Сара саңлақ/ Құраст. Ш. Бейсенова-Әшімбаева



жүктеу 1.06 Mb.
Pdf просмотр
бет8/23
Дата15.03.2017
өлшемі1.06 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23

170

Шынымен бір тіл қатпай қалмақ па анық,

Біржанға шүйліксе еді самғап барып.

Арылып қажы алдында алмай ма екен,

Запыран жүректегі зарды ақтарып.

Бір сөзбен түйреп түгел, өртеп кейде

Кететін қайран Сара шер төкпей ме?

Жарқылдап шығып тағы топ алдына

Белдеспей беріспеуге серт етпей ме?

Неге отыр домбырасын бұрын қақпай?

Шықпай ма қалың елі, қырын мақтай.

Кетті ме мына Салдың мысы басып,

Қала ма шынымен-ақ бір үн қатпай?

Болмаса ақтармай ма ащы мұңын,

Жүрекке түскен дерттің асқынуын.

Жеңем деп желпініп-ақ тұр-ау Біржан,

Атақты Жетісудың жас сұлуын.

Сал Біржан аңырата дүрілдейді,

Қарамай,

Халық болып ұрын мейлі.

Арқаның ақиығы

Аңсап келген

Қалайша, қаршығасын бір ілмейді?

Апыр-ай, Сара солай сасар ма айқын,

Кез бе осы тартыншақтап, нашарлайтын?


Сара саңлақ

171

Әлде оның ақындығы дақпырт па еді

Ауыл үй арасынан аса алмайтын?

Жұрт солай тұрды аңырып, тынып іштен,

Біржанды тоқтата алар кімі күшпен?

Қарайды Сара жаққа ауық-ауық

Сан көздер кекесінмен, кіжініспен.

Осы елде бардай-ақ бір өші өлердей,

Біржан да саңқылдайды есе бермей.

Демінен үй жығардай күпінеді,

Бір сөзі бір сөзінен кесек өрлей.

Сара да тұра алмады төзіп енді,

Біржанның тоқтамасын көзі көрді.

Баптаулы домбырасын қағып-қағып,

Көп күткен жұрт алдына өзі келді.

Қос жүйрік қырда қалай сайысқанын,

Көп сырды көп алдына жайысқанын.

Әлі де аңыз етіп айтады жұрт,

Сараның сан иіліп, майысқанын.

Өлеңнің көз алдында күрт өскенін

Көргенде

Жинай алмай жұрт естерін,

Аңыз ғып кете берген сан ұрпаққа

Қос жүйрік қырда қалай сілтескенін.



Сара саңлақ

172

* * *

Басталды айтыс солай...

Тынып халық,

Өзді-өзін таныстырып, іліп-қағып,

Шайнасты көріспейтін қас жаулардай,

Достардай бірде жарқын күліп те алып.

Бір тұста тұтқиылдан ағып барып,

Аямай ащы тілмен шағып та алып.

Алыспай беріспейтін түрі барын

Ел-жұртқа екеуі де танытты анық.

Аямай жеке бастан терісті мін,

Ащы айтып бір-бірінің кемістігін.

Елінің «жақсыларын» тізісті-ау бір,

Тəңірісі солардай-ақ жер үстінің.

Бір тұста қуаныш пен зар алмасып,

Даңғаза құр мақтанға сараң басып,

Аңдамай екеуі де бір-бірінің

Іштегі жан-жарасын алар қасып.

Біресе шатыр-шұтыр, астаң-кестең,

Шарпысып нажағайдай аспанда өшкен.

Тарихын мақтап ала жөнеледі

Өзді-өзі аймағының бастан кешкен.

Біресе тасқындай-ақ күркіреп кеп,

Болады қан майдандай дүркіретпек.



Сара саңлақ

173

Белдескен палуандардай əдіс аңдып,

Бір-бірін осал жерден сілкіп өтпек.

Бір тұста асып-тасып, шаттанысып,

Лекіте төгеді сыр ақтарысып.

Өзді-өзі сүйсінгенін жасыра алмай,

Көп мұңмен кеудедегі жатты алысып.

