыстан соңғы жылдар ешкімнің де пах дейтін күйі жоқтын.
Мен тракторшы болғасын, бір бас, бір тас бойдақпын, жұмысым күндіз түні, 
онда-мында жұмсай береді. Мен жоқ демеймін кете берем. Ыстық асты асханадан 
жемесем, әкелген ақшама тамақ пісіріп берер жанда болмады менде.
Сондай бір жексенбіде қалтамдағы бар ақшама тәттілеп тойып тамақ жегелі 
Нөкістің бір асханасына кіріп бара жатыр едім, үріп ауызға салғандай жарасымды 
киінген сүйкімді қызға соғылдым, аз болса етікпен аяғын басып кеттім. 
Ауырсынған қыз ышқынып қалып: «Ау, көзіңе қарамайсыз ба? Езіп кеттіңіз ғой 
аяғымды», – деп жыларман болып шетке шығып отыра қалды. Мен сасқалақтап: 
«Тамақ ішем, ашпын, асығыс тамақ ішем, кетем», – деп сандырақтай беріппін.
– Аш болсаңыз адам жейсіз бе, айналаңызға қарап абайлап жүрмейсіз бе? – 
деп ернін бұртитқанда, жүрегім атша тулап еріксіз бір орнымда теңселіп кеттім.
– Ау, тұра бересіз бе, барып ауқатыңызды алып ішсеңізші, – деп қабағын 
түйді. Мен сайтанның самалы соққан пендедей екі есті адамға ұқсап не дерімді 
білмей ыржидым. Ол енді шындап ашулана бастады.
– Адамның жанын шығарып аяғымды басып алып, тағы күледі ғой. Қызық па 
солда, аяғым ісіп кетсе нетпекпін, – деп ызадан булығып отыр.


Мен не деп ақталам, не айтам білмеймін, тамақ құятын буфетке қарай 
бұрылып кеттім. Желкеммен сезініп барам, оқты көзбен атып отыр мені. Аяғы ісіп 
кетсе, мен арқалап үйіне апарыссам деп армандап та қоям. Бірақ ондай қайда 
маған. Мен қасына жақындап кеткен қыздың шешесі немесе жеңгесі жетіп келіп. 
«Қыздан әрі жүр, қара сирақ қу жетім. Үрерге итің жоқ, қызға қырындаған не 
теңің» деп шаптыға бастайды.
Менің қызға қырындар ойымда жоқтын ол кезде. Мен сияқты тас жетімге кім 
қызын берсін деймін де қоям соған көндігіп. Содан бір тәрелкі супы мен второй 
деген макаронын жүгері нанымен алып бос тұрған стол іздеген болып қыз қалған 
жақты қарасам жоқ екен.
Ас іштім бе, жоқ па білмеймін, біреу таяқтап тастаған адамдай болып мең-
зең, дел сал күйде үйге келіппін, көз алдымнан әлгі қыздың сүйкімді бұртиған түрі 
кетер емес. Соны ойлап таңды атырдым десем де болады. Сол оқиғадан он шақты 
күннен соң, қала орталығында бір автобусқа асығыс жүгіріп мінбек болғанымда 
есікке енді мінгелі жатқан біреуді оңдырмай соқтым, ол қасқа да жеп-жеңіл екен 
менің екпініммен ішке ұшып кіргендей болып автобустың темір таяғына соғылды.
Жұрт шулап жатыр: «Әй жәйласаң қайтеді, байғұс баланы өлтірейін дедің 
ғой, жау қуып келе ме сонша жүгіріп», – деп мені жазғырып жатыр. Мен 
сасқалақтап қапелімде аузыма сөз түспей: «Автобустан қалып қоям ба деп, асығыс 
едім, жұмысқа іздеп қала ма», – деп ақталып жатырмын. Құлай жаздаған адам 
артына бұрылғандааа, о Құдай! Сол, сол қыз, мен аяғын басып кететін қыз. Ол да 
мені таныды, сілейіп үнсіз қалды. Мен шатасып сасқалақтап: «Кешір, мен ғой, 
асығып, жұмысқа», – деп үзіп созып бірдеңе деп жатыр едім, ол күліп жіберді.
Күлкі болғанда қандай, жанжақ түгел жарқырап қоя берді, көктемде қою 
қара бұлт болып келіп нөсерлеткен өткінші жаңбырдан соң жарқ етіп шыққан 
күндей әсер беретін керемет күлкі. Автобус тып-тыныш боп қалды әлде менің 
құлағым бақыттан тарс бітіп қалды білмедім, мен ештеңе сезіп тұрғаным жоқ, тек 
сол қыздың күлкісі жан дүниемді, санамды, түгел жауып басып қалды.
Бір нәрсе қолымды жыбырлатқандай болғанға қарасам, қыз қолымен 
шынашағымды жұлқылап тұр екен. Сол кезде құлағым ашылып: «Ау. Не?» деуге 
шамам жетті.
Қыз: «Соншама есіңіз кетіп не болды, мәжнүнсіз бе, жұрт қарап тұр ғой, 
басқа жаққа қараңызшы», – деп жатыр екен, қыздың беті қып-қызыл боп алаулап 
тұр екен. Мен жынды: «Мәә қатты соқтың ба бетің тегіс қызарып кетіпті ғой», – 
деуім бар емес пе.
Қасымызда тұрған бір жар адам мырс-мырс күлді. Бір әйел «Милау болмасаң 
аңдамайсың ба? Өлтірейін дедің ғой бишара баланы. Өзіңді бір дию келіп солай 
соқса не етер едің?» деп күстәналап жатыр. Мен олардың біреуінде елеп тұрған 
жоқпын.
Солай неше аялдама жүргеніміз есімде жоқ, кім кіріп, кім шығып жатыр оған 
да мән беріп жатқан жоқпын. Қаланың шетіне жақындағанда қыз түсейінші деді.


Мен ығысып жол ашып беріп жатыр ем, жаңағы күстәналаған әйел «Әй, анау 
қызды аямай соқтың, соның өтеуіне үйіне апарып таста сөмкесі ауыр екен» демесі 
барма, сонда байқадым кенептен тігілген сөмкесі ауыр көрінді.
– Мен апарысайын ба, – деп міңгірлеген болып едім, қыз үндемеді, бірақ әлгі 
әйел тағы да «Ой сорлы ауыш, міңгір-міңгір етпей заттарын алда алдына түст» деп 
дем беріп жіберді. Екі сөмкесін жеп-жеңіл іліп алып автобустан түстім. Өзінің 
айтуынша біз түскен көшенің аяқ жағында тұрады екен. Үнсіз сөмке көтеріп 
келемін, төрт-бес үйден соң үлкен бір алабай туралап үріп бізге шапты, қыз қорқып 
маған тығылды.
– Бұл қабаған ит, шынжырын үзіп босанып кеткен ғой, саудагер өзбектің иті, 
босанса адам жейді дейтін, – деп менің қолымды тас қылып ұстап тығылып барады.
Өмірі ит атаулыны аң деп есептеп көрмеген, небір алабайдан қорқуды 
білмейтін маған бұл күлкілі болды.
Сөмкелерді қойдым да алдымызға келіп ырылдап айбат көрсетіп енді 
жабысқалы тұрған итке қарсы жүрдім, жүріп бара жатып бір кесекті іле кетіп иттің 
басынан салып жібердім. Қаңқ еткен итке тап беріп едім шыққан ауласына қарай 
зып берді. Өзімді жеңімпаз сезініп, қыздың қасына жақындап сөмкелерді алып 
жүріп кеттік.
– Иттен қорықпайсыз екен, сізің дию екеніңзді біліп қалды-ау деймін зытып 
кетті ғой, – деп сыңғырлап күлді. Қыздың күлкісі емес, таудан аққан мөлдір 
бұлақтын сылдырап аққан, арасында құрақты жағаға соққан дауысындай естілді 
маған. Мен әрең-әрең: «Мен дью емеспін, менің атым Жанкелді», – дедім.
Ол: «Әйтеуір айттыңыз-ау, менің атым Күмісай. Сіз сұрағанша өзім айтып 
қоя берейін», – деп тағы күлді. Үйіне жақындағанда алдымыздан таяқ ұстап 
тарамыстай тартылған, бірақ ажарын жоғалтпаған қайсар өңді әйел шықты.
Қыз: «Апам», –деді. Мен састым, қызының қасынан бөтен адам көрсе қызды 
да, жігітті де таяқпен бір салатын шешелер болатын ол кезде. Қыз да қорқып кетті. 
Ұратын шығар деп жүрісін баяулатты. Ана әйел жақындай бере: «Ана саудагердің 
иті бос жүр дегесін, таяқ алып алдыңнан шығып едім, мына ағаң көмектесіп 
өткізген болды ғой. Сау бол айналайын, ары қарай барма, өзіміз жеткізерміз, қайта 
бер», – деді.
Не дей алам, үнсіз қалдым, қыз кетіп бара жатып қиғаштай бір қарап: «Сау 
болыңыз, рахмет», – деді.
Мен иығым салбырап кері қайттым... 
– Иығым салбырап үйге қайттым, не ойлап келдім ол да есімде жоқ, Әйтеуір 
келе жатырмын. Үйге қалай келгенім де есімде жоқ. Келе жатып қалдым, көз 
алдымда Күмісай. Күлгені, жүргені, сөйлегені, бәрі көз алдымнан кетер емес. Өзім 
ойлап қоям, үйі анау хан сарайындай, жағдайы жақсы, маған қарағанда мың есе 
күйлі екені көрініп тұр. Маған қызын бермейтін шығар. Сүт беріп тұратын көрші 
қарақалпақ әже айтқан «Байдан қайтқан біреуді кіргізіп алмасаң, саған кім қызын 
берсін қарағым. Екі тізеңді құшақтап жүре бермей, кіріңді жуып, асыңды пісіріп 
беретін біреуді кіргізіп ал, балалары болса тіпті жақсы өзіңе қолғанат болады» 


дегені миыма кірмейді. Сонымен әрі-сәрі болып есалаң күй кеше бастадым. Менің 
мекемемнің гараж бастығы жасы елуге жақын Ораз дейтін тәуір кісі еді. Сол менің 
селқос жүрісімді, жұмысымның берекеті кеткенін біліп қалыпты.
Сол гаражға шақырып шәй ішіп отырып әңгімелестік. Ораз аға: – Еее бала, 
солай де, шыбығыңа су жүгіріп, кеудең күйлеп жүр де. Дұрыс, дұрыс. Бірақ енді 
сенің жағдайың мәлім ғой, қыз табу қиындау болады-ау. Қайта біреу-міреу 
болмаса. Ал айтып отырған қызды қайдан білейін. Жаңағыдай қайтып келген, байы 
өлген біреу тауып жатсаң жігіттер болып бір қой сойып некеңді қисақ, ЗАГС-ке 
тұрып документ алсаң бәлкім үй боп кетерсің, – деп мені бір жолата өлтірді. 
Жұмыс жайына қалды, көңіл күй жоқ. Бұрын жарты сағатта бітіріп тастайтын 
жұмысты жарты күндеп жүріп бітіре алмайтын болдым. Күмісайдың үй жағын екі 
күннен бір торуылдап қайтам. Көре алмадым.
Әбден болдырдым. Сондай бір күні, мені гаражға әкемнің көзін көрген бір 
шал іздеп келді. Гараж бастығы Орекең: «Балаға қиын боп жүр, бүйте берсе 
құсадан өліп кетер. Обалына қалармыз. Қолдан келсе көмектесейік», –деп хабар 
айтып жіберген екен. Содан әлгі шал, Орекең екеуі мені ертіп алып Күмісайдың 
үйіне құда түсе кеттік. Гаражда сельпоның полуторкі деген газигі тұрған, соны 
мініп кеттік.
Түс мезгілінде үйінде адамдары жиналған шығар деп соған бағыттап бардық. 
Бар екен. Күмісайды көрмедім. Әкесі, шешесі, үлкен бір ағасы, жеңгесі бар екен. 
Менің хабарым жетіп отыр екен бұл жаққа, тіпті торуылдағанымда көрініп 
қалыпты.
Әкесі барған беттен айтқаны, тіпті отырың дегенде жоқ:
– Қыз жоқ. Күдерлеріңді үзіңдер. Жетім, анау, мынау деп отырған жоқпын. 
Бірақ менің басқа жоспарларым бар. Сондықтан босқа әуейленбей келген 
іздеріңмен қайтыңдар. Ораз ағаға қарап: «Саған сельпоның машинасын құдалыққа 
мінсін деп берген жоқпыз. Машинаны орнына жеткіз. Жарты сағаттан соң телефон 
соғып сұраймын, өзіңде машинада гаражда болмасаңдар соттатып жіберем, мені 
танып отырсың ғой. Облстық ОБХСС бастығы Адиловпын. Болды, қайқайың бар. 
Қара бұларды жұмыс уақытында мемлекеттің машинасымен селкілдеп. Бар. 
Кетіңдер жұмыстарыңа», – деді зірк- зірк етіп.
Орекең зытты, тіпті бізді ұмытып зытты.
Соңынан біз кете бердік салымыз суға кетіп салбырап. 
«Жанкелді» деген дауысқа жалт қарасам, Күмісайдың ағасы екен, өзі 
қатарлас 2-3 жігітпен тұрған «бері кел» деп шақырды. Бардым.
Ағасы жағамды бүріп ұстап: «Енді осы көшеден көрсем, сирағыңды 
сындырып қолыңа берем. Түсіндіңбе!?», – деп тісін шықырлата сөйлеп жатыр еді, 
қасындағы бір жұқалтаң шегір «қазір ақ әкесін танытайық, быт- шыт қылып» деп 
шәңкілдеп тұр.
Күмісайдың ағасы: «Жоқ, қазір кете берсін, енді кездестірсек аямаймыз», – 
деп жағамды жұлқып-жұлқып жіберді.


Мен не дейін, кете бердім. Иә. Төбелессем оңай алдырмаспын, бірақ ол кім, 
мен кім. Мен сұрауы жоқ жетіммін, ол ОБХСС бастығының баласы. Сол мысымды 
басып тұрғасын ернімді қаната тістеп кете бердім.
Сонымен өзегімді өртеген өкініш пен ызадан жарылардай болып үйге 
жеттім. «Бас құда» шалым: «Қайтейін, енді қайтейін. Әкеңді танушы едім, соның 
аруағы бар ғой деп келіп едім. Дым бітіре алмадым. Заман солай ғой, анандай 
адамдарға төрт құбыласы түгел біреу болмаса басқаның дәті шыдап құдалыққа 
бара қоймас. Бізде нағыз екенбіз, салдырлап жетіп барған. Еее шырағым-ай, «Аяз 
би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген, ОБХСС біздің не теңіміз», – деп 
қинала-қинала кетті.
Үйге келгесін жаман жастығымды құшақтап жата кеттім, үйді басыма 
көтеріп жылайын десем көзімнен тамшы жас шығар емес. Ызадан әкеме 
ашуландым, ерте өліп қалдың деп, шешеме ашындым, жалғыз қалдырдың деп. 
Құдайға ашындым, не жаздым саған деп. Түні бойы ұйықтай алмай таң алды 
қалғып кетіппін.
Түс көріп жатырмын, шешем келіпті. Басымды сыйпап: «Әй ,құлыным-ай, 
қиналдың-ау ботақаным, өзіңде бір дімкәстау боп қалып едің. Шыбын жаным 
шырылдап қасыңда жүрмін жалғызым. Қайтсем саған көмектесе алам. Қарағым-ай, 
қиналдың-ау. Жарығым-ау менің», – деп отырғанында оянып кеттім. Көрші сүт 
беретін қарақалпақ әже екен. Бас салып құшақтап еңкілдеп жылай бердім. Ол да 
қой демеді. Жылап отырып бәрін айттым, қызды ала алмайтынымды айттым. 
Осылай сорлы болып жүргенімді айтып жыладым. Әбден солқылдап жылап 
болғанша басымды сыипап отыра берді. Әбден солығымды басқан соң, әже маған 
қарап: «Тұр. Беті-қолыңды жу. Сүт әкелдім, ыстықтай іш. Аштан бұратылып өліп 
қаларсың сорлы. Қыз дейсің бе, қыз табылар, бірақ сен мына бағытта сол қыз 
табылам дегенше өліп қаласың ғой. Бір басыңа өзің сияқты бір жетімек табылмас 
дейсің бе? Тұр еңсеңді көтер. Сені аялап, мәпелеп, сен үшін отқа да, суға да түскен 
шешең сені осылай бір шүйкебас қыз үшін өлсін демеген шығар. Тұр балам. 
Жинақтал», – деп алдыма сүт әкеліп қойды.
Кішкене кесе сүтті де таусалмай, жартылап қоя қойдым. Жүрмейді, өтпейді 
тамағымнан деп бетіне қарап едім. Әжем: «Ейй бишара бала-ай, әбден діңкең 
құрыған екен. Есіңді алған екен ғашықтық. Бүйте берсең ұзаққа бармайсың ғой», – 
деп күбірлеп отырды да – «Бұлай болмайды, жинақтал. Көрерсің басыңа салғанды. 
Сабыр ет, сені қолдаушы бір құдірет бар шығар. Жастай кеткен әке-шешеңнен 
айырғанда соңын жақсылап берер. Сабыр қыл», – деді де шығып кетті. Менің 
көптен жинау, жөндеу, әктеу көрмеген тоқал тамым көзіме өте қорқынышты 
көрінді. Атып сыртқа шығып едім, 1959 жылдың май айының күні шақырайып тұр 
екен. Мен басым айналып тәлтіректей артқа шегіндім де үйдің қабырғасын 
сыйпалап құлай бердім...
Көзімді ашсам ауруханада жатырмын. Кең, жарық палата. Жан жағымда әр 
койкіде бір адам жатыр. Менің қозғалғанымды байқаған есік жақтағы біреуі 
өзбекшелеп «мына бала оянды» деп айқайлады.


Дәрігер келіп: «Әй, бала. Өзіңді өзің күтпесең өлесің, сенің асқынған 
бронхитың бар. Саған күшті тамақ жеу керек. Ештеңеге алаңдама, жұмысыңа хабар 
айттық. Үйің алдында құлап қалғансың, содан осында жеткізді. Құдай сақтап 
завгар ағаң іздеп барған екен, сол әкелді мында. Сені бірдеңе ішіп уланған деп еді, 
олай емес екен. Сен аштықтан әлсіреп құлағансың, бір стресс болған. Бәрі қосылып 
сені жыққан. Енді күтінбесең өлесің», – деп, медсестраны шақырып, укол 
салдыртты, төрт-бес түрлі таблеткі дәрі әкеліп қойды.
Қанша айтқанмен жаспын ғой, ертесіне-ақ жүріп тұратын жағдайға жеттім. 
Таңертеңгі дәрігер тексерісінен соң сыртқа аулаға шығып отыр едім. О, құдірет. Өз 
көзіме өзім сенбедім. Күмісай келе жатыр және туралап әлсіз жымиып маған келе 
жатыр. Мен не болғанын түсінгенше қасыма келіп: «Сәлем бердік. Қалайсыз, 
жақсымысыз? Диюды да құлататын күш бар екен ғой», – деп сыңғырлап күлді.
Міне мен осы жерде жиналдым, өзіме-өзім келдім де: «Күмісай, иә кез 
келген тіршілік иесін тірілтетін де, өлтіретін де – махаббат. Көтеретін де, 
құлататын да –махаббат екен. Мені құлатқан саған деген махаббат. Сенсең де, 
сенбесең де маған сенсіз өмір жоқ», – деп басып қалдым.
Көктемнің әдемі күнінде жапырақтар арасынан ойнақтай түскен күн сәулесі
оның жүзінің бір қызарып, бір бозарып жан дүниесі мен дидары бірдей мың түрлі 
құбылғанын байқап отырмын. Не болса да айтып өлейін деген соңғы әрекетім еді.
– Не дедің, қайталашы... Осы сөзіңді маған берер уәдең мен антың деп 
айталасың ба? –деп тосын сұрақ қойды.
– Иә. Айта аламын, мен сені қатты жақсы көріп қалдым. Маған сенсіз өмір 
жоқ, – деп қолын ұстап едім, ол:
– Ей, жынды, адамдар қарап тұр ғой, ұят болады, – деп қолын тартып алды 
да – мынаны тыңда, менің әкем қанша коммунист болып партияда болса да, іштей 
бір құдірет барына сенеді. Сондықтан көз жасынан, нақақ төгілген қаннан, 
қарғыстан қорқады. Кеше кешкісін үйге бір қарақалпақ кемпір барды. Сіздердің 
көршілеріңіз екен. Сол айтты «сен мені ойлап ас су ішпей әлсіреп доқтырға түсті» 
деп. Содан әкеме қарап: «Жетімдерді жебеуші бір құдірет бар. Егер мына бала 
құсадан өлер болса, оның обалы сенің отбасыңа болады. Ол өлген күні мен сенің 
дарбазаңның алдына келіп екі емшегімді сауып қарғап кетем. Қарақалпақ 
қатынның қарғысы қатты тиеді, ұмытпа соны», – деп шығып кетті. Содан әкем 
қатты ашуланды, маған ұрысты «қайдан ғана сол біреуге тап болдың» деп. Бүгінде 
жұмсаған сол, әне ана жерде жеңешем тұр: «Әкемнің айтқанын саған түсіндір, 
босқа арам тер болмасын, менен бас тартсын», – деді. Егер менің бақытымды 
қаласаң менен бас тартуың керек екен. Маған ұрысып тұрып соны айтып жатқанда 
мен сені ойлап отырдым. Дәу алабайдан қорықпайтын диюдай адам мені ойлап 
әлсіреп құлап жатқаны бір түрлі көрінді. Иә, көріп отырмын, бір екі күнде азып 
кетіпсің. Сен мені алатын болсаң, шынымен мені жақсы көрем десең алып қаш, 
өтірік болса да молда тап, соған неке қидырдық деп айтамыз. Әкем содан аттай 
алмайды, келіп алып та кете алмайды, кемпірдің қарғысынан қорқады. 


Соған уәделестік те тарадық, сондай ерекше жағдайда тұрсақ та бір- 
біріміздің қолымыздан ұстауды да ұят санадық, ұялдық. Екі күннен соң екеуміз 
қаштық, қашқанда қайда барайық, менің жұмысымдағы гараждың темір терсек 
қоймасына тығылдық. Келген бойда әнеукүнгі шалға неке қию рәсімін жасаттық. 
Бір-біріңе не айтасыңдар дегенде тек «Құдай айырғанша бірге боламыз» дедік. 
Себебі, алтын-күміс дүние сұрап отбасы құрмайықшы, ондай заттарға құралған 
одақтың соңы неғайбыл дескенбіз.
Қуғыншылар үйден іздеген, таппаған. Қарақалпақ кемпірге беттемеген. 
Ағасы милицияға берейік дегенін әкесі тоқтатқан, болмағанда ОБХСС-тің қызын 
көрден қазса да табар еді. Ертесі күні бейтарап біреулер арқылы некеміздің 
қиылғанын жеткіздірдік. Үйімізге келіп жігіттер ақша жинап алып берген қойды 
сойып той жасаған болдық. Жүгері нан, тары талқан, шақпақ қант. Кепкен өрік, 
мейіз. Бар мәзіріміз сол болды. 
Беташарға көрші кемпір Николай патшаның теңгесін берді. Ішем дегендер 
көкшіл сия сияқты спирт ішіп тілек айтты. Сонымен тамам тойымыз. Қазіргідей 
қызылды жасыл ештеңе жоқ. Біз өз үйімізде бақытты ғұмыр кеше бастадық.
1959-60 жылдары ақшаның құны жоқ болды. Қопырап жүрсе де ол ақшаға 
дұрыс бірдеңе сатып алу, табу қиын еді.
Күмісайдың әкесі есігімнен бір аттамастан кетті. Жеңгесімен қалада 
жасырынып ұшырасып сөйлескені болмаса, Күмісай анасын да көрмейтін. 
Екеуміздің бар асымыз – тары көже, сүті бар екі-үш қайтара салынып демделетін 
шәй, кепкен өрік еді. Басқа тамақ жоқ. Біз сонда да бақытты едік. Бізге сол бақытты 
қимай, көреалмағандар да болды.
Күмісайдың елден ерек сұлулығы жұрттың көзіне шыққан сүйелдей көрінді. 
Біз жерге ас таппай жүрсек те бір-бірімізге шәй десіп көрмеппіз, ол үнемі күле 
жауап беретін, оның күлкісін көргенде айналадағы ала күбең қарда еріп кететіндей 
еді. Бір күндері Күмісайдың көңілі бір түрлі болып жүрді, мен оны аяп үйіңді 
сағындың ба, мүмкін барып келерсің дегеніме: «Мен үйге барсам, тек сенімен 
барам. Қазір барсам аш отырғанымызды бетіме басады, сондықтан бармаймыз. 
Кейін байып, балалы-шағалы болғанда бір барармыз», – деп күлген. Жаңағы айтқан 
көреалмастардың Күмісай туралы айтпаған өсегі қалмады, тіпті бір күні бір қызық 
болды. Қазір қызық қой, ол кезде жан түршігерлік нәрсе еді. Күмісайдың 
сұлулығын, оның бай отбасынан бола тұра жетімге тигенін сан саққа жүгіртіп 
жүрген бір қатын мен жоқта үйге келіп, шәймен ішерсіңдер деп халуа әкеліп 
кеткен. Арамдығы жоқ Күмісай бар алғысын айтып шығарып салып халуаны 
менімен отырып жеп, шәй ішерміз деп қоя салған. Сол ортада көрші кемпір бұзау 
байласып жіберші деп шақырған. Қайтып келсе халуаның шетін тышқан кеміріп 
тастапты. Жеуге харам, лақтыруға көз қимай мені күтіп отырса әлгі тышқан шиқ-
шиқ етіп басын шығарып өліп қалған.
Міне, інім, сондай да көре алмаушылықтар болған.
Сол жаңағы айтқан Күмісайдың көңілі бір түрлі болып жүрген күннің бірінде 
мен ауылға трактормен жүк апаруға кеттім. Сол жақта бір қазақ үйден жүгері 


талқан алып қайттым. Келгеннен Күмісайдың қолына ұстатып ем ол қуанғаннан 
секіріп мойныма асылды да: «Қайдан білдің, Жәкем-ау, кім айтты», – деп ақ тер, 
көк тер болып қанты жоқ дәмі жоқ талқанды құрғақтай жей берді. Мен аң-таңмын. 
Ол қақала шашалып жеп жатыр. Әбден аузы толғанда «Ууууффф» деп күліп 
жібергенде, аузынан талқан бұрқырады. Содан сүтпен жұтып тұрып: «Менің 
жүгері талқанға жерік екенімді қайдан білдің. Көрші әже айтты, жерігім қанса ұл 
табады екенмін», – деп күледі келіп. 
Осы жерге келгенде Жанкелді ақсақалдың даусы тарғылданып, ерні 
кемсеңдеп кетті.
– Содан Күмісайым екіқабат, менің көңілім күпті. Әке дегеннің не екенін 
білмей өскен мен әке болам ба деп жүрмін. Не қуанарымды, не қорқарымды білмей 
жүрмін. Басты уайымым – қалай асыраймын деген қорқыныш. Ақшаңа тамақ 
таптырмайтын заман еді ғой.
1960 жылдың орта тұсында дүниеге тұңғыш ұлым келді. Аяқ астынан 
босанды, кіндігін сол баяғы қарақалпақ көрші әжем кескен. Мен гараждан естіп 
үйге жүгіріп келсем, үйде қазан қайнап жатыр. Күмісай төргі бөлмеде оранып 
баламен жатыр. Көршілер жүгіріп сүйіншілеп жатыр. Біреу қалжа деп ет әкелген, 
біреу тауығын сойған. Сонымен мәре-сәре болдық-ау шіркін-ай.
Тұңғышымның атын артынан ұрпақ ілессін деп көрші әже Ілесбай қойды. 
Аузы дуалы әулие кемпір екен одан соңда үш ұл мен екі қызды дүниеге әкеліп 
бағып-қақты ғой менің Күмісім.
Күмісай босанғасын екі күннен соң түсте үйге келсем есік алдында 
милицияның сары мотоциклі тұр екен. Жүрегім су етті, тағы не болды екен деп 
жалма-жан үйге кірсем, Күмісайдың ағасы милиция формасымен тұр екен. 
Қарындасын сағынып, босанғанын естіп әйелін алып келгендегісі екен. Толтырып 
киім-кешек, азық-түлік ала келген. Маған қарап қалған Күмісай: 
– Аға, рахмет керек емес, бәрі бар жеткілікті ғой. Жәкем жұмыстан тауып 
тұр. Керек емес ештеңе, – деді. Жеңгесі тосылып қолындағы дүнияларды не істерін 
білмей тұрып қалып еді.
Ағасы: «Әй, сендерге бірдеңе әкелді деп кім айтты, екеуің қаңғып кетсең де 
мейлі маған. Ана жаман жиенге әкеліп тұрмын. Жаңа туған шақалақтың 
несібесінен бас тартатын сен екеуің кімсің өзі. Оттамай аласыңдар. Жанкелді 
жігітсің ғой, сенің қарындасың болып ол жас босанып жатса не істер едің», – деп 
маған сұстана қарады.
Мен не дерімді білмей: «Қайдам? Бірге қуанып, бірге мәз болатын 
шығармын», – деп едім, ол – Енді сонда мені кім көресің, сандалмай жиенімнің 
несібесін алып қаласыңдар. Осы жаман жетісіп тілі шыққанша көмектесіп келіп-
кетіп тұрам. Мен келмесем де мына жеңгелерің келіп тұрады. Үш-төрт бала туған 
қатын ғой, бала бағудың жөнін айтып үйретер», – деді.
Күмісай егіліп барып ағасын құшақтап жылады. Оған жеңгесі қосылды.
Сол тұңғышымыз келген күннен бастап біздің жағдайымыз да жөнделе бастады.


 «Біздер қарапайым күй кештік, бірақ бір-бірімізді қатты сыйлап жақсы 
көрдік. Кешегі 2020-ға дейін Өзбекстандағы үшінші ұлдың қолында болдық. 
Күмісай сол жылы еш ауырмастан көз жұмып кете берді. Бүкіл өмірін маған 
арнады, мені өкпе ауруынан емдеп кетті. Неше жыл бойы сүтке қарсақтың майын 
қосып беріп жүріп емдеп кетті. Күмісай болмағанда мен бұлай 84-ке келмес едім. 
Әттең дүние ай», –деп ақсақал бір күрсінді.
Бұл кезде біз шекараға келіп, шалдың ортаншы баласынан туған немерелері 
әрі қарай Өзбекстанға алып кетуге келіп тұрған жерге жетіп едік.
Көліктен түсіп немерелерімен амандасып болып, қол жүктерін соларға 
тапсырып болған соң, ақсақал маған қарап: «Құда, білесің бе мені бір қара зіл 
басып тұрушы еді, сенімен әңгімелесіп жеп-жеңіл болдым. Сен жазам деп отырсың 
ғой, жаз. Балалар түсінсін. Үй болу үшін, сол үйде бақыт болу үшін ас та төк тамақ 
емес, қымбат жиһаз емес, асыл киім емес, ерлі- зайыптылардың бір-біріне деген 
сыйластығы керек. Боқ дүние адамға бақыт бермейді. Қиындықсыз келген мал 
жолдас болмайды. Адам асыл киіп тәтті жеген сайын өзін жоғалта береді, себебі 
адамның ішкі дүниесін сыртынан жабылған қабат-қабат асыл нәрсе тұмшалай 
береді. Екі дүниенің абыройын берсін саған», – деп көрші елге өтуге аяңдай басып 
кете берді. Денесі тіп-тік, кеудесі көтеріңкі. Себебі ол боямасыз шынайы 
махаббаты, асыл жарының қасында мәңгі болу үшін бара жатыр...


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет