Сабақтың барысы: І Ұйымдастыру кезеңі: 1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Жаңа тақырыпты түсіндіру: Ертегілер.«Ер Төстік» ертегісі Ертегілер ауыз әдебиетінің ең көне жанрына жатады. Бұларда көбінесе өмірде сирек кездесетін немесе мүлде кездеспейтін, ойдан шығарылған оқиғалар баяндалады. Ол ауызша айтылып, ел есінде ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып біздің дәуірімізге жеткен. Әр кезеңде ертегі айтушылар өз жандарынан ертегі мазмұнына жаңа оқиғалар қосқан. Сөйтіп ол үнемі жаңарып, толықтырылып, жетілдіріліп отырған.
Халық ерте кезде-ақ әрқашан зұлымдықты әділеттік жеңеді, адам табиғаттың асау сырларын біліп, қолдана алатын болады деп сенген. Жақсы өмірді аңсаған қашықтарға тез жетуді, ғажап күшті болуды, көкке ұшуды, жер асатына түсіп, асыл қазынасын алып, пайдалануды армандаған. Соның бәрі ертегілерге арқау болған. Сондықтан да ертегілерде халық қиялы, арманы, даналығы ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі бар. Ертегілердің үш түрі бар. Олар:
1. Хайуанаттар туралы ертегілер
2. Қиял-ғажайып ертегілер
3. Шыншыл ертегілер
Хайуанаттар туралы ертегідегі негізгі кейіпкерлер аң, құс, үй жануарлары болады. Алайда олар адамға тән қасиеттер иесі болып суреттеледі де, сол арқылы сұм, қиянатшыл, дөрекі, қу мінез құлықтар әшкереленеді, еңбексүйгіштікті, батылдықты, адалдықты сүйсіне әңгімелейді.
Ал қиял-ғажайып ертегілерде ер жүрек, батыр адамдардың басынан кешкен сан алуан ерлік оқиғалар баяндалады. Олар жеті басты дәумен, жалмауызбен, небір құбыжықтармен күрес үстінде бар асыл қасиеттерімен көрінеді. Олар көкке ұшады, жер астына түседі, теңіздерден өтеді, азабы мол ғажайып оқиғаларды ақыл, айла-тәсілін асырып, жеңіп отырады. Осы жолда оларға Желаяқ, Таусоғар, Саққұлақ, Самұрық құс, Қарлығаш сияқты ізгі ниетті жандар болысады, ақылды ат, алып құстар жәрдемдеседі.