Сал серілер Ақан сері Біржан сал Сегіз сері Жаяу Мұса Балуан Шолақ Біржан сал қазақ халқының әншілік өнерін толыстырып, байытып, соны белеске көтере алған әйгілі композитор. Әрбір үлкен дарын иесі сияқты, ол қазақ ән өнеріне өзіндік өрнек салып, өзіндік дара ән мектебін орнықтырып кетті. Өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік ахуалы, салт-дәстүрі, адамгершілік-ізгілік қасиеттері, әсіресе, адам сезімінің алуан толқыныстары оның әндері арқылы сұлу сазбен, асқақ рухпен бедерленіп отырады. «Ақтентек», «Біржан сал», «Айбозым», «Алтын балдақ», «Айтпай», «Көкек», «Жоныпалды» сияқты әндері қазақ ән өнеріне шырай беретін, шоқтығы биік асыл туындылар.Біржан салдың сан-сала өнерпаздық қырының бірі – оның айтыскерлігі. Біржанның айтыс ақыны ретіндегі тегеурінді дарыны ақын Сарамен айтысында жарқырай көрінеді. «Біржан-Сара» айтысы қазақ сөз өнеріндегі қанатты шабыттың, эстетикалық биік өренің жарқын үлгісі болып табылады. Біржан сал Біржан сал ел аралап, жолаушылап келе жатып шөлдеген соң, бір кедейдің қараша үйіне ат басын бұрыпты. Үй сыртына жақындап келіп, «Кім бар-ау?» деп дыбыс берген екен, іштен жұпынылау киінген бойжеткен қыз шығады. Біржан сал шөлдегенін айтса, «Үйге кіріңіздер» деп ықылас білдіріпті.Жасауы жұтаңдау қараша үйдің төріне шығып, Біржан сал тізе бүгеді. Қыз босағада тұрған күбі піспегін бірер толғап қана, кетік тостағанға ашыған көже құйып ұсынады. Біржан сал тостағанды қолына алып қараса быжылдап тұрған қатықсыз қара көже екен, мұны менсінбей, ерінін де тигізбестен аяқты қайта ұсыныпты. Қыз болса тостағанды алудың орнына:«Жақсының жейтін асы жая мен жал,Шығады нақ қырсықтан осындай сал.Дәмнен үлкен дүниеде ешнәрсе жоқ,Көжеге кекіреймей ерніңді мал», − депті. Сонда, өз қылығынан ұялып қалған Біржан сал:«Жетеді тоқсан жасқа ердің ері,Атандық ақындықпен «Біржан сері».Қарындас айтқан сөзің өтіп кеттті,Көжеңді баса құйып әкел бері!»,−деп, толтыра құйғызған тостағандағы көжені дем алмастан басына бір-ақ көтерген екен. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Хаулау» және махаббат, сүйіспеншілік үлгісінде жазылған «Сұрша қыз» сынды әндері бар. Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңімен қатар мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ коғамының әлеуметтік істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес косқан. Жаяу Мұсаның көптеген қолжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған.Ол өз шығармалары арқылы заман шындығын, қоғамдық-әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті шыншылдықпен жырлай білді. Өз дәуіріндегі әлеуметтік теңсіздік пен адамдар арасындағы әділетсіз қарым-қатынасты суреттеуде Жаяу Мұсаның есімі ерекше жарқырап көрінеді.Өмірдің көп тауқыметін бастан өткеріп, еліне оралған Жаяу Мұса әлеуметтік-саяси теңсіздікке арналған әндер шығаруды одан әрі жалғастырады. Ақмола уезіне карасты Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен көңіл жарастырып, ұрпақ құрып, саясатшылықпен айналысады. Жаяу Мұса казақтың ән өнерін мазмұн, түр жағынан байытып, шығармашылық жаңалықтар енгізіп, әуен сазын жаңа биіктерге көтерген аса дарынды композитор. Ол өз шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман-аңсарын әнмен бедерлей білді. Оның әлеуметтік көзқарастары, азаматтық ұстанымдары сол кездің демократтық-ағартушылық озық идеяларымен астасып жатты. Жаяу Мұса әндерін күні бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайды. Оның алуан нақышты асқақ әндері Қазақстан композиторларының көптеген шығармасына арқау болған. Жаяу Мұса Байжанұлының «Ақ сисасын» білмейтін исі қазақ жоқ шығар. Бұл — қазақ музыкасының алтын сандығындағы сүбелі олжаның бірі. Жалпы, «Ақ сиса» — өз уақытындағы қоғамдық бүлік пен күрестің гимніне айналған атышулы ән. Оның шығу тарихы туралы түрлі пікірлер айтылады.Ауылының қасынан өтіп бара жатқанда, Шорманның жуандары мінген атын тартып алып, өзін соққыға жығады. Бірақ ақын жуандардың мұндай зорлығынан жасқанып, жасымайды. Шорман тұқымының зорлық-зомбылығына деген ыза-кектің әсерінен композитордың «Ақ сиса» әні дүниеге келеді деген деректер бар. Әркім әртүрлі айтады. Дегенмен бұл классикалық шығарманың теңсіздік, зорлықшылық үстем тап өкілдеріне деген ызадан өрілген әлеуметтік маңызы зор. Тек Шорман жуандарын ғана әшкерелеп қоймай, қазақ даласындағы феодалдық тұрмыс жағдайды сынайтын әуезді туынды. Алайда қазіргі күні «көк жәшіктен» күрескер ақынның ыза-кегінен туындаған әнді заман ағымымен өңдеп селтеңдетіп қойғанын да жасырмау керек. Былтыр ақын-сазгердің Павлодарда 175 жылдығы тойланған уақытта да бұл жайт кеңінен сөз болған. Ақын, Жаяу Мұсаның өмірін кеңінен зерттеп жүрген Ғалым Жайлыбайдың айтуынша, «Ақ сиса» — жеңілдікті көтермейтін шығарма. Әннің бойында қазақтың қамын жеген қайраткердің басындағы трагедия ғана емес, бүкіл қазақ халқының «әлімжеттік» кезеңдегі жағдайы сипатталған. Бұл өмір бойы тауқымет тартқан ақын-сазгердің елі үшін жанайқайы іспетті. Бір ән арқылы да Жаяу Мұсаның қандай болғанын біліп-тануға болады. Сегіз сері – лирик композитор. Оның әдебиет пен өнер жанрларының бар саласын қамтыған сегіз қырлы, бір сырлы табиғи тума дарын екенін шығармалары дәлелдеп тұр. Қай-қайсысы болсын, қазақ өнерінің нақ төрінен орын алатын туындылар. 2002 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұстаздары мен профессорларының ұжымдық ізденістерінің арқасында «Сегіз сері» атты екі томдық таңдамалы шығармаларының жарық көруі, рухани өміріміздегі үлкен жаңалық болды. «Патша өкіметіне қарсы шыққан Сегіздің өмірі мен шығармашылығына қиянат жасалды ма екен?» деген сауалдың тууы да заңдылық. Нақты деректің бүгінге дейін жетпеуі де мәселеге айналып отыр. Бірақ халық аузынан жеткен Сегіздің жыр-дастандары, оның өмірде болғанының дәлелі іспетті.