Біресе екеуі де мұңсызданып,

Шенейді бірін-бірі тым сызданып.

Біресе іштегі оймен арпалысар,

Бір сəтке екеуі де үнсіз қалып.

Сараның бірінші монологы

Білетін ар қадірін, наз қадірін,

Жан едім баламаған азға құнын.

Дариға-ай, бəрі бақыт деп жүруші ем

Тəңірдің маңдайыма жазғанының.

Сұқсыр ем көлде ұшатын күн-түн демей,

Қарайтын қабағыма жұрт үндемей.

Елімнің қызығы ма деуші едім-ау

Ән десе бүлкілдейтін шіркін көмей.

Ал бүгін ауыр ойдан арыла алмай,

Отырмын құсалықтан жарылардай.

Жүрек те дір-дір етіп тыншымайды,

Тартатын тақсіреті тағы бардай.


Сара саңлақ

174

Бұл күні «құрысын да ұрғашының,

Билігі болмаған соң бір басының».

Найзадай қадалады жүрегіме

Естісем шалқып күлген құрдас үнін.

Өмірдің керегі не іңкəр мына,

Жарқырап шыға алмасаң жұрт алдына.

Қапастан босатпаған, қайран, тағдыр,

Шыңдарға шырқап ұшар сұңқарды да.

Дүние-ай, мына сұлу кең тірлікте

Ақын боп туа тұра серпілдік пе?

Қайтейін, қалауымша қанатымды

Келемін бір қаға алмай еркіндікте!

Өтем бе қанатымды бір қаға алмай,

Кетер ме армандай боп шыңдар арбай.

Сөз ұғар төңіректен жан таппай кеп,

Шарқ ұрам қарап тұрып жынданардай.

Шерімді кімдерге айтып, кімге шағам?

Мұндайда болмай көрші мүлде есалаң.

Айнала қалың елің ақын демей,

Қатын деп қарар болса күнде саған.

Бұзып бір өтсем-ау дей ой тұманын,

Кернейді көкірегімді жойқын ағын.

Бұлықсып бойжеткенің құрысын да

Мерт болып балаң арман, бейкүнə күн.


Сара саңлақ

175

Таптырмас жанға тоят бір күнгі оймен,

Дүние-ай, біздің заман сүргін ғой кең.

Даланың ақмаралы ем үркек ескен,

Еріксіз ноқталанып тұрмын ғой мен.

Еріксіз отырмын-ау ноқталанып,

Қамсыз да көрінген боп, жоққа нанып.

Жас жүрек аласұра тыпыршиды,

Түсердей өзі барып отқа да анық.

Отырған қартқа да ұнап, жасқа да ұнап,

Сал Біржан неге менен асқағырақ?

«Ақиық арғымақпын, асылмын!» – деп,

Тұр екен өнеріне мастанып-ақ.

Тұр екен өзіне-өзі сұқтанып-ақ,

Ақын ғой жолы даңғыл, жұтқаны бақ.

Шалқып жүр Орта жүзді еркін шарлап,

Бір өзі қанша қызға сырттан ұнап.

Өзі де жан екен-ау өте көсем,

Шынымен, шынымен-ақ кете ме есем?

Жо-жо-жоқ, бойдағы бар зарды ақтарып,

Қайтсем де не жеңемін, не теңесем.

Ақындық, алыстағы от-елес ең,

Дəрмен бол, тəуекел деп төтелесем.

Алыстан ат арытып келген Салға

Апырмау, қалай ғана кетеді есем.


Сара саңлақ

176

Тұрса да тілім қышып, сөйлегім кеп,

Бастағы тежей берем ой легін көп.

Айтсам ба, адымымды ашырмастан

Кіріптар жесір етіп қойды елім деп.

Несі сəн күле алмасаң жарып көңіл,

Сен де бір – қайыршы мен ғаріп те бір.

Тордағы торғайдай ғып шырылдатып,

Биікте бір самғатпай налытты өмір!

О, мейлі, тағдыр мені азаптасын,

Айтар да тарих əлі қазаққа сын.

Бар ма екен қызыңда арман басқа жұрттың

Еркекпен тең ұстаған азат басын.

Ары өтіп, бері өткенде Әріп ақын,

Соны айтып, ағынан бір жарылатын.

О дағы көп күрсініп, күңіреніп,

Тірліктен тірек таппай тарығатын.

Самғап та кетпеген соң көсіле бір,

Ақын ғып жаратты екен несіне өмір?

Шынымен мына Салдың жоқ па мұңы,

Болмаса қыр көрсеткен сесі ме құр?

Шалқиды, шамырқана шарықтайды,

Асаудай бойына қол дарытпайды.

Сұңқардай саңқ-саңқ етіп тоқтады-ау бір,

Жүрекке от, көкірегіме жағып қайғы...


Сара саңлақ

177

* * *

Жалғасты айтыс əрі...

Ел тынды іштен.

Түп-түгел топырласып,

Серпілді істен.

Бір-бірін бастырмалап кетті ақындар,

Сахара көрмеген бір еркін күшпен.

Айғайды кезек-кезек асырып ап,

Сырт көзден өз міндерін жасырып-ақ.

Толассыз, тоқтамастан сілтеседі,

Бірінен-бірі түсіп басымырақ.

Бір-бірін басып-жаншып кетер ме деп,

Жатты жұрт даурығыса көтермелеп.

Шалғайда шұрқырасқан жылқылардан

Басқадай құдірет жоқ етер бөгет.

Сапырып, сары қымызды құрақ ұшып,

Елпілдеп, ептілер жүр шын-ақ ұшып.

Сауымы өтіп кеткен құлындар да

Елеңдеп, желісінде тұр алысып.

Ақындар домбырасын ұрып қатты,

Бір-бірін тұтқиылдан іліп-қақты.

Алыста ат тұсаған ақсақал да,

Аңырып, ауыз ашып тұрып қапты.


Сара саңлақ

178

Талайдың маңдайынан бақ тайғанап,

Тура сын талайларға жақпай да қап,

Мелшиіп, меңірейген біреулер де

Аңқиып қала берген қақпай қабақ.

Айтыстан айнала бір тарап айбар,

Жер шұқып, жасып қалған бар ағайлар.

Дірілдеп Ешкіөлместің тауы да үнсіз,

Балбырап, балқып тұрды қарағайлар.

Меңіреу көкірек бар ұқпаған қай,

Сұңқылдап, бұлақ жылап-сықтағандай.

Бозторғай тас төбеде безілдейді

Біржан мен Сара сөзін кұптағандай.

Ақындық кұдіреттің көр еңсесін:

Ақ үйлер ұзартыпты көлеңкесін.

Сара да шүйлігеді жемтігіне,

Борандай бұрқыратып өлең сесін.

Сөз селі боран болып бұрқырады,

Белгісіз қайда барып бір тынары.

Шегелеп біреулерін тұрған жерде,

Жүрегін біреулердің жұлқылады.

Біреудің сай-сүйегі сырқырады,

Біреудің қанып-ақ тұр шын құмары.

Айыбын енді аңғарған баз-біреулер

Кірерге тесік таппай бұлқынады.


Сара саңлақ

179

Ұмыт боп ел біткеннің дерті мүлде

Ұйыған осынау бір елтіп үнге.

Бұлбұлдар көмекейін бүлкілдетіп,

Бақалар балпылдайды жер түбінде.

Тигендей мүлгіп тұрған баққа дауыл,

Кесек сөз бір-біріне атқан ауыр.

Әйтеуір үнсіз мүлгіп, тілсіз күлді

Ешкіөлмес етегінде жатқан ауыл.

Қияли тартты Сара қашыққа ұшып,

Жанардан манағы бір қашыпты шық.

Соңғы рет сөйлеп қалсам дегендей-ақ

Бір тұста Біржаннан да асып түсіп.

Біржанның бірінші монологы

Ерекше көзге түсер жұрт ішінде,

Бір мін жоқ жан екенсің түр-түсіңде.

Табиғат бөлек етіп жаратыпты-ау

Сымбатын, сыңғырлаған күлкісін де!

Бала екен бұлбұл қонған таңдайына,

Тағдырдың кез боларсың қандайына?!

Сорың боп жармасар ма жаман біреу,

Бақпысың бір жігіттің маңдайына?

Ортаңнан оқшау тұрған дара тұлғаң,

Құр емес қыз екенсің ар-ақылдан.

Жұлдыз ба деп те қалам жарқыраған

Бар қазақ аспаны үшін жаратылған.


Сара саңлақ

180

Өлеңді тал шыбықтай иіп кейде,

Қайтеді –

сорғалай ма, биіктей ме?!

Самғаған көктің қыран құсындай ма,

Немесе қырдан қашқан киіктей ме?

Дəл атып сұр жебедей сөзін бейне,

Қайтеді –

ашына ма, безілдей ме?!

«Қайғым бар зіл запыран көкірегімде,

Сөз ұқсаң – түсініп көр өзің», – дей ме?

Бір сөзін бір сөзінен əрі асыра,

Не дейді? –

тиме дей ме жарасына?..

Немесе жеткіз дей ме басындағы

бар мұңын жалпақ қазақ даласына?

Не дейді? –

Соның бəрін жеткіз дей ме,

Сөзіңді біреулерге өткіз дей ме?

Даусында діріл бар ма?

Еркелік пе?

Асылық, астамдықпен жоқты іздей ме?

Бал жүзі ұқсай ма əлде тұнған шайға,

Көсіліп кететін бір қырды аңсай ма,

Мұнысы тағы қандай жұмбағы еді,

Бойында мына қыздың тұр қанша айла?



Сара саңлақ

181

Болмаса көңіліне – у,

зарға етегі

толып та жүрген жан ба əлде тегі?!

Әйтеуір, еңірете, ес кетіре,

Тербеле, тебірене əндетеді.

Өзінен сұрап бəрін білсем бе екен,

Немесе балапандай ілсем бе екен?

Шайлығып, шалдығатын түрі жоқ қой,

Дегендей жыр нөсерін бір селдетем.

Қырғи боп тұтқиылдан төнсем бе екен?

Жеңісті осыған-ақ берсем бе екен?!

Қосағы қандай екен перизаттың,

Шақыртып жан жұбайын көрсем бе екен?

Өрленіп кетеді екен еңсең кейде,

Не дейді? –

Илеп-бүктеп жеңсем дей ме?

Біресе тау суындай тасып барып,

біресе егіле ме, кемсеңдей ме?

Жақының жан демеген еркіңді елеп,

Қыз ба едің өртің де көп, дертің де көп.

Жалғанда жай оғындай жарқылдауға

Жүр ме екен бата бұзбас сертің бөгеп?

Бала екен өзі де бір нұр сымбатты,

Байлаған кімдер екен қыршын бақты?!


Сара саңлақ

182

«Бəйге алмас байтал шауып» –

деп кемітіп,

Сараны көрмегендер былшылдапты...

Жаным-ай, бұл екпінің бармақ қанша?

Тұратын жан екенсің жар мақтанса!

Қайғыңды қақ бөлісіп кетсем бе екен,

Тəңірі-ай, сендей қызды зарлатқанша.

Құтқарар қанша дейсің менде де ерік,

Қарағым, қала көрме сен бөгеліп.

Сыртыңнан сүйсініп-ақ жүрсеші елің

Аққудай таранғанын көлде көріп.

Құлап деп қақ суына үркіп өтпес,

Бір əн деп əуенінен күлкі кетпес,

Аялап жүретін-ақ жан екенсің

Сыртыңнан болып елің шын тілектес.

Іркілмей, қуатыңмен бұрқырап бар,

Шырқап қал, топ алдында шырқырап қал.

Іштегі іркіп келген көп сырыңды

Аянбай осы жолы сілкіп ақтар!

Бойыңда не бар –

төгіп, сарқып ақтар,

Кез емес тізгін тежеп, жан тұрақтар.

Маңдайға сыя қоймас жан екенсің,

Бір рет, кұрығанда, жарқырап қал!


Сара саңлақ

183

Халқыңның шерімісің, зарымысың,

Аямай көкірегіңде барын ұсын!

Жаралған жұрттан ерек жан екенсің

Жарқырап жұлдыз болып жану үшін.

Жарқ та жұрқ жарқыра да айнадайын,

Қалғанын білмей де қап қайда уайым,

Осы тұс өз еңсеңмен көрінші бір,

Қаракөз қарындасым, айналайын!

Болсын да қайғы-мұңнан үміт үстем,

Жырыңмен шердің бəрін жібіт іштен.

Ақынның тірлігі де тірлік емес,

Ақымақ надандарға күні түскен.

Біз де сол болмаса деп кіріптарлық,

Енесін ел сөзінің ұрып барлық.

Бас қосқан болыс-бидің үстіне де

Қасқайып, қаймықпай сан кіріп бардық!

Жақсыға жақын тұтар санап анық,

Жастықта «мықтыларды» жағаладық.

«Қанеки, соныменен шыққан мүйіз?»

– Талады-ау талай «тəбет» қамап алып!

Жасықтан айырған ба алмасты олар,

Өзіңді, кезі келсе, жамбасқа алар.

Жармасты жағама да, домбырама

Жанбота,

Поштабайлар Һəм басқалар.



Сара саңлақ

184

Шыға алмай шын жақсыны қорғап ағаң,

Сырым көп саған əлі толғамаған.

Көл тұнды көкірегімде

Көз жасынан

жақсының жанарынан сорғалаған.

Ақындар жатты айтысып іркілместен,

Жолды айтып,

жорықты айтып жұртым кешкен.

Талайлар таңдайларын тақ еткізіп:

«Сөзім-ақ!

Уай, пəле!

Шіркін!» – дескен.

Жалғанға өлең өзі билік құрып,

Тұрды бір түгелдей сол күйді ұқтырып.

Арбасқан ақындарды бір-біріне

Қырандай қия шыңнан шүйліктіріп.

Ерке жыр еміндірте қуатты алып,

Жүректен бірде жалын, у ақтарып,

Дұғалап, арбағандай осы аймақты,

Жан-жақтан жетіп жатты шұбап халық.

Әртүрлі əн сиқыры бағаланды,

Ашылмай біреулердің қабағы əлгі.

Қой-қозы əлдеқашан жамырасқан,

Пісілмей сансыз бүгін саба қалды.


Сара саңлақ

185

Айтылмай абысында өсек қалды,

Жиналмай түнде салған төсек қалды.

Бір тынбай əн бораны бұрқырайды

Қарсы атып қақ маңдайға кесек қарды.

Ортада қымыз күңсіп ішілмеген,

Ет сылынып ошақтан түсірмеген.

Сиқырлап тастап бəрін, тербеледі

Өзінің қан қыздырар күшінде өлең.

Қарамай бас-көзіңе кетіп енді,

Сал Біржан самғай шырқап, екіленді.

Сапырды сары өзендей өлеңді бір,

Бөріден үріккен қойдай етіп елді.

Шықпаған шыңы қалмай самғап барып,

Көп сырын айтпай келген салды ақтарып.

Сал əуен сахараның самалымен

Таспадай тарап жатты тармақталып.

Асау жыр ағынды арна тапты ма анық?

Алқынта сан жүректі қақты барып.

Түп-түгел тұтқындалып, тынып іштен:

«Да...ри...ға...ай, қайтсін!.. – десіп,

жатты халық.

Қараса қам көңілі, көз жасына,

Жетті ме көзі шын-ақ озбасына,

Тұтқиыл бір бүйірден төніп те кеп,

Тиісті Сара қыздың өз басына.



Сара саңлақ

186

Жоқ!


Тіпті жеке бастан таппай да мін,

Есті-ау бір үскіріктей жат қайдағы үн.

Дүбірге еті қызған тұлпар тегі

Басқаның қамын ойлап, сақтай ма арын?!

Сол болып сүріндірер бір тапқаны,

Сал Біржан нөсерлете шырқап тағы,

«Алдыртшы сүйгеніңді, көрелік!» – деп,

Сараны соңғы сөзде бұлтартпады.

Апыр-ай, қатыгез ең өмір неткен!

Сараны алды-ау тағы кеңірдектен.

Онсыз да аз болып па жас басынан

Есесі өзгелерге небір кеткен.

Онсыз да қырдың заңы етіп үстем,

Жасынан шердің улы отын ішкен.

Көкірегі қақ айырылып, ақ ұратын

Көп тартқан күйініш пен өкініштен.

Аз ба еді əулетті мен ездегі кек,

Өршітті-ау Біржан тағы сөзбен іреп.

Өлеңмен қайтармақ боп барша мұңын,

Ойламай тұрған шақта өзгені көп.

Санап па саңлақ ару өзін кемге,

Өткізген шаршы топта сөзін де елге.

Ақылы асып тұрып,


Сара саңлақ

187

Қорланады-ау,

Тағы да дəрменсізін сезінгенде.

Не қылсын мына заман өткірлігін,

Өлеңін, өнерін де, от тірлігін.

Өрде озар көңіліңді зілмен басып,

«Өтерсің шерменде боп!» – деп тұр бүгін.

Салың да ұстар жерін білген екен,

Сараны сағағынан ілген екен.

Шынымен аз қызығын көп көрді ме,

Мына бір тірліктегі түрмеге тең?

Сараның екінші монологы

Дариға-ай, тура келген оқты мына

Дарытпай кетер айла жоқтығы ма?

Бар жайды баса-баса төксем бе екен,

Жүргенім жетті емес пе көп бұғына?!

Апыр-ау, несіне енді тартынамын,

Қарапты ашынғанда артына кім?

Ақтара айтсам ба екен, тақсам ба екен

Елімнің əділетсіз салтына мін?

Сан ғасыр сыннан өтіп дəріптеле,

Жан-жаққа жатқандай-ақ дарып келе.

Шыға алмай соның торлы шырмауынан,

Тіл қатпай қалып едім Әріпке де.


Сара саңлақ

188

Ол да бір ер-жігіттің төресі еді,

Лебінен сөйлеп берсе жел еседі.

Оның да өр кеудесін баспақ болып,

Келеді тыным бермей ел өсегі.

Біліммен жүріп тұрған өктемі елге,

Бақытқа соның қолы жетпегенде,

Бұлқынып, бұғау үзіп шықпадым деп,

Шырылдап, шарқ ұрам ба текке мен де?!

Қаншама алдыма иіп ардақты атын,

Жолдады жылап өлең, зарлап хатын.

Немесе біржолата елден безіп

Болмадым сол бір ғашық жанға-ақ қатын.

«Көп сыр бар көкіректе тарқамаған,

Тіл байғұс асығыста айта алмаған».

Дегені тағдырға айтқан наласы ма,

Біздерді екі жаққа арқандаған?

Жеңдіріп келемін көп арды заңға,

Армансыз шөлім менің қанды зарға.

Жаланған Сал алдында қорланбай-ақ,

«Сүйіктім» Жиенқұлды алғызам ба?

Алғызып көрсетем бе көрмесіне,

Қайтермін бұра тартса ол да есіре?

Кекетіп: «Ақын Сара барыпты, – дер, –

Дəл танып, тура тауып теңдесіне».


Сара саңлақ

189

Сара да теңдесіне барыпты дер,

Болмаса бəрін де өзі танып білер.

Демінен жел соқтырған Біржан салдың

Дер шағы туды білем анық күлер.

Алдырмай қайда барып құтылармын,

Біржола күйреп, күйіп, ұтылармын.

Тағдырдың тəлкегінен қайда қашам,

Сынармын, шағылармын, шытынармын.

Болмаса осыған да тоқтау етіп,

Тынсам ба сөз аяғын жоқтау етіп.

Жо, болмас,

Біржан Салдың ащы тілі

Ет түгіл, сүйектен де кетті-ау өтіп.

Несіне енді жасып, жасқанайын,

Менен бе бұйырмаса басқаға айым.

Салдың да жүрегіне дəлдеп атар

Оқтан да өткірірек тас табайын.

Тəңірден тілемей-ақ жəрдем де мен,

Асаудай ала қашып, алға өрлеген,

Кетсем бе бет қаратпай қарсыласып,

Қуатты кеудемдегі бар демменен.

Жоқ əлде барлық сөзін жалған ұғып,

Жарқылдап жүйткиін бе Салға күліп.

Жөнсіз бір түтейін бе жүндей өзін,

Болмаса күтейін бе алдан үміт?



Сара саңлақ

190

Шерімді жеткізем деп енді кімге,

Қобыздай күңіренемін мен бүгінде.

Тірлікте азап бар ма, түкке түрмай

Кеткеннен өнерің де, ерлігің де.

Қайтемін?

Көнемін бе, кектенем бе?

Не дермін қорлығы көп өткен елге?

Дүние-ай, мазағыңа душар еткен

Өзіңнен ақыл-есі көп төменге.

Қайран тіл қайрылдың-ау, күрмелмеген,

Жасыды-ау, көңіл де еркін шыңға өрлеген.

Бір күдік, бір үміттер елеңдетіп,

Қараймын арман алыс күндерге мен.

Кім білсін жылатар ма, жұбатар ма,

Алаңдап қарай берем мына таңға.

Қосауызды мылтықтай күңіренем,

Оғы болмай қаңсыған бір атарға.

Бір сөзі бір сөзінен өктемірек,

Сал Біржан өлең сөлін төккен үдеп.

Жаныма əдейі арнап тиді ме екен,

Қайғысы бір басына жетпеді деп.

Білмеймін, жүрмін қалай тұншықпастан,

Әйтеуір асып та тұр қырсық бастан.

Өтуді жазды ма екен маңдайыма

Арманның биігіне бір шықпастан.



Сара саңлақ

191

Ән десе көмекейі бүлкілдеген,

Бұлбұл ем,

Неге бүгін іркілді өлең?

Бетіме жоқты-барды шіркеу етіп,

Не жаздым тəңір атты шіркінге мен?

Жазығым əйел болып туғаннан ба,

Аяқты жіпсіз тұсап буғаннан ба?

«Тумай-ақ кетсем еді!» – деп те ойлаймын,

Көкірек запыранға уланғанда.

Жасаған ұрғашы етіп, «қарғағасын»,

Кімдерді пана тұтып зарланасың?

Не дерсің Біржанға да сері-сүрей

Дəл тауып тиіскен соң жан жарасын.

Сал Біржан – əріптесім, қанаттасым,

Сараның тең жүйрікке санап басын,

Келіп ең əдейі іздеп, амалым не,

Осылай халқым жерге қаратқасын?

Сұңқарды сілімтікке талатқасын,

Адалды ит пен кұсқа жалатқасын.

Не дейін табиғатқа,

Өнер беріп, –

Өзімді төмен етіп жаратқасын.

«Бұйрықсыз кəсіп етпес зарлағанға,

Тұңғиық сөзім терең барлағанға,


Сара саңлақ

192

Тақсыр-ау, он сегізге биыл шықтым,

Сен жүйрік ілесе алмас самғағанда.

Жан едім еркегіңе теңгерілген,

Сөз пірім он жасымда меңгерілген.

Нəп-нəзік, көзге олқы көрінсем де,

Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген».

Сал аға, тұрмадым ба сертімде мен,

Қай қыздан өзің көрген көркім де кем?

Шегіне қол тимеген қақ төрдегі

Халқымның домбырасы ем шертілмеген.

Елімнің болсам-ақ деп мақтанары,

Күй едім тартылмастан жатқан əлі.

Құтылып қайда кетіп, қайда барам,

Бұйырып қойғаннан соң жатқа бəрі.

Жар етпек жүрегімді жалғыз үптер,

Айт енді ағайынға, алғызып көр.

Не соған мені мүлде қосып бер де,

Болмаса арамызды мəңгі үзіп бер.

Сал Біржан, тағы асып, тасарсың да,

Бетіме салық етіп басарсың да.

Тағдырдың маңдайыма жазбағы сол,

Салған соң тəңірі басқа қашарсың ба?

Осылай Сара біраз үнсіз қалды,

Бал жүзі бір қызарып, бір сыздады.

1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет