Бақылау — зерттеу не тексеру әдісі. Бақылау арнайы жоспар бойынша жүргізіледі. Жоспарда Бақылаудың мақсаты мен міндеттері, объектісі (сабақ, саяхат, лабораториядағы, шеберханадағы, оқу-тәжірибе учаскесіндегі оқушылардың жұмыстары), жүргізу әдісі мен жолдары дұрыс көрсетілуі тиіс. Ғылыми негізде шығармашылықпен жасалған жоспар зерттеу жұмысының нәтижелі болуына игі әсер етеді. Ғылыми Бақылау зерттелетін педагогикалық құбылысты дұрыс әрі дәл жазып алуды талап етеді. Сондықтан Бақылаудың нәтижесі зерттеушінің педагогикалық іскерлігіне, қабілетіне және сауаттылығына байланысты. Зерттелетін тақырыптың мақсаты мен мазмұнына қарап, Бақылауды жаппай және ішінара жүргізуге болады.
Бақылау жұмысының түрлері
Бақылаудың бірнеше түрлері бар: тақырыптық Бақылау, тараулар бойынша жүргізілетін Бақылау, қорытынды Бақылау Тақырыптық Бақылау оқу бағдарламасындағы белгілі тақырыптар бойынша өткізіледі. Сабақтың тақырыбы және әрбір кезеңдері негізінде оқушылардың білімді, іскерлікті, дағдыны игеруі тексеріледі. Тараулар бойынша жүргізілетін Бақылау әрбір тоқсанның аяғында оқу бағдарламасының белгілі тарауын оқып болғаннан кейін өткізіледі. Бұл Бақылаудың мақсаты — оқу бағдарламасы негізіндегі Бақылау жұмыстары мен түрлі техника құралдар (оқыту машинасы, компьютер, электронды-есептеуші машина, т.б.) арқылы әрбір тоқсанның аяғында оқушы білімінің көлемі мен сапасын, іскерлігін, дағдысын анықтау. Қорытынды Бақылау жыл аяғында өткізіледі. Мұнда тақырыптық және тараулар бойынша жүргізілетін Бақылау нәтижелері есепке алынады. Оқушылардың жыл бойына алған теориялық және практикалық білім деңгейі анықталады. Қорытынды Бақылаудың негізі емтихан және оқушылардың жылдық үлгерім бағалары болып есептеледі. Бақылау әдісінің ішінде бағдарламалап Бақылау әдістерінің өзіндік ерекшелігі бар. Машинасыз бағдарламалап Бақылау әдістері бойынша перфокарталар және Бақылау карталары қолданылып, оқушылардың теориялық және практикалық білімдері анықталады.