№3 дәріс.Тақырыбы: Гормондар. Ішкісекрециялықбездер физиологиясы. Организмде бездер көп, барлық бездерді ішкі және сыртқы секрециялық бездер деп екі топқа бөледі. Сыртқы секрециялық (лат. секреция — сөл шығару) бездердің өзектері арқылы олардың өнімдері, яғни секреттері (лат. секрет-безөнімдері) қуыс мүшелерге құйылады (мысалы, ауыз қуысына сілекей безінің өнімі -сілекей) немесе дененің сыртына шығады (мысалы, тер безінің өнімі - тер дененің сыртына шығады). Сондықтан оларды сыртқы секрециялық немесе экзогендік (грек. экзо - сыртқы, сыртқа гея-тек, болмыс) бездер деп атайды. Бұларға сілекей, қарын, май, тер, ішек және қарын асты бездері, бүйрек, бауыр т.б. жатады. Ал і ш к і секрециялық немесе э н д о к р и н д і к (грек. эндон - ішкі + крино –бөліп шығару) бездердің өнімі тікелей қанға құйылатын ерекше мүшелер жүйесіне жатады: Олардың өз өнімдерін сыртқа шығаратын өзектері болмайды. Олардың өнімі тікелей қан тамырлары арқылы қанға сіңеді де, қанмен бүкіл денеге тарап, мүшелердің қызметіне әсер етеді.
Ішкі секрециялық бездердің өнімдерін г о р м о н (грек. гормо- іске қосамын, қозғаймын) деп атайды. Гормондар жүйке жүйесімен бірге организмнің өсуін, дамуын, организмнің физиологиялық қызметтерін үйлестіруге, зат және энергияның алмасуына, мүшелердің қызметін реттеуге қатысады. Сонымен, гормондар жүйке жүйесімен бірге организмнің қызметтерін реттейді. Ішкі секрециялық бездеріне гипофиз, эпифиз, қалқанша, қалқанша маңы бездері, айырша без, бүйрекүсті безі, ұйқы және жыныс бездері жатады. Ұйқы және жыныс бездері – аралас бездерге жатады.
Баланың эмбриондық дамуы кезінде кейбір ішкі секрециялық бездер қызмет атқара бастайды да жатырдағы баланың дамып, жетілуіне әсер етеді. Бала туғаннан кейін ол бездердің қызметінің басталуы әр безде әртүрлі болады. Түрлі эндокриндік бездердің қызмет дәрежесі баланың өсуі мен дамуы барысында оның жасына, жынысына, ауа райының жағдайына және басқа мүшелері мен мүшелер жүйесінің қызмет қабілетіне байланысты болады. Организмдегі гормондық тепе-теңдік баланың жоғары жүйке әрекетіне әсер етеді. Себебі денеде эндокриндік жүйенің ықпалынан тыс қалатын ешқандай қызмет жоқ. Дегенмен ішкі секрециялық бездерінің қызметін жүйке жүйесі арқылы реттейді. Олай болса, организмдегі барлық қызметтерді реттейтін біртүтас жүйкелік-гормондық реттелу бар деп айтуға болады.