С. Мәжитов Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Пікір жазған К. Л. Есмағамбетов



жүктеу 6.48 Mb.
Pdf просмотр
бет2/14
Дата22.12.2016
өлшемі6.48 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
§ 2. ВЕрСАЛь — ВАШИНГтОН ЖҮйЕСі
Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңген мемлекеттер 
1919 жылдың 18 қаңтарында Парижде бітім  конферен-
циясын бастады. Франция астанасына соғысқа қатысушы 
мемлекеттердің өкілдері келді. Бітімшартын жасауға 
Германия мен жеңілген мемлекеттер, сондай-ақ Кеңестік 
Ресей қатыстырылмады.
Конференцияның негізгі мақсаты Германиямен бітім-
шартын дайындау болды. Конференцияға Францияның, 
Ұлыбританияның басшылары және АҚШ президенті 
жетекшілік етті.
Француз делегациясы өзінің негізгі қарсыласы — Гер-
манияны барынша әлсіретуді талап етті. Франция Саар 
көмір алабын және Рейннің сол жағалауындағы неміс 
жерін қосып алғысы келді.

18
Ұлыбританияның алдына қойған мақсаты орындалды. 
Германия оның теңіздегі және дүниежүзілік саудадағы 
бақталасы болудан қалды. Алайда Германия отарларын 
және Таяу Шығыстағы түріктер иемденген мұнай байлы-
ғын бөлісуде Ұлыбритания мен Францияның арасында 
келіспеушілік байқалды. Ағылшын премьер-министрі 
Ллойд Джордж Германияны сақтап қалуды ұсынды. Ол 
Еуропада Франция күшейетін болса, оған қарсы Германия-
ны пайдалануды ойлады. 
Ұлттар Лигасын құру. Мандаттық жүйе. АҚШ пре-
зиденті В. Вильсонның халықаралық бейбітшілік ұйымын 
құру идеясы, онда АҚШ-тың басты рөл атқаруы ең қызу 
мәселелердің бірі болды. Ұлттар Лигасына халықтар 
арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бейбітшілік 
пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелді. 
Халықаралық мәселелерді талқылау үшін жыл сайын 
Ұлттар  Лигасының  Ассамблеясы шақырылатын болды 
және ассамблеямен бірге дәл сондай өкілеттігі бар Кеңес 
құрылды. Кеңестің тұрақты мүшелері қатарында 5 мем-
лекет — АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия және 
Жапония болды. Ұлттар Лигасы Жарғысында басқыншы 
мемлекеттерге ұжымдық шара қолдану әрекеті белгіленді.
Вильсонның талабымен Ұлттар Лигасы Жарғысына 
мандат ұғымы енгізілді. Ұлттар Лигасы атынан 1919 жыл-
ғы мамырда Ұлыбритания мен Франция герман отарлары 
мен Осман империясына қараған бірқатар елдерге қам-
қоршы ретінде мандат алды және Того мен Камерун жерін 
өзара бөлісті. Мариан, Каролин және Маршалл аралдарына, 
сондай-ақ Шаньдун түбегіне Жапония мандат алды.
Эльзас пен Лотарингия Францияға қайтарылды. Саар 
облысын басқару ісі 15 жылға Ұлттар Лигасына берілді. 
Кезінде Германия иеленіп алған Польша жері (Познань, 
Пруссия мен Померания аудандары) Польшаның өзіне 
қайтарылды. Бельгия, Дания, Литва елдері Германия 
қарамағындағы өз жерін қайтарып алып, аумақтарын 
кеңейтті.
Версаль бітімшарты Германиядан дүниежүзілік со-
ғысты ушықтырушы ел ретінде төлем өтеуін талап етті 
және оған әскери шектеулер қойды. Антанта елдерінің 
соғыс шығындарын өтеу үшін Германия репарациялық  
төлем (лат. reparatio — орнына келтіру) төлейтін болды.

19
Германияға әскери флот, авиация, жаяу әскер ұстауға 
тыйым салынды. Армияның қызметі тек мемлекеттің ішкі 
тәртібін сақтауға ғана бағытталды.
Германия  делегациясы  1919 жылы  28  маусымда  Вер-
саль  шартына  қол  қойды. Бұл шарт неміс халқына үлкен 
ауыртпалық әкелді. 
Германияның одақтастарымен жасалған бітімшарттар 
Версаль шарты үлгісінде құрастырылды. 1919—1920 
жыл дары Австриямен, Венгриямен, Болгариямен және 
Түркиямен келісімшарттарға қол қойылды. Германияның 
одақтастарына әскери шектеу белгіленді. Олар да төлем 
төлеуге міндетті болды. Версаль жүйесі арқылы Франция 
Еуропадағы басым жағдайын, Ұлыбритания Таяу Шығыс- 
та және теңіздегі үстемдігін қамтамасыз етті. 
АҚШ делегациясы Париж конференциясында көздеген 
мақсаттарына толық жете алмады. АҚШ сенаты Версаль 
бітімшартын бекітуден бас тартты. Шаньдун түбегінің 
Жапонияға берілгеніне қарсылық білдіріп, Қытай да қол 
қоюға келіспеді.
Париж бітім конференциясынан кейін отарлы дер-
жавалардың Қиыр Шығыс пен Тынық мұхит алабындағы 
қайшылықтарын реттеу қажеттілігі туды.
1921—1922 жылдардағы Вашингтон конференциясы. 
Бірінші  дүниежүзілік  соғыс  жылдарында  Жапония  
Тынық мұхиттағы және Қиыр Шығыстағы үстемдігін 
нығайтып алды. Ол Қытаймен бірқатар келісімдер жасасу 
арқылы экономикалық жеңілдіктер алып,  Қиыр  Шығыс-
тан АҚШ пен Ұлыбританияны ығыстыруға талаптанды. 
Париждегі бітім конференциясында Жапония Шань-
дун түбегіне өзінің құқығын бекітіп, Тынық мұхиттағы 
Германияның бірқатар отарларын иеленіп алды. Осыған 
байланысты АҚШ-тың басқарушы топтары Қиыр Шығыс-
қа қатысты Париж шартының шешімдерін қайта қарап, 
теңіз қарулы күштері туралы мәселе талқылау қажет деп 
шешті.
Аталған мәселелерді қараған конференция Вашинг-
тонда 1921—1922 жылдары өтті. Оған АҚШ-пен бірге 
Ұлыбритания, Жапония, Франция, Италия, Бельгия, 
Португалия, Голландия, Қытай мемлекеттері қатысты. 
Кеңестік Ресей Тынық мұхиттағы ірі держава болғанымен, 

20
бұл жолы да конференцияға шақырылмады. Конферен-
ция отырыстары үш негізгі келісімшартқа қол қоюымен 
аяқталды:
1.  Төрт держава келісімі (Ұлыбритания, АҚШ, 
Франция, Италия) Тынық мұхит аумағындағы аралдар 
иеліктеріне қол сұқпауға халықаралық кепілдіктер берді.
2.  Бес держава келісімі (Ұлыбритания, АҚШ, Фран-
ция, Жа пония, Италия) салмағы 35 мың т-дан артық 
әскери кемелер шығаруға тыйым салды, бұл АҚШ дипло-
матиясының үлкен жеңісі болды. АҚШ-тың теңіз күштері 
аса ірі кемелер иесі — Ұлыбританиямен теңестірілді.
3. Тоғыз  держава  келісімі бойынша Вашингтон конфе-
ренциясына қатысушы мемлекеттер Қытай аумағына қол 
сұқпауға, барлық елдер үшін Қытай аумағының есігі ашық 
болғандықтан, оның тәуелсіздігі мен егемендігін сыйлауға 
келісті. Шаньдун түбегі Қытайға қайтарылды.
Әділетсіз Версаль — Вашингтон жүйесі 1929—
1933 жылдардағы дүниежүзілік экономикалық дағ-
дарыстың қы сымына шыдай алмай, ыдырай бастады. 
Еуропа аймағында монополистік топтардың қолдауымен 
өкімет басына келген фашистік күштер дүниежүзін қайта 
бөлісуге бел байлады. Олардың қатарынан Германия, Ита-
лия және Жапония мемлекеттері бой көрсетті.
Сұрақтар  мен  тапсырмалар
1.  Париж бітім конференциясында жеңген мемлекеттер қандай мақ сат 
көздеді?
2. Версаль — Вашингтон жүйесі құрастырған келісімшарттарға қол 
қойылғаннан кейін дүниежүзілік саяси картада қандай өзгерістер 
болды?
3.  Мандат жүйесін құрудың мәні неде? Ұлттар Лигасы не үшін құрылды?
§ 3.  ҰЛЫБрИтАНИя
Бірінші дүниежүзілік соғыс қорытындысының 
Ұлыбританияға әсері. Ұлыбритания алдыңғы қатарлы 
державалардың бірі ретінде Бірінші дүниежүзілік со-
ғыстағы жеңісінің нәтижесінде өзінің көптеген саяси 
мақсаттарын жүзеге асыруға қол жеткізді. Германия 
Англиямен бақталас болудан қалды. Африкадағы не-
міс отарларының және Түркиядан тартып ал ған аумағы 

21
есебінен Британия отарлық империясы кеңейді. Версаль 
келісімі бойынша Германия төлеуге міндеттенген төлемнің 
көп бөлігі Англияға берілді. Алайда Ұлыбританияның 
қаржылық-экономикалық жағдайы соғыстың салдары-
нан біршама әлсіреген болатын. Ол ұлттық байлығының 
үштен бір бөлігін жоғалтты. Өндіріс салалары 20%-ға 
қысқарды. Дегенмен 1914—1918 жылдары соғысқа қа-
жетті тауарлар өндіру, автокөлік, ұшақтар жасау, хи-
мия өндірісін дамыту жолға қойылып, металл қорыту 
қарқыны айтарлықтай артты. Ал көмір өндіру, кемелер 
жасау, керісінше қысқартылды. Өндірісті ұлғайтудағы 
арасалмақтық қайшылықтар Англия экономикасына көп 
кедергі жасап, оның өнімдері қымбат болғандықтан, саты-
лым деңгейі төмендеді. Экспортқа қарағанда, импорты екі 
есе өскендіктен Ұлыбритания шетелдерден қарыз алуға 
мәжбүр болды. Егер соғысқа дейін АҚШ Ұлыбританияға 
қарыздар болса, соғыстан кейін бұл державалар бір-
бірімен орын алмастырды. 1919 жылы Ұлыбритания 
АҚШ-қа 850 млн фунт стерлинг (4 млрд долл) берешек 
болды. Дүниежүзілік қаржы орталығы Лондондағы Сити 
қалашығынан Нью-Йорктің Уолл-стрит қалашығына 
қоныс аударды. АҚШ Ұлыбританияны сыртқы саудадан 
қысқан сайын екеуінің арасындағы бәсеке күрес күшейе 
түсті. Ұлыбританияға қарсылас болып Еуропада — Фран-
ция, Азияда Жапония саяси аренаға шықты.
Ағылшын үкіметінің ішкі және сыртқы саясаты. Соғыс 
біткен кезде билік басында Дэвид Ллойд Джордждың ли-
бералдар, консерваторлар және лейбористерден құралған 
коалициялық үкіметі тұрған еді. Коалицияның мақсаты 
соғыс жылдарында азаматтық бейбітшілікті сақтап тұру 
болды. Соғыс аяқталған соң бұл коалиция тарап кетті.
Ұлыбританияда көтерілістер, қақтығыстар болған 
жоқ. Бұл мемлекеттегі өзгерістер эволюциялық жолмен, 
біртіндеп, өркениетті түрде өтіп жатты. Дегенмен ел 
өмірінде жаңа сатылы бағыттар туғызатын оқиғалар да 
орын алды.
1918 жылы сайлау туралы жаңа заң қабылданып, дауыс 
берушілер саны 8 млн-нан 21 млн-ға дейін өсті. 21 жасқа 
толған ер адамдар мен 30 жасқа толған әйелдер сайлауға 
қатысуға және сайлануға құқылы болды. Соғыс тан аман 

22
қайтқандарға жұмысқа орналасқанға дейін ақшалай кө-
мек беру мәселесі шешілді. Әскери өндіріс орындарының 
қысқартылуына байланысты жұмыссыз қалғандарға да 
қаржы бөлініп, мемлекеттің әлеуметтік деңгейі әжептәуір 
өсті. Ллойд Джордж үкіметі, сонымен қатар халық ағарту, 
тұрғын үй салу ісіне басты көңіл бөле бастады.
Сыртқы саясатта Ұлыбританияның беделін көтеруге 
ты рысқан Ллойд Джордж үкіметі Париж бейбіт конфе-
ренциясында батыл ұстанымдарды жақтады. 1917 жылы 
империялық  конференцияда оның отарлары: Канада, 
Аустралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка Одағы 
автономиялы мемлекеттер мәртебесін иеленді. 1923 жы-
лы олар басқа елдермен дербес келісімдер жасауға қол 
жеткізді.
1918—1924 жылдарда қалыптасқан екіпартиялық 
жүйе күрделі өзгерістерге ұшырады. Либералдық пар-
тия екі топқа бөлінді де, сайлаушылар саны бірден ке-
міді. Ал лейбористер партиясының ықпалы күшейе 
түсті. Олар миллиондаған мүшелері бар тредюниондарға 
(жұмысшылардың жалпы кәсіподақ ұйымына) арқа 
сүйеді. Лейбористер партиясы парламенттегі басым күшке 
айналды.
1924 жылы қаңтар айында палатада көпшілік дауыс 
ала алмағандықтан, консерваторлар кабинеті биліктен 
кеткенін хабарлады. 23 қаңтарда лейбористердің жетекші-
сі  Рамсей  Макдональд Ұлыбритания тарихында алғаш 
рет лейбористер үкіметін құрды. Бұл үкімет жұмыссыздар 
мен зейнеткерлердің жағдайын жақсартуда біршама 
жұмыс тар атқарды. Алайда лейбористер сайлау алдында 
халыққа берген — жұмыссыздықты жою, капиталға салық 
салу арқылы мемлекет қарызынан құтылу, шахталар мен 
электрстансыларды мемлекет меншігіне алу және т.б. 
уәделерін орындай алмады. Сондықтан мерзімінен бұрын 
болған сайлауда консерваторлар жеңіске жетті. 1924 жы- 
лы қазанда консерватор С. Болдуин қайтадан үкімет ба-
сына келді.
Ұлыбританияда басқарушы топтар парламенттік, 
өркениеттік бағытта әрекет етсе, отарларда ұлт-азаттық 
қозғалысты қарулы күшпен аяусыз басып-жаншуға ты-
рысты. 1919 жылдың ақпан айында Үндістанның Амрит-

23
сар қаласында ағылшын әскерлері бейбіт митингіге 
қатысқандарға оқ жаудырды. Дегенмен Мохандас Ка-
рамчанд Ганди бастаған ұлт-азаттық күрестің өршуіне 
орай,  Ұлыбритания 1919 жылы Үндістанда реформа-
ларды бастауға кірісті. 1919—1922 жылдары Египеттегі 
көтерілістер қатал жазаланғанымен, Ұлыбритания оның 
тәуел сіздігін мойындауға мәжбүр болды. Сондай-ақ оның 
Ауғанстан мен Иранның ішкі және сыртқы саясатына ара-
ласудан бас тартуына тура келді. Түркия халқы 1922 жылы 
грек әскерлерін талқандап, дербес мемлекет құрды. Кемал 
паша басқарған Түркия үкіметін Англия ресми түрде мо-
йындады.
Ағылшындардың ежелгі отары — Ирландияның ға- 
сырларға созылған күресі нәтижеге қол жеткізді. Ирлан- 
дық тар өздерінің тәуелсіздігі мен бостандығын жеңіп 
алды. 1919 жылы Дублин қаласында ұлттық парламент 
құрылып, Ирландияны республика деп жариялады. 
Үш жыл өткен соң, 1921 жылы желтоқсанда Англия 
26 графтықтан тұратын Ирландия тәуелсіз мемлекетін  
мойындады. Бірақ индустриясы дамыған 6 Солтүстік-
Шығыс графтық (Ольстер) Ұлыбританияның құрамында 
қалып қойды. Ирландияның сыртқы саясатын бақылауды, 
онда әскери-теңіз базасын және әскер ұстау құқығын Ан-
глия өзіне заңды түрде бекітіп алды.
Соғыстан кейінгі Ұлыбритания экономикасы. 1920 жыл-
дары британ экономикасы баяу түрде болса да қайтадан 
нығая бастады. Автокөлік, электротехника, химия секіл- 
ді алдыңғы қатарлы өндірістер қарқынды дамыды. Бірақ 
сауда, құрылыс, көмір өндірісі өркендеген жоқ.  Британ- 
дық капитал сыртқы экспансияны қалады. Шахта иелері-
нің алдында екі жол тұрды: бірі — жаңа техникаға капи-
тал құю арқылы көмір өндіруді жаңғырту, сөйтіп сыртқы 
саудада көмірдегі бәсекелестерін басып озу, екіншісі — 
шахтерлердің еңбекақысын төмендету. “Арзан жол” 
ретінде екінші жол таңдалды. Бірақ бұл жағдай 1926 жы-
лы елдегі жұмысшы табының жаппай ереуілін туғызды.
Консерваторлар үкіметі 1927 жылы жаппай ереуілге 
жол бермейтін заң шығарды. Осыдан кейін көп ұзамай 
1929 жылғы кезекті парламенттік сайлауда лейбористер 
партиясы жеңіске жетті. Сөйтіп, екінші лейбористер 
үкіметі құрылды.

24
1929 жылы басталған дүниежүзілік экономикалық 
дағдарыс Ұлыбританияға тек 1932 жылдың көктемінде 
жетті. АҚШ, Германия және Франциямен салыстырғанда 
Ұлыбританияда өнеркәсіптік өндіріс аз қысқарды, өйткені 
оның экономикасы қалыптасу жылдарында гүлдене алған 
жоқ-ты. Дағдарыс бәрінен бұрын өнеркәсіптің көмір 
өндіру, болат құю, кеме құрылысы салаларында көрініс 
берді. 
Үкімет басына екінші рет келген Р. Макдональд 
1931 жылы тамызда “ұлттық” коалициялық үкімет құрды. 
Оның құрамына 5 лейборист министрмен бірге, консерва-
торлар мен либералдар  кірді. Олар ереуілшіл қозғалыстар-
ға қарсы саясат жүргізді. Бұл кезеңде жұмыссыздығы 
үшін берілетін жәрдемақы да көп қысқарып кеткен бола-
тын. Үкіметтің бұл әрекеті жұмысшылар қозғалысының 
өрлеуіне әкеліп соқты.
Үкіметті қайта жасақтау барысында 1937 жылы ка-
бинет басына Германияны жақтаушы Невилл Чемберлен 
келді. Англияның сыртқы саясатында консерваторлар 
партиясының бір топ қайраткерлерінің  ықпалы арта түсті. 
Олар немістің қаржы және өнеркәсіптік алпауыттары-
мен тығыз байланыста болды және Германиямен қарым-
қатынасты дамытуды қолдады.
Чемберлен үкіметі Гитлердің 1938 жылы наурыз 
айында Австрияны қосып алуына ешқандай қарсылық 
көрсетпеді. Консерваторлардың мюнхендік саясаты Екін-
ші дүниежүзілік соғыстың алғышарттарын күшейте түсті.
Сұрақтар  мен  тапсырмалар
1. Ұлыбритания  үшін  Бірінші  дүниежүзілік  соғыстың  қорытынды сы 
қандай болды?
2.  Ллойд Джордж үкіметінің сыртқы саясатына талдау жасаңдар.   
3. Лейбористер партиясының күшеюі неден көрінді? Олардың үкімет 
басындағы тәжірибесін сипаттаңдар. 
4. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың салдарын ашып көр­
сетіңдер.
5.  Англиядағы қандай партияның өкіметі немістердің сыртқы саясатын  
қолдады?

25
§ 4. ФрАНцИя
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Франция. Фран-
ция дүниежүзілік соғысты жеңіспен аяқтады. Германияны 
жеңгеннен соң, мемлекеттегі жағдай шовинистік сипатта 
болды. Франция Ұлыбританиямен бірге Батыс Еуропадағы 
жетекші елге айналып, 5 млн тұрғыны бар Эльзас пен 
Лотарингияны қайтарып алды. Франция отарларының 
қатарына бұрынғы неміс және түрік иеліктері: Африкада-
ғы Того мен Камерунның бір бөлігі, Таяу Шығыстағы Си-
рия мен Ливан қосылды. 1919 жылғы қараша айындағы 
сайлауда ұлтшылдық пиғылдар белең алып, оңшыл пар-
тиялар негізінде Ұлттық блок құрылды. Оған радикал 
республикашылдар және Францияның көппартиялық 
саяси жүйесіне тән басқа да топтар қосылды. Социалистік 
партия сыртта қалды. Ұлттық блок сайлау барысында көп 
дауысқа ие болды. Бұл Францияның оңшыл күштерінің ең 
жоғары жетістігі еді.
1920 жылы президент болып Александр  Мильеран 
сайланды. Тәжірибелі саясатшы Мильеран мемлекеттегі 
революциялық, жұмысшы қозғалыстарын басуға тырыс-
ты. Ол әлеуметтік реформа жүргізуге, жұмысшыларды 
өндірістегі өнімді бөлуге қатыстыруға уәде берді. Бірақ 
бұл уәделер орындалмай қалды. 
Жұмысшы қозғалысының басында социалистік партия 
тұрды. 1920 жылдың желтоқсанында Рур қаласында өткен 
социалистердің ұлттық съезінде делегаттардың жарты-
сынан астамы Коммунистік Интернационалды жақтап, 
Франция коммунистік партиясын құрды. Съездің екінші 
тобы социалистік партияда қалды. 
р. пуанкаренің саясатына халықтың наразылығы. 
1924 жылы мамырда парламент сайлауы өтті. Солшыл  
блок депутаттар палатасына маусым айында радикал-
дардың жетекшісі Эдуард Эррио басшылық етіп, солшыл 
блоктың үкіметі құрылды. Шаруа отбасынан шыққан, 
демократиялық көзқарастағы Э. Эррио 1922 жылы Ресейді 
аралап, “Жаңа Ресей” деген кітап жазды. Сөйтіп, КСРО-ны 
мойындаушылар жағында болып, кеңес-француз қарым-
қатынасын қолдады.
Солшыл блок үкіметі 1926 жылға дейін билік басында 
болды. Олар реформалаудың ілгерілеушілік бағдарлама-

26
сын жариялағанымен, оңшыл күштердің қарсылығына 
байланысты және ақша жетімсіздігінің салдарынан оны 
іске асыра алмады. Солшыл блок сенімнен айырыла бас-
тады. 1926 жылғы сайлауда олар жеңіліс тапты, өкімет 
билігіне қайтадан “Ұлттық бірігу” атты жаңа блокқа енген 
оңшыл күштер келді. Үкіметті жаңа блоктың басшысы, 
Францияның бұрынғы президенті Р. Пуанкаре басқарды 
(1926—1928 жж.).
Франциядағы экономикалық дағдарыстың ерекше­
ліктері. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін француз 
экономикасы бірқалыпты дамыды. Жеңіске жеткен дер-
жава ретінде Франция өзінің отар иеліктерін көбейтті. 
Эльзастың, Лотарингия және Саар облыстарының бай 
көмір мен темір кендері есебінен шикізат базасын кеңейтті. 
Германиядан төлемақының ауқымды  бөлігін  алып  отыр-
ды. 1928—1931 жылдары Франция банктерінің алтын  
қоры екі есе өсті.
Солай бола тұрса да, Франция өндірістік дағдарыстан 
құтыла алған жоқ. Өнеркәсіптік өндірістің жартысына 
жуығы қысқартылды, әсіресе тоқыма өнеркәсібі, қымбат 
бұйымдар өндірісі, шарап өндіру зиян шекті.
Француз үкіметі мемлекеттік бюджетті сақтап қалуға 
тырысты. Осы мақсатта салық саясаты қатаң қолға алы-
нып, экономика үнемділігі енгізілді.
Саяси режім азаматтардың сенімінен шықты. Фран-
цияның жоғары лауазым иелері арасында мемлекет ар-
қылы экономиканы реттеу идеясы қалыптасты. Мұндай 
нұсқауды жақтаушылар өздерін “дирижешілдер” (франц. 
diriger — басқару, жетекшілік ету) деп атады.
Францияның саяси өмірінде “күшті үкімет” құру, 
демократиялық еркіндікті шектеу мақсатымен консти-
туцияны қайта қарау туралы ұсыныстар айтыла бастады. 
Мысалы, бұрынғы премьер-министр А. Гардье ескі консер-
ватизм рухында парламент құқығын шектеуді, президент 
пен премьер-министр өкілеттігін кеңейтуді, мемлекеттік 
қызметкерлерге митингіге қатысуға, кәсіподаққа мүше 
болуға шектеу қоюды ұсынды.
Француз фашизмінің ерекшеліктері. 1899 жылы жазу-
шы-журналист Ш. Моррас негізін салған “Француз әрекет 
Лигасы” ашық диктатура орнатуды ұсынды. 1924 жылы 

27
құрылған “Патриот жастар” лигасы күшті атқарушы 
үкімет құруды талап етті.
1927 жылы кәсіпкерлердің, газет иелерінің және  оң-
шыл парламент мүшелерінің қолдауына сүйенген  қызмет-
те жоқ полковник Казимир де ля Рок “Әскери крест” 
лигасын ұйымдастырды. 1934 жылы оның мүшелерінің 
саны 150 мыңға дейін жетті. Лиганың жекеменшік қарулы 
жасағы, жүйелік байланыстары болды.
Италия және неміс елшіліктері қаржыландырған бұл 
экстремистік және ұлттық лигалар өздерін Муссолини 
мен Гитлердің ісін тікелей жалғастырушылар санап, 
“коммунизмді құртуға”,  “сатқын  демократияны”,  “шірі-
ген парламентаризмді” жоюға шақырған фашистік  ұран-
дар көтерді. 
Буржуазиялық  революцияға  кештеу  келген  Ита-
лия  мен Германияға қарағанда, Франция мықты рес-
публикалық-демократиялық дәстүрі бар мемлекет бола-
тын. Сондықтан да Франциядағы фашистік ұйымдар 
бытыраңқы болды, олардың біртұтас бағдарламасы бол-
мады. 1934 жылы 6 ақпанда фашистер парламентті басып 
алуға әрекет жасады. Бұл әрекет полицияның күшімен 
ғана тоқтатылды.
Халықтық майданның қалыптасуы. 1934 жылы 12 ақ-
панда фашизмге қарсы наразылық ереуілдері басталды. 
Оған 1,5 млн адам қатысты. Бұл ереуілдер “Фашизм жо-
йылсын!” деген ұранмен өтті.
Алғаш рет ереуілдерге коммунистер, социалистер, 
кәсіподақ мүшелері, партияда жоқтар бірігіп қатысты. 
Антифашистік қозғалысқа радикалдар партиясы, де-
мократиялық ұйымдар, көптеген мәдениет қайраткерлері 
қосылды.
Коммунистер ақпан оқиғасынан кейін радикалдар мен 
социалистерге, ұсақ буржуазияға, орта буынға өздерінің 
теріс көзқарасын өзгертті. Олар социал-демократтарды 
“социал-фашизм” деп атаған сталиндік анықтамадан бас 
тартты. Социалистік партия да тактикалық ұрандарын 
ауыстыруға мәжбүр болды. Олар енді коммунистік пар-
тиямен бірлесіп, фашизмге қарсы күресуге шықты.
1934 жылы 27 шілдеде ФКП (Франция коммунистік  
партиясы) мен социалистік партия қимыл-бірлігі — 
Халықтық  майдан  құру  туралы пактіге қол қойды.  

28
Екі партия фашистік ұйымдарға тосқауыл құруға, демо-
кратиялық еркіндікті қорғауға, фашистік лаңкестік-
ке және соғыс қаупіне қарсы шығуға, еңбекшілердің 
материалдық мүддесін қорғауға міндеттемелер алды.
1936 жылдың қаңтарында Халықтық майданның сай-
лау алдындағы бағдарламасы жарияланды. Бағдарлама 
экстремистік топтарды қарусыздандыруды  және  тарату-
ды, ұжымдық қауіпсіздік жүйелерін құруды,  мемлекет-
тік, әскери өнеркәсіпті мемлекет меншігіне алуды, фран-
цуз банктерінің іс-әрекетіне бақылау қоюды, 40 сағ-тық 
жұмыс аптасын енгізуді, демократиялық салық реформа-
сын өткізу және жұмысшыларға берілетін  жәрдемақыны 
ұлғайтуды, ақы төленетін демалыс күндерін енгізуді, 
кәсіпкерлерге мемлекеттік көмек көрсету шараларын  
және басқа әлеуметтік жағдайларды қарастырды.
1936 жылдың көктеміндегі парламент сайлауын-
да Халықтық майдан партиялары ірі жеңіске жетті. 
Республикалық дәстүрге сәйкес, ең ірі парламенттік 
фракция жетекшісі, социалист Леон Блюмге үкіметті 
құру міндеті жүктелді. Оның құрамына социалистер мен 
радикалдар кірді. Өкімет Халықтық майдан бағдарлама-
сын орындаған жағдайда коммунистер оны қолдайтынын 
мәлімдеді.
Халықтық майдан билігі кезінде кәсіпкерлер мен 
кәсіподақ өкілдері еңбекақыны орта есеппен 7—15%-
ға көбейтіп, төменгі еңбекақыны 2-3 есе арттыру ту-
ралы келісімге қол қойды. Кәсіпкерлер кәсіподақтың 
құқығын сыйлауға, ереуілге қатысушыларға қарсы шара 
қолданбауға міндеттелді.
1936 жылдың жазында парламент Халықтық майдан 
талаптарын өмірге енгізуге бағытталған жүзден астам заң 
қабылдады. Солардың арасында әскериленген фашистік 
ұйымдарды тарату туралы заң бар еді. Үкімет халықтың 
төлем қабілеттілігін арттыратын ұтымды заңдар ұсынды. 
Аса маңыздылары — әлеуметтік бағыттағы ұжымдық 
келісім туралы заңдар, 40 сағ-тық жұмыс аптасы тура-
лы, екі апталық төлемді демалыс туралы заңдар бол-
ды. Сонымен қатар Халықтық майдан бағдарламасы 
майдангерлердің зейнетақысын, қызметкерлердің ең-
бекақысын көтерді. Сондай-ақ жұмыссыздық үшін бері-

29
летін жәрдемақыға салынатын салықты жойды, қоғамдық 
жұмыстар ұйымдастырды.
Орташалар мен шаруалардың жағдайын жақсарту үшін 
үкімет қарызды төлеу мерзімін ұзартты. Жеңілдікпен 
қарыз берді және шағын кәсіпкерлердің салығын азайтты, 
француз банкі мемлекеттік бақылауға көшті. Қаржылық 
олигархияға қарсы бағытталған заң аса ірі иеліктерге 
салықты өсірді, салық төлеуден құтылу үшін капиталды 
шетелге асырғандарға ықпалшара (санкция) енгізді. Әске-
ри авиазауыттарды мемлекет меншігіне алу экономикада-
ғы мемлекеттік сектордың негізін қалады. Францияның 
теміржолдары толығымен мемлекеттік бақылауға көшті.
Әлеуметтік саладағы жеңістерден үрейленген ірі бур-
жуазия қабылданған заңдарға қолынан келгенше қарсы-
лық көрсетті. 1937 жылы Л. Блюм кабинеті Халықтық 
майдан бағдарламаларын одан әрі жүзеге асыруды уа-
қытша тоқтататындығын жариялауға мәжбүр болды.
Испанияда бұрқ ете қалған фашистік бүліктің әсерімен 
басталған азаматтық соғыс салдарынан Францияда да жан-
жал тұтанды. Әуелгіде Испан Республикасына қару сату 
арқылы қолдау көрсетпек болып уәде берген Блюм үкіметі  
іле-шала  Англиямен  бірге  испан  ісіне  араласпау жөнінде 
келісімге қол қойды да, уәдесінен айнып шықты.
Испаниядағы азамат соғысына араласпайтындығын 
хабарлаған Халықтық майдан үкіметінің сыртқы сая-
саттағы бағыты түрлі айтыстар тудырды. 1937 жылы мау-
сым айында Блюм кабинеті өз еркімен жұмысын тоқтатты. 
Премьер-министр Чемберленмен, Гитлермен және Мус-
солинимен Мюнхендегі келісімге қол қойған радикал 
Даладье кабинетінің саясаты да қатал сынға  алын ды. 
Радикалдар партиясының Халықтық майданнан шығуы 
Халықтық майданның тарағандығын білдірді.
Халықтық майданның жеңісін баянды ету жүзеге 
аспағанымен, оның тарихи маңызы ерекше болды: бұл 
қозғалыс Францияда фашизмнің таралу қаупіне тос-
қауыл бола тұра, бейбіт жолмен маңызды әлеуметтік-
экономикалық өзгерістер енгізуді іске асырды. Халықтық 
майдан жылдарында басталған мемлекеттік реттеушілік 
тәжірибесі Францияда үрдіске айналды. Реформа саясаты 
елдің экономикалық күйреуден шығуына көмектесті. Iшкі 

30
мәселелер бір арнаға тоғысқанымен, халықаралық жағдай 
шиеленісе түсті. Еуропада жаңа дүниежүзілік соғыс қаупі 
туды.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1.  Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін мемлекеттің ішкі өмірінің қан дай 
саяси ерекшеліктері болды? 
2.  1919—1920 жылдардағы мемлекеттегі әлеуметтік шиеленістің се бебі 
неде?
3.  Француз көппартиялық жүйесінің ерекшелігін атаңдар. 
4.  Экономикалық тоқырау Францияның әлеуметтік­экономикалық және 
саяси өміріне қалай әсер етті? 
5. Француз фашизмінің герман немесе италиялық фашизмнен айыр­
машылығы қандай? Не себептен мемлекеттік төңкеріс жасау әре кеті 
сәтсіз аяқталды? 
6. Халықтық майдан деген не? Оның әлеуметтік және саяси құрамын 
анықтап, тарихи тәжірибесін түсіндіріңдер. 

Каталог: media -> upload
upload -> Болат Боранбай Қазақ тіл білімінің Қалыптасуы мен дамуы
upload -> Әож 930 (574) Қолжазба құқығында
upload -> Қазақ хандығының құрылуы және Керей мен Жәнібек cұлтандар Хандықтың құрылуы
upload -> ТӨленова зирабүбі Маймаққызы, Қр бғМ ҒК
upload -> Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ сайлаушыларынан аманат (1917 ж.) Серікбаев Е. Қ. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, т.ғ. к.,доцент
upload -> АҚТӨбе облысының тыл еңбекшілері ұлы отан соғысы жылдарында
upload -> Ұлы отан соғысы жылдарындағы мұнайлы өҢір а. Ж. ƏБденов
upload -> Ж. Е. Жаппасов XVI-XVIII ғҒ. ҚАзақ-орыс
upload -> Жоба бакалавриаттың тарихшы емес мамандықтары үшін
upload -> Серіктестігі


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет